Менің атам –майдангер
Ұлы Жеңістің 70 жылдығы жақындап келеді. Өткен ғасырдағы екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан әрбір қазақ жауынгерінің ерлігі бүгінгі ұрпақтардың мәңгі жүрегінде сақталуы тиіс. Әрбір шаңырақтың, әр отбасының қадір тұтар қарты болады, оның өнегелі ғұмырынан үлгі алады, «менің атам – Ұлы Отан соғысының ардагері, ол бүгінгі бейбіт өмір үшін қан майданда фашистермен соғысты»- деп айта жүретін ұрпақтары болады. Осы ретте мен өзімнің атам туралы үлкен әкелерімнен сұрауға ұмтылдым. Әкем Тайбек Жөнейітұлы 8 ағайынды. Атам Жөнейіт пен әжемнің Сәнімнің бауырынан өрбіген балалары әкелеріміз Қалбек, Дубек ,Жәнібек әкелеріме, шаңырақтағы аналарыма атамыздың құжаттарын өзінің отбасында сақтап, бізге жеткізгені үшін немерелер атынан алғысым шексіз. Әулетіміздің үлкені – әкеміз Қалбектің баяндауымен жеткен бұл әңгімеде атамыз – өте әділ, еңбекқор, үлкенге –құрмет, кішіге – ізет көрсеткен абыройлы азамат болғандығы, бүгінгі бейбіт өміріміз үшін қан майданда етігімен су кешкен , рухы биік еңсесі тік жан екенін білдік.
Менің атам, яғни біздің Мұқашевтар әулетінің атасы - Мұқашев Жөнейіт 1924 жылы Темір ауданы «Жекей сайы» елді мекенінде дүниеге келген. 1931-1941 жылдары Жарқамыс орта мектебінде 10 жыл білім алды. 1942-1944 жылдар армия қатарында болды. Ұлы Отан соғысына қатысқан өңіріміздің майдангерлері туралы Байғанин аудандық әскери комиссариатының 01.01.1971-29.12.1972 жылғы №157 құжаттар делосында қай жерде соғыста болғаны белгісіз деп көрсетілсе, Ақтөбе облысының 1994 жылғы «Естелік Кітабының» ІҮ томының 78 бетінде «Мукашев Джунис 1924-1943 Орловская обл.д.Н.Жизнь» деп көрсетілген, демек үлкен әкелерімнің, ағаларымның айтуынша 1943 жылы Орел-Курск доғасында соғысқа қатысады. Кескілескен шайқаста аяғына снаряд жарықшағы тиіп, ауыр жараланып жатқан жерінен барлаушылар тауып алып, госпиталға жеткізген. Осы жарақаттың салдарынан бір аяғынан айырылып, 1944 жылы көктемде мүгедектігіне байланысты соғыстан елге оралады . Бұл деректегі көрсетілген менің атам деуге толық негіз бар деп ойлаймын. Қан айдандағы қаһарлы күндердегі отанын қорғаудағы жауынгерлік еңбегі еш кетпеді, 1946 жылы 5 қыркүйекте «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 1945-1948 жылдары Байғанин аудандық сот мекемесінде соттың орындаушысы, 1949-1956 жылдары ауданның Комсомол комитетінде есеп секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1950 жылы Байғанин аудандық комитеті жанындағы кешкі партия мектебін. 1960-1962 жылдары аралығында Қазақ ССР Финанс Министрлігі Семей финанс-экономикалық техникумының «мемлекеттік бюджетінің финансист» мамандығы бойынша бітірген. 1956-1964 жылдары аудандық финанс бөлімінде инспектор,.1964 тамыз айынан бастап өмірінің соңына дейін «Ақжар» совхозында бухгалтер болып жұмыс істеді. Еңбек еткен уақыттарында 1957 жылдың 29 сәуірінде «Тың жерлерді игерудегі еңбегі үшін», 1969 жылдың 7 тамызында «Қарулы Күштердің 50 жылдығы» мерекелік медалдарымен марапатталды, және 1974 жылдың 3 сәуірінде Ұлы Отан соғысының мүгедегі ретінде «Запоржец» автомашинасы берілген. Қоғамдық негізде Байғанин ауданының халық сотының халық заседателі болып сайланған. 1983 жылдың тамыз айында 59 жасында өмірден өтті. Мен атамды көрген жоқпын, бірақ, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында бүгінгі тамаша бақытты күндеріміз үшін қан майданда соғысып, ел игілігіне адал қызмет еткен атам Мұқашев Жөнейіттің жарқын бейнесі балалары мен немерелері жадында мәңгі сақталады, оны құрметтеу басты парызымыз деп ұрпақтары атынан үн қаттым.
Асау Тайбекұлы Жөнейіт.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе
өңірлік универститетінің
4 курс студенті
Сұрапыл соғыс, қан майданның азабы бітіп, өксігі таусылса да, өкініші қанша жүректің түкпірінен орын алып қалғанын ешкім де ешқашан ұмытпақ емес.
Соғыстың соңғы көктемінде “Жеңіс” үні естіліп, бүкіл әлемді шаттығымен жайнатқан сол күннің 70 жылдық ізі әлі талайдың жүрегіндегі жазылмас жараны өшіре алмады. Бірақ бүгінгі бейбіт өмірдің, кемел болашақтың иелері, біздің жарқын өміріміз үшін кеуделерін отқа тосқан батыр аталардың ерлігінің өзі аңызға айналып, ұрпағына үлгі болғаны неге тұрады.
Менің, Әкем Тажмағанбетов Хайролла 1907 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жем кеншары (колхозы) №4 а/с туған. Үйлі баранды бала- шағалы болған. Әйелі Тажмаганбетова Жібек 9 баланы өмірге әкелген.
Соғысқа 1941 жылы аттанған. Соғыста Сталинград шайқасында болған, Воронежді азат етуге қатысқан , Доннан жаяу (салмен) жүзіп өткен. Көп деректерді еске сақтай алмай қалдық. Өз аузынан естігенім ұрыс кезінде немістердің бір селосын басып алып, немістерден тазарттық дейді. Содан тамақ сақталған склады бар екен, есігін ашып жібердікте солдаттарды кіргізіп жіберіп, керектеріңді алыңдар – дедік. Мен шағын ротаны басқардым деді. Содан әркім әр нәрсені қызықтап алып жатыр, бұрын ешқашан көрмегенбіз пластмасса құтыдағы сұйықты Нурлла деген құрдасым қолына алып – алып аузынан ішіп жатыр. –Әй, бұл не дегенше бұйрық берілді де, орман ішімен алға жылжып бара жатырмыз . Әлгі құрдасым жүре алмай ана жерге бір, мына жерге бір отыра кетеді ішім, ішім деп. Бақсақ ол қазіргі сұйық май екен. (күлді) Соғысқа кеткенше 5 балалы болған қарт шешесі болған, інісі де қолында болған. Әкем кеткен соң, анам тылда жетім жесір, қарт, ата-аналарға азық түлік, үлестіретін болған дейді. 1941 жылдан Комунистік Партия қатарына алынған “Барлығы майдан үшін, Отан үшін” деп ұрандатып, елдегі адамдарды ұйымдастырып, жылы киім, тамақ жөнелтіп отырған.
Сөйтіп , жүргенде әкеміз жараланып ( аяғының тізесін тесіп өткен, тағы да басына оқ тиіп, госпитальда жатады) жазылып шыққан соң 1944 – жылдың аяғына таман елге оралады. Елге келген соң, бейбіт өмірге араласады. Қызыл Отауда жұмыс істеген, т.б. Анам “әкеңнің мінезі жай еді, жараланғанда немістің қанын құйыпты , қазір тез ренжиді ” – дейтін.
1945 жылы дүниеге ұл бала келеді. Сол кезде ауылда әкемнің қарындасы Балжан апайымыз “Аға бұл баланың атын мен қоямын . Аман елге келдің, оның аты ”Победа” болсын, журт “Жеңіс” деп жатыр ғой деген екен. Содан соң Сәния, Қания деген екі қыз балалы болған. Бейбіт өмір тұсында 9 баладан 5 бала қалып, әр қайсысы өз орындарын тауып, әке – шешеміз өз қал – қадірінше балаларын оқытып, 3 қыз 2 ұлының азды көпті қызығын көрді.
«1941-1945 ж Ұлы Отан соғысы орденімен», « Ерлігі үшін», «Жеңістің 45-жылдық» мерекесіне арналған орденмен марапатталды. Кейін “Запорожец ” автомашинасын облыстан бергізді.
Өле-өлгенше үкіметтен зейнетақы алып тұрды. Шешеміз 1993 жылы қайтыс болды. Соғыста көрген азабы, алган ауыр жарақаты денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймады . Әкем 1994 жылы 87 жасында қайтыс болды. Қазіргі таңда туған баласынан жалғыз Хайруллина Сания деген қызы мен тірімін. Немере, шөберелері, жиендері баршылық ,олар Ұлы Жеңіс қарсаңында ата-ажелерін еске алып ,сондай аяулы жандардың ұрпағы екенін мақтаныш етеді.
Суретте: немерелері, ұрпақтары.
Қызы Хайруллина Сания,
Қандағаш қаласы.