Видеоны жақсы сапада көру үшін видео
ойналып жатқан кезде "Настройки" менюін таңдап, сосын
"Качество" қалыбында "720p HD" видео сапасын таңдаңыз.
(1924-1997)
ЕШБАЕВ
СӘРСЕНҒАЛИ (1924 – 1996)
"Даңқ" ордендерінің толық иегері. Байғанин ауданының Қызылбұлақ
ауылдық кеңесіне қарасты мекенде дүниеге келген. 1942 жылы армия қатарына
шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Калинин, Ленинград, бірінші Белорусь
майдандарында дербес саперлар батальонының сапында басқыншы жаумен шайқаста
қаһармандықтың үлгісін көрсетеді. Сапер жауынгер бір-ақ рет қателеседі, деген
мәтелді ескерсек, оның жорықтағы әрбір минуты қауіп пен қатерге толы болғанын түсіну қиын емес. Дегенмен, батыр жерлесіміз
аса қырағылық танытып, қарулас жауынгерлер мен әскери техниканың жау минасына
соқтықпай өтуін қамтамасыз етіп отырған. Қарапайым қазақ баласының осы сұрапыл
соғыста үш бірдей "Даңқ" орденін омырауына тағуы оның өшпес ерлігінің
айғағы. Қаһарлы жылдар жайлы естелік айтылғанда, майдангер ағаның есімі алдымен
аталары сөзсіз. Бүгінгі және келешек
ұрпақтың әлденеше буыны зор мақтаныш сезімімен еске алатын болады. Батыр жерлесіміз
елге 1947 жылы оралып, халық шаруашылығының әртүрлі саласында еңбек етеді.
Елуінші жылдардың орта шенінде Ащы ауылдық кеңесінің төрағасы болады. Кейіннен
сауда саласындағы қызметке ауысып, Ноғайты жұмысшылар кооперациясы басқармасы
төрағасының орынбасары, Қопа, Жарқамыс жұмысшылар кооперациясы басқармаларының
төрағасы қызметтерін атқарады. Осында зейнеткерлікке шығады. Еңбек майданындағы
жақсы жұмысы үшін ол 1975 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен
наградталады.
(«Байғанин ауданы -75 жыл» энциклопедиясы Ақтөбе, 2003- 203-204б)
ЕШБАЕВТЫҢ
ЕРЛІК ІСТЕРІ
Сәрсенғали Ешбаев 1942 жылы Ақтөбе облысының Байғанин ауданынан
Қызыл Армия қатарына шақырылады. Ол
Калинин, Ленинград және І Беларусь майдандарындағы 17 –ші Гатьчинск инженерлік-саперлік
бригаданың қатарында соғысқа қатысты. Осы соғыста екі рет жараланды.
Сол жылдары жас жігіт
батылдық пен қиыншылықтарды басынан кешіріп, өзінің азаматтық парызын өтеді. Ол
жауынгерлік қимыл көрсетіп, дұшпанға соққы берді.
1944 жылдың ақпан
айының бас жағында Ленинград майданынң
жауынгерлері теңіз жақтан лап берген
дұшпандардың тобын тас-талқан етіп, Батыр қаланы жаудан құтқарды. Сөйтіп олар
гитлершілердің ізіне түсе отырып,Нарва бағытына қарай қуып тықты. Луга өзенін жаудан тазартты. Сол жылдың 4 ақпан күні Фин бұғазының жағалауындағы жауға тойтарыс берді. Осы
ұрыстарда сапер, қатардағы жауынгер сәрсенғали Ешбаев Ерекше көзге түсті.
Майданның бір учаскесінде
екі жақтан да қатты атыс болып ұрыс шиеленісе түсті. Қар мен мұздың қалың
қабаттарына жасырына отырып, немістер қатты қарсылық көрсетті. Осы
шайқаста сәрсенғали өз жолдастарының бірінен соң бірі оққа ұшып жатқанын көріп тұрды. Міне, взвод
командирі де жарақат алды. Аға лейтенантқа қарай фашистер ұмтылып, оны тірілей
қолға түсіруге тырысты. Бірақ олардың жолын ейфрейтор С.Ешбаев ерлікпен бөгеп
тұрды. Өз командирін қорғау мақсатында ол автоматтан оқ жаудырып, гранатамен
талай жауды жер жастандырды. Бір кезде Сәрсенғалидың өзі де жараланды.Солай
болса да ол қолынан қаруын түсірмей қарсыласа берді. Ақырында фашистер кейін
шегінуге мәжбүр болды. Ол жарақатын онша
елемей, медициналық санитарлық батальонның көмегіне жүгінбеді. Өзінің
санитарлық пакетін алып, жарақатын таңды. Сондай-ақ Ухеконь елді мекенін жаудан
тазартуға қатысқан С.Ешбаев автоматтан оқ жаудырып, дұшпанның алты стволды
миноментін қиратып,істен шығарды. Одан әрі жауды өкшелей қуа отырып,Сәрсенғали
алғашқылардың бірі болып Леснополый хуторына кірді. Ленинград майданында
ерлікпен, батылдықпен көрсеткені үшін С.Ешбаев батальон командирі капитан Котовтың ұсынысы бойынша үшінші
дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды.
1944 жылдың 10 маусымға
қараған түні Тернокидің батысында ефрейтор С.Ешбаев тосқауылда тұрған топта
жігерлілік танытты. Артеллериялық
дайындықты жақсы меңгерген,
білген жас жігіт мина қойылған ұрыс далаларында қауіпсіздікке жол ашып, біздің
жаяу әскерлеріміздің алға жылжуына мүмкіндік берді. Міне, теңіз жағасы. Жау
әскерлері жағаның бойына үш қатар тікенекті сым тартып, қорғана бастады. Жаяу
әскерлеріміз жата қалып, ұрысқа кірісті. С.Ешбаев қасына екі батыл саперді
ертіп алып, алға қарай ұмтылды. Жаңбырдай бораған оққа қарамастан олар жүріс
жолдарын минадан қауіпсіздендіріп, жүріп өтетін орындарға көрсеткіш белгілерін
қойды.
Атқыштар тобы алға қарай
жылжыды. Бірақ жау миноменттен оқ жаудырып, жолды бөгеді. Атқыштар қайта жата
қалды. Сәрсенғали миноменттің қаншалықты қатерлі екендігін сезіп, орнынан ұшып
тұрды да, «Менің соңымнан еріңдер, жолдастар!» -деп ұран тастап, жаудың
траншеясына қарай ұмтылды. Атқыштардың
бәрі оның соңынан еріп, дұшпанның қазған окоптарын лезде басып алды. Осы
кезде Сәрсенғали тағы да жараланды. Ол тек командирдің айтқан бұйрығына ғана
ұрыстан кейін емделуге кетті. Осы қиян-кескі соғыста ерлік көрсеткені үшін
Сәрсенғңали Ешбаев екінші дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды.
1945 жыл
. Бірінші Беларусь майданының әскерлері
жаппай шабуылға шықты. 14 қаңтардың түнінде саперлерге Польшаның Пилица өзеніне
өтетін жерге қойылған фашистердің миналарын тазарту бұйырылды. Әскер өтетін
жерлерді қауіпсіздендіру тобында С.Ешбаев та бар еді.
Осы топ
өте сақтықпен еңбектей отырып, дұшпанның қойған минасын істен шығара берді. Бір
кезде аспанға ракета атылып, айнала жап-жарық болып кетті. Осы мүкіндікті
пайдаланып, дұшпан саперлер тобына оқ жаудырды. Әуелі олар пулеметпен одан кейін
минометпен шабуыл жасады. Саперлер сабырлы қимылдап, өздерінің өте қатерлі істерін жалғастыра түсті. Сәрсенғали бірінші болып өзіне белгіленген
учаскені минадан тазартты.ол танкіге қарсы және жаяуларға қойылатын он алты
минаны қауіпсіздендіріп, жауынгерлерге жол ашты. Сол жылдың 6 сәуірі күні
Сәрсеғали Ешбаев бірінші дәрежелі «Даңқ»
орденімен наградталды. Өзі туып өскен өңірге ол тек 1947 жылы қайтып оралды.
Бейбіт өмірдің өз заңы бар, адамды
жасампаз еңбекке ұмтылдыратын еді. Талапты ер сауда техникумын бітіріп, көп жыл
«Ақжар» кеңшарында тұтынушылар кооперациясын басқарды. Содан зейнет демалысына
шықты . Қаһарман жылдар жайлы естелік айтылғанда, майдангер ағаның есімі
алдымен аталары сөзсіз бүгінгі және келешек ұрпақтың әлденеше буыны зор
мақтаныш сезіммен еске алатын болды.
(
«Жем-Сағыз» газеті,2004, қарашаның 18-і)
Солдат даңқы
Қай мекеннің болсын өзіне тән биігі, қай елдің болсын
ардақ тұтар ері бар. Елдің мұңын ері жоқтап, кеудесін оққа тосса, оның ерлік жолын
әрдайым еске алып жырға қосады. Кешегі өткен сұрапыл соғыста сондай ерлік
жасап, елін қорғаған ардагерлердің бірі Сәрсенғали Ешбаев.
Он сегіз жасқа жаңа ғана
толған балауса жігітті, үйдегі әк артынан соғысқа аттандыру Жаңғақ
әжейге оңай соққан жоқ. Содан баласықан майданда ерлік жасап,
аман-есен ауылға оралғанда «жүрегім
еріксіз елжіреп, көкірегім қуаныштан қарс айырылды ғой» деген еді. «Міне сол
күнге биыл майда отыз жыл толады
екен.Бүгінде ол отыз күндей өте шықты, қуанышты күндер көбінесе ескерілмейді,
қиын күндер естен кетпейді екен» -
бүгінде жасы елуден асқан, сегіз баланың әкесі, көргені көп, шашан ақ қырауға
шалдырған, үш бірдей «Даңқ» орденінің кавалері Сәрсенғали ағай.
Небәрі 7 кластық білімі
бар ол армия қатарына шақырылғанда, өзімен бірге алынғандардың ішіндегі ең
әлсіз әлжуазы болып көрінген еді.
Абзал ана баласы жолға шығарда тура қарады: «Қарғам, ел
қорғауға жарағаныңа мен қуаныштымын.
Соғысқа тек ерлер барады,ертең батыр атанып, аман-есен келіп жатсаң, менің ақ
сүтімнің ақталғаны, Жолың болсын, балам» деген. Сол сәт Сәрсенғали өзін жеңіл
сезінген анасы мен екі інісін кезек сүйіп, бригадирдің көлікке бергісіз өгіз арбасының артынан
ширақ басып жүріп кеткен. Алда сонау батысқа қарай ұзақ жол жатты. Жолшыбай шыр
етіп ұшқан шегіртке де, қалықтаған
бозторғай мен бұрқыраған қоңыр жусан да екі\аяғына тік тұрып қарауыл қараған
саршұнақ та тым ыстық көрініп барады. Алыста өзінің балалық шағында асыр салып
ойнаған, құмында жатып қайраңында ақ шабақ қуған Жем өзені сағымданып, қош бол
дегендей көгілдірлене жарқырайды.
1943 жылдың март айы.
Сәрсенғали Свердловск қаласында жасақталынған №81 инженерлік шабуыл
батальонының екі дүркін Қызыл Ту орденді № 17 бригадасынының екінші ротасының
бірінші взводына тіркеліп, майданға аттанды.
Алғаш
мылтық ұстап әскери ант алынған күн, -дейді Ешбаев, - сол өміріндегі ең бір
айрықша күн. Бұл күнде өзіне қосымша күш алып, зор міндет жүктейсің, өзіңді
туған еліңнің адал сақшысы – солдат екеніңді сезініп,жүктелген тапсырма мен
боырышыңды терең түсінесің. Армияда нағыз туысқандық, достық ынтымағы пайда
болады. Бұрын бір-біріңді көріп таныспасаң да, бір кісідей туыстасып кетеді
екенсің. Ауылда өсіп көп орта көрмегендіктен бе, енді маған таныс кім кездесер
екен деп ойлап жүрдім. Бақсам, бұл ойым тіпті басқаша болып шықты, бәріміз
біріріміз үшін, біріміз бәріміз үшін қызмет ететін болдық. Жабырқау, жатсыну,
көңілсіздік тіптен болмайды. Ертең алғашқы соғысқа қатысамыз, қайтер екенбіз
деген кештің өзінде де әркім өзінше кәсіп етіп, әзілдесіп
көңіл көтеріп отырдық.
Сәкең аз
сөйлеп, тура келте айтатын сабырлы кісі. Егер ерлігі жөнінде айтып беруді сұрасаңыз «не
айтатыны бар, ісің ерлік деп айтуға жарайтын
болса ерлік деген сол. Оның несін айтайын» ,-дейді
Соғысқа қатысқан жылдарының ішінде он бір ай уақыт
өткеннен кейін «Даңқ» орденіне қалай ие болғанын сұрап отырмын.
...Алғаш рет
Ленинград қаласынан 17 километр қашықтықта немістің үлкен қорғаныс қолына тап болды. Жарақтанып,
бекініп алған жау жақындатар емес. Терең етіп қазылған окоп қорғанысмен нықталған
жаудың шебін бұзу қиынға тиді. Бірақ
табандылық көрсеткен біздің баталонымыз батыл қимыл жасай отырып, жау
қорғанысын бұзып өтті. Осы ұрыста 3-4 жолдасыммен маған берілген тапсырма қалай
да тіл алып келу болатын. Тапсырма орындалды. Алғашқы бетте - ақ немістің бір взвод солдатын қолайлы сәтін пайдаланып қолға түсіріп,
батальонның саяси басшысы подполковник Захаровке табыс еттік. Мен қатты
жараландым,сонда да ұрыстан шыққан жоқпын. Сөйтіп біздің батальон алынған хабардың арқасында жау тылын алып талқандады. Осы сапарында өтеген борышымды Отаным зор
бағалап, омырауыма ІІІ-ші дәрежелі «Даңқ» орденін қадады.
Иә,
Сәкеңмен әңгімелесе қалсаңыз, көп сөйлемейтіндіктен бе сұрамасаңыз ештеңе де
ести алмай қалғандай боласыз. Соғыс болғасын ірілі уақты істер болады ғой.оның
бәрін жіпке тізіп айта берсе мәні болмайды емес пе. Сондықтан ең бастысын
айтайын деді.
Бақайшағына дейін қаруланған жау әскері Нарва мен Тарту қалаларына
мықтап бекініп алып маңайына жуытпай, күндіз түні оқ жаудырған. Бір күні маған
қасыма алты кісі беріп барлау жасау, мүмкіндігінше тіл алып келу тапсырылды.
Қала маңындағы өзеннен өтетін қолайлы жолды аңдып таса жерге орналастық. Сондай
сәттердің бірінде өзеннен өтіп жайбарақтана
тоқтаған немістің миномент
орнатылған жеңіл машинасын және қару жарақ тиеген алты тіркемелі жүк машинасын
командирімен қолға түсірдік. Бұл біздің бөлімшенің қалаға кіруіне мүмкіндік
туғызды. Қалаға кірерде маған немістің екі қатарлы үйдің астыңғы қабатындағы
жалын шашқан ату нүктесін құртып, жол ашу тапсырылды. Мен сол жерге он екі рет
барып, жете алмай кейін қайттым. Бірақ тапсырма берілгесін оны қалай да орындау
солдаттың міндеті. Содан он үшінші рет барып граната лақтырғанда үні өшті.
Екінші дәрежелі «Даңқ» ордені осы жолы берілді. Бұл 1944 жылдың көктемі еді.
Кейіннен дала госпиталында азырақ емделіп шықтым да, қайтадан қатарға қосылдым.
Жаралы болсаңда қатардан қалу ыңғайсыз екен. Өзім де көп емделгім келмей,
жүруге жарағасын сұранып шығып жолдастарыма қосылдым. Нағыз достық пне
туысқандықты сонда көрдім.командирімізге дейін қуанып, мені бәрі қақпақыл жасап
, аспанға лақтырды. Қандай қымбат еді, жауынгер достар ол сол күндерді еске
түсіріп :
- Бұл үшінші рет болған еді деді , Сәкең
біршама ойланып. Польша жерін жау қолынан азат етуде де қанды соғыстар көп
болды. Солардың бірі Шторгод қаласы үшін
болды. Біздер ол кезде шабуылшылар деп аталатынбыз.әр кез алда болып шабуылды
бірінші бастаймыз. Висла өзенінің батыс жағалауы жаудан азат етілді. Шторгод
қаласына басып кіргенде қала ішінде, көше бойында кескілескен ұрыс басталды.
Біздерге қосымша күш есебінде танк колоннасы қосылды. Жау қанша қарсылық
көрсеткенмен, тегеруінді біздің соққымызға төтеп бере алмай, ыдырап берекеті
кете бастады. Осындай қолайды сәттердің бірінде маған неміс соғыс штабының
орналасқан үйіне жақындау мүмкіндік туды. Сол сәтті пайдаланып, терезеден
граната лақтырып ішке енгенімде көздері ұясынан шыққан неміс
штабының қызметкерлері тұрды. Артынша жолдастарым да көмекке келіп,
сәтті мезгілді пайдаланып немістің
генерал шеніндегі басшысы мен он бестей офицер солдаттарын қолға
түсірдік. Көптеген құпия документтерін тауып, соғысу кезіндегі жағдайымызды
жақсартуға мүмкіндік алдық. Қал жаудан
тазарды. Онан кейін келесі бағытымыз Одер өзенінің арғы бетіне өту мақсаты
болды. Бұл өзеннің өту үшін жол ашып қолайлы жерін табу маған
жүктелінді,қосымша бес-алты кісі
беріліп, қалай да мәлімет алып әкелу
тапсырылған. Түн қараңғысын пайдаланып, бұтаның түбін мұқият тексеріп, өзеннің
тереңдігін, ағаштардың биіктігін өлшеуге бұйрық алдық. Осындай сәттің бірінде
үстімізге келген немістің түнгі күзетшісін қолға түсіріп, тіл есебінде штабқа жеткіздік. Немістер онымен
танбады, тіл алғаннан кейін, өзеннің екі
бетінде электр тогі жіберілген тікенді сым қоршауды қиып жол ашу бекітілді. Осы сапарда
атқарылған істі атқаруда бес жолдасым қаза болды. Попов Иван екі танкіге ені 12
метрлік жаяу әскерге 6 метрлік жолды ашып, әр жеріне белгі қойып оралдық. Осы
жолы бірінші дәрежелі «даңқ» орденіне ие
болдым. 1944 жылдың жазы еді. Сәкнең
көнетозданған Совет Армия кітапшасын ақтарып отырып, оның әр бетінде
жатқан қаншама сыр,құпия жатқандарын әр
жерінде «қасық ....» (анық емес.Г.М.) деп жазылса, бір бетінде «киім-кешектер
байланысты размері жазылатын. Өткен өмірінен ескерткіш іспеттес.
Сәрсенғали
Ешбаев солдаттық өмірдегі жолда Берлиндегі айқаспен аяқталды. Ол СССР, Америка
,Франция қарулы күштері Подстам түбіндегі әскери шеруіне қатысты. «Жауынгер
болып аттанып, азайып қалдық қой. Алғашында батальонда екі жүз елуден аса
солдат бар еді. Содан Берлинге жеткенде оншақты адам қалды. Олар Совет Одағының
Батыры батальон командирі Котов, лейтенант ..................рушка,сержант
Кожевников, жауынгер, солдат Папов, барлаушылар взводының командирі Остапин еді.
Бұл күнде бейбіт өмірдің ортасында айыройлы еңбек етіп
жүрген Сәкеңнің арман тілегі кейінгі
ұрпақтың бақытты өмір сүріп соғыс деген
сұм сөздің қайталанбауын тілейді. Сәкеңннің жан серігі Айкүміс те бұл күнде
семьяның бақыты үшін ....
«Даңқ» орденінің
толық кавалері, Ұлы Отан соғысының ардагері Сәрсенғали Ешбаевтың суреті мен
...........................1957 жылдан
бастап
...........................дағы Орталық
Тарна музейінде сақтаулы облысымыздың орталығындағы тарихи өлкетану
музейінде ерлік жолын оқимыз.
Сәрсенғали
Ешбаев соғыс аяқталғаннан кейін ел байлығын молайтуда еңбек етіп, партия, совет
органдарында әртүрлі жұмыстар атқарды. Қазір Байғани ауданының Крупская
атындағы жұмысшылар кооперациясының председателі болып жасайтын Сәрсенғали
Ешбаевтың ерлік жолы міне осындай.
(Келдібай Еспағанбетов. «Коммунизм жолы» газеті,1985 жыл)
Батыр ағаны сағыну
Ауыл халқы ол кісіні еңбектеген
баласынан, еңкейген кәрісіне дейін «батыр» дейтін. Ол кісі біздің ауылда 20
жылдай қызмет етті. Балалары Ноғайтыда дүниеге келді. Сәрсенғали Ешбаев
ағаны ауыл әкімшілігінің айналасынан, үлкендердің ортасынан , жалпы ауыл ішінен
асық ойнап жүрген біздер жалаң аяқ, қара сирақ ойын балалары жиі көретінбіз. Ол кісі сөйлеп жатса елең ете
қарайтынбыз. Дауысын көтере сөйлегенде бала түгілі қаһарынан жасып қалған
үлкендерді көргенде, сыртынан жымың –жымың ететінбіз. Біздерге аға бейне бір
баяғының Қобыланды, Алпамысындай ер
дауысты, адуын күштің иесіндей, палуан денелі алып болып көрінетін.
Бала көңілі қиялшыл, бір бала ағадай батыр
болсақ деп армандаушы едік. Сол кездерде жүрісі нық, адымы кең, білегі қарымды,
қайратты Сәрсенғали ағаның жолын тосып,артынан қызыға ұзақ қарайтынмын. Үйге
кірмей күн ұзақ далада өскен ойын баласымыз ғой бірде қасыма келіп үлкен салалы
саусақтарымен басымнан сипап тұрып «көке баласы күн көзінде көп жұр ме, үйге
бар» дегені әлі де құлағымда. Барлығы күні кеше сияқты.
Бала көңілі шат бірде 1965 жыл болуы керек
көктемгі қара суы мол еріп, Сәрсенғали ағаның
үйіне су кіріп пеші құлаған екен. Сол пешін қайта қалауға әкемнен көмек
сұрап әңгімелескені есімде. Сол күні менің көтеріңкі жүрді. Өйткені біздің үйге
батыр келді ғой. Батыр аға менің әкеммен дос екен деп қуанамын, іштей
мақтанамын. «Жақсыға жақын жүрген жақсы» демей ме халқымыз, батырға жақын жүру,
онымен көрші тұру мен үшін сондай мәртебе көрінетін. Бақытыма қарай ол кісінің
баласымен құрдас болып, бірге ойнап өстік. Қыз емшекке қарай екі үйдің қойын
бірге бағып, қозы қуалаған балғын балалық кезеңдер өтті де кетті. Аға жылда
ауласына түрлі гүлдер егетін, біз Ерғали екеуміз сол гүлдерді ұрлап, ауыл
қыздарына жақсы көріну үшін ұсынатынбыз. Сәрсенғали ағаны жеңіс күндері ауыл
мектебіне кездесуге жиі шақыратын, Майданда басынан кешкен талай қанды
оқиғаларды, барлауға шығып тіл әкелгенін баяндайтын. Дауысы ашық та, анық
естілетін. Басқасын қайдам, өзім ол кісіге қатты еліктеуші едім. Дәстүр бойынша
кездесу соңы ағаны құрметті пионер қатарына қабылдаумен, концертпен аяқталатын.
Әлі есімде аға зейнетке шықса да,
тоқсаныншы жылдардағы елдегі қоғамдық өмірдегі сан құбылыстар оны енжар қалдырмады. Халқының
арын арзандатар келеңсіз көріністерді батыл сынады. Қарақан басын күйттемеді.
Тіліміздің тағдыры талғыға түскен тұста, сепараттық топтардың жерімізге талап
қойған кездерінде баспасөз беттерінде, жергілікті теледидардан әлденеше рет
ашына сөйлегенін көрдік.
Дүние өтер керуен, жылдар
зымырап өтіп бүгінде сол баяғы ағаның балағына оратылып жүрген біздер де
қарасақал жасқа келіппіз. Араға 25 жыл салып 1994 жылы Сәрсенғали ағаны кездейсоқ
қала көшесінен кездестіріп қалдым. Сағыныштан жоғымды тапқандай екі қолымды
соза амандасып жатырмын. Жүрек құрғыр елжіреп барады.
Адам деген пенде екен
Бәле деген демде екен
Айхай денсаулық
Барлық байлық сенде екен. - деген байқаймын ағаның өңі қатты
жүдеу. Жағдайымды сұрап. Бөпелерің бар ма? Өркенің өссін, Ер шоғымның (үлкен
ұлы Ерғали) құрдасы деп жатыр. Үйге келіп өткен өмірдің жадымнан көмескілене
бастаған кездерін бір сәт көз алдыма келтіріп, еске түсірдім. Бала кезімізде
қартаймастай, өзгерместей баяғының батырларындай көрінген балалық шағымның
елесіндей болған алып Сәрсенғали аға тым жүдеу қалыпсыз-ау деймін өзіме.
Жадымда жатталып қалған Батыр ағамен бірге болған өткен өмір елесі, ауыл
тіршілігі бүгінде алыстан, сағымдай қол бұлғайтын тәрізді. Сағындырады.
Өтпейтін өмір жоқ, сынбайтын темір жоқ. Ол жылдары ауылда соғыс ардагерлері де
көп болатын. Алыс та таныс тұлғаға айналған ақжарқын, сол бір алып ағалар,
олармен өткізген ауыл өмірі есіме жиі оралады. Олармен атқан ауыл таңы да
сондай нұрлы сезілуші еді. Оларсыз ауыл бүгінде жүдеп тұрғандай көрінеді де
тұрады маған.
Аруағын силаған елде азабас кеше ғана Сәрсенғали ағаның 80 жылдығын аудан
жұртшылығы атап өтті. Көше атын беріп, белгі өойып та жатыр. Құптайтын іс.
Қосымша айтарым батыр аға қызмет еткен Ноғайты ауылында да сол кісіге деген
белгі тақта болуы керек деймін. Аға өмірі ауыл тарихының бір беті. Мұны ұрпақ
білуі тиіс. Олар кескілескен кұреспен алып берген бейбіт тұрмысымызды сақтау,
оларды құрметтеу әрқайсымыздың қастерлі
борышымыз демекпін. Тәрбиесін сезініп, көзін көрген біздер барда Батыр аға
есімі ешқашанда ұмытылмайды.
Нұрлыбай Қошаманұлы
Ақтөбе қаласы.
« Жем-Сағыз» газеті, 2004ж
2
желтоқсан, № 47