Кешегі жауынгер, бүгінгі ұстаз

                                КЕШЕГІ ЖАУЫНГЕР, БҮГІНГІ ҰСТАЗ
       Мектеп бітіргеннен кейін Қасымның бар арманы жауқазындай жайнап өсіп келе жатқан жас жеткіншектерге ұстаздық ету болатын. Сол арманның аялы құшағында Орал қаласындағы мұғалімдер дайындайтын институтына оқуға түсті. Білімге  құштар зейінді жас жігіт институтты ойдағыдай бітіріп шығып, ауылға оралды.  Өзінің  сүйетін пәні бойынша математикадан сабақ берді. Бейбіт  өмірдегі еңбек жолын жас ұрпақтарға ұстаздық етуден бастаған Қасым  өзін шексіз бақыттымын деп санады.
        Осындай тамашаға толы жайдары жаз мезгілін батыстан шыққан соғыс өрті  шалып,   қара түнекке айналдырды.  Тыныш бейбітшілік құшағында жатқан  Совет еліне  фашист басқыншылары тұтқиылдан  шабуыл жасады.  Ел  басына қауіпті күн туған шақта ауыл жігіттері өз еріктерімен майданға аттанып жатты.  Аудандық  әскери  комиссариатқа тілек  білдірген   Қасым  Тілегенов  майданға келіп  кірді.  Алдымен  кіші командирлер дайындайтын бес айлық  курсты аяқтап  шыққан  Қ.Тілегенов,   әскери  жаттығуларда  өзінің зеректігімен,  тапқырлығымен көзге түсе білді. Жас командир  әскери білімін шыңдай отырып, екі айлық кіші лейтенанттар дайындайтын курстан өтті. Содан кейін  Сталинград майданына взвод  командирі болып тағайындалды.
      Тарихта ұмытылмас із қалдырған    Сталинград майданында  Қ.Тілегенов взвод командирі болып ұрысқа кірді. Бейбіт елдің берекесін алған дұшпанға тойтарыс беріп,  бетін қайтаруды мақсат еткен  жас командир жауынгерлерді қанатты сөздермен жігерлендіріп, атой салып алға ұмтылады.  Ұлтарақтай жер үшін шайқас майданның  барлық учаскесінде  бірдей жүріп жатты.
      1942 жылдың күзгі ызғары бет  қаратар емес. Қаланың солтүстік – батысындағы  төбені  алу міндеті Қасымның  взводына  жүктеледі. Қиян-кескі  шайқастың  созылғанына біраз  уақыт өтті.  Шынжыр  табанды жау  танкілері  тұтқиылдан  шабуыл жасап төніп  келіп қалады.  Мұндай қауіпті көріністі жіті бақылап  отырған граната лақтырып жау техникасының быт-шытын шығарып,  лезде алға ұмтылады. Ақыры  төбе  басына орналасқан жау әскерлері ауыр соққыға  төтеп бере алмай, кейін шегінуге мәжбүр болды.
      Жау  шегініс жасағанмен, жанталаса ұрыс жүргізіп  бара жатты. 656-атқыштар  полкіндегі  2- ботальонның  4 ші рота  құрамында  жауды өкшелей қуып  бара жатқан   Совет  жауынгерлерінің көңілдерінде  « Жеңіс »   деген жарқын сезім жалт етіп көрінгендей болады.  Міне олар қашықтығы  150-200 метрдей  жердегі жпу күштерінің топтасқан  тобырын байқады. Бұл шайқастың  қай жаққа болсада оңайлықпен  келмейтіндігі  белгілі болды. Қарсы жақтың  шабуылға шығар кезін  күтуге  болмайтындығын  сезінген совет жауынгерлері  дереу шабуыл  ұйымдастырып,  жау окоптарына басып кірді.  Ақша қардың бетінде жау өліктері  қарайып жатты.  Қасым  өз жігіттерімен  дұшпанға қарсы  ұрыс жүргізе  отырып, төрт қол пулеметін,  бірнеше автоматын  винтовкаларды  қолға түсірді.  Осы шайқаста жауға қарсы соғыс тактикасын  тиімді  қолданып, жауынгерлерді  жеңіске бастай  білгені  үшін  және  ұрыста  ерлік  істер  көрсеткені  үшін жоғары  командованиенің  бұйрығымен  Қасым Тілегеновке «Отан соғысының II дәрежелі»  ордені табыс етілді.
       Елге жеңіспен оралған Қасым өзінің сүйікті  мамандығы   ұстаздық  жолын  жалғастырып келеді. Ол аудан  орталығындағы  Комсомолдың  ХХХ  жылдығы атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі  болып қызымет етеді.   Оның омырауында сонау сұрапыл  соғыстағы  ерлік істердің куәсіндей  болып орден,  медальдар жарқырайды.
                                                                                    А.Айтбаев.                                                                        
                                                                                     «Ленин туы»  1975