Ұлы Отан
соғысы кезінде тылда еңбек еткен
ардагерлер туралы
мәліметтер :
АЙМАНОВА Бибатша (1918
– 1975) Жем бойында туған. Озат колхозшы атанып еңбек еткен. Жолдасы 1941
соғысқа кетіп, майданнан оралмай қалған. Калинин атындағы, Жамбыл атындағы
колхоздарда сауыншы, бұзау бақташы болып, колхоз өндірісін нығайтуға көп еңбек
сіңіреді. Осындай ел таныған еңбегіне сай ол облыстық кеңеске депутат болып
сайланып, бірқатар марапаттарға ие болады.
АЙТҚҰЛОВ Алаңбай
(1886 – 1952) – Социалистік Еңбек Ері.
Байғанин ауданының Қосарал елді мекенінде дүниеге келген. Әке – шешесі мал
бағумен күн кешкен шаруа адамдар. Айтқұлов та жас кезінен осындай шаруамен
айналысқан. Ел өміріндегі ұлы өзгеріске байланысты халықты көшпелі тірліктен
отырықшылыққа бейімдеу жылдарында серіктестікке мүше болып кіреді және осы
ұжымның малын бағады. Одан әрі Чкалов атындағы колхозда еңбек етеді.
Айтқұловтың қой түлігін өсірудегі шеберлігі «Қарақоға» колхозының мүшесі болған
жылдарында айқын көрініс береді. Ұлы Отан соғысы кезінде өзіне бекітіліп
берілген бір отар қойды Сам қысқы жайлысында бағып, әрбір көктем сайын төл
алуда жоғары әрі тұрақты көрсеткішке ие болып отырды. Мәселен, хатқа түскен
дерек бойынша ол 1947 жылы қарауындағы 691 қазақы саулықтан 839 қозы алып, аман
өсірген. Мұндай табысқа бұдан бұрын да, одан кейінгі жылдарда да ие болғаны сөзсіз.
Сондықтан да оған ауданның бір топ озат малшыларының қатарында 1948 жылғы 23
июльде Социалистік Еңбек Ері атағы берілген.
АҚҚАҒАЗОВ Досқұл
(1928, Шеңгелши е.м. Мұғалжар ауданы) – мұғалім.
Қызылорда педагогика институтының химия – биология факультетін сырттай оқып
бітірген. 1943 жылдан Байғанин ауданындағы Ворошилов атындағы, Абай атындағы
орталау мектептерде бастауыш класс оқытушысы болды.1949 – 1950 оқу жылынан
бастап Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектебінде, 1968 – 1969 оқу жылынан
бастап Қарауылкелді орта мектебінде мұғалім, мектеп директорының оқу ісі
жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің
үздігі» белгісімен (1978), «Тың және тыңайған жерді игергені үшін»
медальдарымен марапатталды. «Қазақстан мұғалімі» газетінің штаттан тыс тілшісі
болып, аудан мектептерінің өмірінен мазмұнды мақалалар жариялады, білім беру
ісі шеберлерінің озат тәжірибесін таратты.
АЛПЫСБАЕВА Жәншім
Есенәліқызы 1915 жылы қаңтар айында Табын ауданының Ақбұлақ деген
мекенінде туған. Еңбек жолын колхозшы болудан бастаған. 1939 – 43 жылдары
«Ақбұлақ» колхозында қой фермасының меңгерушісі, 1943 жылдан 1949 жылға дейін
«Көкбұлақ», «Ақши», Калинин атындағы колхоздарда басқарма төрағасы болып қызмет
атқарады. Одан әрі Калинин атындағы колхоздың сиыр фермасының меңгерушісі, осы
колхоздың балалар бақшасының меңгерушісі болып зейнет демалысына шыққанға дейін
еңбек етеді. Алпысбаева бірнеше рет аудандық партия комитетінің мүшесі, ауылдық
және аудандық кеңестердің депутаты болып сайланады. Ол «Еңбектегі ерлігі үшін»,
«1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Ерлік еңбегі үшін», «Ұлы Отан
соғысындағы Жеңіске 50 жыл» медальдарымен наградталады. «СОКП қатарында 50 жыл»
белгісі тапсырылған. Ол 2002 жылы Астана қаласында қайтыс болған.
ӘЙТПЕНБЕТОВ Аққожа (10.05.1930 – 08.04.1980) №2 Ақши ауылдық
кеңесіне қарасты Үшбұлақ деген жерде туған. 1944 жылы Жарқамыс орта мектебінде
8 – класс бітіріп, «Ұшбұлақ» колхозына есепші болады. Соғыс кезінде сауатты
адамдардың тапшы болуына байланысты кәмелетке толмаған жасөспірімдердің
қызметке араласуы қажеттілік еді. Әйтпенбетов 1947 жылдан 1952 жылға дейін осы
Ақши ауылдық кеңесінің хатшысы, 1952 жылы Ащы ауылдық кеңесінің хатшысы, 1957
жылы Қарауылкелді ауылдық кеңесінің хатшысы, 1966 жылы аудандық Кеңес атқару
комитетінде аға экономист қызметтерін атқарады. Ал 1967 жылдың мамыр айынан
өмірінің ақырына дейін аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі болады. 1967 жылы
Ақтөбе зооветтехникумын зоотехник мамандығы бойынша бітіреді. Оның еңбегі құрмет
грамоталарымен, юбилейлік медальдармен бағаланған.
ӘЛҚУАТОВ Қайырмұқан 1921
жылы №3 Қарабатыр ауылдық кеңесінің Қарауылкелді елді мекенінде шаруа отбасында
туған. Әке – шешесі 1930 жылы ауыл шаруашылық артеліне мүше болып кіреді.
Әлқуатов Көкбұлақ орталау мектебін бітіреді. 1941 жылы Орал қаласындағы ауыл
шаруашылығы мамандарын дайындайтын мектепте оқиды. 1942 жылы Табын МТС – інде учаскелік агроном, кейіннен
аға агроном болып жұмыс жасайды, ал 1945 жылы аудандық ауыл шаруашылық
бөлімінің бас агрономы, одан әрі осы бөлімнің меңгерушісі болады. «Қопа»,
Крупская атындағы, «Баршақұм» колхоздары басқармасының төрағасы қызметтерін
атқарды. 1963 жылы Темір қаласындағы зоотехникалық - мал дәрігерлік техникумын өндірістен қол
үзбей жүріп оқып бітіреді. Жетпісінші жылдардың бас кезінде Крупская атындағы
совхоздың бас зоотехнигі, кейіннен осы совхоздың директоры болып, зейнет
демалысына шыққанға дейін жұмыс жасайды. Әлқуатов өзіне сеніп тапсырылған
қызметтердің қай – қайсысын да жоғары талап тұрғысында атқарып, шаруашылық
ұйымдастырудың белді маманы дәрежесіне көтерілді. Осы еңбегіне сай ол екі мәрте
«Ерлік еңбегі үшін» медалімен, ал 1966 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 1961
жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Грамотасымен, басқа да бірқатар медальдармен наградталады.
Ол 1995 жылы 23 желтоқсанда ауыр науқастан қайтыс болады.
ӘЛІШЕВ Сәрсен (1893 – 1962) Көлтабан ауылдық кеңесіне қарасты Көздіқара деген жерде
туған. Қазан төңкерісіне дейін ағайындарының малын бағып, кейіннен сол
ағайындарымен бірге серіктестікке мүше болады. Ортаққа жинақталған азын – аулақ
мал Әлішевтің бағуында өсіп - өніп, «Қарабұлақ» колхозы кезінде қой түлігінің
өзі бірнеше отарға жетті. Ұлы Отан соғысына дейін және соғыс жүріп жатқан
уақытта ол отарындағы саулықтардың өнімділігін төмендетпеуге күш салды. Қыста
Сам жайылымын тиімді пайдаланып, әр жүз саулықтан төл өсіру және әр қойдан жүн
өндіру жөніндегі көрсеткіштері Әлішевтің еңбеккерлігін ғана емес, оның кәсіби
шеберлігінің де дәлелі болатын. Осы саладағы үздік жетістіктері үшін ол 1950
жылдың күзінде Ленин орденімен наградталды.
БАЙБАЗАРОВ Қарымсақ (1887 – 1957) Жаңажол ауылдық кеңесіне
қарасты Оймауыт өңірінде туған. Кешегі Одақ кезінде шыққан басылымдарда осындай
адамдарды Ұлы Қазан төңкерісіне дейін байлардың малын баққан, жалшы болған деп
көрсетіледі. Егер оның өзінің малы болса, өзімен - өзі күнін көрер еді ғой. Ал
ондай жағдай болмағаннан соң, байдың малы ма, ағайын – туыстың малы ма, әйтеуір
бір қарекетпен шұғылданып, өзінің отбасын, ата – анасын асырауға тиіс қой. Олай
болса, Байбазаровтың да тағдырдың басқа салғанына көнбеске амалы болмағаны сөзсіз. Дегенмен,
жас кезінен мал бағуда жинақтаған тәжірибесі өмірге келген өзгеріс кезінде зор
рөл атқарғанын оның бұдан былайғы еңбек жолы айқын көрсетеді. «Тасқабақ» серіктестігінің
мүшесі болғаннан бастап, қой баққан Байбазаров ұжымдық дәулетті молайтуға
өлшеусіз үлес қосады. Оның әр жылы әр жүз саулықтан 120 – 130 қозы алумен
өткенін ауылдастары да аңыз қылып айтады. Оған Социалистік Еңбек Ері атағы
берілген (1948 жылғы 23 июль) кезде ресми мәлімет ретінде тіркелген 1947 жылғы
көрсеткіші әр 100 саулықтан 124 қозыдан алғаны басшылыққа алынған. Ал 1948 жылы
бұл кісі отарындағы 500 саулықтың әр жүзінен 125 қозыдан өсірген. Осы еңбегі
үшін ол екінші рет Ленин орденімен наградталған. Демек, ол кездегі малшылардың
мал бағу тәжірибесі де, осы жолда сіңірген еңбегі де айтса сөз жеткісіз болған
ғой. Атағы алысқа кеткен Жамбыл атындағы колхоздың аға шопаны Байбазаровтың
еңбегі – ұрпақтарына үлгі.
БАЛМАНОВА
Әліп (1907 – 01.02.1972) Қарабатыр ауылдық кеңесінің
территориясында туған. Аудан құрылған алғашқы жылдары партия мүшелігіне өтеді.
«Құрамыс» серіктестігіндегі партия ұясының хатшысы Отызыншы жылдардың бас
кезінде аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары болып екі жылдай
қызмет атқарады. Одан кейін аудандық партия комитетінің саяси ағарту
кабинетінің меңгерушісі, аудандық тұтынушылар қоғамы басқармасында қызметтерін
атқарады. 1942 жылдың бас кезінде «Чкалов» колхозында басқарма төрағасы болып
сайланады. 1943 жылдан 1947 жылға дейін Көлтабан, Ащы, Көкбұлақ ауылдық
кеңестерін басқарады. Кейіннен «Көкбұлақ» колхозының басқарма төрағасы болады.
1957 жылдан Қарауылкелді ауылдық кеңесінің төрағасы болып зейнеткерлікке
шыққанға дейін жұмыс жасайды. Балманова
- аудан өміріндегі өзгерістердің бәрін көзімен көріп, олардың жүзеге
асуына елеулі үлес қосқан, өзіне тапсырылған жауапты қызметтерді абыроймен
атқарып, аудан көлеміне жақсы танымалы болған адам. «Қазақстанның ХV
жылдығы» белгісін алуы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен
наградталуы оның көп жылғы еңбегінің бағаланғаны деп есептейміз.
БАЯНОВА
Тәпи (1914 - 2000) - Табын ауданына қарасты Жем бойында
туған. Еңбек жолын 1935 жылы аудандық байланыс бөлімінде телефонистка болып
бастаған. 1940 жылдан бастап балалар бақшасының меңгерушісі, қызыл отау
меңгерушісі, аудандық қаржы бөлімінің салық агенті, маслопромның май жинаушысы
болған. 1940 жылы партияға мүшелікке өтеді. 1953 – 55 жылдары №4 ауылдық
кеңесіне төраға болып сайланады. 1969 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін
колхозда, «Ақжар» совхозында сауыншы болып жұмыс жасайды. Баянова бірнеше рет
ауылдық кеңестің, бір рет аудандық кеңестің депутаты, ІХ және ХІІІ аудандық
партия конференциясының делегаты. Ол «Тың жерлерді игергені үшін», Лениннің 100
жылдығына орай «Еңбектегі ерлігі үшін», «1941 – 1945 жыдардағы Ұлы Отан соғысы
Жеңісінің 50 жылдығы» медальдарымен наградталады. Сондай – ақ оған «СОКП қатарында 50 жыл» белгісі
тапсырылған.
БОҚАНОВ Қойлыбай (1902
– 1981) Қопа ауылдық кеңесінің территориясында туған. Отызыншы жылдардың бас
кезінде құрылған «Құмкез» серіктестігінің мүшесі. Кейіннен ол «Есқуат», Жданов
атындағы колхоз болып аталады. 1950 жылы «Қызылтаң», Жданов атындағы,
«Қарабұлақ» колхоздары біріктіріледі де, оған сол кездегі партия көсемдерінің
бірі Жданов есімі беріледі. Боқанов осы шаруашылықтарда үзбестен мал бағумен
айналысады. Көп жыл қой шаруашылығы саласында еңбек етсе, колхоздар іріленген
кезде жылқы түлігін бағуды қолға алады. Ол осы екі салада да айтарлықтай
табыстарға ие болып, ел құрметіне бөленген. Әр жүз аналық малдан қозы және
құлын өсіруде үздік көрсеткіштерге жетеді. Осындай адал да абыройлы еңбек иесі
Боқанов 1948 жылы 23 июльде ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Указымен
Социалистік Еңбек Ері атанады, кейіннен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет
Грамотасымен наградталады. Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне
қатысады.
БЕКІШОВА
Сәлімхан (1915 – қараша 2007) – Байғанин ауданының екінші ауылында туған. Колхоз құрылысының алғашқы мүшесінің бірі.
Соғыс жылдарындағы ерен еңбегі үшін зор марапатқа ие болған. Ұлы жеңістің 60 жылдығына орай мерекелік
медальмен наградталып, облыс Әкімі Е.Н.Сағындықовтың құтықтау хатын алған.
БЫЛШЫҚОВА Бибатпа (1917-
20.10.2003)- ауданымыздың Қаратөбе деген жерінде туған. 1935 – 37 жылдары
аудандық комсомол комитетінде жұмыс жасайды. 1937 – 40 жылдар аралығында
аудандық Кеңес атқару комитетінде кадрлар бөлімін басқарады. 1940 жылдан 1953
жылға дейін аудандық партия комитетінің әйелдер ісі және кадрлар жөніндегі
хатшысы болады. Осы жылдарда ол Алматы қаласындағы жоғары партия мектебінің екі
жылдық курсын сырттай оқып бітіреді. 1953 жылдан аудандық мәдениет бөлімінің
меңгерушісі, Жарқамыс ауылдық кеңесінің төрайымы, «Ақжар» совхозындағы балалар
бақшасының директоры болып жауапты қызметтер атқарады. Ал 1967 жылы аудандық
газет жанындағы жергілікті радио хабарларын ұйымдастырушы болып, 1973 жылы
зейнеткерлік демалысқа шыққанша жұмыс жасайды. Былшықова өзіне сеніп тапсырылған
қызметтердің бәрінде де жоғары жауапкершілік танытып, ерекше ұйымдастырушылық
қабілетін көрсете білді. Әсіресе, ол қыз – келіншектер арасынан білікті
кадрлардың өсіп шығуына айтарлықтай үлес қосты. Атқарған мінсіз қызметтеріне
сай бірнеше үкімет наградаларына ие болды.
БІРҚҰЛАҚОВ
Кеңес (1901 – 1974) Маңғыстау өңірінде дүниеге келген.
Жастайынан еңбекке араласып, қой баққан. Сол өңірде алғашқы құрылған колхозда
еңбек етіп, қаракөл қойын өсірумен шұғылданады. Әр жылдардағы қажырлы еңбегін
жоғары бағалаған үкімет оған 1948 жылы 15 қыркүйекте Социалистік Еңбек Ері
атағын береді. Наградаға ұсынылған еңбек көрсеткішінде 1947 жылы алынған
қаракөл елтірісінің 98,7 процентін бірінші сортпен тапсырған. Ал 915 саулықтың
әр жүзінен 106 қозыны өсімге алған. Осындай еңбек жетістігін алпысыншы
жылдардың бас кезінде Байғанин ауданының «Сағыз» совхозында аға шопан болып
жүріп те көпке паш еткен. Сондықтан да оны «Сағыз» совхозының еңбекшілері ғана
емес, бүкіл аудан жұртшылығы құрмет түтып, марапаттай білді.
БІРІМОВА
Балым (1923, №14 ауылдық кеңес Табын ауданы) – ауыл
шаруашылығы өндірісінің озаты, колхозшы. Қазіргі Қызылбұлақ ауылдық Кеңесі
территориясында туған. 1940 жылдан Мұғалжар ауданында (бұрынғы Жұрын) тұрды,
Жұрын колхозында жылқышы болды. 1949 жылы бағымындағы 70 биеден 70 құлын алып,
мал басын аман сақтағаны және бұған дейінгі еңбегі үшін Б.Бірімоваға СССР
Жоғарғы Кеңесі Президиумының Указымен Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп,
Ленин ордені мен «Орақ - Балға» алтын медалі қоса тапсырылған. Б.Бірімова
Бүкілодақтың халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалімен, басқа
да наградалармен марапатталды. ҚР Президентінің 5.05.2003 жылғы жарлығымен
«Шапағат» медалі берілді.
ДӘРЖАНОВ Шайхы (1927
– 1997) – Байғанин ауданы өңірінде шаруа отбасында дүниеге келген. Отызыншы
жылдың аяғы, қырықыншы жылдардағы ауыртпалықтарға қарамастан орта білім алады.
Сонымен бірге бозбала шағында колхоз
өндірісіне қолдап атсалысқан. Елуінші жылдары ішкі істер органында қызмет
еткен. Кейіннен Темір қаласындағы зоовет
техникумын үздік бітіріп, ауданымызда мал шаруашылығын өркендету ісіне белсене
араласады. 1959 – 63 жылдары Калинин атындағы колхозда басқарма төрағасының
орынбасары, 1963 -66 жылдары «Ақжар» совхозында ферма басқарушысы болып еңбек
етеді. 1966 жылдан 1987 жылы облыстық дәрежедегі зейнеткерлікке шыққанға дейін
«Сағыз» совхозы №1 фермасының
басқарушысы болып қызмет жасайды. Ш.Дәріжанов ауыл шаруашылығының білікті
ұйымдастырушысы, қарауындағы еңбек адамдарымен ынтымақтаса білетін, азаматтығы
биік, адамгершілігі мол, ұжымына беделді басшы болды. Елге сіңірген еңбегі
лайықты бағаланып, «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі үздік
еңбегі үшін», В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына арналған және «Тың және
тыңайған жерлерді игерген үшін» медальдарымен, бірнеше Құрмет грамоталарымен
марапатталған.
ЕРЖАЕВ МҰХАНБЕТҚАЗЫ (1912 – 1969) Ойыл ауданының № 3 Қуырдақты ауылдық кеңесінің елді
мекенінде дүниеге келген. Қонжардағы мектепте оқыған. 1929 – 33 жылдары Ақтөбе
малдәрігерлік – зоотехникалық техникумында оқып, зоотехник мамандығын алады.
Оқуды бітіргеннен кейін Темір ауданында жер бөлімінің зоотехнигі, қой
совхозының зоотехнигі, 1934 жылы Ойыл аудандық жер бөлімінің зоотехнигі, осы
бөлімнің бас зоотехнигі, 1945 жылдан Байғанин аудандық ауылшаруашылық бөлімінің
бас зоотехнигі, Қарауылкелді МТС – інің бас зоотехнигі болып қызмет атқарады.
1955 жылы аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасарлығына
сайланады. 1958 жылы "Сағыз" қаракөл қой совхозының директоры болып
тағайындалады. 1960 жылғы желтоқсан айынан бері қарай аудандық ауылшаруашылық
инспекторының зоотехнигі, мемлекеттік дайындау инспекциясының инспекторы, Темір
территориялық өндірістік басқармасының үйлестіруші инспекторы, 1963 жылы
"Қарауылкелді" совхозының бас зоотехнигі болады. 1965 жылдан зейнет
демалысына шыққанға дейін осы шаруашылықта зоотехник болып жұмыс жасайды.
Байғанин ауданында жұмыс істеген жылдарында аудан партия ұйымының IV
– XVII партия конференцияларына үзбестен және ХХ – ХХІ
конференцияларына делегат болып қатысады. Ойыл және Байғанин аудандық кеңесіне
әлденеше рет депутат болып сайланады. Үш рет Ақтөбе облыстық партия
конференциясына делегат болады. Ауылшаруашылығы саласына арнаған ұзақ
жылдардағы еңбегіне орай көптеген марапаттарға ие болады. Оған Қазақ КСР
Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасы (1940), "Құрмет белгісі" ордені
(1950), "Тың жерлерді игергені үшін" (1956), екі рет "Еңбектегі
ерлігі үшін" (1957, 1966) медальдары, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет
Грамотасы (1967) беріледі. Сол жылы "Қазақ КСР – іне еңбек сіңірген
зоотехник" құрметті атағын алады.
ЕРЖАНОВ КӘРІМ (15.02.1910, Торғай ауданы Қостанай облысы – 12.06.1995, Ақтөбе қаласы)
– партия, кеңес қызметкері. Ақтөбе педагогика техникумын (1930), педагогика
институтын (1954) бітірген. Округтік газеттің тілшісі ретінде еңбек жолын
бастады. Ырғыз ауданының "Шаруа тілі" газетінде әдеби қызметкер,
облыстық "Алға", "Социалистік жол" газеттерінде бөлім
бастығы, Қазақстан К(б)П Ақтөбе облыстық комитетінде сектор, бөлім меңгерушісі
болып жұмыс істеді. 1942 жылдың желтоқсан айында Ержанов К Қазақстан К(б)П
Байғанин аудандық комитетінің бірінші хатшылығына сайланып, бұл қызметті 1948
жылға дейін атқарды. Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында және одан кейінгі халық
шаруашылығын қалпына келтіру жалдарында ол аудан еңбеккерлерін өнімді еңбекке
жұмылдыра білді, жергілікті партия, кеңес, шаруашылық кадрлерін тәрбиеледі.
К.Ержанов аудан экономикасының тірегі болып саналатын мал шаруашылығын, оның
ішінде қой шаруашылығын өркендету ісін биікке көтерді, ол жұмыс істеген қиын –
қыстау кезеңнің өзінде үйір – үйір жылқы, қора – қора қой өсірілді, соғыстағы
жауынгерлерге мыңдаған тонна азық – түлік жіберілді. Сол жылдарда ауылдағы бала
– шаға, қарттарды да азық – түлікпен қамту қиын болды, осы проблеманы шешу үшін
К.Ержанов алыстағы Шошқакөл алқабына қолмен бидай дәнін септіріп, оның үстінен
бірнеше мәрте қой отарларын айдау арқылы дәнді жерге сіңіріп, астық ектірді,
содан бітік егін шығып, қамбаға құйылды. Бұл астық ауыл адамдарының өзегін
талдырмады, оның біраз бөлігі мемлекет қоймасына жөнелтілді. Ержанов.К аудандағы малшы, шопандардың
қажырлы еңбегін жоғары бағалай білді, оларды үкімет наградаларымен марапаттау
жөнінде нақты ұсыныстар жасады, нәтижесінде 1948 жылы ауданның 18 озатына
Социалистік Еңбек Ері атағы берілді, көптеген колхозшыларға КСРО ордендерімен
және медальдары тапсырылды. Байғанин ауданының экономикасы мен мәдениетін алға
бастырғаны үшін К.Ержанов та аудан еңбеккерлері қатарында Ленин орденімен
марапатталды. Бұдан соң ол Жұрын аудандық партия ұйымын басқарды, облыстық
құрылыс басқармасы бастығының орынбасары, Жұрын ауданындағы И.В.Сталин атындағы
колхоз басқармасының төрағасы, "Батыс Қазақстан", "Коммунизм
жолы" газеттерінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды.
ЕРКІНАЛИН АҒЛЕПЕС (1896 – 1955) – кеңес,
шаруашылық қызметкері, ауыл шаруашылығы өндірісінің ұйымдастырушысы. Қазіргі Байғанин ауданы
Жаңажол селолық округіндегі Қараобалы, Оймауыт өңірінде кедей, шаруа отбасында
дүниеге келеді. Жастайынан алғыр, пысық болып өскен ол кеңес өкіметін қолдап,
соған қызмет етуге бел буады. Алғашқы қызметін ішкі істер бөлімінде бастайды,
1927 – 1928 жылдары Табын ауданынан Бесқалаға қарай үдере көшкен қазақ
ауылдарын туған жерге қайтарып әкелуге басшылық жасағандардың қатарында болады,
елге ірткі салып, бейбіт ауылдарға шапқыншылық жасаумен айналысқан бандылық
құрылымдарды жоюға қатысады, Еркіналин.А 1930 жылдары Табын ауданының көшпелі
шаруаларын отырықшыландыру, оларды колхоздарға тарту, ұжымдық шаруашылықтарды
құру ісіне белсене араласады. 1941 –
1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңінде ер – азматтардың майданға кетуіне
байланысты қоғамдық мал басын бағып – күтуге, өсіруге жұмыс күші жетпей, елеулі
қиыншылықтар туындаған шақта шалғайдағы Сам жайылымында аудан малының
көпшілігін қыста жайып бағып шығуға болатындығын анықтаған комиссия құрамында
Еркіналин Ағлепес те болып, ауыр кезеңде мал басын кемітпей, шаруашылықтарды
өркендету ісіне үлес қосады. Осы жылдары ол Самға мал айдау, жеткізуге
байланысты ұйымдастыру шараларының басы – қасында болады. Соғыстан кейінгі
жылдары ол Калинин атындағы колхозды және Қызылбұлақ, Жаңажол аудандық кеңестерін басқарады. Ауыл шаруашылығы өндірісін дамытудағы еңбегі
үшін Еркіналин А "Құрмет белгісі" орденімен (1947), "Еңбекте
үздік шыққаны үшін" медалімен марапатталды.
ЕСЕНБАЕВА
СӘНШЕ ӘБИҚЫЗЫ (1915
– 1999) Жаңажол ауылдық кеңесіне қарасты мекенде туған. Колхоздастыру
жылдарында мектепте оқып сауаттанған. Еңбек жолын колхозшы болып бастаған. 1941
жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде елдің ер азаматтары майданға аттанып,
шаруашылықтар мен қоғамдық ұйымдарды басқару ісіне қабілет – қарымы мол әйел
жолдастар көптеп тартылды. Солардың бірі – Есенбаева еді. Ол 1942 жылы кеңес жұмысына
жоғарылатылып, бірнеше ауылдық кеңестерді басқарады. Өз өмірінің отыз жылдан
астам уақытын осы іске арнаған Есенбаева 1971 жылы Көлтабан ауылдық кеңесінің
төрайымы болып тұрғанда зейнет демалысына шығады. ОЛ халықпен тіл табыса
білген, үлкенге инабатты, кішіге қамқор басшы бола білді. Майданға аттанып,
бөлім командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары болған жолдасы лейтенант
Есенбаев Еспағанбеттің қаза болғандығы жайлы қаралы қағаз алған кезде де бұл
қайғыны азаматтыққа тән ерік – жігермен көтерген еді. Ол әрбір отбасында болған
осындай ауыртпалықты үлкен жанашырлықпен бөлісіп отырды. Ол басшылық еткен
ауылдық Кеңестерге қарасты шаруашылықтар қоғамдық мал басын өсіру мен
өнімділігін молайтуда, еңбек адамдарының әлеуметтік және мәдени – тұрмыстық жағдайларын
жақсарту бағытында игі табыстарға ие болды.Есенбаеваның басшылық,
ұйымдастырушылық қызметтері Үкімет тарапынан медальдармен, Құрмет
грамоталарымен аталып өтілді.
ЕСОВА
Әнуза 1920 жылы Қарабатыр ауылдық
кеңесіне қарасты елді мекенде туған.
Жастайынан колхоз өндірісінде еңбек еткен. Аудандағы алғашқы механизаторалдың
бірі. 1941 жылы Қарауылкелді МТС–і жанынан үш айлық курсты бітіріп,
трактористік мамандық алады. 1942 жылы колхозға трактор айдап әкеледі де,
онымен жер жыртып, пішен дайындайды. Бұл мамандықта 1954 жылға дейін жасайды.
Одан әрі калхозда, «Қарауылкелді» совхозында әртүрлі жұмыстар атқарады. Соғыс
жылдарындағы белсенді қызметі үшін «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан
соғысындағы» , «Ерлік еңбегі үшін» медалімен наградталған.
ЕШІМҚҰЛОВ МАҚАН (1884 – 1976) Қызыбұлақ ауылдық кеңесіне қарасты
Саркөл деген жерде туған. Осы ауылдық кеңестің территориясында алғашқы құрылған
"Бұлақтыкөл" серіктестігінің мүшесі. Кейіннен іріленген
"Бұлақтыкөл" қолхозы кезінде 1957 жылға дейін аға шопан болады.
Бозбалалық шағынан мал бағумен шұғылданған ол ұжымдық шаруашылықтар кезінде
өзінің еселі еңбегімен ортақ дәулетке қомақты үлесін қосып отырды. Мал бағудағы
мол тәжірибе, жоғары шеберлік арқасында зор беделге ие болды. Оның қол
жеткізген табыстары басқаларға үлгі етілді. "Түлік төлден өседі"
деген қағиданы жақсы білетін аға шопан төл алу науқанына айрықша назар аударып,
әр күнін тынымсыз еңбекпен өткізетін еді. Ал оның нәтижесі ел сүйсінерлік
көрсеткіш болып шығатын. Мәселен, ол 1947 жылы қарауындағы 460 саулықтан 562
қозы өсірген. Осы табысы оны 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын иеленуіне
жеткізді. Әрине мұндай құрметі атақ жылма – жыл беріле бермейді. Дегенмен,
Ешімқұлов бұдан былайғы жылдарда да осы деңгейден көп төмендеп көрмеген. Оның
Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысуы осының дәлелі
болса керек.
ЖҮНДІБАЕВ
Есберген ( 1890-1960) Қызылбұлақ ауылдық кеңесінің Жаңатаң ауылында
туған. Жаңа өкімет орнағанға дейін байларға жалшы болуды бастан кешірген. Алғашқы
серіктестікті өз қолымен құрысып, кейіннен «Жаңа тұрмыс» колхозы болып
қалыптасқан шаруашылықта ұзақ жылдар бойы аға шопан болып еңбек етеді. Оның жыл
сайынғы жоғары жетістіктері лайықты бағасына да ие болып отырды. 1948 жылы ол
ауданның бір топ үздік еңбек адамдарының сапында Социалистік Еңбек Ері атанды.
Бұл ретте оның өз отарындағы әр жүз саулықтан 133 қозыдан өсіргені аталып
көрсетілген.
ИВАНОВ
Василий Матвеевич (Мәтжан) -
туған жылы белгісіз. 1958 жылы қайтыс болған. Дворянин атағы бар. Орал
қаласынан 1928 жылы Доңызтауға жер ауып келген. Ақ гвардияшылар офицері. әйелі
қазақ қызы Зібира Сақыпова. Доңызтауға
келгеннен кейін, таудан аққан суға бөгет салғызып бидай еккен. Доңызтаудың ақ
бидайы деген сорт шығып, елді бидаймен
асырап, артығын мемлекетке өткізген. Өте білімді, мейрімді адам болған.
Елге ерекше сыйлы болғандықтан Мәтжан атанып кеткен. Қазір немересі Қалыбек
Иванов Миялы селолық округінде ірі шаруа қожалығы «Ардабекті» басқарады.
Елімізді көркейтуге елеулі үлес қосып жүрген азамат.
КОЛОДЯЖНАЯ
Тамара Ефимовна (1920 жылы туған. Днепроперовск
-2007,Ақтөбе) – медицина қызметкері, акушер – гинеколог. 1939 жылы
Днепропетровк (Украина) медицина училищесін бітірген соң Табын аудандық
ауруханасына жұмысқа жіберілді, осы Жарқамыстағы ауруханада Колодяжная Т.Е.
1962 жылға дейін акушер – гинеколог қызметін атқарды, мыңдаған аналарды
босандырып, балаларына кіндік шеше атанды.
ҚАБИЕВ
Смағұл (26.12.1926 –
25.12.1976) Темір ауданында туған. Жастық
шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа – тұс келгендіктен, еңбекке ерте араласады. 1943
жылы Шұбарқұдықта фабрик – зауыт мектебін бітіріп, трактор руліне отырады.
Механизаторлық мамандықтың қыры мен сырына жетіледі. Механик қызметіне жоғарылатылады.
1955 жылы «Үшмыңдықтар» бастамасына үн қосып, ауданымыздағы тың игерушілер
сапына қосылады. Байғанин МТС – інде механик – бақылаушы болады. Одан әрі
Калинин атындағы колхозында инженер – механик, «Ақжар» совхозында механик,
жөндеу шеберханасының меңгерушісі, осы совхоздың бас инженері, «Оймауыт»
совхозының бас инженері қызметтерін атқарады. Қабиев 1960 жылы Мәскеу қаласында
өткен тың игерушілердің бүкілодақтық кеңесіне қатысып, Бүкілодақтық халық
шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Құрмет Грамотасымен наградталады. «Тың
жерлерді игергені үшін» медалімен, басқа да ерекше белгілермен мадақталады.
ҚАЙРАЛАПОВ
Мүсіркеп (1885 – 1976) Сағыз өзені өресінің Қопа ауылдық кеңесіне
қарасты мекенде дүниеге келген. Қазан төңкерісінен көп бұрын туған адамдардың
тағдыры бір – біріне өте ұқсас. Мүмкіндігі болса, өзінің жеке шаруашылығымен
айналысады, ал ондай мүмкіндігі жоқтар байлардың немесе малы бар ағайындарының
малын бағады. Қайралапов та біраз уақыт жалшылықпен күн кешкен. Ел отырықшылық
қалыпқа түскен кезде, 1930 жылы серіктестікке мүшелікке кіреді. Кәсібі сол мал
бағу болады. «Қопа» колхозын өрге сүйреген өрендердің бірі. Шопан құрығын 1958
жылы ұзақ еңбек демалысына шыққанға дейін қолында ұстайды. Бұл кезде ол жетпіс
жастан асып та кеткен болатын. Оның қой шаруашылығы өндірісін дамытудағы ерен
еңбегі 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері құрметті атағымен бағаланады. Бұған ол
1947 жылы әр 100 саулықтан 130 қозы алуы арқылы ие болған еді. Майталман
еңбеккер бұл жоғары наградасын келесі жылы да биік жетістіктермен атап өтті.
Атап айтқанда, 1948 жылы әр жүз саулықтан 149 – дан қозы алып, аман өсіреді.
Осы рекордтық көрсеткіші үшін ол екінші рет Ленин орденімен наградталады. Бұдан
кейінгі уақытта да ол ірі табыстарына сай марапатталып отырды.
ҚАЛИЕВ
Әнгерей (1929 –09. 03.2004)
- Сағыз өзенінің бойындағы Жәнбике
ауылында туған. Жасөспірім кезінен колхозда жұмыс жасайды. ФЗО – ға алынады,
армия қатарында әскери міндетін өтейді. Қалиевтің содан кейінгі өмірі
«Қазақстан» колхозы мен «Қарауылкелді» совхозының шаруашылығымен байланыста
өтеді. Ол өндірісті өрге сүйреген еңбеккерлермен бірге осы шаруашылықтардың
экономикасын нығайтуға үлесін қосады. Екі мәрте облыстық таңдаулы механизаторы
атағына ие болады. Коммунистік еңбектің екпіндісі, бесжылдықтардың озаты
атанады. Екі рет «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталады. Он бала
тәрбиелеп өсірген отбасының басшысы болды.
ҚАЛМҰРАТОВ
Қоңыр (1885 – 1971) Қазіргі Жарқамыс ауылдық
округінің территориясында туған. Еңбек жолын Қазан төңкерісінен көп бұрын бастаған
ол жаңа шаруашылық құрылымына мүше болып кіреді. «Қызылбұлақ» колхозында
қатардағы колхозшы болып еңбек етеді де, кейіннен шопандық кәсіппен
шұғылданады. Оның қажырлы еңбегінің арқасында қоғамдық мал басы күрт өсіп,
шаруашылыққа мол табыс әкеледі. 1952 жылы дербес зейнеткерлікке шыққанға дейін
оның есімі ұжымның мақтанышына айналған еді. 1947 жылы өзіне бекітіліп берілген
422 саулықтан 541 қозы өсіріп, ірі жетістікке ие болады. Осы еңбегіне орай
Қалмұратов 1948 жылы ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 23 июльдегі Указымен
Социалистік Еңбек Ері атанады. Сөйтіп ол өзінің адал еңбегімен шаруашылықтың
даңқын бүкіл елімізге паш етіп, өзі де зор абыройға бөленеді.
ҚАНБАЕВ
Боқыш – (1926 – 1998) – кеңес қызметкері. Көкбұлақ
ауылында туған. Мәскеуде, СОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебін бітірген.
Байғанин ауданының Көкбұлақ колхозында есепші, ҚЛКЖО аудандық комитетінде бөлім
меңгерушісі, ҚКП аудандық комитетінің нұсқаушысы, Қарауылкелді МТС – інде,
Жамбыл атындағы колхозда партия комитеті хатшысы, «Қопа», «Қазақстан»
колхоздары мен «Оймауыт» совхозында ферма басқарушысы, «Білім» қоғамы аудандық
бөлімшесінің жауапты хатшысы, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы
қызметтерін атқарды. 1975 – 1986 жылдары Халық депутаттары Қарауылкелді селолық
Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болды. «Германияны жеңгені үшін», «Тың және
тыңайған жерді игергені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен
марапатталған.
ҚАРАБАЕВ
Әбіш (1898 – 20.Х.1965) №3
Қарабатыр ауылдық кеңесіне қарасты мекенде кедей шаруаның отбасынан туған.
Ауданда серіктестіктер құрылғанға дейін байлардың малын баққан. Кейіннен
серіктестікке, колхозға мүше болған. Сауат ашу мектебін 2 кластық дәрежеде
білім алған. Сөйтіп тракторшылық мамандықты меңгереді де, 1938 – 40 жылдары
Қарауылкелді МТС – інде трактор айдайды. Соғыс жылдарында бұл МТС жабылып,
Қарабаев «Жанбике» колхозында еңбек етеді. Тың көтеруге байланысты
Қарауылкелдіде қайтадан МТС құрылады. Байырғы тракторшы болғандықтан, ол
механизаторлық қызметіне кіріседі. Ол МТС – та ең озат еңбеккердің бірі болады.
Бес рет Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесінің медальдарын
алады. 1956 жылы «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен, 1957
жылғы қаңтарда Ленин орденімен наградталады.
ҚАРАҒҰЛОВ Әлжан (1892 – 1973) Байғанин
ауданының Доңызтау өңірінде туған. Өзінің тұрғыластары сияқты Қазан төңкерісіне
дейін байлардың малын баққан. Елде отырықшылық өмір қалыптасқан соң ұжымдық
шаруашылыққа мүше болып кіреді. Әуелі Буденный атындағы колхозда, одан әрі
іріленген Жамбыл атындағы колхозда 1961 жылға дейін аға шопан болып еңбек
етеді. Көп жылғы еңбегіне сай ол 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алып,
үкіметтің жоғары наградасы Ленин ордені мен Орақ пен Балға алтын медалін
омырауына тағады. Осы жоғары наградаға ұсынылғанда оның отарындағы 451
саулықтан 584 қозы алғандығы атап көрсетілген. Мұндай көрсеткішке ол бұрын
да, одан кейінгі жылдарда да ие болып отырды. Бүкілодақтық халық шаруашылығы
жетістіктері көрмесінің төрт медалі мен Құрмет грамоталары, Қазақ КСР – і мал
шаруашылығының шебері атануы оның ұдайы еңбек майданының алғы шебінде
жүргендігін айқын көрсетеді.
ҚАУҚАРОВ
Күсеп 1913жылы Темір уездіне қарасты №7 ауылдық советінде
дүниеге келген. 1932 жылы Табын ауданы №2 ауылдық кеңестің хатшысы болған. 1933
жылы «Үшбұлақ» колхозының есепшісі, 1935 жылдан 1940 жылға дейін №2, №4 ауылдық
кеңестерінде мұғалім болған. 1944 – 1951 жылдар аралығында Сам жайлауында №2
ауылда мұғалім, 1951 – 1957 жылдар аралығында Қарабұтақ және Байғанин ауданына
қарасты ауылдық кеңестерде төраға болды. 1965 – 1973 жылдары Сартоғай ауылдық
кеңесінің төрағасы болып зейнеткерлікке шықты. 1941 – 1945 жылдардағы «Тылдағы
ерен еңбегі үшін», «Тың жерді игергені үшін» медальдармен марапатталған. 1983
жылы қайтыс болған.
ҚОНАРБАЕВА
Аққияш 1924 жылы 10 сәуірде №3 ауылдық кеңесіне қарасты
мекенде туған. Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты елдегі азаматтар
майданға жөнелтілгенде, олардың арасында мұғалім кадрлары да көп болды. Соның
салдарынан мектептерде мұғалімдер жетіспеді. Осыған орай мектеп қабырғасынан
жаңа шыққан жастар мұғалімдікке тартылды. Солардың бірі – Қонарбаева еді.
Сөйтіп ол 1942 жылы ұстаздық еңбек жолын бастайды. Бұл жыл шын мәнінде оның 32
жылдық ұстаздық қызметінің басы болды. Әуелдегі Қарауылкелді бастауыш мектебі
кейіннен орта мектеп болып құрылады. Ұстаз Қонарбаева осы алтын ұяда
шәкірттердің әлденеше толқынына әліппе ұстатып, өмірдің келесі белесіне қанат
қаққызып отырды. Оның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қызметі «Еңбектегі ерлігі
үшін» медалімен аталып өтіледі. Жеңістің 55 жылдығына орай «1941 – 1945
жылдардағы соғыс ардагері» медалі беріледі, яғни бұл награданы алған адамдар
соғысқа қатысушылармен теңестіріледі. Көп жылғы ұстаздық қызметіне сай ол 1967
жылы «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі» атанса, 1970 жылы «КСРО Халық
ағарту ісінің үздігі» белгісіне ие болады. 1968 жылы республикалық
педагогикалық оқуға қатысып, «Бастауыш класс оқушыларын оқу – жазуға үйретудегі
тәжірибем» деген тақырыпта баяндама жасайды. Сарапшылар баяндаманы жоғары
бағалайды да, ұстазға Қазақ КСР Оқу министрлігінің бірінші дәрежелі дипломы мен
ақшалай сыйлығы тапсырылады. Ұстаз - өз отбасында жеті бала тәрбиелеп өсірген
абзал ана. Бүгінде Ақтөбе қаласында тұрады. Жолдасы Халықов Құсайын – Ұлы Отан
соғысының және халық ағарту ісінің ардагері.
ҚОШАНОВА
Сұлупан (1923 – 1999) – Доңызтау өңірінде дүниеге келген. Жастайынан
еңбекке араласқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында маманның тапшылығына байланысты
оқытушылық қызмет те атқарған. Негізінен ол колхоз өндірісін нығайтуға қолдап
үлес қосқан адам. Қарауылкелді селосы аудан орталығы болғаннан кейін мұнда әр
түрлі қызмет орындары ашыла бастайды. Соның бірі – тұрмыстық қамту комбинаты.
С.Қошанова – осы мекеменің негізін қалаушылардың қатарында саналады. Бұған оның
он саусағынан өнер тамған ісмерлік шеберлігі игі ықпал етті. Кім – кімді де
қызықтырған сән үлгілерімен киім тігіп, ауыл тұрғындарының құрметіне бөленеді.
Еңбегі ескеріліп, Қазақ КСР Халық тұрмыс қажетін өтеу министрлігінің Құрмет
дипломымен, «Еңбек ардагері», «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы
жеңістің 50 жылдығы» медальдарымен, облыстық дәрежедегі Құрмет грамоталарымен
марапатталған. С.Қошанова әлденеше рет ауылдық, аудандық кеңестерге депутат
болып сайланды.
ҚОШҚАРБАЕВ
Баймұқан (1901 – 1987) №5 ауылдық кеңесіне қарасты Қарабатыр деген
жерде дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына дейін «Қарабатыр» колхозының колхозшысы
болған. Одан әрі соғысқа қатысып, екі рет жаралы болып елге оралады.
«Қарабатыр», «Көкбұлақ» колхоздарында, «Қарауылкелді» совхозында үздіксіз қой
өсірумен шұғылданады. Ол бірнеше жауынгерлік медальдармен бірге 1961 жылы Қазақ
КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1971
жылы «Октябрь революциясы» орденімен наградталады. Оның есімі облыстың «Құрмет
кітабына» жазылған. Облыстық таңдаулы шопаны атағына ие болған.
ҚҰЛДАНБАЕВ
Қуан (1.01.1929ж. Қаражар) – кеңес қызметкері, мұғалім. Ақтөбе
педагогика училищесін (1949), Гурьев педагогика институтын (1966) бітірген.
Еңбек жолын 1943 жылы Үшінші бесжылдық бастауыш мектебінде мұғалімдіктен
бастады, бұдан соң Пушкин атындағы жетіжылдық, Есқуат, Қызыл жұлдыз, Баршақұм
бастауыш мектептерінде мұғалім, Сағыз орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі
болды. 1973 – 1987 жылдары Халық депутаттары Жарқамыс ауылдық Кеңесі атқару
комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
ҚҰЛЕКЕШ
Ізбан Құлекешұлы (1930 – 2004 ж) Көкбұлақ аулында дүниеге келген. 1950
жылдан Көкбұлақ орта мектебінде, 1952 жылы
Сам мектебінде, 1954 жылы аудандық Қарауылкелді машина – трактор
станциясында комсомол комитетінің хатшысы болып қызмет атқарады. Атырау
педпгогикалық институтын бітіргеннен кейін Көкбұлақ орта мектебінде қазақ тілі
пәнінің мұғалімі, 1968 жылдан мектеп директорының оқу ісі жөніндегі
меңгерушісі, 1971 – 78 жылдық мектеп директоры қызметтерін атқарған. 1991 жыл
зейнеткерлікке шықты. Құрметті ұстаз әлденеше рет аудандық, облыстық білім
бөлімінің құрмет грамоталарымен марапатталған ұстаз шәкірттері еліміздің кез –
келген жерінде жауапты қызмет атқарып жүр.
ҚҰЛЖАНОВ
Селбай (15.03.1927)
Жыңғылды ауылы, Байғанин ауданы, -
06.01.1997, Қарауылкелді селосы) – ауыл шаруашылығы өндірісі маманы, ақын,
сазгер. Байғанин ауданындағы А.С.Пушкин атындағы мектепте оқыды, 1947 – 1951
жылдары КСРО Қарулы Күштері қатарында болды. 1952 – 1963 жылдары Байғанин
ауданындағы Крупская атындағы, Қызыләскер ұжымшарларында механизатор,
тракторшылар бригадасының бригадирі, 1963 жылдан №163 ауыл шаруашылығын
механикаландыру училищесінде өндірістік оқу шебері, мұғалім, Байғанин аудандық
ауыл шаруашылығы басқармасында техникалық бақылаушылар тобының жетекшісі,
ауданаралық су құрылыстарын жөндеу мекемесінің бастығы, аудандық өсімдіктерді
қорғау станциясының агрономы, аудандық «Сельхозэнерго» мекемесінің бастығы
қызметтерін атқарды. Құлжанов Селбай «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан
соғысындағы ерлік еңбегі үшін» (1945), «Тың жерлерді игергені үшін» (1956)
медальдарымен марапатталған. Ол аудан шаруашылықтарын ауыл шаруашылығы техникасы
түрлерімен жабдықтауға, механизатор кадрларын дайындауға, олардың кәсіби
шеберлігін жетілдіруге үлес қосты. Құлжанов Селбай аудан тұрғындары арасында
шығармашы, ақын, сазгер ретінде де белгілі болды. Ол түрлі тақырыптардағы
лирикалық өлеңдер жазып, олардың бірқатарының мәтіні бойынша әсем сазды әндер
шығарды, аудандық мәдениет үйінде өзінің шығармашылық кешін өткізді.
ҚҰЛШЫНОВ
Жұрынбай (1904 – 1974) Табын ауданына қарасты Жем өңірінде туған.
Жастайынан байларға жалшылықта жүреді. 1929 жылдан «Құрамыс» ауыл шаруашылық
артелінің мүшесі. 1937 жылдан «Теректі» колхозында еңбек етеді. Құлшынов колхоз
өндірісін нығайтуға көп еңбек сіңірген адам. Осыған орай ол «1941 – 1945
жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен наградталады. Ал 1948
жылғы 23 июльде оған Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. 1957 жылы Қазақ КСР
– інің мал шаруашылығының шебері атанады. Мұндай құрметке ол жылқы түлігін
өсірудегі мол табыстары үшін ие болады. Шағын колхоздың кезінде қарауындағы 39
биеден 39 құлын алып аман өсірсе, 1966 жылы «Алтай» совхозында еңбек етіп
жүріп, 144 биеден 114 құлын алуды қамтамасыз еткен. Демек, оның еңбекте ер
атануы тегіннен тегін емес екен. Еңбек зейнетіне шыққаннан кейінгі өмірі
ауданымыздың Қаражар елді мекенінде өтеді. Қаражарлықтар даңқты жерлесінің
есімін орынды мақтаныш етіп, жас ұрпаққа еңбек тәрбиесін беруде үлгі етіп
отырады.
ҚҰРМАНҒАЗИН
Өтеулі (1892 – 1970) Табын
ауданының Сағыз өресінде туған. Ауданда ұжымдық құрылымдар өмірге келгенге
дейін өзіндік шаруасымен айналысқан. Алғашқы серіктестіктер құрыла бастаған
кезде ағайындарымен бірге серіктестікке, кейіннен артельге мүше болады. Осындай
артельдің негізінде «Құмкез» колхозы құрылады. Құрманғазин осы колхоздың
тұрақты шопаны болып еңбек етеді. 1951 жылы ұсақ колхоздар ірілендіріліп,
«Қарабұлақ», «Қызылтаң», «Құмкез» колхоздары бірігіп Жданов атындағы колхоз
атанады. Құрманғазин осы колхозда зейнеткерлікке шыққанға дейін аға шопан
болып, қой түлігін өз төлі есебінен өсіру мен оның өнімділігін молайту арқылы
колхоздың «миллионер» атануына зор үлес қосты. Осындай жоғары көрсеткіштерге
жеткені үшін ол 1958 жылы ең жоғары награда – Ленин орденіне ие болады.
ҚҰРМАНҒАЛИЕВ
Алдияр (1914 – Степной ауданы Ақтөбе облысы – 1998, Ақтөбе) –
партия, кеңес қызметкері. Орал педагогика институтында оқыды, Темір ауданында
шаруашылық қызметінде болды, 1938 – 1943 жылдары мемлекеттік банктің Байғанин
аудандық бөлімшесінің басқарушысы, 1944 – 51 жылдары Қарабұтақ аудандық партия
комитеті бөлім меңгерушісі, екінші хатшысы. 1953 жылы Қазақстан Компартиясы
Орталық Комитеті жанындағы партия мектебін бітірген соң Қазақстан КП Байғанин
аудандық комитетінің екінші хатшысы, 1955 – 1959 жылдары еңбекшілер депутаттары
Байғанин аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Бұдан
соң, 1959 – 1962 жылдары Степной ауданындағы Қазақ КСР 30 жылдығы атындағы
колхозын басқарды, кейін педагогикалық қызметпен айналысты. Еңбек Қызыл Ту
орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарымен,
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі грамотасымен марапатталған.
МҰҢАЛБАЕВА Теңгежан (03.03.1920 –
1993) шаруа отбасында туған. Әке-шешеден ерте айырылып,Ойыл ауданының 23- ауылдық кенесіне қарасты жетім балалар
үйінде тәрбиеленеді. Еңбек жолын 1938 жылы осы балалар үйінде аға пионер вожатый болудан
бастайды. 1942 жылдың басында Байғанин МТС-і директорының көмекшісі қызметіне алынады. Сол
жылы қараша айында Алматы қаласындағы жоғары партия мектебінің тоғыз айлық курсына оқуға жіберіледі. 1943 жылы
Ақтөбе облыстық партия комитетінің жолдамасымен Байғанин аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болады.
Кейіннен осы комитеттің бірінші хатшылығына сайланып, 1946 жылдың қараша айына дейін
жасайды. 1946 жылы Дайындау министрлігінің аудандық мекемесінің бастығы, одан әрі «Социалистік ауыл»
газетінің жауапты хатшысы, аудандық кеңес атқару комитеті сауда бөлімінің меңгерушісі, Қаражар орталау мектебінің директоры, аудандық партия комитетінің дін істері жөніндегі бөлімінің меңгерушісі, Байғанин МТС-і партия ұйымының хатшысы, аудандық «Жаңа өмір» газеті редакциясының бөлім меңгерушісі, аудандық тұтынушылар қоғамы басқармасы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарады. 1962-66 жылдары Қарабатыр ауылдық кеңесінің төрайымы, ал 1966 жылдан
1975 жылы еңбек демалысына шыққанға дейін аудан орталығындағы кешкі мектептің директоры болады. Мұңалбаева осындай көп қырлы қызметіне сай «1941-1945
жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Ерлік еңбегі үшін», екі мәрте «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медальдарымен, ал
1971 жылы Еңбек Қызыл Ту ордендерімен наградталады.
Сондай-ақ оған СОКП қатарында 50 жыл белгісі
тапсырылады.
МҰРЫНБАЕВ Сыраж (1913 – 1994) ауданымыздың Тоғалай Ащы
жерінде колхозшы отбасында дүниеге келген. 1913 жылы №3 ауылда жеті жылдық
мектепті бітіріп, жастайынан еңбекке араласқан. 1938 жылы ферма меңгерушісі, 1940 жылы
трактористік курстардан өтіп, МТС-та трактор бригадирі болған. 1941 жылы Ұлы
Отан соғысы басталған шақта қоғамдық мал басып өсіру мақсаттарында тылда еңбек
етті. 1946 -1952 жылдары ішінде Қопа, Қызыләскер колхоздарында, 1952 – 54
жылдары Жданов атындағы клохозда, 1954 – 63 жылдарда Қазақстан колхозының
басқарма бастығының орынбасары болған. 1963 жылдан «Байғанин» кеңшарында еңбек
етіп жүріп, содан зейнеткерлікке шыққан.
«Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың игеруге қатысқаны үшін», «Еңбек ардагері»
медальдарымен марапатталған. «Ауыл шаруашылығының разрядтық шебері» атағын алған.
МҰСТАФИН Сағынбай 1928 жылы 23
ақпанда Доңызтау өңірінде өмірге келген. Кедей шаруа болған әкесі Мұстафа
ашаршылық кезінде қайтыс болған. Анасының күшімен ел қатарына қосылып, өз
тұрғыластарымен бірге оқу оқиды. 1943 жылы жетінші класты бітіріп, колхозда
жұмысқа кіреді. Осындағы еңбегіне сай ол «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан
соғысында Ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталады. 1950 жылы іріленген
Жамбыл атындағы колхоздың комсомол ұйымының хатшысы болып 10 жыл қызмет
атқарады. 1951 жылы Қазақстан комсомолының V съезіне делегат болып қатысады.
Бұл съезге онымен бірге ауданнан Жазықов Қожабай, Беріков Ниетжан,
Жармұханбетова Василиса делегат болған. 1961 жылы бухгалтер, 1967 жылдан 1987
жылға дейін Жаңажол ауылдық кеңесінің төрағасы. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің
Құрмет Грамотасымен, «Тың жерлерді игергені үшін», Лениннің 100 жылдығына орай
«Еңбектегі ерлігі үшін» және 1974 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен
наградталған. Қазір Алға қаласында тұрады.
МЫСАТАЕВА Аққенже
(1905-2001) – аудандағы әйелдер арасынан шыққан алғашқы тракторшылардың бірі.
Байғанин ауданында туып өскен. Алғашқы коллективтендіру науқаны басталған шақта
сол кездегі Шұбарқұдық ауылдық кеңесіне қарасты (қазіргі Қарауылкелді с.о)
«Жайылма» колхозына мүше болып кірді. 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысының ауыр
жылдарында сол «Жайылма» колхозында механизаторлық мамандықты меңгеріп, У-2
маркалы тракторда жұмыс істеді, егіс, тасымал шаруаларында болды. Соғыстан
кейін колхозда суармалы егіншілікпен айналысты, ал 1953-1960 жылдары «Көкбұлақ»
колхозында бақташы болды. Мысатаева Аққенже уақытпен санаспай еңбек етіп,
колхоз экономикасын көтеруге зор еңбек сіңірген ардагерлердің бірі.
ОТАРБАЕВ Базарбек
(1929 – 07.11.1999) Қызылбұлақ ауылдық кеңесінің Жаңатаң
елді мекенінде туған. Жарқамыс орта мектебінің тоғыз класын бітіргеннен кейін
еңбек жолын бастайды. Аудандық мал дайындау конторында бухгалтер, аудандық
қаржы бөлімінде аға инспектор болады. 1949 жылы армия қатарына шақырылып, үш
жыл әскери қызметін өтейді. 1952 жылы күзде әскерден оралып, аудандық қаржы
бөліміне бас бухгалтер, аудандық тұтынушылар одағында бас бухгалтер, аудандық
қаржы бөлімінде кіріс жөніндегі инспектор қызметтерін атқарады. 1963 жылы Алматы
қаласындағы Қазақ Мемлекеттік универтитетін сырттай оқып бітіріп, экономист –
финансист мамандығын алады. Сол жылы "Ақжар" совхозының бас
бухгалтері, кейіннен сол совхоздың бас экономисі болады. Отарбаев "1941 –
1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында "Ерлік Еңбегі үшін", "Тың
жерлерді игергені үшін", Ленинннің жүз жылдығына орай "Еңбектегі
ерлігі үшін", "Еңбек ардагері" медальдарымен марапатталған.
ОТАРБАЕВ Ілияс (1906
– 1987) Табын ауданына қарасты Жем өзенінің бойындағы елді мекенде туған. Аудан
көлемінде көшпелі халықты отырықшылыққа бейімдеу, алғашқы серіктестіктер мен
артельдерді құруға, одан әрі колхоз құрылысының қалыптасуына айтарлықтай үлес
қосқан адам. Қостанай қаласындағы ауылшаруашылық техникумында оқып, зоотехник
мамандығын меңгеріп келгеннен кейін, ауданда мал шаруашылығын дамыту бағытында
белсене еңбек етеді. Ұлы Отан соғысы жылдарында қоғамдық малды Сам жайылысында
қыстату шараларын ұйымдастырушылардың бірі. Сол жылдарда ол аудандық
ауылшаруашылық бөлімінің бас зоотехнигі қызметін атқарды. Бірнеше жыл аудандық
партия комитетінің екінші хатшысы болады. Доңызтау өңірінде ұсақ бес колхоз
біріктіріліп, Жамбыл атындағы колхоз құрылған кезде осы шаруашылықтың басқарма
төрағасы болып сайланады. Елуінші жылдардың орта шенінде аудандық атқару комитетінің
жоспарлау комиссиясының төрағасы, кейіннен дайындау инспекциясының бастығы
болып қызмет атқарады. Байғанин ауданы таратылғанда, Темір территориялық
өндірістік басқармасында экономист, ал аудан қайтадан құрылған 1965 жылы
аудандық ауылшаруашылық басқармасында экономист болып, зейнет демалысына
шыққанға дейін жұмыс жасайды. Ауданның экономикасын нығайтып, қоғамдық мал
шаруашылығының тиімділігін арттыру жолындағы еңбегі жоғары бағаланып, оған 1967
жылы "Қазақ КСР – іне еңбегі сіңген зоотехник" құрметті атағы
беріледі. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы еңбегі ерекше аталып, ол екінші дәрежелі
"Отан соғысы" орденімен наградталған.
САТҚАНҒАЛИЕВА Өзипа Жаңабайқызы 1922 жылы бірінші мамырда Ойыл ауданының № 17
ауылдық кеңесіне қарасты мекенде туған. Әке-шешеден ерте айырылып,
жастайынан еңбекке араласуына тура
келеді. «Қызыл жұлдыз» колхозының колхозшысы болады. 1941 жылы Байғанин
ауданының № 6 ауылдық кеңесіне қарасты, «Қызыл ту» колхозына көшіп келеді. Сол
жылы соғыс басталып, елдің азаматтары майданға аттанып жатқан кезде аудан
басшылығы оған колхоздың қой фермасын басқаруды сеніп тапсырады. Соғыс
жылдарында колхоз малы жазда өз
территориясында бағылса, қысқа қарай Сам өңірінде қыстатылып жүрді. Қиын
кезеңде малдың өнімділігін арттырып,
бағым-күтімін жақсартуға қарт адамдар мен қыз-келіншектер зор үлес қосты. Сатқанғалиева оларды қажырлы
еңбекке жұмылдыра отырып, Отан тапсырмасын
абыроймен орындай білді. Ауылдастары арасында зор беделге ие болған ол
1947 жылы екінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кенесінің депутаты болып
сайланады. 1948 жылдың басында Сатқанғалиева кеңес жұмысына жоғарылатылады,
сөйтіп № 6 Көлтабан ауылдық Кеңесінің
төрағасы болып, алты жыл осы қызметті атқарады. Одан кейін Жданов атындағы колхоздың сиыр фермасының
меңгерушісі, ал «Байғанин» совхозы құрылғаннан кейін осында жұмысшы болып, 1981
жылы дербес зейнеткерлікке шығады. Елге
сіңірген еңбегі «Ерлік еңбегі үшін», « Еңбекте үздік шыққаны үшін»
медальдарымен аталып өтіледі. 2007 жылы 22 ақпанда қайтыс болған.
СӘДУОВ
Диханбай 1935
жылы Сартоғай селолық округінде дүниеге келген. Соғыс жылдарында балалық
шағынан еңбекке араласқан. 1954 жылы Тың
көтеру ұранымен трактор руліне отырған.
1990 жылы зейнеткерлікке шыққанша
Крупская атындағы колхозда,
кейіннен «Алтай» кеңшарында үздіксіз механизатор болып жұмыс жасаған. Ауыл
шаруашылығын өркендетуге сіңірген еңбегі үшін 1969,1971 жылдары «Облыстық
таңдаулы механизаторы» атағы берілген. Мерекелік кезеңдерге орай бірнеше
медальдармен марапатталған. 2006 жылы қайтыс болған.
СӘРСЕНБАЕВА Сағидан 1917 жылы Сағыз өңірінде туған.
Колхоздастыру және соғыс кезінде қажырлы еңбек еткен. Жолдасы Ұлы Отан соғысына
аттанғанда, оның орнын жоқтатпай, бөгет салу, егін егу, мал бағу
жұмыстарының қай-қайсысында да
екпінділер қатарында болып, жеңісті жақындатуға елеулі үлес қосқан. Оған «1941-1945
жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Ерлік еңбегі үшін» медалі берілуі осының
дәлелі.
СӘТІМОВ Шалтай (1890-1951) Доңызтау өңіріндегі №12 ауылда туған. Осы өңірде
алғашқы құрылған серіктестіктің мүшесі болып, кейіннен Жамбыл атындағы колхозда
өмірінің ақырына дейін шопандық кәсіппен шұғылданады. Жыл сайынғы қол жеткізген
табыстарына сай және 1947 жылы қарауындағы 524 саулықтан 663 қозы алып, аман
өсуіне байланысты оған 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. Осындай
еңбек адамдарының арқасында Жамбыл атындағы колхоздың атағы да көпке жайылады.
СЕКСЕНБАЕВ Оңғар 1926 жылы шілде айында Көкбұлақ
ауылдық кеңесіне қарасты Дауыл деген
жерде туған. Көкбұлақ орталау мектебін
бітіргеннен кейін колхозшы болған. 1944 жылы армия қатарына шақырылып,
азаматтық борышын өтейді. Елге оралған
соң «Көкбұлақ» колхозында әртүрлі жұмыстар атқарады. 1963 жылдан бастап тұрақты
түрде қой шаруашылығында еңбек етеді. Сексенбаевтың атағы осы жылдардан бастап
жұртшылыққа кеңінен танылды. Ол «Қарауылкелді» совхозының №1 бөлімшесінде әр
жыл сайын отарға отар қосып, қоғамдық мал шаруашылығын өркендетуге өлшеусіз
үлес қосқан еңбеккер жан. Әр жүз саулықтан 115-120 қозыдан алып, аудан
шопандары арасында ұдайы алғы шептен көрініп отырды. Осындай ерен еңбегіне сай
үкімет наградаларының түр-түріне ие болды. Әлденеше рет ауданның, облыстың
«Таңдаулы шопаны» атағын алды. Оның омырауына Ленин ордені (1971), Еңбек Қызыл
Ту (1976), «Құрмет белгісі» (1973) ордендері мен ВДНХ-ның Алтын медалі тағылды.
1966 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасы, ал 1976 жылы Құрмет Грамотасы
беріледі. 1980 жылы «Қазақ КСР-і ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкері»
атағымен марапатталады. Есімі Қазақстан Республикасының Алтын Құрмет кітабына жазылады.
ТӨКЕНОВ Жәми 1931
жылы 10 қаңтарда Қарауылкелді елді мекенінде дүниеге келген. Москва қаласындағы
Бүкілодақтық Заң институтын бітірген жоғары білімді заңгер. Еңбек жолын 1949
жылы құрылысшылықтен бастаған. 1951 – 1955 жылдары Кеңес армиясының қатарында
азаматтық міндетін өтеген. Елге келгеннен кейін аудандық ДОСАА комитетінің төрағасы болып қызмет атқарады.
1958 жылы кеңес жұмысына ауысып, аудандық кеңес атқару комитетінің секретары
болады. Ауданымыздың Темір ауылшаруашылық өндірістік басқармасының құрамына
енуіне байланысты ол 1963 жылы "Байғанин" совхозы жұмысшылар
комитетінің төрағасы болып сайланады. 1965 жылы Байғанин ауданы қайтадан
қалпына келтірілген кезде Төкенов аудандық кеңес атқару комитетінің секретары
қызметіне алынады. Сөйтіп ол өмірінің отыз жылдан астам уақытын осы қызметке
арнап, 1991 жылы жергілікті маңызы бар
дербес зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмыс жасайды. Осы салада ол аса білікті
қызметкер дәрежесіне көтерілген азамат. Сол жылдарда аудан өмірінде болған
жаңалықтар мен елеулі өзгерістерді жақсы біледі. Осы кітапқа енгізілген
көптеген деректер мен құжаттық мәліметтер оның жинақтап жүрген жеке архивінен
алынғанын ерекше атап айтқан орынды болмақ. Төкенов "Еңбектегі ерлігі
үшін" медалі бастаған бес медальдің және "Ұлы Отан соғысының
ардагері" белгісінің иегері. 2006
жылы 5 наурызда қайтыс болған.
ТӨЛЕГЕНОВА Нұрбалқан
1922 жылы 15 қыркүйекте № 5 ауылдық кеңесіне қарасты
Көкбұлақ ауылында туған. 1939 жылы Жарқамыс орта мектебінде 9 кластық білім
алады. 1940 жылы аудандық тұтынушылар одағы басқармасында секретарь – статист,
1943 – 1946 жылдары аудандық кітапхана меңгерушісі. 1946 жылдан 1973 жылға
дейін мемлекеттік банктің аудандық бөлімшесінде жауапты қызмет атқарып,
кейіннен осы мекеменің бас бухгалтері болады. 1960 жылы Алматы қаласындағы
мемлекеттік банктің есеп – кредит техникумын бітіреді. 1973 жылдан аудандық
мемлекеттік статистика мекемесінің бас экономисі болып зейнет демалысына
шыққанға дейін жасайды. 1963 жылы оған "Мемлекеттік банктің үздік
қызметкері" белгісі беріледі. Ұзақ
жылдардағы мінсіз қызметі үшін юбилейлік медальдар мен жоғарғы орындардың
құрмет грамотасымен марапатталған. Әкесі Төлеген нәубет жылдарында жазықсыз
жазаланып, содан оралмай қалады. Ал жолдасы Мәжит 1942 жылы соғысқа аттанып,
ұрыс даласында қаза болады. Осындай ауыртпалықтарды бастан кешіре отырып, ол
ауданның әлеуметтік – мәдени өміріне белсене араласқан әйелдердің бірі бола
білді.
ТӨЛЕПОВ Қылыш (1902
– 1992) Байғанин ауданына қарасты территорияда туған. 1928 жылға дейін
байлардың малын баққан. Одан әрі Гурьев облысына кетіп, біраз жыл балықшылықпен
айналысады. Одан соң сол облыстың "Мұқыр" совхозында шопан болады. Ал
1952 жылдан бастап Байғанин ауданының "Сағыз" совхозында аға шопан
болып еңбек етеді. Қой шаруашылығын өркендетудегі жоғары табыстары үшін ол 1966
жылы 22 наурызда ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Указымен Социалистік Еңбек
Ері атағын алады. 1958 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталады. Қазақ КСР
Жоғарғы кеңесінің Құрмет Грамотасы, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері
көрмесінің Құрмет Грамотасы беріледі. Есімі облыстың "Еңбек
даңқы" кітабына жазылады. Оның 90 жасқа толған юбилейі ауданның басшы
орындарының ұйымдастыруымен аталып өтілді. Көзі тірі кезінде мектеп
оқушыларының еркін күрестен Социалистік Еңбек Ері Төлепов Қылыш атындағы спорт
сайысы жыл сайын өткізіліп ТӨЛЕПОВ ҚЫЛЫШ (1902
– 1992) Байғанин ауданына қарасты территорияда туған. 1928 жылға дейін
байлардың малын баққан. Одан әрі Гурьев облысына кетіп, біраз жыл балықшылықпен
айналысады. Одан соң сол облыстың "Мұқыр" совхозында шопан болады. Ал
1952 жылдан бастап Байғанин ауданының "Сағыз" совхозында аға шопан болып
еңбек етеді. Қой шаруашылығын өркендетудегі жоғары табыстары үшін ол 1966 жылы
22 наурызда ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Указымен Социалистік Еңбек Ері
атағын алады. 1958 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталады. Қазақ КСР
Жоғарғы кеңесінің Құрмет Грамотасы, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері
көрмесінің Құрмет Грамотасы беріледі. Есімі облыстың "Еңбек даңқы"
кітабына жазылады. Оның 90 жасқа толған юбилейі ауданның басшы орындарының
ұйымдастыруымен аталып өтілді. Көзі тірі кезінде мектеп оқушыларының еркін
күрестен Социалистік Еңбек Ері Төлепов Қылыш атындағы спорт сайысы жыл сайын
өткізіледі.
ТҰРЫШЕВ Қоштанбек
(1900 – 17.07.1983) кедей шаруаның отбасында туған. Төрт
жасында әкесі қайтыс болып, анасының тәрбиесінде өседі. Есейе келе байдың малын бағады. Жаңа өкімет орнаған
кезде әртүрлі шаруашылық, саяси жұмыстарға араласады. Халықтың ұжымдық
серіктестіктерге, артельдер мен колхоздарға бірігуіне күш салады. 1932 жылдан
бастап бірқатар ауылдық кеңестердің төрағасы болып сайланады. Ұлы Отан соғысы
басталғаннан кейін қыс жағдайында Сам жайылымын игерудің бастамашыларының бірі
болады. Аудан басшылығының ұйғарымы бойынша осы бір қиын жылдарда әрбір
колхоздың қой, жылқы, түйе түліктерін Самда қыстатып қайту жөнінде нақты шешім
жасалады да, соғыс жылдарында, , соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына
келтіру жылдарында бұл шешім тұрақты жүзеге асырылып отырды. Колхоздардың Самға
көшуі мен одан аудан территориясына қайта көшіп келуі жоспарлы әрі белгіленген
жүйе бойынша жүргізілді. Тұрышев бірнеше жыл бойы осы істің басы қасында болып,
үлкен ұйымдастырушылық міндет атқарды. Бұл жылдардағы оның қызмет лауазымы –
трасса бастығы деп аталды. 1950 жылдан кейін ауданның дайындау және тұтынушылар
қоғамы мекемелерінде жауапты қызметтер атқарып, зейнеткерлікке шығады. Тұрышев
елге сіңірген елеулі еңбегі үшін, үкімет наградаларына ие болады. Ол Қазақстан
Компартиясының үшінші съезіне делегат болып қатысады. "СОКП қатарында 50
жыл" белгісі тапсырылуы да ол үшін мәртебелі марапат болды.
ТҮРКИН Ораз (1895
– 1973) Қопа ауылдық кеңесіне қарасты мекенде дүниеге келген. Жастайынан
байларға жалшылықта жүрген. 1930 жылы құрылған ұжымдық шаруашылыққа мүшелікке
кіріп, одан әрі "Қопа" колхозында аға шопан болады. Бұл саладағы
үздіксіз жетістіктері жоғары бағаланып, оған 1949 жылғы 7 қазанда ССРО Жоғарғы
Кеңесі Президиумының Указымен Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. Осы атаққа
ұсынылған 1948 жылы ол қарауындағы 438 саулықтан 652 қозы алып, аман өсірген
болатын. Үкіметтің ең жоғары наградасына ие болғаннан кейін де Түркин біраз жыл
қатарынан айтарлықтай жетістіктерге ие болып, өзінің шеберлігін көпке таныта
білді. 1958 жылы еңбек демалысына шығып, ұзақ жылдар бойғы қызметінің зейнетін
көреді.
ҮБАЕВ
Әліп (1893 – 1977) №12
ауылдық кеңеске қарасты Оймауыт өңірінде туған. 1930 жылы құрылған
серіктестіктің мүшесі. Сол территориядағы бірнеше серіктестік кейіннен Жамбыл
атындағы колхоз атанады. Үбаев осы колхозда аға шопан болып, 1958 жылы
зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбек етеді. Аға шопан жыл сайын қой түлігінің
өнімділігін арттыра отырып, шаруашылыққа қыруар пайда келтіреді. Тек 1947
жылдың өзінде 694 саулықтан 931 қозы өсіріп, аудан көлемінде жоғары көрсеткішке
қол жеткізеді. Ал оның соғыс жылдарындағы ерен еңбегі «1941 – 1945 жылдардағы
Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен аталып өтіледі. 1948 жылғы 23
шілдеде ол Социалистік Еңбек Ері атағына ие болады. 1947 жылы Бүкілодақтық ауыл
шаруашылық жетістіктері көрмесінің, 1965 жылы ССРО халық шаруашылығы
жетістіктері көрмесінің лауреаты атанады. Осындай мәртебелі марапаттарға ол
тынымсыз еңбектің, көп жылғы жинақтаған мол тәжірибесінің арқасында ие болып,
сол арқылы туған ауылының да, ауданның да абырой – беделін биікке көтерді.
ШАЛАБАЕВ
Тілеп (1900, Оймауыт – 1948, Орынбор қаласы) – кеңес,
шаруашылық қызметкері, 1928 жылдан құрамына Аққұдық, Қараоба, Бас Оймауыт, Орта
Оймауыт, Шет Оймауыт серіктестіктері кіретін Оймауыт ауылдық кеңесін басқарды.
Бұл 1930 – жылдары «мазасыз аймақ» болып саналды, осы өңір арқылы елдің біраз
бөлігі Орта Азияға босқан. Шалабаев Тілеп өзі басқаратын аумақтың халқын
көшпеуге, елде қалуға үгіттеп көндірді. Ұлы Отан соғысы жылдарында Сам
жайылымын Байғанин ауданына қарату жайында Гурьев облысымен арада дау
туындағанда Шалабаев Тілеп келелі пікір айтып, мәселенің оңтайлы шешілуіне
жағдай жасады. Бұл жылдары ол мал айдау трассасы бастығы, ауылдық кеңес
төрағасы қызметтерін атқарды. Шалабаев Т. айналасына беделді, көкірегі ояу,
көзі ашық азаматтардың бірі болды.
ШАХАРҰЛЫ
Қожан (1890 – 1977 Байғанин ауданы) – шежіреші; ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ
ғасырдың басында өмір сүрген Ержан хажының немересі. Жасында ауыл молдаларынан
оқып араб, парсы, түрік тілдерін меңгерген, осы тілдерде жазылған шығармалармен
танысқан, бір жылдай орыс мектебінде оқыған. Қазан революциясынан кейін сауда
қызметінде болды, қазақ зиялыларының еңбектерін, халық ауыз әдебиетін, қазақтың
тегі туралы шежіре тарихты жақсы білді және олар туралы кейінгілерге жүйелі
түрде тарқатып айтып жүрді. Ел арасында өзінің білімділігімен, адамгершілік
қасиеттерімен сыйлы болды. Ұлы Отан соғысы жылдары Шахаров Қ. ауданның қоғамдық
малын Сам жайылымына жеткізу жөніндегі комиссия мүшесі болды, ол Сам, Тұрыш,
Үстірт төңірегін зерттеп, малға қысқы қоныс болатынын дәлелдеді.
ШОНТИН Әбіш (1907 – 1977) Астрахань
губерниясы Маңғыстау приставында туған. 1929 жылы Табын ауданында алғашқы
құрылған серіктестікке мүше болып, одан әрі «Қаражар» колхозында еңбек етеді.
1963 жылға дейін осы колхозда (кейіннен Калинин атындағы колхоз) қой фермасының
меңгерушісі, аға шопан болады. Ерен еңбегіне сай Бүкілодақтық ауыл шаруашылық
көрмесіне, ССРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысады. 1947 жылы
өзіне сеніп тапсырылған 581 саулықтан 713 қозы өргізеді. Бұл саулықтың әр
жүзіне 123 қозыдан келеді. Осы жоғары көрсеткіші үшін ол 1948 жылы Социалистік
Еңбек Ері атағын алады. Шонтин шопандық кәсібінде бойдақ қой бағып та ірі
жетістіктерге ие болған. Мәселен, ол 1959 жылы етке тапсырылатын бойдақ
қойларды жайып семіртіп, әрқайсысының орта салмағын 65 килограмнан айналдырған
және 80 процентін семіздікке өткізген. Бұл да аудан үшін рекордтық көрсеткіш
еді. Атақты шопан «Ақжар» совхозы кезінде де бұл салаға елеулі еңбек сіңіреді.
ШОПАНОВ
Өтеғали (1905 – 1971) – кеңес, шаруашылық қызметкері. Аудан
құрылғанға дейін Орта Азияда (Қарақалпақ АО) мемлекеттік қызметтерде болды,
кейін Голощекиннің «Кіші Октябрь» саясатына наразылық белгісі ретінде үдере
көшкен Жем, Сағыз өңірі тұрғындарын елге қайырушылар құрамында болды, аудан
халқын отырықшыландыру, шаруаларды
колхоздарға біріктіру жолында еңбек етті, аудандағы шаруашылық
мекемелерін қалыптастыруға, экономика мен мәдениеті көтеруге үлес қосты. 1940 –
1946 жылдары Қарауылкелді байланыс бөлімін, 1946 – 50 жылдары осындағы астық
дайындау мекемесін, мал дайындау конторының базасын басқарды, бұдан соң
ауылшаруашылығын жабдықтау және тұтыну кооперациясы саласында жұмыс істеді,
Ө.Шопановтың 20 – 30 жылдардағы өмір жолы жазушы Тобық Жармағамбетовтың «Ақ
жауын» повесінде баяндалған. Ө.Шопанов сондағы Өтебергеннің прототипі.
ШЫМҚАЕВА
Қансұлу 1911 жылы Оймауыт – Желтау болысында туған. Ересектер
мектебінде оқып сауат ашқан. 1932 жылдан «Көктүбек» колхозында колхозшы,
бригадир, бас сауыншы болып жұмыс жасайды. 1950 жылы «Жем» колхозының
колхозшысы болып жүріп, 1963 жылы зейнеткерлікке шығады. Шымқаева 1946 жылы
СОКП мүшелігіне өтеді. Ол аудан партия ұйымының бесінші конференциясынан бастап
ХІІІ конференциясына дейін үздіксіз делегат болып сайланған. Ауылдық, аудандық
кеңестердің әлденеше мәрте депутаты болған.
ШЫРДАБАЕВ Бақтығали (1904,
Ақбұлақ ауылы, Байғанин ауданы, - 1988, Жаңатаң ауылы, Байғанин ауданы) – мал
шаруашылығы саласының білгірі, еңбек ардагері. Ескіше оқып сауатын ашқан соң,
кеңес өкіметінің алғашқы жылдары ішкі істер саласында әртүрлі қызметтер
атқарады. 1937 жылға дейін Табын ауданында ауылдық кеңес төрағасы болды. 1937
жылы жазықсыз айыпталып, НКВД үштік шешімімен «контрреволюциялық үгіті үшін» 10
жылға еңбекпен түзету лагеріне айдалады. (Бұл айыптаудан 16.06.1989 жылы
ақталды). 1947 жылға дейін Сибирь орманында еріксіздік жағдайда күй кешкен
Шырдабаев Б. елге оралған соң ауданның Молотов атындағы колхозында қой
фермасының меңгерушісі болды, мал бақты. Ол «Сам», кейіннен «Матай» жайылымдарына
және мал қыстату оны өз төлі есебінен көбейтуге өнімділігін арттыруға үлес
қосты, малды бағу, жаю, шопандарды көшіріп, қондыру, жер жағдайын анықтау
жұмыстарында өзінің бай тәжірибесін қолданып, біліктілігін көрсетті. 1956 жылы
ерен еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды, сол жылы Мәскеудегі
Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысты. 1964 жылы зейнеткерлікке
шыққаннан кейін де Шырдабаев Б. мал бағу жөніндегі өз білгенін жастарға
үйретіп, совхоздың науқандық шаруаларына қолқабысын тигізіп отырды. Шырдабаев
Бақтығалидың өмір жолының кейбір сәттері жазушы Ибадулла Сұлтановтың «Көш»
повесінде суреттелген.