«Өнегелі өмір - өшпес ғұмыр»
Жазықов Қожабай 1920 жылы Қызылбұлақ ауылдық кеңесіне қарасты Қызылшоқы деген жерде шаруа отбасында туған.
1938 жылы Жарқамыс орта мектебінде жеті класс білім алғаннан кейін Темір қаласындағы педагогикалық техникумда екі жыл оқып, одан әрі оқуын жалғастыруға жағдайы болмайды да, 1940 жылы Аманкелді бастауыш мектебінде мұғалімдік қызметін бастайды. 1942 жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Ресейдің Бугуруслан қаласында кіші командирлер даярлайтын қысқа мерзімді курсын бітіріп, 337-полктің құрамында пулеметшілер бөлімшесінің командирі болып Воронеж майданында соғысқа кіреді. Кейіннен барлаушылар даярлайтын жеделдетілген курсты аяқтап, атақты 25 гвардиялық атқыштар дивизиясының сапында барлаушылар бөлімшесінің командирі болып, Украин майдандарында соғысады.
Ерлік
істеріне сай 1943 жылы «Ерлігі үшін» седалін, «Қызыл Жұлдыз» орденін алады, ал
1944 жылы үшінші дәрежелі «Даңқ»
орденін, екінші рет «Қызыл Ту» орденімен
наградталды.
1945
жылы Будапешт қаласын жаудан азат ету
операциясын жүзеге асыруда көрсеткен жауынгерлік қызметі үшін Кеңес Одағы
Батырының Алтын жұлдызы мен Ленин ордені беріледі.
Елге
жеңіспен оралғаннан кейін Жазықов Байғанин аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болады. Ақтөбе,
Шымкент педагогикалық институттарын бітіріп, жоғары білім алады. Байғанин аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, аудандық
партия комитетінің бөлім меңгерушісі, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы,
Родников ауданында МТС партия ұйымының хатшысы, Байғанин аудандық мәдениет
бөлімінің меңгерушісі, ауылшаруашылығы қызметкерлері, кәсіподағы аудандық
комитетінің төрағасы, Темір, Байғанин
аудандық партия комитеттерінің нұсқаушысы қызметтерін атқарады. 1972 жылдан
1982 жылы қазан айында қайтыс болғанға дейін аудандық кеңес атқару комитеті
төрағасының орынбасары болады. Сондай-ақ ол әр жылдарды мектепте
мұғалім, Жарқамыс орта мектебінің директоры да болған.
Жазықов 1975 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, 1976
жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградтталады.
Батырын елі құрметтейді.
«Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен» сонау соғыстан кейінгі жылдардағы Қожекеннің барлық өмірі, еңбек жолы, азаматтық – адамгершілік келбеті,мінез – құлқы, бүкіл болмысы көз көрген барлық жерлестерінің есінде болар. Бұл шағын естелігімді ол кісінің азаматтық бейнесін еске түсіре отырып, оның жастар тәрбиесіне көзқарасы, жора – жолдас, ағайын – туғандармен сыйластығы жайлы айтуды жөн көрдім. 18 жасынан мұғалім болып еңбек жолын бастаған Қожакең жастар тәрбиесіне ерекше көніл бөлетін. «Азамат болып қалыптасуда жастардың бойында алдымен қаңдай қасиет – қылықтар керек?» деп оқушылар бір кездесуде сұрақ берген еді. Сонда Қожакең «білімге ұмтылу, еңбекті сүю және адамдарды бағалай білу» деп жауап бергені есімде. Ол – жастардың сүйікті ұстазы, ақылшысы, қажетті жерде олардың көмекшісі, сүйеніші бола білген адам. Жастардың өмірден өздеріне лайықты орындарын тауып қалыптасуына, отбасылық жағдайларына көмектесу, тіпті қызметке орналасу сияқты жайларына да әр кезде ағалық ақылын, қолдан келген көмегін беріп отыратын. Өмірінің соңғы кезінде, қатты науқастанып жүрген кезінің өзінде Ленинград, Дондағы Ростов қалаларына облыс мүддесін көздеген әдейі командировкамен барып, тапсырылған істерді тындырып келгені бар. «Кәрі солдатпын ғой, оқасы жоқ, тек саушылық болса» деп отыратын. Осы сөзінің өзінен – ақ Қожакеңнің бүкіл өмірінде еңбекті қастерлеп өткен, мейлінше қарапайым жан екенін тану қиын емес.
Үлкенді құрметтеп сыйлай білген, кішілерге
ізетпен аға болған Қожакең үшін әлденеге араз болу, дауыс көтеріп сөйлеу, кею
сияқты мінез оның бойына жат қылық болатын. Қызметтес жолдастарымен, ағалы –
інілі қатарларымен сыйластық қарым – қатынасын өз тірлігінде ешбір бұзбастан
өтті десем, мұынымды қазіргі көзі тірі замандастары теріс демейтіні кәміл.
Қожакең өзі туып – өскен Жем бойын, Байсары, Егіндібұлақ, Қызылшоқыны өмір бойы
қастерлеп өтті. Өзінің сонау 12 – 13 жасар балалық шағында өгізге жеккен соқаның
артынан ұстап, аға – жеңгелерімен бірге жұмыс істегенін, ауылдағы алғашқы
мектептің ашылу жайын және туыстықты тарататын шежірені айтқанда балалар қызыға
тыңдайтын. Ол балаларын, іні – келіндерін ертіп, Жем бойын, ата – бабаларының
көне қоңыстарының орнын көрсетіп, ата – әжелері мәңгі мекен еткен қорымға
тағзым еткізгені бар. «Балалар өзінің кім екенін, қайдан шыққанын, тіпті жеті
атасын жатқа білуі керек. Туған жерін сүю баланың азаматтық парызы» деп
отыратын Қожакең. Қазір ойлап отырсам, бұл үлкен тәрбиелік, өнегелі үлгі етер
іс екен. Өкінішке орай, қазір үлкендер, ата – аналар бұл жайтқа көп мән бермейді.
Мен де мектепте мұғалім болып көп жыл Қожакеңмен бірге жұмыс істедім. Ер
ерлігімен танылады. Халқымыз өз тарихын өзі жасап, ерлікті, елдікті қастерлеп
бізге жеткізді. Ерлік пен елдікті ту ғып көтерген халықтық дәстүрге бүгінгі
заман иелері бәрімізде адал болуымыз керек. Қожакең халқының, елдің алдында,
бүгінгі тірілер алдында өзінің азаматтық парызын әбден өтеп өткен азамат. «Елін
сүйген ер болар» дегендей Қожакең туралы әңгімемді оның майдандас, қарулас
жолдасы З.Б.Дровальдың қызымыз Лаураға жолдаған хатының мына бір сөздерімен аяқтайын:
«Сіздің папаңыз ержүрек барлаушы, тамаша жауынгер болатын. Ол ерекше тапқыр,
мол ақыл мен сабыр иесі – нағыз батыр еді».
Қаншайым Нұрманова,
Батырдың зайыбы.
Алдымда асқар тау боп сен тұрасың
Жылдар жылжып уақыт өткен
сайын, бүгінгі ұрпақ әкелер даңқын, адам бақыты үшін бақыл болғандардың ерлігі
мен өрлігі жайында қанша шежіре, қаншама дастан жазса да артықтық етпесі анық.
Менің көз алдымнан әкемнің бейнесі кетпейді. Ол өз өмір жолдарынан, қас жаумен
шайқасқан кездерін айтып отыратын. Бірде «Әке, осы сіз «Отан» деген сөздің
мағынасын қалай түсінесіз?» деп сұрағанымда ол: «Балам, туып өскен, балалық
шағымды өткізген Жем бойы, өзім өмір сүріп, жұмыс істеп жүрген ортам, бала –
шағам өрген Ақтөбе облысының жері мен үшін Отан. Осы жерден Отаным басталады.
Бірақ Отан дегеннің шегі, шеті жоқ» деген болатын.
Тағы бірде әкем анама: «Қаншайым, мен осы
бақыттымын-ау деймін. Өйткені от – жалынға оранған сұрапыл соғыстан аман – есен
елге келіп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған осы заманды да көрдім. Тек
тәңірім біз көрген қасіретті балаларым, немерелерім көрмесін деп тілеймін. Еліміз
бен ұлтымыздың болашағы солар ғой. Солар тыныш күнде өз Отанына халқына қызмет
етіп, аға ұрпақтың ізгі дәстүрін жалғастырса екен, балалар рухына сай азамат
болып өссе екен деп ойлаймын»,- дегенін естіп едім. Міне ерлік дастаны осылайша
ұрпақтан – ұрпаққа жетіп келеді. Өмір кешінің керуені қанша алға жылжыса да
менің көз алдымнан әкемнің асыл бейнесі кетпейді. Базарлы өміріміздің жарқын
күні – Жеңіс күнін жақындатқан әке даңқы елінің ішіне тарап отыр. Әке даңқы ғасырдан
– ғасырға кетері хақ.
Балғали Жазықов
Әке мейірімі
Әкем Кеңес Одағының Батыры Жазықов Қожабайдың майдандағы ерліктері туралы аз жазылып жүрген жоқ. Жерлес жазушымыз М.Құрманалиннің «Ерлік жолы» деректі повесінде әкемнің соғыс алдында қарапайым мұғалім болып жүрген кезінен бастап, майдандағы ерліктері толық суреттелген. Ал әкеміздің бейбіт өмірдегі еңбегінің өзі бір бөлек әңгіме. Еңбектес жолдастарының, қатар құрбыларының естеліктерінен әкеміздің жайсан мінезді, кішіпейіл жан екенін көреміз.
Балалық шақты
еске алсам, алдымен әке мен бала арасындағы махаббатқа толы шуақты күндердің
жылылығын әлі күнге сезінгендей боламын. Әсіресе, жоғарғы сыныптарда оқып
жүргенде әкем менен болашақта қаңдай мамандық алуға талпынып жүргенімді сұрай
отырып, өзінше жол сілтегені әлі есімде. Әрқашан мектепте, институтта болып
жататын қызықты кештер, пікірталастар туралы айта отырып, әкемнің пікірін
көбірек тыңдауға тырысатынмын. Сол кезде әкем тыңдаушы ғана емес, ақылшы да
бола білді. Мұның өзі әкемнің отбасына деген үлкен құрметі, балаларына деген ерекше
мейірімі екен ғой. Отбасындағы әртүрлі проблемаларды шешуде де балалардың
үлкендерін қатыстырып, біздің және анамыздың пікірімен әрқашан санасып
отыратын. Ал анам Қаншайым екеуінің арасындағы сыйластық өзіме де ана болып,
бала сүйіп отырған маған үнемі үлгі. Мен балалық, жастық шағымда ата – анам
берген тәрбиеге сүйене отырып, балаларымды мейірімділік, адамгершілік,
отансүйгіштік қасиеттерге баулуға тырысамын.
Тамара
Жазықова
Әке өнегесі
Ардақты әкем Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықовтың 90 жылдық мерей тойының Ұлы жеңістің 65 жылдығымен тұспа – тұс келуінде өзіндік мән – мағына бар сияқты. Ұлы Отан соғысының қан майданынан 25 жасында батыр атанып елге оралған әкем, бейбіт заманда да туған жерін көркейтуге бар күш – жігерін жұмсады. Әр жылдары қызметтес, жолдас болған ел азаматтары оның сабырлы мінезімен парасаттылығын ерекше айтып, «Иненің жасуындай да пендешілігі, күншілдігі жоқ, ары таза азамат күйінде өмірден өтті», «Жаны жайсаң, пейілі қазақтың кең даласындай еді» деп еске алады.
Балалық балғын шағымды еске алсам, алдымен
Майтүбектегі үлкен, адамға толы үй, гүлге толы аула, толассыз келіп – кетіп
жататын туыстар, көршілер, қызықты, мәнді де сәнді өмір көз алдыма келеді. Ата
– анамыздың балаларымен, көрші – көлеммен, тума – туыстармен қарым –
қатынастарынан ерекше жылылықты сезіп өстік. Қазір ойлап отырсам, мұның барлығы
ұрпаққа берген үлкен тағылымы екен ғой.
Кім – кім де болса, ата – анадан алыста,
туған үйінен жырақта жүрген кездері олардың аялы алақандарын аңсайтыны анық.
Мен де әлі оң – солымды толық танып үлгермеген 11-12 жасымда Алматыға папамның
ақылымен, көрегендігімен білім іздеп жол тартқан едім. Республикаға танымал
мектеп – интернатта оқыған жылдар мен үшін әрі қызықты, көп нәрсенің мәнісін
ұқтырған жемісті, әрі сағыныш жылдары болғаны анық. Сабақтан бос кезімде, үйге
хат жазып, қысқы және жазғы каникулдарды асыға күтетінмін. Міне, осы жылдары
мен жырақта жүріп, әкемді жаңа қырынан тани түскендей болдым. Ол кісі
балаларының мектеп қабырғасынан – ақ терең де жүйелі білім алып, адам
қасиеттері, жауапкершілігі мол азамат болып қалыптасуын қалап қана қойған жоқ,
өзі көп ықпал етті. Қай баласы қаңдай салаға икемді, нені жақсы көреді – соны
игеріп кетуіне жағдай жасады. Сирек басылымдарды почта арқылы жаздырып беріп
отыратын. Іс – сапарлардан, демалыстан басқа ешнәрсе әкелмесе де, қызықты
кітап, энциклопедияларды алып келуші еді. Осы баламнан жақсы маман шығады деп,
әрқайсымыздың бейімімізге қарай, дәл болжап та отырушы еді. Балаларына жоғары
оқу орындарын өз қалауымен таңдауларына мүмкіндік берді және сол таңдап алған
мамандықтың қыр – сырын толық меңгерген, сауатты маман болғанымызды талап етті.
Соңдықтан да болар, Алматыда оқысам да, Ақтөбенің мединститутына түсіп, дәрігер
болғым келеді дегенде, еш қарсылық білдірген жоқ – «Халық – күшті дәрігер деп
саған емделуді аңсайтын болсын» деген – ді. Өкінішке орай, мединститутты
аяқтап, қаладағы ірі емханалардың біріне дәрігер болып жаңа жұмысқа орналасқан
кезімде аяулы әкем 1982 жылы дүниеден өтті.
Өмірдің қиындығы мен қызығы қатар жүретін,
талай бір белестерден тұратыны рас қой. Міне, осындай бір белестен өтіп, жаңа
бір белеске аттанған тұста мені әрқашан әкемнің рухы қолдайтынын сеземін. Адам
жанының арашашысы атанған дәрігер
мамандығының қыр – сырына қанығып, учаскелік дәрігерден бас дәрігерлік қызметке,
медицина қызметкерлерінің облыстық кәсіподағының төрайымы лауазымына дейін
көтеріліп, кейін қалалық, облыстық мәслихаттарға депутат болған кездерімнің
барлығында абзал әкем маған жоғарыдан қарап, құптап, қолдап тұрғандай болады.
Қай қызметте жүрсем де, әкемнің ардақты атына кір келтірмей, адал қызмет ету - парызым.
Бүгінгі күні «Орны бар – оңалар» дегендей,
тұлғасы бәйтеректей әкеміздің жапырағы жайылып, кейінгі ұрпақтар оның майдан
даласындағы ерен ерлігі мен бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегін қастерлеп келеді. Оған
бүгінгі Батырдың 90 жылдық мерекесінің облыс, аудан көлемінде аталып өтілуі
куә. Туған елі мен халқының құрметіне бөленген әкеміз Қожабай Жазықовтың есімі
күн өткен сайын жарқырай түсетініне сенемін.
Ерлерін ардақтай білетін Егемен еліміз,
халқымыз аман болсын!
Лаура Жазықова
Мақтанышым – ардағым
Биылғы жылдың қоңыр күзінде арайлы Ақтөбе жері Ұлы Отан соғысының қан майдандарында ерліктің ғажайып үлгілерін көрсеткен халқымыздың Батыр ұлдарының бірі, Жем – Сағыз топырағының перзенті Қожабай Жазықұлының 90 жылдық мерей тойын атап өтуге дайындалу үстінде. Облыс бюджетінен қомақты қаржы бөлініп, Батыр есімімен аталатын Кемершидегі мектеп жаңадан салынып, қазіргі заманғы құрал – жабдықтармен толық қамтамасыз етілуі халқының батырына деген құрметі емес пе?! Қарап отырсақ, бұл білім ордасы ауылдағы ең салтанатты, ең көрікті ғимарат қана емес, жаңалық пен жақсылыққа жаны құмар зиялы ауыл азаматтарының бас қосар жері болатын сияқты. Балалар мен жастардың жанашыры, табиғатынан ұстаз әкеміз дәл осы сәтте, осы бір әсем ғимаратта білім алып жатқан жерлестерін көрсе, ерекше бір бақытқа бөленері анық. Себебі ол сонау қар жамылған майдан даласында оқ пен оттың астында жүргенде де, кейін елге аман оралған, бейбіт кезеңде Жарқамыс пен Абайдағы кішкентай мектептерде ұландарға білім нәрін сеуіп жүргенде де осындай мектепті аңсағаны сөзсіз. Олай болса, ауыл халқының игілігі үшін пайдалануға берілгелі отырған, Қожабай Жазықұлы атындағы мектеп үйінің алдында әкеміздің ескерткішін орнатуды Батыр ұрпақтары балаларының перзенттік парызы деп санап, осы бір қасиетті шараны жүзеге асыруды қыс айларында – ақ бастап кеткенбіз. Облысымызға танымал мүсінші ағамыз Жәдігер Кенбайдың жобасымен дайындалған бұл ескерткіш жастарды білім жолына шақырып қана қоймай, Отанымыздың жарқын болашағы үшін күрескен Жем бойының қаһарман ұлының ерлігіне тағзым етер қасиетті орын болады деген сенімдеміз.
Байғанин топырағында туып – өскен
қарапайым шаруа баласы ұстаздық мамандықты соғыс басталмастан бұрын – ақ таңдап
үлгерген екен. Көп жылдық тарихы бар Ақтөбе педагогикалық училищесінде оқи
жүріп, өзінің сұрауы бойынша ауданның ең шалғай аймағында орналасқан Аманкелді
орта мектебінде мұғалім болып өзінің еңбек жолын бастағаны да өмірбаян
деректерінде келтірілген. Әкеміздің осы таңдауы өмірлік таңдау болғаны анық,
себебі соғыстан кейін елге Батыр атанып оралған кезде де оның барлық саналы
ғұмыры оқу – ағарту, халыққа білім беру, тәрбиелеу мәселелерімен тығыз
байланысты болды. Уақыт елегіне салып, өткенге ой жүгірте қарасақ, әкеміз тіпті
балаларын да осы мамандыққа баулып, оның қыр – сырын үйретуге тырысқан ба
дерсің? Олай дейтінім, әкем қанша жерден жұмыс басты болып жатса да, менен
мектепте қай мұғалімнің қай сабақтан беретінін, белгілі уақытта белгілі бір
пәннен, мысалы, географиядан не өтіп жатқанымызды сұрап, күнделігімізге
қойылған бағаларды қарап шығуға уақыт табатын. Ата – аналар жиналысына міндетті
түрде қатысатыны да есімде қалыпты. Тіпті біздерге алдын ала айтпай-ақ,
сабағымызға кіріп жүрген кездері де болатын. Мысалы, бастауышта, ұмытпасам, 3 –
сыныпта оқып жүргенде болуы керек, қазақ тілі сабағынан өтейін деп жатқан сынақхатқа
қатысып, оны қатесіз жазып шыққанымды көріп, әкем мен Дариға апайдан мақтау алғаным
есінде. Жалпы, әкем соғыс туралы айтуды онша ұната бермейтін. Бұл туралы сұрай
қалсаң, нақты соғыс операциялары туралы емес, оқ пен түтінге сұрапыл арасындағы
бір сәт тыныштық кезінде болып тұратын қызық оқиғалар туралы айтатын: «Бірде,
мен дала кухниясында аспазға көмекші болып кезекшілік еттім, - деп бастады
бірде әңгімесін әкем. Бастығым мені біз орналасқан жерден оң шақырымдай жердегі
кухнядан тамақ әкелуге жұмсады. Жұмсаған жеріне барып, жауынгерлерге
дайындалған тамақты салып алып, кетейін деп тұрсам, бір топ адам бір қазанның
айналасына жиналып, бір қызыл сұйық нәрсені тамақтарының үстіне құйып жатыр
екен. Бір жауынгерден «Бұл не?» деп сұрасам, «Тамақтың дәмін келтіреді», - деп
жауап берді. Онда біздің жігіттерге де ұнауы керек деп ойлап, сол сұйықтықты
алып келе жатқан тамағының үстіне толтырып құйып алдым. Мәз болып келемін.
Бірақ тамақты іше бастаған жігіттер бірінен соң бірі ашу шақырып, тіпті ұрыса
бастады. Сөйтсем, бұл сұйықтық тамаққа өте көп салынса, ащы болып, ішкізбейтін
қазіргі біз қолданып жүрген томат екен ғой. Ауылда туып, томат көрмей өскен
қазақтың қарапайым баласы оны қайдан білсін? Қарулас жолдастарымнан қатты
қысылып, алдарында ұятты болдым және оларды аш қалдырғаным тағы бар. Сөйтіп,
қысылып тұрғанымда, аспазшы, орта жасқа келіп қалған өзбек жігіті есіме түсіп
кетіп, солай қарай қайта шаптым. Соның көмегінің арқасында жолдастарыма бір
көлемді, біраз адамды тойдыратын шошқаның майын алып келдім. Жаңа ғана ренжеп
отырған достарым арқамнан қағып, қуанып жатыр. Өмір мен өлім алысқан майдан даласында
болып тұратын осындай оқиғалар біздің жауынгерлік достығымызды шыңдай түскені
анық.
Әкем өмірінің соңғы күндеріне дейін
еңбектен қол үзген жоқ. Ұстаздықтан басталған еңбек жолы кейін партия, совет,
кәсіподақ органдарындағы қызметке ұласты. Бірақ қай салада еңбек етсе де,
қаңдай жұмыс тапсырылса да, өзінің табиғаты ұстаз болғандықтан болуы керек,
әкем мейірімді, қарапайым, сабырлы да салиқалы қалпынан айнымағаны анық. Оған
әкем туралы замандастары мен шәкірттері жазған естеліктерді оқи отырып көзім
әбден жетті. Әкем туралы естелік жазушылар арасында елге танымал, әр жылдары
басшы қызметтерде болған азаматтар да, қарапайым еңбек және соғыс ардагерлері
де, ірі ақындар мен ғалымдар да бар. Олардың Кеңес Одағының Батыры, елдің
ардақты азаматы Қ.Жазықов бойындағы адами, абзал қасиеттер туралы естеліктерін
оқи отырып, кеудемді мақтаныш сеземі кернейді. Бұл мақтаныш – батырын
ардақтаған елге деген сүйіспеншіліктен туған перзенттік мақтаныш! Халқы, Елі,
Туған жері тұрғанда әке атының мәңгілік екендігін сезінгеннен туған мақтаныш!
Олай болса, Батырын қадірлеген халқымыз, еліміз аман болсын! Егемен
Қазақстанымыздың аспанында тек бейбіт күн болсын!
Мақпал Жазықова
Есімін мақтан тұтамын
Мен қан құйлы соғыста ерен ерлігімен ерекшеленіп, халқының алдындағы борышын абыроймен атқарып, жалындаған 25 жасында Кеңестер одағының Батыры атанған үлкен тұлғаның ұрпағы болғанымызды мақтан тұтып, өзімді бақыттымын деп санаймын.
Осы естелікті жаза отырып, өнегелі әке
өмірінің кейбір сәттерін, ерекше қасиеттерін атап өткім келеді. Әкем Жазықов
Қожабай мен абзал анам Нұрманова Қаншайымның кенжесі – қарашаңырақтың иесімін. Өзім
бала болып, ес білгелі көргенім – әкем байсалды, мейірімді, айналасында болып
жатқан оқиғаларды сараптап, ой елегінен өткізіп отыратын ақылды кісі еді. Ойлап
отырсам әкемнің – шыр етіп жерге түскеннен көзін жұмғанша кешкен өмірі өз
алдына бір шежіре екен. Ол аумалы – төкпелі заманда дүниеге келіп, анасы мен
жалғыз ағасының тәрбиесінде ер жетіп, өзінің жігерлігімен оқу оқып, мамандық
алып, өзі сұранып майданға аттанып, соғыста фашизммен шайқаста 4 рет жарақат
алып, өмірдің сондай бір тозағынан тірі қалып, абыройымен еліне оралып, өмірінің ақырғы
күндеріне дейін халқына қалтқысыз қызмет етіп кетті. Мен бала кезінде әкемнен
ананы – мынаны сұрап жиі мазасын алатынмын. Сонда ол кісі асықпай отырып
соғысқа қалай кіргенін, соғысты қай жерден бастап, қай жерде аяқтағанын, жаумен
қоян – қолтық шайқасқан тұстарын, алған наградаларының қаңдай ерліктеріне
берілгенін ерекше толғаныстармен айтып беруші еді. Әкелік өнегесінің
ерекшелігінің бірі – оның бауырларына, әке – шешесіне, ата – бабаларына деген сүйіспеншілігі еді.
Оның: «Балам, әр адамның өз тарихы бар. Шыққан тегің, ата – бабанды ұмытпа,
қазақта «жеті атасын білмеген жетесіз» деген сөз бар, соны білуің керек, оны
ұрпақтан – ұрпаққа жеткізіп отыру біздің әкелік парымыз» дегені есімде. Жақында
бірінші класта оқитын балам Абзал «Ата дәстүр» сабағында 26 баланың ішінде
өзінің ғана 7 атасын атап бергенін айтып келгенде, әкемнің берген тәліміне тағы
бір бас игендей болдым.
Әкем өз сезіміне көп бой бере бермейтін
ұстамды, жауапкершілігі басым кісі болды. Сонда да кейде жұмыс барысымен, не
қыдырып елге – қазіргі Абай атындағы кеңшарға, Жем бойынша барғанда кең даланың
төрінде атқа мініп желгенді, құс атып, аң аулағанды ұнататын. Ол бізге өзінің
ағасы Молдағұлмен соғысқа дейінгі жылдарды тазы салып / тазының аты «Васька»
болған екен/ қасқыр аулағандарын, қоян, түлкі атқандарын, сондағы өзінің жақсы
мергендігін әсерлі айтып беруші еді. Маған да мылтық атуды әкем Сағыз бойына
балық аулауға барған бір сәтінде өз қолымен үйретіп еді. «Әкеге қарап ұл өсер,
анаға қарап қыз өсер» - дейді қазақ. Сол
айтқан өсиеттерін өз балаларымызға,
ұрпақтарымызға жеткізіп отырсақ, ешқашан да ұмытылмасақ емес.
Темірғали Жазықов
Жем - Сағыз газеті,
30 қыркүйек 2010 жыл
Май 1977 жыл.
Кеңес Одағының
Батыры Қожабай Жазықовтың
радио арқылы
сөйлегенсөзі.
Жазып алған:
Ә.Жармағамбетова
1945 жылдың 9 майы біздің елдің халықтары үшін мәңгі есте
қалатын, тарихымыздан ерекше орын алатын ұлы күн.
Бұл
күн Гитлер бастаған неміс басқыншыларының қиян-кескі соғыста – Бір мың да төрт
жүз он сегіз күнге созылған соғыста
жеңіп шыққан, бүкіл дүние жүзіндегі адам заттың аңсаған күні болды.
Сондықтанда, Жеңіс мерекесіне айналады.
Фашистік
Германия біздің елді душар еткен бұл соғыс социализм мен империализмнің екпінді
күштері арасындағы ең қатал да бітпес өшпенділіктің айғағы болды.
Сол
кездегі дүние жүзіндегі бірден-бір социалистік мемлекет – советтер одағына
соғыс ауыртпалығы оңайға түскен жоқ.
Соғыста
өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы орасан зор шығынға ұшырап, халық
шаруашылығы бүлінді.
Отанымыз
20 миллиондай таңдаулы ұл-қыздарынан айырылды. Ал күн сайын осы соғыста дүние
жүзіндегі адам баласы 40 мыңнан астам адамнан айырылып отырды.
Жеңіс
мейрамын миллиондаған совет адамдары терең толқыған сезіммен қарсы алды,
әсіресе бұл сезімнен соғыстан кейін туған, соғыс бейнетін көрмеген
жастарымыздыңда құр еместігі, бізді аға ұрпақты, қатты қуантады.
Біздің
жеткіншектеріміз өздерінің болашақ тағдырларының осы сұрапыл кезеңде шешілгендігін
жақсы біледі.
Жеңіске
жету оңай болған жоқ.
Ол
Совет мемлекетінің барлық материалдық және рухани күшін сарқа пайдалануды қажет
етті.
Совет
Одағы басынан кешіргендей қиыншылыққа
басқа ешбір ел шыдай алмаған болар еді. Тек коммунистік партияға өзінің
социалистік отанына шексіз берілгендік рухында ғана тәрбиеленген халық фашистердің қысымына төтеп беріп, оларды
талқандады.
Соғыс
майданы мереке емес. Оған ешкімде қуаныш сезімімен бармайды шындығы мәлім.
Бірақ әрбір совет азаматы жасына,
біліміне және жынысына қарамастан Отанды қорғау жөніндегі өз борыштарын ақтап
шықты. Осы сезім армия қатарына майданға сұранып барушылардың қатарын көбейтті. Ерлік пен
табандылықтың сан алуан жаңа түрлерін тудырды.
Мысалы:
Москва түбінде ІІ-дүние жүзілік соғыс тарихында летчик Виктор Талалахин бірінші
рет жау самолетін талқандады.
Қатардағы
жауынгер Александр Матросов пулеметтен оқ шашар амбразураны соғыстың сын
сағатында кездесумен жапты.
Біздің
қазақ халқының мақтанышы Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова бүкіл ұлтымызды,
Отанымызды ерлік даңқына бөледі. Орыс халқының батыр қызы Зоя Космодемьянская
көтерілген ерлік тұғырына көтерілді.
Ұлы
Отан соғысы басталған жылы мен 21жастағы бастауыш мектеп оқушыларының ұстазы
едім. Балаларға ұстаз бола тұрсамда балалық сезім бойымыздан, іс әрекетімізден
әлі сезіліп тұратын.
Майданға
аттануға соғысуға тура келді. Әрбір істің де бастамасы қиын соғады ғой. Соғысқа
кірісімен-ақ талай қиындықтарды көрдік. Бірақ халқымыз, отанымыз, совет мектебі тәрбиелеген біздер ақырында өліммен,
өмір белдескен кезде арымызды жоғары ұстай білді. Жаудың да жаны бар, ұрса,
дәлдеп атса, айласына орай айла қолданса, оның да өлетінін, жеңілетінін тез ақ
түсіндік.
Неміс
фашистері өздерінің алдына бір ғана мақсат қойып соғыс ашқаны белгілі. Не
жеңгенше, не жеңілгенше табан тіресуді ойлады ғой. Ешбір ымыраға енді біздің
жақтың да келмейтінін сезді білем.
Мен
соғысты Воронеж қаласының түбінен орыс жерінің қақ ортасынан бастап, Венгрияда,
Будапеште аяқтадым. 6-7 рет майданда жараландым. Соғыс разведкасында болып,
өзімнің адал жауынгер достарыммен талай немістерді жанды тіл есебінде
тұтқиылдан бас салып ұстап ауыздарын тығындап үнін шығармай әкелдік. Қолға
түскен жауыңның ауызын тығындап жатсақ қандай сезімге бөленетініңді кейінгі
жауынгер ұрпақтар қазір сезсе екен деп армандаймын.
Соғыс
жеңіс жолымен батысқа қарай жылжи берді. Жау Будапеште аз тұрақтап үлкен өзен
Дунайдың арғы бетін сағалап бекініп алды.
1944
жылдың декабрь айының соңғы күндері, 27 декабрь. Қарауыма 13-15 адам беріп
Дунайдың арғы бетіне тіл әкелуге бұйрық алдым, мұқият әзірлендік. Өзеннен
өтіп 4-5 адамды офицерімен ұстап әкелдік. Осы сапарда
барлаушы Мартинов қайық үстінде, қайту сапарымызда, тапсырманы орындап қуанышты
келе жатқанымызда оққа ұшты. Сергеев енді қайтып соғысуға жарамайтындай болып
қатты жараланды. Орындалуы қиын операция мұндай құрбандықсыз өтпейтіні белгілі
ғой.
1945
жылдың 28 апреліндегі СССР Жоғарғы Советінің указы бойынша маған Советтер
Одағының Батыры атағы берілді.
1945 жыл Жеңіс жылы, 4 январда кезекті
жауынгерлік тапсырманы орындау жолындағы сапарда мен жетінші рет белімнен
жараландым. Жарақат ауыр болды, енді қайтып майданға қатыса алмадым.
Кейіннен
күткен Жеңіс күнін, госпиталда Ереванда соғыс ауыртпалығын тартқан, шаршап
шалдыққан халқыммен бірге ақсаңдай жүріп мен де қарсы алдым.
Міне
содан бері 32 жыл өткен екен. Содан бері еңбек майданында, халықтың қақ
ортасында, бейбіт еңбектің жемісті игілігімізге жаратып ұл-қыз өсіріп келеміз.
Ендігі тілек балаларымыз кейінгі ұрпақтарымыз бабаларындай еңбек сүйгіш,
жауынан жасқанбайтын батыр да, батыл болсын дейміз.
Отан
соғысы мен еңбек ардагерлері, жас буындар, Жеңіс мерекелерің қуанышты өтсін,
тілектеспін.
Видеоны жақсы сапада көру үшін видео
ойналып жатқан кезде "Настройки" менюін таңдап, сосын
"Качество" қалыбында "720p HD" видео сапасын таңдаңыз.