Майдангер Бабалар



БАЙҒАНИН АУДАНЫНАН 1941-1945 ЖЫЛДАРЫ
ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНА ҚАТЫСҚАН ЖЕРЛЕСТЕР ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР:

     АБДУЛЛИН Әшім (1926, Қызылбұлақ селолық округі – 2000, Қарауылкелді с.) – партия, кеңес, кәсіподақ және шаруашылық қызметкері. Шаруа отбасында туған. Темір зооветтехникумын бітірген (1965). 1944 – 1950 жылдары Кеңес Армиясы қатарында қызмет етті. 1942 – 44 Мәдениет колхозында есепші, 1950 жылдан Байғанин аудандық тұтынушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, Қазақстан Компартиясы Байғанин аудандық комитетінің нұсқаушысы, Қарауылкелді селолық тұтынушылар қоғамы басқармасы төрағасы, «Сағыз» совхозы партия ұйымы хатшысы, Темір территориялық өндіріс басқармасының инспектор – ұйымдастырушысы, ауыл шаруашылығы және дайындау қызметкерлері кәсіподағы Байғанин аудандық комитетінің төрағасы, «Матайқұм» совхозының директоры, аудандық ветбаклабораторияның мал дәрігері қызметтерін атқарды. «Еңбектегі ерлігі үшін», «1941 – 1945ж Ұлы Отан соғысындағы еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.
    
     
АДЫРБАЕВ Балқасын (1907 – 1957) Жем бойында туған. 1928 жылы еңбек жолын аудандық жастар ұйымында бөлім меңгерушілігінен бастайды. Алматы қаласында кино, радио мектебін бітіреді. Қарақалпақстандағы Төрткүл пристанына бастық болады. Одан кейін Ташкент қаласындағы 82 – атты әскер полкінде радист, 1931 – 33 жылдары Алматы байланыс басқармасында радио бөлімін басқарады. 1934 жылы Ақтөбе облыстық байланыс басқармасында кадр бөлімінің бастығы, 1939 жылы Байғанин аудандық байланыс бөлімінің бастығы, ал 1942 жылы аудандағы Дауындау министрлігі өкілдігінің инспекторы болады. Сол жылы армияға алынып, Брянск қаласында әскери – саяси училищесінің алты айлық жеделдетілген курсынан өтеді. Брянск майданының 1020 – атқыштар полкінің рота саяси жетекшісі болып соғысқа кіреді. 1944 жылы ауыр жараланып, Киев қаласында госпитальда емделеді. Одан әрі бірінші Украина майданы құрамаларының сапында рота командирі болып соғысады. Елге 1945 жылы оралады. Майдандағы ерлік істері үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, 11 медальмен наградталады. Елге келгеннен кейін аудандық партия комитетінде нұсқаушы, аудандық байланыс бөлімінің бастығы, аудандық жол бөлімінің бастығы қызметтерін атқарады.
    
     АЛМАНИЯЗОВ Тотан Алманиязұлы (1925 – 1982)- Байғанин ауданы Қызылбұлақ селолық округіне қарасты Жаңатаң ауылында дүниеге келген. Жеті кластық білім алғаннан кейін «Жем» колхозында әртүрлі жұмыстар атқарады. 1942 – 1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, жеңіс күнін Венгрияның Будапешт қаласында қарсы алады. 1945 – 1946 жылдары әскери – теңіз флотының құрамында жапондармен болған соғысқа қатысып, 1947 жылы аман-есен елге оралады. Әскери мамандығы байланысшы – радист болғандықтан, еңбек жолын аудандық байланыс торабында  бастап, ұзақ жылдар қызмет жасайды. Еңбегі аудандық және облыстық дәрежедегі мақтау қағаздарымен марапатталған. 1963 жылы ауданымыз қайта құрылып, орталығы Қарауылкелді селосы болған кезеңде, аудандық байланыс торабы бастығының байланыс жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Өмірінің соңғы жылдары Темір ауданының байланыс торабының басшысы қызметін атқарады. Тотан Аманиязұлы ауданымызда автоматтандырылған телефон жүйесін ендіруге тікелей атсалысқан азамат. Халқына қызмет ету дүниедегі ең үлкен парыз саналатын болса, ол өз ғұмырында соны абыроймен орындап кеткен адам.
    
    
АМАНҒОСОВ Сұлтан (1921 – 28.06.1969) Жаңажол ауылдық кеңесіне қарасты елді мекенде туған. Еңбек жолын Калинин атындағы колхозда есепшіліктен бастайды.  1942 жылы Кеңес армиясы қатарында болып Ұлы Отан соғысына қатысады. 1943 жылы ауыр жарақат алып елге оралады. Сол жылы «Тасқабақ» колхозында есепші болады. 1944 жылдан бері қарай аудандық қаржы бөлімінде бухгалтер, инспектор, аудандық партия комитетінде нұсқаушы қызметтерін атқарады. 1954 жылы аудан басшылығы оны Жамбыл атындағы колхозға басқарма төрағасы қызметіне жібереді. Аманғосов колхоз шаруашылығын өркендету жолында аянбай еңбек етеді. Бірнеше жыл ішінде колхоз аудандағы озат шаруашылықтардың қатарына қосылады. Қой шаруашылығын өркендетуде мол табыстарға ие болады. Ұжымды басқарудағы іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін жоғары бағалаған өкімет оны Ленин орденімен наградтайды. 1959 жылы аудан сайлаушылары Аманғосовты бесінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат етіп сайлайды. 1965 жылы ол «Оймауыт» совхозы партия комитетінің хатшысы болып сайланады. Ал 1966 жылы аудан басшылығы оны тағы да шарушылықты басқару ісіне жұмсап, жаңадан құрылған «Матайқұм» совхозының директоры етіп тағайындайды. Осы жылдарда ол Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен наградталады. Сондай – ақ оған Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі атағы беріледі.
    
    
АМАНДЫҚОВ Жайлы  (1922 ж.) – мұғалім, Ұлы Отан соғысының ардагері. 1938 жылы Темір педагогика техникумын, Атырау педагогика институтын бітірген. 1942 – 1946 жылдары Жұмысшы – Шаруа Қызыл Армиясы (кейін Кеңес Армиясы) қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысты. «Отан соғысы» (2-ші дәрежелі) орденімен,бірнеше  медал  мен марапатталған. 54 жыл бойы аудан мектептерінде ұстаздық етті.
    
    




АМАНЖОЛОВ Әжібай (1922 – 04.04.1991) Байғанин ауданының Қаражар ауылында туған. Еңбек жолын Түрікпенстанның Ташауз облысында мұғалім болып бастаған. 1942 жылы Кеңес Армиясы қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысады. 1946 жылы елге оралғаннан кейін Байғанин аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. 1950 – 56 жылдары Жарқамыс МТС – і директорының орынбасары, осындағы партия ұйымының хатшысы, 1956 – 63 жылдары аудандық партия комитетінің лекторы, нұсқаушысы, саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1963 – 74 жылдары «Байғанин» совхозының бас зоотехнигі, «Қарауылкелді», Крупская атындағы совхоздардың партия комитетінің хатшысы, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының зоотехнигі болады. 1974 жылдан 1984 жылға дейін аудандық кеңес атқару комитетінің нұсқаушысы, ұйымдастыру – нұсқау бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жасайды. 1959 жылы зоотехниялық – мал дәрігерлік техникумын, ал 1964 жылы Алматы жоғары партия мектебін сырттай оқып бітіреді. Ол екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіндегі Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталады. Аманжолов іске де, сөзге де шебер, естігенін ұмытпайтын, ел өміріне қатысты арғы – бергі әңгімелерді көп білетін, шежіреші кісі еді. Бірақ жазба деректері қалмаған.
    
     АМАНОВ Қайыржан (1915 – 1979) – есеп қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері. 1941 жылға дейін түрлі шаруашылық қызметтерінде болды, 1941 – 1945 жылдары Жұмысшы – Шаруа Қызыл Армиясы (РККА) қатарында неміс – фашист басқыншыларына қарсы шайқасты. Соғыстан кейін Байғанин ауданында есеп қызметінде болды. Бірнеше жауынгерлік наградалардың иегері.
    
     АРАЛБАЕВ Дәрібай (1920 – 30.04.1984) – Жем бойында туған. Мектептен орталау білім алған соң, Темір қаласындағы техникумды бітірген. 1943 – 1944 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, елге үшінші топтағы мүгедек болып оралады. Елде оған жауапты қызметтер сеніп тапсырылады. Аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық партия камитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарады. 1952 – 1963 жылдары Қызылбұлақ ауылдық кеңесіне қарасты колхоз басқарма төрағасы, ал 1963 жылдан бері қарай «Ақжар» совхозында жұмысшылар комитетінің төрағасы, кейіннен осы совхозда комендант болып еңбек етеді. Аралбаев бірнеше жауынгерлік наградалардың иегері, тылдағы ерен еңбегі үшін медальмен де марапатталған. Бұл кісі емшілік, сынықшылық өнерімен де көпке танымалы болған.
    

     АРТЫҚОВ Оңайбай 1904 жылы Көлтабан ауылдық кеңесіне қарасты Қызылтаң ауылында туған. Алғашқы серіктестіктің, «Қызылтаң» колхозының мүшесі. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Бірнеше жауынгерлік медальдардың иегері. Соғыстан оралғаннан кейін колхозда ұзақ жылдар бойы ұста болған. Жұбайы Артықова Сайлан соғыс жылдарындағы жанқиярлық еңбегіне сай «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Ерлік еңбегі үшін» медалімен басқа да юбилейлік медальдармен марапатталған. Екеуі де еңбектерінің зейнетін көрді. Отағасы – 1980 жылы, жұбайы 1997 жылы қайтыс болған.
    
     АСАУОВ Тағыберген (11.11.1910 – 09.04.1994) Ақтөбе облысы Ойыл ауданының №10 ауылында туған. 1929 жылы Темір қаласындағы шаруа жастарының жеті кластық мектебін бітіріп, Ақтөбе облыстық тұтынушылар одағы басқармасы жанындағы 6 айлық есепшілер курсын тамамдайды. Еңбек жолын Алтықарасу селолық тұтынушылар қоғамында есепші болудан бастайды. 1932 – 36 жылдары Табын ауданы дайындау конторының бухгалтері болып жүріп, 1939 жылы Жарқамыс орта мектебін бітіреді. 1936 – 40 жылдары Ішкі істер халық комиссариаты аудандық бөлімінің секретары, 1940 – 42 жылдары Алға ауданында прокуратура тергеушісі болады. 1942 жылы армия қатарына шақырылады. Кіші командирлер дайындайтын қысқа мерзімді әскери училищені бітіргеннен кейін 106 Забайкалье дивизиясының құрамында ПТР (танк ататын мылтық) ротасының командирі болып соғысқа кіреді. Лейтенант Асауов Белоруссияның Мозырь қаласы үшін шайқаста ауыр жарақат алады. Елге 1944 жылдың аяғында оралады. 1944 – 47 жылдары Ақтөбе облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, кадр жөніндегі сектор меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1947 жылдан бастап Шалқар аудандық партия комитетінің кадрлар жөніндегі хатшысы, Жұрын ауданында Дайындау министрлігінің өкілі, осы ауданда аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Темір ауданында Дайындау министрлігінің өкілі, МТС партия ұйымының хатшысы болған. Ал 1957 жылдан 1972 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Байғанин ауданының ауыл шаруашылығын жабдықтау мекемесінің директоры, Қарауылкелді жұмысшылар кооперациясы басқармасының төрағасы, аудандық тұтынушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары болып жауапты қызметтер атқарады. Асауов екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік қызметі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен наградталған.
    
     АТАҒҰЛҰЛЫ Ақберген (1923 - ө.ж.белгісіз, Жем, Байсары болысы) – ұстаз, Ұлы Отан соғысының ардагері. 1923 жылы Жем бойында туған. Әкесі Атағұл Жем, Байсары өңірінде туып  - өскен. Қора – қора қой, үйір – үйір жылқылы бай адам болған. Совет үкіметі орнаған кезде барлық мал – мүлкін тартып алған /конфискациялаған/ соң, әкесі мұндай зорлыққа шыдамай өліп кеткен. Атағұлұлы А 1932 жылы 9 жасында жетім қалған. Бағына кезінде көп балаларды аштықтан аман алып қалған, тәлім – тәрбие берген, аты Байғанин, Темір аудандарына әйгілі Қонжар детдомының директоры Мырзалин Шәкірге /1901 – 1937/ кездеседі. Байдың баласы екенін жасырып, Шәкең Ақбергенді кедей ағайындарының фамилиясымен детдомға алады, оқытады. Сүйткен Шәкірді 1937 жылы НКВД – ның шаш ал десе бас алатын қол шоқпарлары «халық жауы» деп Ақтөбенің түрмесінде атып жібереді. Кейін Атағұлұлы А Темір қаласының атақты 10 жылдық мектебін, Ақтөбенің мұғалімдер институтын бітіреді. Орыс тілін қазақ балаларына үйретудің шебері. Іле – шала Ұлы Отан соғысы басталып /1941 – 45 ж.ж./ елін қорғауға аттанады, одан соң иығынан айырылып келсе де, дәріс беруін тоқтатпайды. Жазушы Тобық Жармағамбетов, профоссорлар Назарбай Білиев, Ильяс Тәжімұратов, доценттер Нұраш Көпесов, Қалау Бақытов, спорт шебері Аманғос Жалмағанбетов, ұстаз Әния Абдуллина, Қорған Тәжімағанбетов т.б. А.Атағұлұлыынан кезінде дәріс алғандар. Кейін А.Атағұлов Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын бітіріп, Алматы облысының Нарынқол, Шелек аудандарында дәріс береді. Көптеген медаль, ордендер иесі. Оның ішінде І, ІІ, дәрежелі «Отан соғысы» ордені бар.
    
     АТЫРАУБАЕВ Төремұрат (1923ж.т. Ойыл ауданы – 1959ж. Қарауылкелді пос.) – шаруашылық қызметкері. 1941 жылдан 1947 жылға дейін әскер қатарында болды, 1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысып, Бірінші және Үшінші Белорус майдандарында арнаулы артиллериялық атқыштар полкі құрамындағы барлау бөлімшесі командирі ретінде неміс – фашист басқыншыларымен шайқасты. «Қызыл Жұлдыз», орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» т.б. жауынгерлік медальдарымен марапатталған.
    
    
АУҚАТБАЕВ Мұздақбай (7.11.1924 – 19.03.1999)– мұғалім, білім беру ісінің үздігі, әдебиетші. Жастайынан еңбекке араласқан, 1943 – 1946 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болды. Ұлы Отан соғысына қатысты. 1946 жылы Нөкіс педагогтік училищесіне түсіп, оны бітірген соң мұғалімдік қызметте болды. Ауқатбаев М. – білім беру саласында жарты ғасырдан астам уақыт еңбек етті. Байғанин ауданының Жаңажол, Сам, Жарқамыс мектептерін басқарды. Сырттай оқып Орал педагогика институтын бітірді, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздік қызметкері.
    
     




ӘБДЕШОВ Абылай 1895 жылы туған. №5 Көкбұлақ ауылдық кеңесіне қарасты «Жайылма» колхозында колхозшы болған. Темірден түйін түйетін шебер адам болғандықтан, соғысқа дейін осы ауылдың ұстасы болып еңбек еткен. 1942 жылы соғысқа алынады. Қоршауға қалып, немістерде тұтқында болады. Кеңес армиясы азат еткеннен кейін елге оралып, бейбіт еңбекке араласады. 1958 жылы қайтыс болады. Өмірінің ақырына дейін «Көкбұлақ» колхозының ұстасы болған ол, ауылдастарының айтуынша, еңбек етуден ерінбеген жан екен. Бір жазда зайыбы Зібира екеуі бір мектеп пен бір клуб үйін салып шығыпты. Әрине, шағын құрылыстар болғанмен, қаншама күш – жігер жұмсалғанын аңғару қиын емес. Колхоз өндірісінің дамуы осындай жанкешті адамдардың ерен еңбегі арқылы жүзеге асырылғаны рас. Әбдешов «Германияны жеңгені үшін» медалімен наградталған. Оның қолынан шыққан зергерлік бұйымдар кітапқа еніп отыр.
    
     
     
ӘБДІРОВ Әжім (1917 – 1999) Қаражар ауылында туған. Соғысқа дейін №3 Қарабатыр ауылдық кеңесінің хатшысы, комсомол ұйымында жасаған. Бейбіт кезде армияға алынып, шекаралық әскерлер қатарында қызмет етеді. Финляндиямен соғысқа қатысады, одан әрі Ұлы Отан соғысы басталып, Әбдіров Сталинград, 4 – Украина, Белорусь майдандарында соғысады. Соғыстағы ерлігі үшін бірінші дәрежелі «Отан» соғысы; «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және басқа 13 медальмен наградталған. Соғыстан офицер болып оралады. 1950 жылдан бастап, «Ақжар», «Көкбұлақ», «Қопа» колхоздары басқармасының төрағасы, «Қарауылкелді» совхозының бөлімше басқарушысы болып қызмет жасайды. 1973 жылы ұзақ еңбек демалысына шығады.
    
     

     ӘБЖАНОВ Жарқеткен (Жұмамұрат) (1924 – 1970) Доңызтау жерінде №2 ауылды дүниеге келген. Орта мектептің 9 – класын бітірген 1942 жылы армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Майдандағы ерлік істері үшін екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік қызметі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Праганы азат еткені үшін», басқа да бірнеше медальдармен наградталған. Елге 1947 жылы оралады. Бейбіт еңбекке араласып, Сам жайылымында  «Қызыл отау» басқарады. Кейіннен Калинин атындағы колхозда партия ұйымының хатшысы, басқарма төрағасының орынбасары болады. 1956 – 1957 жылдары Орал қаласындағы ауыл шаруашылық техникумында оқып, агроном мамандығын алады. 1957 жылдан «Қызыләскер» колхозыда басқарма төрағасы, «Оймауыт» совхозында ферма басқарушысы, «Матайқұм» совхозында кәсіподақ комитетінің төрағасы болып жауапты қызметтер атқарады.
    
     ӘБУБӘКІРОВ Имаш 1917 жылы Қызылбұлақ ауылдық кеңесінде, Жаңатұрмыс ауылында туған. Артельді алғашқы құрушылардың бірі. 1938 жылы «Жаңатұрмыс» колхозының басқарма төрағасы. 1942 – 44 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысты, жарақат алуына байланысты елге қайтқан. Сол жылдан 1963 жылға дейін «Жаңатаң», Ворошилов атындағы, «Жаңатұрмыс» колхоздары басқармасының төрағасы, төрағаның орынбасары болған. 1963 жылдан зейнет демалысына шыққанға дейін Абай атындағы совхозда әртүрлі жұмыстар атқарған. «Ұлы Отан» соғысы орденінің екінші дәрежесімен, «Германияны жеңгені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен наградталған.
    
     ӘЗІЛОВ Шиланбай Көшербайұлы  (1914 – 1980) – Байғанин ауданының Қаражар ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, елді серіктестікке, колхозға біріктіруге белсене қатысады, шаруашылықты дамытуға елеулі үлес қосады. 1942 жылы армия қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Атақты «Катюша» расчетының командирі  бола жүріп, Одер өзініне дейінгі жаунгерлік  жорық жолдарынан өтеді. Берлин қаласына 90 шақырым жерде тұрғанда, соғыстың жеңіспен аяқталғанының куәсі болады. Армиядан оралғаннан кейін ел қатарлы бейбіт еңбекке араласады. 1948 жылы Қарауылкелдіде астық қабылдау пунктінің бастығы, қойма меңгерушісі болып жұмыс жасайды. 1954 жылдан «Сағыз» қаракөл қой совхозында ферма басқарушысы, басқа да жауапты жұмыстарды атқарады, осында зейнеткерлікке шығады. Ұлы Отан соғысында ерлік істеріне сай орденмен, көптеген жауынгерлік медальдармен марапатталған.
    
     ӘКІМЖАНОВ Алтынбек (1922, Ырғыз ауданы №26 Қожакөл ауылы. – 1.12.2000, Ақтөбе қаласы) – партия, қоғам қызметкері, Социалистік Еңбек Ері. Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1941 – 1947 жылдары КСРО Қарулы Күштері қатарында болды, 1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысты. 1947 жылдан партия қызметінде. 1947 – 1959 жылдары Шалқар, Жұрын аудандарында партиялық жұмыстарда болды, 1959 – 1977 жылдары Қазақстан Компартиясы Байғанин, Қобда, Исатай аудандық комитеттерінің бірінші хатшысы, 1977 – 1983 жылдары Ақтөбе облыстық кәсіподақтары кеңесі төрағасы, 1984 – 1990 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік жабдықтау орталығы мемлекеттік орман инспекциясының бас инспекторы қызметтерін атқарды. Әкімжанов А. Қазақстан Компартиясы ІХ – ХІІ съездеріне, СОКП ХХІV съезіне делегат болып қатысты, Қазақстан КП Х – ХІІІ съездерінде Орталық Комитет мүшесі болып сайланды. Ол екі рет Ленин орденімен, Октябрь революциясы, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, 11 медальмен марапатталды, 1941 – 1945 жылғы Ұлы Отан соғысындағы совет халқы жеңісінің 55 жылдығына арналған Мәскеуде өткен әскери парадқа қатысты.
                                                       («Ақтөбе» энциклопедиясы. 2001. А, 296 – бет)
    
ӘЛҚУАТОВ Ізтұрған (1924 – 1996) Қарабатыр ауылдық кеңесіне қарасты мекенде туған. Еңбек жолын жаңа бастаған кезде соғыс басталып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Елге ауыр жарақатпен оралады. 1946 жылы Темір қаласындағы ауыл шаруашылық техникумына түсіп, 1949 жылы зоотехник мамандығын алып шығады. Кейіннен Бүкілодақтық халық шаруашылығы институтын бітіреді. Аудандық ауыл шаруашылық бөлімінде зоотехник болып жұмыс жасайды. Елуінші жылдардың орта шенінде аудандық кеңес атқару комитетінің жоспарлау комиссиясының аға экономисі болады. Темір ауыл шаруашылық өндірістік басқармасы құрылған кезде «Сағыз» совхозының бас зоотехнигі болып жұмыс жасайды. 1965 жылдың қаңтар айынан аудандық кеңес атқару комитетінің жоспарлау комиссиясының төрағасы, атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымын қоса атқарып жүріп зейнеткерлікке шығады. Әлқуатов жауынгерлік наградаларымен бірге Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет Грамотасына ие болады.
    
      ӘРЕБАЕВ Қайран (1913 – 1997) Жем бойында туған. «Жаңатаң» колхозының алғашқы мүшелерінің бірі. 1941 – 44 жылдар аралығында Ұлы Отан соғысына қатысқан. Байғанин МТС –інде тракторист болып, тың жерлерді игеруге ат салысқан. Екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденінің, бірнеше медальдардың иегері.
    
     ӘШІРБАЕВ Тұрғанбай Ағысұлы (10.01.1922, Қарабұлақ ауылы, Көлтабан селолық округі, Байғанин ауданы) – партия қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері. Алға қазақ орта мектебін (1938), Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебін (1952), Абай атындағы Қазақ педагогика институтын (1955) бітірген. 1940 – 1946 жылдары Әскер қатарында болды. Ұлы Отан соғысында Воронеж және 2 – ші Украин майдандарының 252 Қызыл Тулы Харьков дивизиясының құрамында жаумен шайқастарға қатысты. Әскери атағы – полковник. 1947 – 50 жылдары Ключевой аудандық партия комитеті нұсқаушысы, Ақтөбе облыстық партия комитеті нұсқаушысы, Степной аупарткомының хатшысы, 1952 – 1962 жылдары Мартөк аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болды. Кейін аудандық статистика бөлімін басқарды. Қызыл Жұлдыз, 1 – дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, 12 медальдармен марапатталды.
    
     БАЙЖАНАҚОВ Құдабай  (1914 – 28.02.2008) Байғанин ауданының Сағыз өзені өресінде шаруа отбасында туған. Жастайынан  еңбекке араласып соғысқа дейін колхоз шаруашылығын өркендетуге ат салысқан. Ұлы Отан соғысына қатысып, жорық жолын Берлинде аяқтайды. Елге оралғаннан кейін біраз жыл №4 мұнай айдау кәсіпшілігінде еңбек етеді. 1950 жылдан  бастап Жданов атындағы колхозда, кейіннен «Байғанин» совхозында жұмыс жасайды. өмірінің ұзақ жылдарын жылқы бағуға арнайды. 1966 – 72 жылдары бірнеше дүркін  «Облыстың таңдаулы жылқышысы» атанады. Озат еңбегі үшін Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Күміс медалін алады. Аудандық, облыстық, республикалық мақтау, құрмет грамоталарының иегері. Ұлы Отан соғысында бірнеше жауынгерлік наградалар алған. Екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Маршл Г.К.Жуков» медалімен және көптеген юбилейлік жауынгерлік медальдарды омырауына таққан. Соғыс ардагері атағы берілген. Бұларға  «Еңбекте үздік шыққаны үшін» , «Еңбек ардагері» медальдары қосылады.
    
     БАЙМАНОВ Қалмырза Қызылбұлақ ауылдық кеңесі территориясында туған. Ұлы Отан соғысындағы ерлігіне сай «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталған.
    
     БАҚЫТ  Тілеп Бақытұлы   1924 жылы Алға ауданының Елек ауылында дүниеге келген. Ақтөбе қаласында қазақ орта  мектебінің ІХ сыныбында оқып жүрген кезінде Әскер қатарына шақырылып, 1943 жылдың күзінде Ұлы Отан соғысына қатысып, майданның алғы шебінде жүріп, бірнеше рет ерлік үлгісін көрсетіп, үкімет марапаттауларына ие болған. 1945 жылы Берлинге 70 шақырымдай қалған жерде ауыр жарақаттанып, елге оралады. Бейбіт уақытта Ақтөбе қаласында облыстық мекемелерде әр салада жауапты қызметтер атқарған. Тың игеру жылдары 10 жылдай Қарабұтақ ауданында, 1964 жылы Байғанинде аудандық тұтынушылар одағы  басқармасының төрағасы, кейін 15 жыл аудандық дайындау конторының директоры қызметін атқарған. Еңбек еткен жылдар кезеңінде облыстық, одақтың дәрежедегі марапаттарға қол жеткізген. Көптеген жауынгерлік неградалардың иесі. Қазір Бестамақ ауылында тұрады.
    
     БАЛЖІГІТОВ Жұбанқос 1912 жылы Жаңатаң ауылында туған. Қызылбұлақ селолық округінің ең қарт тұрғыны. 1941 – 43 жылдар аралығында Ұлы Отан соғысына қатысып, елге оралғаннан кейін ұзақ жыл еңбек еткен. «Ұлы Отан соғысы» орденінің бірінші дәрежесімен, 1941 – 1945 жылдарға Ұлы Отан соғысындағы «Ерлік еңбегі үшін» және «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарымен наградталған.
    
     БАСШИН Нұржігіт (1910 – 1996) №6 Көлтабан ауылдық кеңесіне қарасты мекенде дүниеге келген. Алғашқы серіктестікті құруға белсене ат салысып, өзінің ағайындарымен бірге оған мүше болып кіреді. Кейіннен «Құмкез» колхозы басқармасының төрағасы болады. 1941 жылы армияға шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Украина жерінде соғысып жүргенде ауыр жарақат алып, 1943 жылдың аяқ кезінде елге оралады. «Қарабатыр» колхозы басқармасының төрағасы болып қызмет – атқарып жүрген кезінде Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы қызметкерлерін даярлайтын мектепке оқуға жіберіледі. Оқуын аяқтағаннан кейін «Құмкез» колхозында, колхоздар іріленген кезде Жданов атындағы колхозда басқарма төрағасы, 1953 жылы «Қызыл әскер» колхозында басқарма төрағасының орынбасары, агроном болып қызмет атқарады. 1963 жылдан зейнеткер атанғанға дейін «Байғанин» совхозында есеп қызметкері болады. Ұлы Отан соғысында алған орден – медальдары, бейбіт еңбектегі марапаттары бар.
    
БӘЙІШЕВ Сақтаған (1.10.1909ж. Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы – 18.06.1982 Алматы қаласы) – ғалым, көрнекті қоғам қайраткері, экономист, тарихшы, журналист – публицист. Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі (1956), Қазақ КСР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, экономика ғылымдарының докторы, профессор. СОКП мүшесі болды. Бәйішев 1937 жылы Алматыда марксизм – ленинизм институтының директоры (1937 – 38), «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы (1938 – 41). 1941 – 1945 жылдары Совет Армиясы қатарында - әскери құрама комиссары, саяси бөлім бастығы, Саяси Басқарма аппаратының жауапты қызметкері болды. Бәйішев С. 1946 – 56 жылдары КПСС Орталық Комитеті жанындағы Марксизм – Ленинизм институты Қазақ филиалының – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтының директоры, 1956 – 1968 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясының вице – президенті болып істеді. Ол 60 қа жуық ғылым кандидаттары мен докторларына ғылыми жетекші болды. Бәйішевтің ғылыми қызметінің негізі маркстік – лениндік теорияны насихаттауға, марксизм классиктерінің еңбектерін қазақ тіліне аударуға, Қазақстан Компартиясының тарихын жасауға, Қазақстан тарихы мен экономикасының өзекті проблемаларын зерттеуге, социализм саяси экономикасының кейбір күрделі мәселелерін шешуге арналды. Бәйішев С. Карл Маркс «Капиталының» 1 – томының басты тарауларын, Ф.Энгельс пен В.И.Лениннің бірнеше күрделі еңбектерін қазақ тіліне аударды. Ол 140 тан аса ғылыми еңбектер мен ғылыми мақалалар жазды. Бәйішев бірнеше күрделі ғылыми еңбектердің («Қазақ КСР тарихы», «Қазақстан Коммунистік партиясы тарихы», «Қазақстан экономикасының негізгі проблемалары», «Қазақстан халық шаруашылығының дамуы», «Қазақ КСР - ін индустрияландыру тарихы» т.б.) авторы. Бәйішевтің бірнеше еңбектері одақтық энциклопедиялық басылымдарда жарияланды, халықаралық конгрестер мен симпозиумдардағы баяндамалары шетел тілдеріне аударылды. Бәйішев Сақтаған 1 – 5 сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1938 – 71 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болып сайланды, Октябрь революциясы, екі рет Еңбек Қызыл Ту, Құрмет Белгісі ордендерімен, медальдармен марапатталды.
            Байғанин ауданының жұртшылығы 1989 жылы, Жарқамыс ауылында Бәйішев Сақтағанның 80 жылдығын кеңінен атап өтті, оған Бәйішевтің отбасы мүшелері қатысты. Бәйішев Сақтаған есімімен Ақтөбедегі бір жоғарғы оқу орны (Бәйішев С. атындағы Ақтөбе университеті), Темір қаласында бір орта мектеп аталады.
    
     БЕКЕТАУОВ Дүйсенбі (1910 – 1958, Байғанин ауданы) – ішкі істер қызметкері. Бала кезінде ескіше оқып, сауаттанған, кейін мектептерде білім алады. 1930 – жылдары Қазақстандағы зорлап отырықшыландыру, еріксіз колхозға біріктіру саясатына қарсы көтерілген және үдере көшкен қазақ шаруаларын қайтару, олармен түсінік жұмыстарын жүргізу жөніндегі отряд құрамында болды. Одан соң, Ұлы Отан соғысы (1941 – 1945) жылдарында және одан кейін (1955 жылға дейін) Семей облысының Абай, Аякөз, Шұбартау аудандарында ішкі істер бөлімінің бастығы қызметін атқарды. 1955 жылы елге оралып, шаруашылық саласында жұмыс істеді.
    
     БЕКЖАНОВ Хайролла Бекмырзаұлы (1914 – 1977) – педагог, білім беру ісінің шебері. Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында Бекмырза бидің отбасында дүниеге келді. 1936 жылы Шымкенттегі мұғалімдер дайындайтын мектепті бітіріп, ұстаздық жолын бастады. 1943 – жылы әскер қатарына алынып, Курск шайқасына, Белград, Будапешт қалаларын алуға қатысты, соғысты Венгриядағы Балатон көлінің маңында аяқтады. Соғыстан кейін Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал, Алматы облысының Күрті, Қаскелең аудандарындағы мектептерде мұғалімі болып істеді, 1961 жылдан Байғанин ауднының Сағыз орта мектебінде ұстаздық құрды. Ұлы Отан соғысындағы ерлік істері үшін Бекжанов Х.Б. «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен және медальдармен марапатталды. Оның майдандағы жауынгерлік жолы туралы жазушы Әбу Сәрсенбаевтың «Офицер күнделігі» және «Жауынгер монологы» кітаптарында жазылған.
    
     БЕКТҰРҒАНОВ Бөкен Қызылбұлақ ауылдық кеңесінің территориясында туған. Ұлы Отан соғысы кезінде көрсеткен ерлігі үшін екінші және үшінші дәрежелі «Даңқ» орденін алған.
    
     БЕЛЕУОВ Жалғас (19.08.1919 – қыркүйек 1989) – Байғанин ауданы Қарабатыр елді мекенінде туып өскен. 1939 жылы Орал қаласындағы ауыл шаруашылық техникумына түсіп,агроном мамандығын алып шығады. 1941 жылы әскерге алынып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Елге 1947 жылы оралады. Ұзақ жылдар бойы колхоз шаруашылығында жауапты қызметтер атқарады. «Қарауылкелді» совхозы құрылғанннан кейін осы совхозда жұмысшылар комитетінің төрағасы болып жүріп 1979 жылы зейнеткерлікке шығады. Көптеген жауынгерлік наградалардың, Ұлы Отаан соғысындағы Жеңістің және КСРО Қарулы Күштерінің юбилейлік медальдарының иегері. Сондай-ақ, «Маршал Г.К.Жуков» және «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған.
    
    
БЕРДІБАЕВ Қайырмұқанбет (1917 – 10.05.1973) №3 Қарабатыр ауылдық кеңесіне қарасты мекенде туған. Ол өзінің еңбек жолын 1933 жылы Түрікпен КСР – ының Ташауыз қаласында ет комбинатында жұмысшы болудан бастайды. 1936 жылдан 1939 жылға дейін «Көлтабан» колхозында колхозшы, кейіннен осы колхоздың басқарма төрағасы болады. 1939 жылы Алматы қаласында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бір жылдық курсын бітіріп келіп, аудандық жер бөлімінің учаскелік агрономы болады. 1942 жылдың мамыр айында Ұлы Отан соғысына аттанады. 1943 жылы ауыр жарақат алуына байланысты елге оралады. Майданда «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен наградталады. 1944 жылдан 1948 жылға дейін аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, 1948 жылы «Теректі» колхозы басқармасының төрағасы болады. 1950 жылы Орал қаласында ауыл шаруашылық мамандарын даярлайтын мектепте білімін көтеріп келіп, Байғанин МТС – інде учаскелік агроном, Крупская атындағы колхозда агроном, 1963 жылы «Ақжар» совхозында бөлімше зоотехнигі қызметтерін атқарады. 1965 жылдан өмірінің ақырына дейін «Алтай» совхозы партия комитетінің хатшысы болып жұмыс жасайды. Көп жылғы еңбегі үшін үкіметтің бірнеше медальдарына ие болады.
    
     БЕРІКОВ Нәжен (1917, Жылой ауданы Атырау облысы) – есеп қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері. Ауыл молдасынан сауат ашқаннан кейін мекемелер мен колхоздарда есепші болып жұмыс істейді. 1939 жылы жұмысшы – шаруа Қызыл Армиясы (РККА) қатарына алынып, Фин соғысына қатысады. 1941 – 1947 жылдары да әскер қатарында болып Ұлы Отан соғысына қатысады (1941 – 1945). Елге 1947 жылы оралған Беріков Нәжен әр түрлі мекемелерде есепшілік қызмет атқарды. «Германия жеңгені үшін» медалімен, т.б медальдармен марапатталған.  2007 жылы қайтыс болған.
    
     БЕРІКОВ Шияз Құлқабайұлы (1921 – 2002) Байғанин ауданының территориясында шаруа отбасында туған. Еңбек жолын 1940 жылы «Социалистік ауыл» газетінің баспаханасында әріп терушіліктен бастаған. 1941 жылы әскерге алынып, Сталинград шайқасына қатысқан. Мұнда ол №196 Қызыл тулы Гатчинск атқыштар дивизиясының сапында соғысқан. Майданда «Қызыл жұлдыз», бірінші және екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Сталинградты қорғағаны үшін» және көптеген юбилейлік медальдармен марапатталған. Әскерден 1946 жылы оралған Беріков аудандық баспаханада жұмыс жасайды. 1949 жылы № 233 Ақтөбе авиаотрядына радист болып қызметке кіреді. 1965 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Байғанин аэропортының бастығы болады. Бұл салада да жақсы қызмет жасағаны үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен, Лениннің 100 жылдығына орай «Еңбектегі ерлігі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдарымен наградталып, Қазақ азаматтық авиациясы кәсіпорнының Құрмет Грамотасына ие болады
    
     БЕРІШЕВ Қуатбай (1923 – 29.01.1991) – ішкі істер қызметкері. 1945 жылдың көкек айынан бастап шекара әскері отрядында пулеметші болды, Батыс Украинадағы астыртын ұлтшылдық әрекеттерге қарсы күресті. 1965 жылдан Байғанин аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет жасады. 2-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін» т.б. медальдармен марапатталған.
    
     БИТЕН Жанша Мұстафаұлы 1923 жылы Жаңажол ауылдық кеңесінің Доңызтау өңірінде туған. 1942 жылы әскерге алынып, Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысады. Жауынгерлік қызметі үшін «Отан соғысы» орденінің бірінші дәрежесімен, «Ерлігі үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» және жеңіске байланысты басқа да бірнеше медальдармен наградталған. Соғыстан кейін Жамбыл атындағы колхозда орта арнаулы білімі бар агроном болды. «Оймауыт» совхозында кадрлар бөлімін басқарады. Бүгінде зейнеткер, бірінші топтағы мүгедек.
   
     БӨКЕШОВ Ақмолда (16.01.1919 – 30.09.1997) Қаратөбе ауылына шаруа отбасында туған. Жеті кластық білім алған, колхозда еңбек еткен. 1939 жылы қараша айында Темір аудандық әскери комиссариаты арқылы Кеңес армиясы қатарына шақырылады. 1940 жылы арнайы қысқа мерзімді курстан өтіп, аға сержант шенін алады. Ұлы Отан соғысына солтүстіктегі Мурманск қаласының маңында қатысады. Соғыстан елге 1946 жылы мамыр айының аяқ кезінде оралады. Бейбіт еңбекте колхоз басқармасының төрағасы қызметіне дейін көтеріледі. 1955 жылдан есеп қызметінде жасап, «Қазақстан» колхозында бухгалтер, «Қарауылкелді» совхозының №1 бөлімшесінде бухгалтер болып, зейнет демалысына шығады. Оның жауынгерлік қызметі екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Советтік Заполярьені қорғағаны үшін», «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен аталса, кейіннен көптеген юбилейлік және Г.К.Жуков медалі тапсырылған.
    
     
БӨЛТЕЕВ Көптілеу Бөлтейұлы (5.12.1922, Көкбұлақ ауылы, Байғанин ауданы- 20.03.2004) – партия, кеңес, сауда қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері, запастағы подполковник. Көкбұлақ, Жем мектептерінде, Темір педагогика техникумында оқыды, Қарағанды кооператив институтын бітірді. 1940 – 1942 жылдары Қазақстан К(б)П Байғанин аудандық комитетінде кадрлар есебін жүргізуші және бірінші хатшының көмекшісі болды. 1942 жылдан 1947 жылға дейін КСРО Қарулы Күштері қатарында қызмет етті, Ленинград әскери – саяси училищесін бітірді, Екінші Украина майданындағы 30 – шы артиллерия дивизиясының минометшілер бригадасы жауынгерлері қатарында Ұлы Отан соғысының шайқастарына қатысты. 1947 жылдан 1953 жылға дейін Қазақстан К(б)П Байғанин аудандық комитеті бірінші хатшысының көмекшісі болды, кейін аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. 1953 – 1956 жылдары КСРО Дайындау министрлігінің Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы өкілі, 1956 – 1959 жылдары Байғанин МТС партия комитетінің хатшыы, 1959 – 1983 жылдары Темір, одан кейін Байғанин аудандық тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы қызметтерін атқарды. Зейнеткерлікке шыққан соң қоғамдық жұмыстарға араласты. Бірнеше жыл қатарынан аудандық партия комитетінің және оның бюросының мүшесі, аудандық Кеңес депутаты болып сайланды. Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, КСРО медальдарымен марапатталды, КСРО тұтынушылар Одағының үздігі атағын алды. 2000 жылы Астанада өткен Ұлы Отан соғысыныңдағы жеңістің 55 жылдығына арналған әскери парадқа қатысты. Он бала тәрбиелеп өсірді, олардың барлығы да жоғары білім алды.
    
     БУЛЖАНИН Егор Иосифович (8.04.1924, Алтықарасу с. Темір ауд., - 23.12.2002, Ақтау) – кеңес қызметкері. Балалар үйінде тәрбиеленіп, механизаторлық мамандық алған соң өзі сұранып, әскер қатарына алынады. 1941 – 1945 жылдардағы совет халқының Ұлы Отан соғысына қатысады. Соғыс майданында танкист болған Булжанин Е.И. неміс – фашист басқыншыларына қарсы шайқастарда талай рет батырлығымен көзге түседі. Ол жауынгерлік ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», бірінші және екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, төрт рет «Ерлігі үшін», үш рет «Жауынгерлік қызметі үшін» медальдармен, бұлардан басқа 18 жауынгерлік медальдармен, И.В.Сталиннің алғыс хаттарымен марапатталды. Соғыстан кейін де КСРО Ішкі істер Министрлігі мен Мемлекет қауіпсіздігі комитеті жүйесінде әскери қызметте болды. 1956 жылы капитандық шенмен демалысқа шықты. 1956 жылдан Қостанай облысының Таран ауданында шаруашылық жұмысында болды, 1965 жылдан Байғанин ауданында азаматтық қорғаныс штабының бастығы қызметін атқарды, 1983 – жылдан Маңғыстау облысында мұнай өндірісі саласында жұмыс істеді. Булжанин Е.И. тура мінезді, шыншыл, батыл қасиеттерімен ел құрметіне бөленді.
    
     БІТІМБАЕВ  Масабай  (1912 – 1982) – Байғанин ауданы Сағыз өзені бойында туған. Алғашқы құрылған сетіктестік  пен  артельге, кейіннен колхозға мүше болады. 1941 жылдың соңында әскерге шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысады.1943 жылы соғыста ауыр жарақат  алып, елге екінші топтағы мүгедек болып оралады. Бейбіт жылдары «Қызылтаң», Жданов атындағы колхоздарда мал өсірумен шұғылданады. Соғыстағы ерлігі үшін әлденеше жауынгерлік наградтрға ие болады, ал елдегі ерен еңбегңне сай 1958 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады.
    
     ДОСЖАНОВ  ӘБУ (1913 – 1982) Табын ауданының № 12 ауылында кедей шаруаның шаңырағында туған. Ақтұмсық ауылындағы мектеп оқиды. 1932 жылы Жаңажол ауылдық кеңесінің хатшысы болып еңбек жолын бастайды. 1934 жылдан былай қарай аудандық комсомол комитетінің пионерлер бөлімінің меңгерушісі, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, сельпо төрағасы, аң терілерін қабылдау одағы аудандық кеңсесінің меңгерушісі, аудандық кеңес атқару комитетінің нұсқаушысы, жалпы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1942 жылы Отан қорғауға аттанып, Батыс майданы құрамаларының сапында лейтенант дәрежесінде пулеметшілер ротасының саяси жетекшісі болып, жаумен шайқасқа кіреді. Батальон партбюросының хатшысы болған. Бір ұрыста ауыр жарақат алып госпитальға түседі. Осы жарақаттарына байланысты елге оралып, 1943 жылдары аудандық партия комитеті әскери бөлімінің меңгерушісі, ал  1950 жылы осында ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1948 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы партиялық басшы қызметкерлерді қайта даярлау жөніндегі тоғыз айлық курстың тыңдаушысы болады. 1951 жылы Шалқар ауданында селолық құрылыс бөлімінің бастығы, аудандық дайындау конторының директоры болып жұмыс жасап, 1954 жылы Байғанин ауданында май дайындау конторының директоры, 1956 – 63 жылдары Абай атындағы колхоз басқармасының төрағасы, ал 1968 жылы ұзақ еңбек демалысына шыққанға дейін "Ақжар" совхозы директорының шаруашылық істер жөніндегі орынбасары қызметтерінде болады. Досжанов өзіне сеніп тапсырылған жұмыс салаларында жоғары жауапкершілікпен еңбек етті, іскер ұйымдастырушы ретінде аудан жұртшылығына кеңінен танылды. Майдан даласында көрсеткен ерлігі үшін екінші дәрежелі "Отан соғысы" орденін, төрт медаль алды.
    
     ДҮСІПОВ   ЖҰБАНАЛЫ (1900 – 1977) – Жем бойында туып-өскен. Елді отырықшылыққа бейімдеп, колхоздастыру ісіне белсене қатысқан. «Жаңатұрмыс», «Жаңатаң», Абай атындағы, «Жем» колхоздарында қой, сиыр фермаларының меңгерушісі болып еңбек еткен. 1942 – 1944 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, екінші дәрежелі «Отан» соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
    
    
ЕБЖАСАРОВ  ЗЕЙНЕТ – 1918 жылы Жем өзенінің бойында туған. Алты жасында әкесі қайтыс болып, жоқшылық тауқыметін біраз тартады. 1932 жылы Ақтөбе қаласындағы медицина мамандарын дайындайтын техникумға түседі. Бір жылдан кейін техникум Қостанай қаласына көшірілді де, Ебжасаров анасының науқастығына байланысты оқуын тастауға мәжбүр болады. Ауылға келіп, аудандық денсаулық сақтау мекемесінде статист қызметін атқарады. 1935 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филиалы болған Арал қаласындағы жұмысшы факультетіне түсіп оқиды. Тұрмыстық жетіспеушілікке байланысты бұл оқуды да жалғастыра алмайды. 1936 жылы елге қайтып келіп, аудандық байланыс мекемесінде оператор, аудандық қаржы бөлімінде салық инспекторы, аудандық тұтынушылар одағында жоспарлаушы болып 1942 жылға дейін әртүрлі қызметтер атқарады. Сол жылы армияға алынып, 206 – атқыштар дивизиясының 586 – байланыс батальонында байланысшы болады. Россияның бірқатар қалаларын, Украйнаны, Молдавияны, Румыния, Венгрия, Австрия, Чехословакия мемлекеттерін фашистік езгіден азат етуге қатысады. Ебжасаровтың жауынгерлік қызметі "Қызыл Жұлдыз", бірінші және екінші дәрежелі "Отан соғысы" орденімен, көптеген жауынгерлік медальдармен аталып өтілген. Туған ауылға 1946 жылы май айында келіп, қызметке араласады. Аудандық байланыс торабы бастығының орынбасары, аудандық қаржы бөлімінің инспекторы, аудандық тұтынушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, дайындау конторының директоры болады. 1956 жылы күзде "Центрсоюздың" Алматыдағы республикалық екі жылдық мектебінің тыңдаушысы болып, орта дәрежелі жоспарлаушы – экономист мамандығын алып шығады. 1958 жылдан бері қарай аудандық тұтынушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, Қарауылкелдідегі сауда базасының директоры, 1964 – 74 жылдар аралығында Қарауылкелді жұмысшылар кооперациясы басқармасының төрағасы, 1981 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін аудандық тұтынушылар одағының аға товароведі болған. Еңбек майданында әлденеше рет марпатталған.
    
     
ЕЛБЕТОВ  ТОЙМАНҚҰЛ (1894 – 1987) Табын ауданына қарасты Сам өңірінде туған. Ол алғашқылардың бірі болып серіктестіктің мүшелігіне қабылданды. Біраз жыл Оймауыт өңірінде еңбек етіп, кейіннен қазіргі Қызылбұлақ селолық округіне қарасты территориядағы Ворошилов атындағы колхоздың колхозшысы. Аталған ұжымдарда бригадир, бас жылқышы болады. Еңбек демалысына "Бұлақтыкөл" колхозы кезінде шығады.        Ол 1942 жылы ел азаматтарымен бірге Отан қорғауға аттанады. Ата жаумен Ленинград майданында шайқасады. Екі жыл бойы жау қоршауындағы Ленинград қаласын қорғаушылардың сапында болады. Қаланы қоршаудан босатқаннан кейін, жауды түре қуып, Прибалтика майданы құрамаларының сапында Эстонияны азат етуге қатысады. Осындағы шайқастардың бірінде ауыр жараланады. Майдандағы ерлік істеріне орай командованиеден әлденеше алғыс алған, "Ленинградты қорғағаны үшін", "Советтік Прибалтиканы азат еткені үшін", "Германияны жеңгені үшін" медальдарын омырауына таққан майдангер елге оралғаннан кейін бейбіт еңбекке белсене араласып кетеді.   Елбетовтің есімі жылқы шаруашылығында еңбек еткен кезінде көпшілікке кеңінен танылады. Оның табынында өсірілген қазақы жылқылар бірнеше рет Бүкіл одақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатыстырылып, жоғары бағаланады. Ал Елбетовтің өзі жылқы шаруашылығын өркендету және әр 100 биеден 100 құлын өсірген еңбегіне сай 1947 және 1948 жылғы көрсеткіштері бойынша 1948 жылғы 23 июльде Социалистік Еңбек Ері атанып, оның омырауына Одақтың ең жоғары наградасы Орақ пен Балға алтын медалі мен Ленин ордені қоса тағылады.
    
     ЕЛЕМЕСОВ  САЙЫН (1926 – 1992) № 5 Көкбұлақ ауылдық кеңесіне қарасты мекенде туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қызыл Ту орденімен және бірнеше жауынгерлік медальдармен наградталған. "Қарауылкелді" совхозында отыз жылдай трактор бригадасын басқарған. 1966 жылы "Құрмет белгісі" ордені берілген.
    
     
ЕРҒАЛИЕВ  НҰРБЕРГЕН (10.09.1924 Жарқамыс ауылы – 26.09.1989 Байғанин ауданы) – сауда және қызмет көрсету саласының қызметкері, Ұлы Отан соығысының ардагері. 1943 – 1946 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болды, Ұлы Отан соғысына қатысты. Соғыстан кейін Байғанин аудандық тұрмыстық қамту комбинатының директоры қызметтерін атқарды, 1969 – 1984 жылдары сауда саласында жұмыс істеді. 2 – дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, медальдармен, "Советтік тұтыну кооперациясының үздігі" белгісімен марапатталды.
    
     




ЕРМҰХАМБЕТОВ  МҰҚЫП (15.05.1908, қазіргі Кемерши ауылы, Қызылбұлақ селолық округі, Байғанин ауданы – 16.06.1971, сонда) – педагог, білім беру ісінің шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі. Зиялы отбасында дүниеге келген, әкесі Жұмабаев Ермағамбет Жем, Сағыз өңіріне белгілі, сыйлы азамат болған, мешіт ұстаған. Ермұхамбетов. М ауылындағы мешітте сауат ашып, кейін ауылдық бастауыш мектебінде оқиды. Темір қаласындағы шаруа жастар мектебін (ШКМ), Ақтөбе педагогика училищесін (1966) бітірген. Ұстаздық жолын 1929 жылы Табын ауданындағы Ақши бастауыш мектебінің мұғалімдігінен бастады. Бұдан соң Ермұхамбетов. М осы аудандағы Қобыланды, Қопа, К.Маркс атындағы, Көктүбек, Жем бастауыш мектептерінің меңгерушісі, әрі мұғалімі болып істеді, 1935 – 1942 жылдары Көкбұлақ, Қопа, Жем, Қаражар орталау және Бас – Оймауыт бастауыш мектептерінде мұғалім болды. 1942 – 1947 жылдары КСРО Қарулы Күштері қатарында қызмет етті, Ұлы Отан соғысына қатысты. Соғыстан оралған соң педагогикалық қызметті Жем орта мектебінде жалғастырды.   М.Ермұхамбетов 32 жыл бойы ұстаздық құрды.  Оның мұғалімдік қызметі жоғары бағаланды,  1960 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды, ал 1961 жылы «Қазақ КСР – інің еңбек сіңірген мұғалімі» атағын алды. М.Ермұхамбетов бұдан да басқа бірнеше медальдардың, мақтау грамоталарының иесі.
    
      ЕСЕНЖОЛОВ  ҚҰРМАН (1912 – 07.03.2002) Доңызтау елді мекенінде туған. 1942 жылға дейін колхоз малын баққан. 1942 жылы армияға шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысады. 1943 жылдың аяғында ауыр жарақат алып елге оралады. 1944 жылы қайтадан қой шаруашылығына барып, 1969 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін осы салада еңбек етеді. 1966 жылы Еңбек Қызыл Ту орденін омырауына тағады. Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай бірінші дәрежелі "Отан" соғысы ордені беріледі. 1970 жылы Ноғайты ауылына қоныс аударып, осы жерде қайтыс болады.
    
     ЕСЕНТУРЛИН  ОҢҒАРБАЙ  (1925 – 2000) Табын ауданының "Аманкелді" колхозының территориясында туған. 1943 – 1945 жылдары армия қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан екінші топтағы мүгедек болып оралады. Елге келгеннен кейін ауылдық кеңестің хатшысы, Сартоғай почта бөлімінің меңгерушісі, Қарабұтақ ауданында қызыл отау меңгерушісі, 1964 жылдан зейнет демалысына шыққанға дейін "Алтай" совхозында еңбек еткен. Екінші дәрежелі "Отан соғысы" орденімен, көптеген жауынгерлік медальдармен наградталған. "Еңбек ардагері" медалі беріліп, Жеңістің 50 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың құттықтау хаты тапсырылған.
    
     
ЕСЖАНОВ  ХАМЗА (1895 – 1966) № 7 ауылдық кеңеске қарасты Көптоғай деген жерде туған. Жаңа өкімет ұжымдық шаруашылықтар құру саясатын жүргізіп жатқан кезде серіктестікке кіреді. Ол серіктестік біраз жылдан кейін "Баршақұм" колхозы болып құрылады. Осында белсене еңбек етіп жүріп, ол 1942 жылы армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Майданнан 1945 жылы оралады. Сол жылдан бастап елуінші жылдардың орта шеніне дейін аға шопан болып жұмыс жасайды. Ол өз өндірісінде әрбір шаруашылық жылын табысты қорытындылап, колхоз экономикасының нығая түсуіне барынша үлес қосты. Ал оның 1947 жылғы еңбек көрсеткіші тіпті ерен еді. Бұл жылы ол отарындағы әр жүз саулықтан 142 – ден қозы алып, аман өсірді. Кезінде мұны аудан көлеміндегі ең жоғары жетістік деп бағалады. Соған орай Есжанов үкімет тарапынан лайықты марапатқа ие болды. Ол ауданымыздың бір шоғыр еңбек озаттарымен бірге 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атанды. Бұдан кейінгі жылдары да ол еңбек майданының алғы шебінде бола білді. Біраз жыл колхоздың тауарлы сүт фермасының бақташысы болады. 1956 жылы дербес зейнеткерлікке шығып, ұзақ жылғы еңбегінің зейнетін көреді.
    
     
ЕСМҰҚАНОВ  САҒИ (1922, Бақалы ауылы, Қызылқорған ауылдық кеңесі, Ойыл ауданы) – ішкі істер қызметінің ардагері, полковник, заңгер. Шаруа отбасында туған. Еңбек жолын Ойыл аудандық "Сталин туы" газетінде есепші, іс жүргізуші болып бастады, осы газетте жауапты хатшы болды. 1943 жылдан ішкі істер қызметінде оперативтік өкіл, тергеуші қызметтерін атқарды. 1963 – 1965 жылдары Темір аудандық ішкі істер бөлімін басқарды, 1965 – 1973 жылдары Байғанин аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, кейін аудандық ауылшаруашылығы басқармасында заң консультанты болып жұмыс істеді. С.Есмұқанов ауданның қоғамдық өміріне белсене араласты, қылмыс пен тәртіп бұзушылыққа қарсы күресті өрістетті, сақтандыру, профилактикалық шараларының ұйымдастырылуын қамтамасыз етті.      С.Есмұқанов Ұлы Отан соғысына қатысты, майдандағы ерліктері үшін жауынгерлік медальдармен наградталды. Бейбіт кезеңдегі еңбегі "Ерлігі үшін", "Мінсіз қызметі үшін" медальдарымен атап өтілді. С.Есмұқанов жұртшылық арасында ақын, әдебиетші, көркем сөз шебері ретінде де танымал.
    
     ЕШПАНОВ  АМАНҒОС  (1912 жылы № 13 ауыл Ойыл ауданы, Ақтөбе облысы – 1977, Байғанин поселкесі) – партия, кеңес қызметкері, мұғалім. Гурьев педагогика институтын бітірген (1966). 1934 – 1942 жылдары Байғанин ауданындағы Ақжар, Теректі бастауыш мектептерінің меңгерушісі, К.Е.Ворошилов атындағы жетіжылдық мектептің директоры. 1942 – 1945 жылдары Кеңес Армиясының жауынгері ретінде Ұлы Отан соғысында болып барқатар Европа елдерін азат етуге, Германияны алуға қатысты. Соғыстан кейін 1945 жылдан бастап білім беру саласында қызмет атқарды. Көкбұлақ, Комсомолдың 30 жылдығы атындағы жетіжылдық, Жаңажол орта мектептерінде директор, Байғанин аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болды. 1956 жылдан осы ауданның Қызыләскер, Бұлақтыкөл колхоздарында партия ұйымының хатшысы, аудандық оқу бөлімінің инспекторы, Қарауылкелді кешкі орта мектебінің директоры болып жұмыс істеді. Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлік ерліктері үшін "Қызыл Жұлдыз" орденін, 16 рет Жоғарғы Бас Қолбасшы И.В.Сталиннің алғыс хаттарын алды. Білім беру саласындағы еңбегі үшін 1947 жылы КСРО Оқу Министрлігінің мақтау грамотасымен марапатталды.
    
     ЕШПАНОВ  ЕСЕН  ЕШПАНҰЛЫ (1917 – 1984) Жем өзені бойында дүниеге келген. Есен бір жасқа толғанда сол кезде Жем – Байсары болысының болысы болған әкесі Қарасаев Ешпан қайтыс болады да, жас бала анасы Әбиланың, жақын ағайындарының тәрбиесінде өсіп жетіледі. Темір қаласында оқып білім алады. 1939 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, фин соғысына қатысады. Одан әрі Ұлы Отан соғысы басталады да, Ешпановтың майдандық жолы жалғаса түседі. Киев қаласын, Солтүстік Кавказды қорғаушылардың сапында болады. Соғысты Чехословакия жерінде аяқтайды. Елге 1946 жылы  гвардия аға сержанты болып оралады. Майданда көрсеткен ерлігі үшін "Қызыл Жұлдыз", үшінші дәрежелі "Даңқ" орденімен, "Ерлігі үшін" медалімен, Киевті, Солтүстік кавказды қорғағаны үшін, Германияны жеңгені үшін медалдарымен наградталады. 1946 жылдан 1950 жылға дейін Орал қаласындағы ауылшаруашылығы мамандарын дайындайтын техникумда оқиды, одан әрі ауданымыздың бірқатар колхоздарында басқарма төрағасы болып қызмет атқарады. 1973 жылы Абай атындағы совхозда бөлімше меңгерушісі, 1974 жылдан совхоз директорының шаруашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып, 1979 жылы зейнеткерлікке шығады. Бейбіт еңбек майданында ауылшаруашылығын өркендету, ұжымдарға іскерлікпен басшылық жасау арқылы көпшілік құрметіне бөленеді. Бұл саладағы қажырлы еңбегі де ілтипатқа ие болып, ол Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше медальдармен марапатталады.
    
     ЕФИН   Аспетулла  (1910 – 1990) Аққолқа  болысы Доңызтау елді мекенінде туған. 1942 – 46 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. Екінші дәрежелі тан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Ленинградты қорғаған үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін «Жамбыл» колхозыда мал бағып, түрлі жұмыстар жасаған.
    
     ЖАНАБЕРГЕНОВ Сағындық (10.01.1924-06.03.1996) Қызылбұлақ ауылдық  кеңесіне қарасты Жем бойындағы елді мекенде дүниеге келген. Білімі-арнаулы орта, Темір қаласындағы ауыл шаруашылық техникумын бітірген.Ұлы Отан соғысына дейін «Жем» колхозында есепші болған. 1972 жылдың тамыз айында армияға шақырылып, екінші Украина майданы құрамаларының санында, барлаушылар батальонының бөлімше командирі болып жаумен шайқасады. Соғыста үш рет жарақат алады, оның соңғысы ауыр жарақат еді. Госпитальда емделіп, жорқ жолын жеңіс күніне дейін жалғастырады. Армия қатарынан 1946 жылы ақпан айында босатылып, сержант әскери шенінде елге оралады. Оның  бейбіт еңбек жолы бастауыш мектептің мұғалімі болып басталады. 1949 жылдан аудандық білім бөлімінің инспекторы, аудандық комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, екінші хатшысы, аудандық денсаулық сақтау бөлімінде бухгалтер, аудандық мәдениет үйінің директоры, аудандық кеңес атқару комитетінің жалпы бөлімінің меңгерушісі, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, «Байғанин» совхозы директорының орынбасары болып әртүрлі жауапты қызметтер атқарады. 1965 жылы «Қарауылкелді» совхозы партия комитетінің хатшысы болып сайланады. Осы қызметте зейнет демалысына шығады. Дегені мен біраз жыл аудандық ауылшаруашылық басқармасында жұмыс жасайды. «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін» және басқа да медальдармен наградталған. 1973 жылы Қазақ  КСР Жоғары Кеңесінің Грамотасына ие болады.

    
     ЖҰБАТҚАНОВ Хасен (1913-1991) Темір ауданында кедей шаруаның отбасында туған. Мектепте алған білімі аздық етіп ол 1931 жылы Ақтөбе қаласындағы жұмысшы кадрларын дайындайтын мектепте оқиды. 1932 жылы осы қаладағы медициналық техникумның дайындық курсына қабылданады. Бір жылдан соң техникум Қостанай қаласына көшіріледі. Жұбатқанов осы техникумды 1937 жылы үздік бітіріп, фельдшер-акушер мамандығын алып шығады. Техникум басшылығы оған Ленинград қаласындағы әскери-медицина академиясына барып оқуға жолдама береді. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау бөлімінің басшылары елде маман кадрлардың жетіспейтіндігін, жұқпалы аурулардың белең алып тұрғанын желеу етіп, оқуға келесі жылы барарсың деген уєдемен оны Байғанин ауданында қызмет жасауға жұмсайды. Осыдан бастап Жұбатқановтың бүкіл саналы өмірі біздің ауданымызда өтеді. Ол Доңызтауда, Самда мамандығы бойынша қызмет атқарады. 1950 жылдан 1964 жылға дейін аудандық денсаулық сақтау бөлімін басқарады. Кейіннен аудандағы дезинфекциялық бөлімінің бас дәрігері болып жұмыс жасап жүріп, зейнеткерлікке шығады. Аудандағы алғашқы медицина маманы болумен бірге аудандағы медициналық қамту ісінің қалыптасуына зор үлес қосқан Жұбатқанов «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен наградталады.
         
    
     ЖҰМАҒАЗИН Жақас (1921 – 2002) – Ұлы Отан соғысы ардагері, сауда қызметкері. «Бай баласы» ретінде қудаланып, мектепте оқу мүмкіндігінен айрылған. Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлік көрсеткені үшін бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталған. Көп жылдар бойы сауда саласында қызмет атқарды.

    
     
ЖҰМАҚАНОВ Қынат Сасқанбайұлы   (1921 ж. Нәдіркөл ауылы, Карасук ауданы Новосибир облысы РФ – 26.11.1998, Ақтөбе қ.) – партия, кеңес қызметкері. 1963 жылы КПСС Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебін сырттай оқып бітірген. 1940-1948 жылдары КСРО Қарулы Күштері қатарында қызмет етті, Ленинградтағы (қазіргі Санкт - Петербург) авиация механиктерін дайындайтын мектепте, Ақтөбе, Жамбыл, Алматыдағы ұшқыштар дайындайтын әскери оқу орындарында оқыды. Ұлы Отан соғысына қатысып, әскери ұшқыш ретінде ерлік көрсетті. 1948-1951 жылдары Қазақстан ЛКЖО Ақтөбе облыстық комитетінің нұсқаушысы, 1951-1962 жылы Қазақстан Компартиясы Ақтөбе облыстық комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, екінші хатшысының көмекшісі, партия ұйымдары бөлімінің нұсқаушысы, 1962-1964 жылдары Қазақстан КП Батыс Қазақстан өлкелік комитетінің инспекторы болып істеді. 1965-1966 жылдары Байғанин аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, 1966 жылдан бастап Қазақстан КП Байғанин аудандық комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін (1981) қоғамдық жұмыстармен айналысты. Қ.Жұмақанов Байғанин ауданы экономикасы мен мәдениетінің дамуына үлес қосты. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі мен бейбіт кезеңдегі ерен еңбегі үшін Қ.С.Жұмақанов Қызыл жұлдыз (1945), екі рет «Құрмет белгісі» (1971,1975) ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін» (1945), «Еңбектегі ерлігі үшін» (1957), «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медальдарымен марапатталды.
       
    
    
ЖҰМАТАЕВ Қантөре Қарағозыұлы 1926 жылы қазіргі Қарауылкелді ауылдық округіне қарасты Көкбұлақ ауылында туған. Ұлы Отан соғысы басталуына байланысты жеті кластық мектепті бітіріп еңбекке араласады. Майданға аттанған ағасының орнына ауылдық кеңестің хатшысы болып 1944 жылдың қараша айына дейін жұмыс жасайды. Сол айда армия қатарына  алынып, соғысқа қатысады. Елге 1946 жылдың мамыр айында оралады да, Темір ауданы кеңес атқару комитетінде кадр секторының меңгерушісі болып қызметке тұрады. 1947 жылы «Көкбұлақ» колхозының есепшісі, бас бухгалтері. 1952 жылы арнайы жолдамамен Орал қаласындағы колхоз басшыларын дайындайтын оқуға жіберіліп, оны бітіріп келгеннен кейін, Крупская атындағы колхоз басқармасының төрағасы болып сайланады. 1956 жылы «Көкбұлақ» колхозының бас агрономы. Ауданда совхоздар құрылғаннан бастап 1986 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін «Қарауылкелді» совхозының бас экономисі. Қызмет жасай жүріп, 1969 жылы Алматы Халық шаруашылығы институтын бітіреді, мамандығы-экономист-ұйымдастырушы. Зейнеткерлікке шыққан соң соғыс және еңбек ардагерлерінің аудандық кеңесінде, аудандық мүгедектер қоғамында бес жылдай қызмет жасаған. «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында «Германияны жеңгені үшін» және Жеңіске байланысты шығарылған барлық юбилейлік медальдармен наградталған.        
   
    
     ЖЫЛҚАЙДАРОВ  Шәрапи  (1900 – 1966) -  Оймауыт өңірінде дүниеге келген. Алғашқы колхоздастыру кезеңінен колхозда еңбек ете жүріп, 1942  жылы соғысқа аттанған. Елге 1946 жылы  жеңіспен оралып, бейбіт еңбегін одан әрі  жалғастырады. Ұзақ жылдар бойы «Бұлақтыкөл» колхозында шопан болып, мал басын өсіру мен оның өкімін молайтуға сүбелі үлес қосады. Оның соғыста алған жауынгерлік  наградаларын Еңбек Қызыл Ту ордені  толықтырды.
           
    
     ЖЫЛҚЫБАЕВ Амансалық  1922 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданында дүниеге келген. Соғысқа дейін колхозшы. 1941 жылдан 1944 жылдар аралығында Ұлы Отан соғысына қатысқан. Отан соғысынан ІІІ – топтағы мүгедек болып оралған. 1944 жылдан №10 ауылда есепші, «Жайылма» колхозының басқарма төрағасы, «Ақжар» колхозы партия ұйымы хатшысы, осы колхозда басқарма төрағасы, Жаңажол, Сартоғай ауылдық кеңестерінің төрағасы, «Ақжар», Крупская атындағы совхоздарда ферма басқарушысы қызметтерін атқарған. Біраз жыл зейнеткерлікте жүріп  1998 жылғы 4 маусымда қайтыс болған.
     
     
    ИМАНҚҰЛОВ Темірәлі(1910 – 1977, Қарауылкелді селолық округі) – ауыл еңбеккері, Ұлы Отан соғысының ардагері. 1940 – жылдарға дейін колхозда жұмыс істеді, 1941 жылы әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысы шайқастарына қатысты. Бірнеше мәрте ерлік көрсетіп, ауыр жарақаттанды. Елге оралған соң «Қазақстан» колхозында еңбек етті. «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» медалі және де басқа медальдармен марапатталды.
       
     КЕМЕРОВ Мұрабай 1924 жылы 5 мамырда Маңғыстау облысындағы «Ералиев» совхозы орналасқан жерде дүниеге келген. 1931 жылы ауа көшкен елді күшпен қайтарған соң оның отбасы №9 ауылдық кеңеске қарасты «Ақши» серіктестігіне қосылады. Кейіннен ол «Ақши» колхозы болып аталады. Жарқамыс орта мектебінен 7 кластық білім алып, колхозда жұмыс жасайды. 1942 жылдың күзінде армияға шақырылып, соғысқа аттанады. Украинаны, Польшаны, Чехословакияны азат етуге қатысып, бұл соғысты Прагада аяқтады. Бірақ Мұрабай үшін жорық жолы әлі де жалғаса түседі. Ол 1947 жылдың наурыз айына дейін солтүстік Кореяның астанасы Пхеньян қаласында әскери қызмет атқарады. Тек сол жылғы наурыз айында Владивосток қаласы арқылы елге оралады.   Туған жерге келген соң «Ақши», «Үшінші  бесжылдық» колхоздарында есепші, Қаражар ауылыдық кеңесінде хатшы, Ақтөбе қаласында кеңес қызметкерлерін дайындайтын курсты бітіріп келіп, осы ауылдық кеңестің төрағасы болады. 1954 жылдан Калинин атындағы колхозда  партия ұйымының хатшысы, ауылдық кеңестің төрағасы, ферма меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1963 жылдан «Ақжар» совхозында Қалдайбек фермасының есепшісі, 1969 жылдан Қопа ауылдық кеңесінің төрағасы, 1977 жылдан Крупская атындағы совхозда ферма басқарушысы болып тұрып зейнеткерлікке шығады. Екінші дәрежелі «Отан» соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік қызметі үшін», В.И.Ленинннің 100 жылдығыа орай «Еңбектегі ерлігі үшін» және көптеген юбилейлік медальдармен марапатталған.
   
      КЕНБАЕВ Мұқаш Кенбайұлы (14.10.1921, Қарауылкелді селосы, Байғанин ауданы) – білім беру ісінің ардагері, тарихшы. 1941 жылы Ақтөбе педагогика училищесін бітірді, 1941 – 1945 жылдары Ұлы Отан соғысының жауынгері. 1945 – 1947 жылдары Ақтөбедегі металлургтер дайындайтын оқу орны мектебі директорының орынбасары, директоры, 1947 жылдан 33 жыл бойы Ақтөбедегі №5 КТУ директоры. Зейнеткерлікке шыққан соң түрлі қоғамдық негіздегі жұмыстар атқарды. Еңбек Қызыл Ту, Қызыл жұлдыз, 1 – ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, 12 медальмен марапатталды. Қазақ КСР - інің еңбек сіңірген кәсіптік білім беру қызметкері. ҚР Президентінің 5.05.2003 жылғы жарлығымен Кенбаевқа «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді.
    
     КЕНЕТАЕВ Жайылхан (1913 – 1973) Ақтөбе облысы бұрынғы Ключевой ауданының Мырзалы деген жерінде туған. Жеті кластық білім алғаннан кейін Москва қаласындағы химия – технология техникумын бітіріп келіп, Алға қаласындағы зауытта мастер болып жұмыс жасайды. Одан әрі Орал қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтында оқып, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Ырғыз, Шалқар, Темір аудандарында және Жарқамыста өз мамандығы бойынша қызмет атқарады. 1941 жылы армия қатарына алынып, Ақтөбеде жасақталған 101 – атқыштар дивизиясы құрамаларының сапында неміс фашист басқыншыларына қарсы шайқасып, 1945 жылы жапон милитаристерін талқандауға қатысады. Соғысты офицерлік шенмен аяқтап, 1945 – 1947 жылдары «Суворовшы» атты әскери газетте тілші болады. Әскерде «Қызыл Жұлдыз» орденімен, бірнеше медальдармен наградталады. 1947 жылы Темір қаласында мұғалім, ал 1959 жылдан бастап Қарауылкелдідегі Комсомолдың ХХХ жылдығы атындағы орта мектептің мұғалімі болады. 1970 жылы оған «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» белгісі беріледі.
    
     КЕНЖАЛИН Иса (1906 – 1974) Оймауыт өңірінде туған. Жасынан мал бағумен айналысып, кейіннен колхоз жұмысына араласқан. 1941 – 1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, бірнеше медальдармен марапатталған. Соғыстан кейінгі жылдары ауданның «Аманкелді» колхозында еңбек етіп, 1951 жылы «Аманкелді», «Теректі» колхоздары Қарабұтақ ауданының жеріне екі колхоздың малымен көшірілгенде сол колхоздың жылқышысы болған. Социалистік Еңбек Ері Құлшынов Жұрынбаймен бірге жылқы баққан. Сол жылқы табынын өздері іріктеу, сұрыптау, бонитировкілеу арқылы асыл тұқымды жылқы тобынына айналдырған. Кейіннен жылқы табынының ізінен «Талдық» асыл тұқымды жылқы зауыты болды. 1964 жылдан ауданның «Қарауылкелді» совхозында 1969 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін шопан болып еңбек етті. Бұл жылдары әр жүз саулықтан 120 – 125 тен қозы өргізіп, совхоз эканомикасының нығаюына үлес қосты.
    
     КЕНЖЕБАЕВ Мақташ 1916 жылы Жаңажол ауылдық кеңесіне қарасты Оймауыт өңірінде дүниеге келген. Колхоз құрылысының белсенді мүшесі. Ұлы Отан соғысына қатысып, көптеген жауынгерлік наградаларға ие болады. Соғыстан оралған соң, Жамбыл атындағы колхозда, Еңбек Қызыл Ту орденді «Оймауыт» совхозында мақтаулы шопан болып еңбек етеді. Осы салада оның жауынгерлік наградаларына «Құрмет белгісі» ордені мен бірнеше медальдар қосылады.
    
     КӨКШИН Шоқырай (25.02.1926ж. Қарауылкелді селолық округі, Байғанин ауданы) – байланыс саласының ардагері; Еңбек жолын 1941 жылы Байғанин ауданындағы Көкбұлақ байланыс бөлімшесінің бастығы болып бастады. 1944 – 1950 жылдары Кеңес Армиясы қатарында қызмет етті, Ұлы Отан соғысына қатысты. 1950 – 1987 жылдары Шалқар, Темір, Байғанин аудандық байланыс тораптарының бастығы болды. Көкшин Ш. Байғанин ауданындағы тұрақты байланыс жүйесі қызметін ұйымдастырушылардың бірі болды, ауылдарды радиоландыру, телефон жүйесімен қамту ісіне басшылық жасады, почта қызметінің жақсартылуына ықпал етті, елді мекендерде автоматты телефон станцияларын орнатуды қамтамасыз етті. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», Отан соғысы ордендерімен марапатталды. 2006 жылы қайтыс болған.
    
    
КӨПТІЛЕУОВ Қасым (1917 – 05.01.2001) Темір ауданында туған. Орталау мектепті бітіргеннен кейін педагогикалық училищеге түсіп, оны 1936 жылы бітіріп шығады. Сол жылы Қарабұтақ ауданына жолдамамен жіберіліп, бастауыш мектепте мұғалім болады. Әкесі Көптілеуов Мұханбедияр қуғын – сүргін жылдарында жазықсыз жазаланады да, оның зардабы баласына тиеді. Соның әсерінен ол бір мектептен екінші бір мектепке ауыстырыла береді. 1940 жылы Байғанин ауданына көшіп келуге мәжбүр болады. Әуелі Қарауылкелді бастауыш мектебіне, көп ұзамай Қарабұлақ бастауыш мектебіне, одан әрі Қопа бастауыш мектебіне жіберіледі. 1941 жылы соғыс басталған кезде армияға шақырылады да, Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін майданда болады. Сауатты азамат болғандықтан оны реактивті миномет расчетында қызмет етуге қалдырады. Көптілеуов соғыс кезінде «Катюша» аталып кеткен миномет бригадасының сапында талай жорық жолдарынан өтеді. Елге 1945 жылдың күзінде оралады да, өзінің ұстаздық қызметіне кіріседі. Ноғайты бастауыш мектебінде, кейіннен Комсомолдың ХХХ жылдығы атындағы орталау мектебінде, одан әрі орта мектепте зейнеткерлікке шыққанша мұғалім болып, шәкірттердің әлденеше толқынын үлкен өмір жолына қанаттандырады. Майдандағы ерлік істеріне сай екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен, басқа да бірнеше жауынгерлік наградалармен марапатталады. Ұстаздық қызметінде де ол лайықты мадақтауларға ие болады.
    
     КӨШЕКБАЕВ Төлеухан (1925 – 21.10.1987) Жаңатұрмыс ауылында шаруа отбасында туған. 1940 жылы Жем орталау мектебін бітіріп, Жарқамыс орта мектебінен 1942 жылы 9 класс білім алып шығады. 1943 жылы қыркүйек айынан бастап бірінші гвардиялық мотоцикльшілер полкінің құрамында автоматшы  барлаушы бола жүріп, ІІ Украина, ІІІ Белорусь, І – ІІ Прибалтика майдандарының құрамаларымен бірге әлденеше шайқастарға қатысады. Осы полктің салында ол 1947 жылдың наурыз айына дейін қызмет етеді. 1947 жылдан 1950 жылға дейін №94 ауыр техникалы полктің штабында, кейіннен әскери автомобильдер жүргізушілерін даярлайтын мектепте старшина – писарь болады. Соғыста жаралы да болады. «Жауынгерлік қызмет үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» мадельдарымен наградталады. Ерекше атап айтарлық жағдай: Көшекбаев 1943 жылдың қыркүйек айынан 1945 жылдың 26 қаңтарына дейін шайқастарда көрсеткен ерлігіне сай Жоғарғы Бас Қолбасшыдан 17 мәрте алғыс алған, гвардия кіші сержант шеніне ие болған. Жеті жылдай әскери қызметте жүрген Көшекбаев елге 1950 жылдың көктемінде оралады. Сол жылы аудандық кеңес атқару комитетінде физкультура және спор комитетінің төрағасы, одан әрі аудандық ауыл шаруашылық бөлімінде бухгалтер, Байғанин МТС – інде экономист, аудандық дайындау кеңсесінде инспектор, аудандық тұтынушылар одағы басқармасында ревизор, Темір ауылшаруашылық өндірістік басқармасында инспектор, «Ақжар» совхозында бас экономист болады. 1967 жылдан 1985 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін аудандық ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары, бас экономист болып қызмет атқарады.
    
     КҮШПАНҰЛЫ Сауыт (1903 – 1971) – ауыл шаруашылығы өндірісінің еңбеккері, Ұлы Отан соғысының ардагері. Ескіше оқып сауаттанған, жас кезінде молдалық құрған. Отызыншы жылдарда жазықсыз жазаланып, 3 жыл қудалауға түседі. 1941 жылы әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысады, барлаушылар отрядында болып, бірнеше рет неміс фашистерін тұтқындап әкеліп, ерлік көрсетеді. Соғыстан оралған соң Байғанин ауданының бірқатар мекемелерінде жауапты қызметтер атқарады, Жданов атындағы, Чкалов атындағы, Теректі, Қызылжар, Қазақстан колхоздарында басқарма төрағасы, бригадир, ферма меңгерушісі қызметтерін атқарады. Күшпанов Сауыт ел арасында беделді, сыйлы кісі болған.         
    
     ҚАБИЕВ Камаладин 1926 жылы 13 қыркүйекте қазіргі Қызылбұлақ селолық округіне Қарасты Кемерши ауылында туған. Жем жеті жылдық мектебін бітіргеннен кейін «Көктүбек» колхозының есепшісі болып еңбекке араласқан. 1944 жылдың қазан айында армияға шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатынасады. Үшінші Белорусь майданы құрамындағы 250-атқыштар дивизясы 926-полктің сапында жаумен шайқасқа түседі. 1945 жылы ауыр жараланады. Госпитальда емделіп шығып, әскери қызметін одан әрі жалғастырады. Елге 1950 жылы оралады. 1951 жылға дейін Қызыбұлақ ауылдық кеңесінің төрағасы болады. 1953 жылы есеп қызметкерлерін дайындайтын курста оқып, «Жем» колхозында бас есепші қызметін атқарады. өндірістен қол үзбей жүріп жоғары білім алады. Абай атындағы совхоз құрылғаннан бастап осы шаруашылықтың бас экономисі болып зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмыс жасайды.
         Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі жылдарда 2 жәрежелі «Отан» соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны женгені үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері», «Маршал Г.К.Жуков» медальдарымен және бірнеше юбилейлік медальдармен наградталған.
                                    
     ҚАЙРАНОВ Қалдан (1912 ж, Сам, Маңғыстау облысы, - 19 Байғанин ауылы) – ақын, жыршы, халық ауыз әдебиетінің білгірі. Табын руының Қарақойлы Майлыбай бөлімінен. Әкесі Қайраннан ән, күй өнерін үйренді, ауыл молдасынан дәріс алған, сауат ашу мектебінде оқыған. 1937 жылдан №13 ауылдық кеңесіне қарасты колхоздарда еңбек етті. 1942 – 45 жылдары Совет Армиясы қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Соғыстан кейін колхозда жұмыс істеді, Қайранов Қ. қазақтың көптеген эпостық жырларын жатқа білді, ол «Қозы – Көрпеш – Баян - сұлу», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Әділше патша», «Асқар - Қыдыр» сияқты эпикалық шығармалардың бірнеше варианттарын жырлады, өзі де көптеген өлеңдер шығарып, олар кезінде ел арасында айтылып жүрді. «Праганы азат еткені үшін», «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарымен марапатталған.
    
     ҚАЛИМАҒАНБЕТОВ Нұран 1924 жылы Темір ауданына қарасты №36 ауылда туған. 1934 жылдан Қонжар мектебінде, кейіннен Темірдегі қазақ орта мектебінде білім алады. 1942 жылы армия қатарына шақырылып, Жарқамысқа жинақталған 87 жігіттің бірі болып аттанады. Олар Уфа қаласында қысқа мерзімді дайындықтан өтіп, бірінші Украина майданы құрамаларының сапында ұрысқа кіреді. Ресейдің көптеген қалаларын жаудан тазартуға, Шығыс Европаның бірқатар елдерін азат етуге қатысады. Соғыста ауыр жарақат алып, госпитальде емделеді. Германия тізе бүккеннен кейін Дрезден қаласында әскери қызметін жалғастырады. 1946 жылдан 1947 жылдың маусым айына дейін Киев қаласында 365 - әуе – десант полкінде писарь болып қызмет атқарады. Сол жылы елге оралады.           Елге келген соң аудандық тұтынушылар одағында еңбек етеді. 1959 – 66 жылдары «Колхозстрой» тресінің аудандағы бөлімшесін басқарады. Одан әрі аудандағы жылжымалы құрылыс колоннасында, «Қарауылкелді», «Алтай», Крупская атындағы совхоздарда прораб болады. Өндірістен қол үзбей жүріп, өз саласы бойынша жоғары білім алады. Оның жауынгерлік қызметі «Ерлігі үшін» медалімен, екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, басқа да юбилейлк медальдармен аталып өтілген. Елдегі еңбегі де ерекше ескеріліп, жоғары органдар тарапынан Құрмет грамоталарымен мадақталған. Қалимағанбетов ақсақал өзімен бірге соғысқа аттанған 87 азаматтың елге 15 – і ғана аман оралғанын  есте сақтапты.
    
     ҚАЛҚАМАНОВ Мырзағара Тәжбағанбетұлы 1910 жылы Жұрын ауданының Амангелді ауылында шаруа отбасында туған. 1927 жылы Жұрын орыс – қазақ мектебін бітірген. 1933 – 37 жылдары Қостанайдағы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болған. 1938 – 47 жылдары Жұрын, Байғанин аудандарында прокуратура тергеушісі, прокуроры қызметтерін атқарған. Одан әрі Қарауылкелді астық дайындау конторының директоры, Қарауылкелді жылжымалы құрылыс колоннасы кадрлар бөлімінің меңгерушісі, ауданның сауда жүйесінде жауапты қызметінде болып, 1978 жылы зейнеткерлікке шығады. 1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында «Ерлік еңбегі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарымен, басқа да марапаттармен мадақталған. 2006 жылы қайтыс болған.
    
     ҚАЛҚАМАНОВ Мырзағара Тәжбағанбетұлы 1910 жылы Жұрын ауданының Амангелді ауылында шаруа отбасында туған. 1927 жылы Жұрын орыс – қазақ мектебін бітірген. 1933 – 37 жылдары Қостанайдағы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болған. 1938 – 47 жылдары Жұрын, Байғанин аудандарында прокуратура тергеушісі, прокуроры қызметтерін атқарған. Одан әрі Қарауылкелді астық дайындау конторының директоры, Қарауылкелді жылжымалы құрылыс колоннасы кадрлар бөлімінің меңгерушісі, ауданның сауда жүйесінде жауапты қызметінде болып, 1978 жылы зейнеткерлікке шығады. 1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында «Ерлік еңбегі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарымен, басқа да марапаттармен мадақталған. 2006 жылы қайтыс болған.
    
     ҚАЛМАНОВ Құрман 1916 жылы Қазіргі Қызылбұлақ ауылдық кеңесіне қарасты мекенде туған. 1935 жылы қысқа мерзімді партия – кеңес қызметкерлерін дайындайтын мектепті бітіреді. 1935 жылы аудандық комсомол комитетінде қызмет жасайды. 1939 жылы армияға алынып, елге 1945 жылы Ұлы Отан соғысы аяқталған соң оралады. Ол ұзақ жылдар бойы аудандық жинақ кассасының меңгерушісі болады. 1970 жылдан 1980 жылы еңбек демалысына шыққанға дейін аудандық статистика басқармасының бас экономисі болып еңбек етеді. Майдандағы қызметі үшін «Қызыл жұлдыз», екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, бірнеше медальдармен наградталады. Бейбіт еңбек жылдарында да бірқатар үкімет наградаларын алады. Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде қайтыс болған.
    
     
ХАЛЫҚОВ Құсайын 1924 жылы 2 қыркүйекте №3 Қарабатыр ауылдық кеңесіне қарасты елді мекенде дүниеге келген. 1941 – 42 жылдары бухгалтерлердің бүкілодақтық екі жылдық есеп курсын бітіреді. 1943 – 46 жылдары Қызыл Армия қатарында Ұлы Отан соғысына қатысады. Оның жауынгерлік қызметі үшінші дәрежелі «Даңқ», бірінші дәрежежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Жауынгерлік қызметі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және жеңістің юбилейлік медальдарымен аталып өтілген. Отан соғысының екінші топтағы мүгедегі. Елге оралғаннан кейін 1946 – 51 жылдары «Қазақстан» колхозында бухгалтер болады. 1951 жылы мұғалімдік қызметке ауысады. 1957 жылы Н.Байғанин атындағы Ақтөбе мұғалімдер институтын, 1966 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын бітіреді. Ұстаздық қызметінің көп жылы Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектепте өтеді. Осында ол мектеп директорының кластан тыс жұмыстар жөніндегі орынбасары болады. Бейбіт жылдардағы қызметі үшін «Ерлік еңбегі үшін» медалімен екі мәрте марапатталады. Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі атанады. Қалықов – жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіне өзіндік үлесін қосқан адам. 1970 жылы аудан орталығында типтік жобамен салынған мектеп пайдалануға берілгеннен кейін, оның айналасын көріктендіру, көгалдандыру ісін ұйымдастырған, сөйтіп мектеп ауласының көк желекпен көмкерілуіне, көз тартарлық гүлзарлардың пайда болуына ерекше еңбек сіңірді. Қазір Ақтөбе қаласында тұрады.
    
      ҚАРАМҰРЗИН Құдайберген (1919, Қызылбұлақ селолық округі – 1969, Қарауылкелді) – ұстаз, Ұлы Отан соғысының ардагері. Темір қаласындағы қазақ орта мектебін (1940), Ақтөбе мұғалімдер институтын (1944) бітірді. Ұлы Отан соғысына қатысып, неміс – фашист басқыншыларына қарсы шайқастарда бірнеше рет жарақат алды. Соғыстан келген соң 1944 – 1955 жылдары Байғанин ауданының Жарқамыс орта мектебінде, Алға қаласындағы, сондай – ақ Шалқар ауданындағы Қорғантұз, Аяққұм орта мектептерінде директорлық қызметті атқарды. 1955 жылдан өмірінің соңына дейін Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектепте мұғалім және Қарауылкелді жұмысшы жастар мектебінде директор болды. Қарамурзин Қ – көптеген шәкірттер тәрбиеледі, ол Ұлы Отан соғысындағы ерлік істері үшін бірқатар медальдармен марапатталды.
    
     ҚИСЫҚҰЛЫ Сұлтан (1915, Доңызтау, - 2002 жылы Байғанин поселкесі) – сынықшы, емші. Ескіше оқып сауат ашқан. 1941 жылға дейін аудандық қаржы бөлімінде салық агенті болды. 1941 – 1944 жылдары Қызыл Армия жауынгерлері қатарында Ұлы Отан соғысына қатысты. Елге оралған соң аудан колхоздарында, кейінірек «Қарауылкелді» совхозында шопан болып істеді. «Германияны жеңгені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды. Қисықұлы Сұлтан – қолы жеңіл сынықшылардың бірі болды. Шыбығы тайған, тобығы шыққандарға лезде жәрдем көрсетіп, олардың жазылуына көмектесті. Сондай – ақ балалардың иттиме сияқты ауру түрлеріне ем қолдана білетін табиғи қабілеті де болған.
    
    ҚОЖАҚОВ Сергей Көпбергенұлы (1924, Жаңажол селолық округі – 1997 жылы сонда) – Ұлы Отан соғысының ардагері. Соғыс жылдарында 3 – Белорус майданында 370 – атқыштар дивизиясының 352 – ші дербес саперлік полкінің құрамында ұрыстарға қатысты. Елге оралғасын партия, шаруашылық қызметтерінде болды. Қожақов С.К. «Қызыл Жұлдыз», 3 – дәрежелі Даңқ, 1 – дәрежелі Отан соғысы ордендермен, бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталды.
   
     ҚОЖИЕВ Темірхан (1922 – 1988) – механизатор, Ұлы Отан соғысының ардагері. Байғанин ауданының Қопа колхозында, Крупская атындағы совхозында тракторист, автомобиль жүргізуші болып жұмыс істеді. 1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысып, неміс – фашист басқыншыларына қарсы шайқастарда ерлік көрсетті. Бірінші және екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, Жоғарғы Бас Қолбасшы И.В.Сталиннің қолы қойылған алғыс хатпен марапатталған.
    
     ҚОНАҚБЕРГЕНОВ Жарылғас (1918 – 1978) Қызылбұлақ ауылдық кеңесіне қарасты Жем өзенінің бойында шаруа отбасында туған. Темір қаласында мектепте оқыған. 1940 жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылып, одан әрі Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ауыр жарақатты болуына байланысты 1943 жылдың аяқ кезінде елге оралады. Жем, Жаңажол мектептерінде мұғалім болады. 1946 жылдан аудандық партия комитетінде нұсқаушы, үгіт – насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. 1952 – 55 жылдарда Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы. 1955 жылы Байғанин МТС – інде партия ұйымының хатшысы, одан әрі аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, ал өмірінің ақырына дейін он сегіз жылдай «Ақжар» совхозы партия комитетінің хатшысы болады. Ол Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен наградталған.
    
     ҚОҢЫРОВ Шүренбай   1926 жылы қаңтар айының басында Көлтабан ауылдық округіне  қарасты Жыңғылдықтоғай ауылынды туған. Еңбек  жолын колхозшы болып бастаған. 1944 жылғы қараша айында армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бірінші  Беларусь майданы құрамаларының сапында соғысып, 1945 жылы «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін»  медалдармен, ал 1948 жылы Кеңес Армиясына 30 жыл медалімен наградтталған. Елге 1950 жылы қаңтар айының аяғында аға матрос әскери атағымен оралады. Бейбіт еңбекті теміржолда жалғастырады. 1953 жылы «Қызыләскер» колхозында колхозшы, 1963 жылдан «Байғанин» совхозында аға шопан болып еңбек етеді. Соғыстағы ерлік істері үшін екінші дәрежелі  «Отан соғыс» орденімен, Ұлы Жеңіске ХХ жыл, КСРО  Қарулы Күштеріне 70 жыл, «Маршал Г.К.Жуков» медальдармен, бейбіт еңбекте «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбекте үздік  шыққаны үшін» медальдармен наградталады. Сондай-ақ, бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің күміс және қола медальдарын, «Еңбек ардагері» медалін алады. 1986 жылдан зейнеткер.
    
     ҚОЙШЫБАЕВА Мария Шабаққызы (1924 жылы туған, Алға ауданы) – Ұлы Отан соғысының ардагері. 1942 жылы 3 мамырда өз өтінішімен әскер қатарына алынды, оған дейін оқушы болды. №54943 - әскери бөлімде, аэродром ротасында қызмет етіп, әскери техникаларды әуе ұрыстарына дайындады, жауынгерлік тапсырмаларды мінсіз орындады. Жау авиациясының әуе шабуылдарын тойтару жөніндегі ұрыстарға қатысты. Соғыстан кейін Байғанин ауданында. Жаңажол селолық округінің Миялы ауылында қызмет істеді.
    
     
ҚОШАБАЕВ Әбубәкір Тәжіғалиұлы (1917, Жұрын селосы, Мұғалжар ауданы – 1979, Қарауылкелді ауылы) – партия қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері. Темір қаласындағы педагогикалық техникумды (1939), СОКП Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебін (1964) бітірген. 1939 жылдан 1946 жылға дейін КСРО Қарулы Күштері қатарында болып, 1941 – 1945 жылғы Ұлы Отан соғысына қатысты, Карелия, Финляндия, Бірінші Украина майдандарында ауыр артиллерия взводының командирі ретінде неміс – фашист басқыншыларымен шайқасты, Сталинградты жаудан тазартушылар мен Кенигсбергті алушылар қатарында күресті. 1946 жылы елге оралған соң еңбекшілер депутаттары Байғанин аудандық Кеңесі атқару комитетінің нұсқаушысы, аудандық партия комитетінің ұйымдастырушы инспекторы, насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Қошабаев Ә.Т. Байғанин ауданының білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау мекемелеріндегі жұмыс мазмұнын жақсарту, тәрбие деңгейді көтеру, еңбекшілердің қоғамдық белсенділігін арттыру, басшы қызметкерлердің іске жауапкершілігін күшейту жөніндегі көптеген шараларды ұйымдастырып, жүзеге асыру жолында еңбектенді. Ол екі рет «Қызыл Жұлдыз», екінші дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, Еңбектегі ерлігі үшін медалімен, басқа да наградалармен марапатталды.
    
     ҚОШПАҒАНБЕТОВ Байдір Қызылбұлақ ауылдық кеңесіндегі мекенде дүниеге келген. Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлік қызметі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталған.
    
     ҚУАНАЛИН Әлібек  1924 жылы 5 мамырда шаруа отбасында туған. Соғысқа дейін орталау білім алады. 1942 жылы армия қатарына  шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Соғыста 1944 жылы  наурыз айында Калининград майданы құрмаларының сапында соғысып жүріп, жарадар болып аяқтайды. Елге 1945 жылы оралады. Сол жылдан бастап «Чкалов» , «Қызылтаң», «Қазақстан» колхоздарында есепші болып қызмет атқарады. 1954 жылы Ақтөбе қаласындағы есепшілер дайындайтын бір жылдық курсты, 1974 жылы Темір совхоз – техникумының есепші бөлімін бітіреді. 1963 жылдан зейнетке шыққанға дейін «Қарауылкелді» совхозының Қазақстан фермасында есепші болады. Екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, көптеген жауынгерлік медальдармен наградталған. 
    
     ҚУАТБАЕВ Жәшібай 1918 жылы Байғанин ауданы №2 ауылда дүниеге келген. 1932 жылы Қаражар ауылдық кеңестік хатшысы болып еңбек жолын бастаған. 1939 жылға дейін осы ауылда мұғалім болып жұмыс істеп, 1939 – 1942 жылдары Үшбұлақ колхозының жұмысшысы болған. 1942 – 1946 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып елге оралған. 1946 – 1948 жылдар аралығында Оймауыт ауылында байланысшы болып жұмыс жасаған. 1948 жылдан 1983 жылға дейін сауда саласында қызмет жасаған. Ұлы Отан соғысы мен Тыңдағы еңбектері үшін 2, 3 Дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» және әр кезеңдегі мерекелік медальдармен марапатталған.
    
     ҚҰЛНИЯЗОВ Якия Ерғалиұлы (12.03.1912, Жарқамыс, - 1972 Байғанин поселкесі) – шаруашылық қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері. 1941 жылға дейін әртүрлі жұмыстар атқарған. 1941 – 1943 жылдары Жұмысшы – шаруа Қызыл Армиясының (кейіннен Кеңес Армиясы) құрамында болып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Ленинградты қорғаушылар қатарында неміс – фашист басқыншыларына қарсы күресті. Майданда көрсеткен ерлік істері үшін 1 – дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, басқа да медальдармен марапатталды. Соғыстан кейін Сам участогында мал шаруашылығы базасының меңгерушісі, дүкен сатушысы болып жұмыс істеді.

     ҚҰЛШАРОВ Сары  (10.12.1917.Оймауыт – 04.09.1972) – мұғалім, соғыс ардагері. Темір педагогика техникумын (1937), Ақтөбе мұғалімдік институтын (1948) бітірген. 1939 жылы әскер қатарына алынды. СССР-дің  Финляндиямен соғысына және Ұлы Отан соғысына қатысып, артеллерист, зенитшілер тобының командирі ретінде жауынгерлік жодан өтті. Соғыстан кейін Байғанин аудандық оқу бөлімінде инспектор, Бұлақтыкөл, Қаражар орталау мектептерінде мұғалім болды.

     ҚҰЛЫНБАЕВ Таңат (1936 – 2000) Көлтабан ауылдық кеңесіне қарасты Қораши елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі – Құлынбай Отан соғысы майданынан оралмай қалған. Анасы - Әбілова Ақбілек алғашқы серіктестік құрылғаннан бастап шаруашылықта еңбек еткен. Ол кісі колхоз жұмысының қай саласында да озаттар қатарында болған. Соғыс жылдарындағы қиындықтарға қарамастан, колхоз өндірісін нығайтуға барынша үлес қосқан. Сонымен бірге балаларын жетістірген. «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталған. Анасынан үлгі алып өскен Таңат Кеңес армиясы қатарында әскери қызметін өтеп оралғаннан кейін, Жданов атындағы колхозда, «Байғанин» совхозында біраз жыл автомобиль жүргізушісі болады. Жиырма жылдан астам аға шопан болып еңбек етеді. Қоғамға қосқан еңбек үлесіне сай әлденеше марапатқа ие болған. Аудандық партия комитетінің мүшелігіне сайланған. Ал оның жұбайы Баскенова Үміт те аудандық кеңестің депутаты болған.

    
ҚҰРМАНБЕКОВ Жолмырза (1909 – 12.10.1955) – кеңес қызметкері, ауыл шаруашылығы өндірісінің ұйымдастырушысы. СОКП мүшесі болды. Еңбек жолын аудандық атқару комитеті хатшылығынан бастады, шаруашылық мекемелерінде басшы қызметтерде болды. Құрманбеков Ж. 1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысып, неміс – фашист басқыншыларына қарсы шайқастарда бірнеше мәрте ерлік көрсетті, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» т.б. медальдарымен марапатталды. Кеңес Армиясы қатарынан босап, елге оралған соң Құрманбеков Ж. Байғанин аудандық жоспарлау комиссиясының төрағасы, еңбекшілер депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерінде болды, ал 1952 жылы ол артта қалған шаруашылықтардың экономикасы мен мәдениетін көтеру жұмыстарын ұйымдастырушы отызмыңшылар қатарында колхоз өндірісіне жіберілді. Ол басқарған «Қызыләскер» колхозы экономикалық жағынан нығайып, озат шаруашылықтар қатарына қосылды, «миллионерлер» қатарына ілікті, колхозшылардың әл – ауқаты жақсарып, мәдени өмірінде үлкен оңды өзгерістер болды.Құрманбеков Ж. колхоз өндірісін нығайту ісіне қосқан үлесі үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, ҚКСР Жоғарғы Кеңесі Құрмет Грамоталарымен марапатталған.

     ҚҰРМАНИЯЗОВ Арық 1909 жылы Жарқамыс ауылдық кеңесінің территориясында туған. 1932 жылдың қазан айынан бастап аудандық ішкі істер бөлімінде жедел учаскелік өкіл болып қызмет атқарған. 1946 жылы «Жауынгерлік қызметі үшін» медалімен, 1955 жылы «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталған. Сексенінші жылдардың ішінде қайтыс болған.

     ҚЫДЫРОВ Меделбай 1921 жылы Сағыз өзені бойындағы Баршақұм ауылында туған. Әке – шешесі ерте қайтыс болып, ол 1929 жылдан 1940 жылға дейін Ойыл ауданындағы балалар үйінде тәрбиеленеді. 1940 жылы кеңес армиясы қатарына шақырылады. Одан әрі Ұлы Отан соғысы басталады да, ол бірден майдангерлік жолын бастайды. 1943 жылы ауыр жарақат алып, госпитальға түседі. Онда ұзақ емделіп, сол жылдың күзінде елге қайтарылады. Мұғалімдік қызметін А.С.Пушкин атындағы орталау мектепте әскери пәннен сабақ беруден бастайды. Жарқамыс орта мектебінде оқытушы, Жем орталау мектебінің директоры, аудандық оқу бөлімінің инспекторы, Жарқамыс интернатының директоры, Көптоғай бастауыш, Амангелді орталау мектебінің директоры болады. 1955 жылы «Жем» колхозы партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарады. Өндірістен қол үзбей жүріп, жоғары педагогикалық білім алады. 1958 жылдан зейнеткерлік демалысына шыққанға дейін Баршақұм бастауыш мектебінің мұғалімі болады. «Отан соғысы» орденінің екінші дәрежесімен, «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Ұлы Отан соғысы мен Кеңес Қарулы Күштерінің көптеген юбилейлік медальдарымен наградталған.

     МАКАРОВ Павел Кузьмич (1930-2002) Ресей Федерациясының Мордова АССР - інде туған. Отбасындағы көп баланың үлкені болғандықтан, Ұлы Отан соғысы кезіндегі тұрмыстық ауыртпалыққа байланысты 14 жасында танк жөндейтін  зауытта механикке көмекші болып еңбек етеді. Осы еңбегіне сай 1941-1945 жылдардағы «Ұлы Отан соғысындағы Ерлік еңбегі үшін» медалімен наградталады. Макаров 1954 жылы тың көтерушілер қатарында біздің облысымызға, оның ішінде Байғанин ауданына келеді. Қарауылкелді МТС-інде, «Көкбұлақ» колхозында еңбек етеді. Тың көтеру дүбірі басылған  кезде одақтас республикалардан келген келімсектердің бәрі елдеріне оралып жатқанда, Байғанинді мекендеп қалғандардың  бірі осы Макаров еді. Ол осы жерде үйленіп, зейнеткерлікке шыққанша «Казсельхозтехника» бірлестігінде еңбек етті. Аудандық, облыстық  кеңеске депутат болып сайланды. Автомобиль жүргізушісі болғандықтан халық шаруашылығы жүктерін тасымалдауда ұдайы озаттар қатарынан орын алып жүрді. Осындай еңбегіне орай «Еңбектегі ерлігі ушін» медалімен, 1974 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет Грамотасымен», ал 1978 жылы үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталады.


     МАҚАНОВ Отарбай 1895 жылы Жем-Байсары облысының территориясында туған. 1927 жылдан кеңес жұмысына белсене араласады, колхоз басқармасының төрағасы болады. 1942-1944 жылдары Ұлы Отан соғысында Украина майданы құрамаларының сапында жаумен шайқасады, көздегенін қағыс жібермейтін мерген болады. Дегенмен, ауыр жарақат алып, елге екінші топтағы мүгедек болып оралады. 1944-46 жылдары №5 ауылдық  кеңесіне төраға болады. 1963 жылға дейін әртүрлі қызметтер атқарады. Соғыста көрсеткен ерлік істері үшін бірнеше жауынгерлік наградаларға ие болған. 2005 жылы қайтыс болды.
            

     МАХАМБЕТОВ Тасыбай (1910-1960) Доңызтау өңірінде дүниеге келген. Жамбыл атындағы колхозда еңбек етіп жүргенінде армияға алынып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Соғыста бір аяғынан айырылып, елге мүгедек болып оралады. Махамбетов жас кезінен домбыра тартуға әуестеніп, Қазанқаптың  шәкірті болған Қонақбайдан Қазанқаптың 62 «Ақжелең» күйін үйренген. Сонымен бірге Үсентөренің де күйлерін тартатын. Оның домбыра тарту шеберлігі тыңдаушыларын тәнті ететін еді. Домбырада күйлерге тіл бітіретін. Ол кісінің  туған жиені, Қазанқап халық аспаптары оркестрінің мүшесі Төлегенов Әлден, күйеу баласы Мәмбеталин Машалақ оның күйшілік өнерін үйренеді. Жиені Тәжібаева Айсанды әншілік өнерге баулыған да Тасыбай болатын. Бұл кісі аудандық, облыстық слеттерде күй тартып, жүлделі бірінші орынды жеңіп алып жүрді. 1955 жылы ауылға Жәлекеш Айпақовтың басқаруында Ақтөбе филармониясының артистері келіп концерт қойған болатын. Сол сапарда Жәлекеш Айпақов Тасыбайға Қазанқаптың күйлерін тартқызып тыңдаған. Жәлекеш оның күйшілік өнеріне сүйсініп, зор рахметін айтқан еді. Тасыбайды білетін адамдар арамызда сирек те болса бар. Бірақ оның тартқан күйлерінің таспаға жазылып қалғаны жөнінде нақты дерек айту қиын. Кезінде Жамбыл атындағы колхозға бас инженер болып келген Ахметов Сағидан деген азамат магнитофонға Тасыбайдың орындауында бірнеше күй жазып алған сияқты еді, - дейді білетіндер. Дегенмен Тасыбай күйшінің есімін ауылдастары ризашылықпен еске алады.


     МАШАРИКОВ Іскендір (1.04.1919 – 11.08.1975) – драма театрының актері, мәдениет қызметкері. 1939 жылдан бастап Ақтөбе драма театрында актер болды. Ол М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Кебектің, «Айман-Шолпанында» Көтібардың, «Түнгі сарында» Жантастың, Ғ.Мүсіреповтың  «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуында» Қодардың, «Қыз Жібекте» Төлегеннің, Бекежанның, «Аманкелдісінде» Байтастың, С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарларында» Еркебұланның, Б.Майлинның «Шұғасындағы» Әбдірахманның, Н:В:Гогольдің «Ревизорында» Бобчинскийдің, Ә.Тәжібаевтың «Жомарттың кілеміндегі» Жомарттың рольдерінде ойнап, басқа да бейнелерді сахнаға шығарды. 1941-1945 жылдары әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Әскер қатарынан оралған соң да актерлік қызметін жалғастырды. 1949 жылы театр таратылғаннан кейін облыстық филармонияда қызмет жасады, Ақтөбе қаласындағы А.С.Пушкин атындағы қалалық парктің директоры болды (1951-1953). 1953 жылдан Байғанин ауданының Қарауылкелді поселкесіндегі Комсомолдың 30 жылдағы атындағы орта мектебі директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді.


     МЕДЕНОВ Қален  1916 жылдың 1 қаңтарында Атырау облысында Қызылқоға ауданына қарасты Шоқат ауылында дүниеге келген. 1936 – 1976 жылдары Ноғайты теміржол стансасында жұмысшы болып 1976 жылы зейнеткерлікке шыққан. 1943 жылы Ұлы Отан соғысына қатысып, 1945 жылы аман-есен елге оралған. 1971 жылы «Құрметті теміржолшы»  атағын иелендіп, 1974 жылы «Үздік бригадир» атанған 1977 жылы «Еңбек ардагері», 1995 – 2004 жылдар аралығында Ұлы Отан соғысының 50 және 60 жылдықтарына орай мерекелік  медальдармен марапатталған.


     МОЛДАНИЯЗОВ Жиенғазы (1900 – 1974) Қызылбұлақ ауылдық кеңесіне қарасты мекенде туған. 1928-41 жылдар аралығында «Жаңатаң» артелінде еңбек етеді. 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысының майдандарында жаумен шайқасады. 1945 жылы елге Жеңіспен әрі жарадар болып оралады. Соғыста бірнеше жауынгерлік наградалар алады. Кешегі майдангер енді қой шаруашылығын өркендетуге белсене кірісіп кетеді. 1946 жылы «Жаңатаң» колхозы қой түлігін өсіру жоспарын 113 процентке, 1947 жылы 109 процентке орындаса, бұл көрсеткіште Молданиязовтың қосқан үлесі өте-мөте зор болды. Мәселен, ол 1947 жылы әр жүз саулықтан 121 қозы өргізіп, айрықша абыройға бөленді. Екі жыл қатарынан жоғары табысқа ие болған ол 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атанады. Мал бағудың қыр-сырын жетік меңгерген еңбек ардагері одан әрі бірнеше отар қойы бар шопандар бригадасына жетекшілік етеді.


     МОЛДАНИЯЗОВ Тағаберген 1926 жылы Жаңажол ауылдық кеңесінің  Доңызтау өңірінде туған. Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін колхозда еңбек еткен. Майдандағы жауынгерлік қызметі үшін екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденін, «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарын алған. Соғыстан кейін Жаңажол орта мектебінде, Жамбыл атындағы колхозда «Оймауыт» совхозында бухгалтер болып зейнет демалысына шыққан.
        

     МҰҚАНОВ Шатен (1910 – 2006) – Сартоғай ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Алғашқылардың бірі болып трактор руліне отырды. 1942 – 1945 жылдар аралығында Ұлы Отан соғысына қатынасты. Соғыстан кейін Сам мал жайылымында шопан болып еңбек етті. 1954 жылы Тың игеруге қатынасып, механизатор болды. 1960 жылдан бастап Крупская колхозында, «Алтай» кеңшарында шопан болып жұмыс жасады.  Ұлы Отан соғысы мен бейбіт кездегі еңбегі үшін 1Дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» және әр кезеңдегі мерекелік медальдармен мадақталған. 1957 жылы Тың игерудегі еңбегі үшін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.                       

     МҰХАНБЕТҚАЗИН Жиеналы  1926 жылы Қызылбұлақ ауылдық кеңесіне қарасты елді мекенде туып - өскен. Алматы қаласына оқуға барғанда әскерге шақырылып, 1944 жылдың ақпан айынан армия қатарында  қызмет етеді. Жеңісті Сталинград қаласында қарсы алады. Армияда 1950 жылдың мамыр айына дейін болады. Елге оралғанан кейін  Жарқамыс  МТС-інде, кейіннен РТС-те бухгалтер болды. Аудандық тұтынушылар одағында ұйымдастырушы – нұсқаушы, аудан орталығы Қарауылкелдіге көшкеннен соң, осындағы  селолық кеңестің бухалтері болып  зейнеткерлікке  шыққанға дейін қызмет жасайды.  әртүрлі жауынгерлік наградалардың иесі, соғыс ардагері.  Бейбіт  еңбекте алған  марапаттары да бар.


     МЫРЗАЛИН Ғани (1907, Қызылбұлақ ауылдық округі, Байғанин ауданы) – мұғалім, Ұлы Отан соғысы ардагері. 1924-1927 жылдары Темірдегі жастар мектебінде оқыған. 1927-42 жылдары Темір және Байғанин аудандарындағы бастауыш мектептерде мұғалім болды. 1942-1945 жылдары Қызыл Армия қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Соғыстан кейін Байғанин ауданының Жаңатаң, Теректі бастауыш, Қаражар, Сам жетіжылдық мектептерінде мұғалім, Сам селолық клубының меңгерушісі,  Жем байланыс торабының меңгерушісі болып істеді. Ұлы Отан соғысындағы ерлік істері және бейбіт өмірдегі еңбегі үшін 2-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.

     НАРЫНБАЕВ Қонар (1925-2002) Жаңажол ауылдық кеңесіне қарасты Доңызтау өңірінде туған. Колхозда еңбек етіп жүргенде, Ұлы Отан соғысы басталып, майданға аттанады. Жауынгерлік ерлік істері үшін «Қызыл Жұлдыз», екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, бірнеше медальдармен наградталады. Елге оралғаннан кейін «Жамбыл» атындағы колхозда әртүрлі қызметтер атқарады. Ауылдық кеңестегі почта бөлімшесінің бастығынан зейнеткерлікке шығады.                                                                           
       

     НАУРЫЗБАЕВ Боранқұл (1922-1986) № 3 Қарабатыр ауылдық кеңесінде туған. Армия қатарына 1941 жылы шақырылады. Бірінші және екінші Украина, бірінші Беларусь, Карель, Калинин, Забайкалье майдандарында неміс-фашистеріне, жапон милитаристеріне қарсы шайқастарға қатысады. Соғысты капитан шенінде аяқтайды. Елге 1946 жылы оралып, мұғалім, аудандық партия комитетінің инструкторы, колхоз  партия ұйымының  хатшысы, «Байғанин» совхозы жұмысшылар комитетінің  төрағасы, Байғанин орта мектебінің мұғалімі  болып қызмет атқарады. Алматы жоғары партия мектебін бітіреді. Майдан даласында сегіз медальмен, бейбіт еңбекте он екі медальмен, көптеген грамоталармен наградталған.                              

    
НОҒАЕВ Ахмет (1908-1997) Қопа ауылдық кеңесіне қарасты «Қызыл  жұлдыз» атты колхоздың территориясында туған. Біраз жыл осы колхозда жұмыс жасайды. Ауданның үстінен Орск-Гурьев мұнай құбырын салу жұмысы жүріп жатқан кезде соның жұмысына қатысады. 1942 жылы армияға шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Майданда жамбасынан ауыр жарақат алып, госпитальда жеті ай бойы емделеді. Одан әрі армия қатарына жарақсыз болғандықтан елге оралады. Ұрыс даласындағы ерлігі үшін бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, көптеген жауынгерлік медальдармен наградталады. Елге келгеннен кейін №4 мұнай айдау кәсіпшілігінде зейнет демалысына дейін еңбек етеді. Ноғаев сынықшылық  қасиеті бар адам болған. Ойламаған жерден майып болып, зардап шеккен адамдар осы кісіге барып, немесе оны алдыртып сынықтарын салдыртқан. Олардың қанша екенін әрине оның өзі де есепке алмаған. Есінде қалғандары: С.Тоқышев,Қ. Сұлтанов, І.Қадіров, Б.Сапаров, Қ.Мұқанов, Ж.Көшімов және басқа азаматтар осы кісінің көмегімен құлан-таза жазылып кеткен. Ал мұндай адамдардың сынықшыға айтқан алғысы ұшан-теңіз.   

     НОҒАЕВ Сәрсен 1917 жылы Доңызтау өңірінде туған. Алғашқы еңбек жолын Жамбыл атындағы колхозда бастаған. Осы жерден 1942 жылы соғысқа кетеді. Ұрыс даласында екі рет жарақат алады. Соңғы алған жарақатына байланысты 1944 жылғы сәуір айында елге оралады. Елде майдангерді сан салалы жұмыс күтіп тұрады. Ноғаев та келе еңбекке араласып, 1951 жылға дейін колхозда бригадир, одан әрі ауылдық  кеңестің  қызметкері, сиыр фермасының меңгерушісі, ал 1962 жылдан 1977 жылы құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін «Оймауыт» совхозында жылқы бағады, шопан болып еңбек етеді. Бейбіт еңбек жылдарында оның жауынгерлік наградаларына Еңбек Қызыл Ту ордені (1968ж) қосылады.. 2004 жылы 14 мамырда қайтыс болған.                                                                                                    


     
НҰРҒАЗИН Көпбай (3.01.1922, Қарауылкелді с/о Байғанин ауданы) – білім беру  саласы қызметкері, педагог, математик, еңбек ардагері Гурьев педагогика институтын бітірді. Ақтөбе облысының Родников  ауданындағы жұмысшы орталау мектебінде мұғалім (1940-1942) болды. 1942-1946 жылдары жұмысшы шаруа Қызыл Армия (кейін Кеңес Армиясы) қатарында қызмет етті, Ұлы Отан соғысына қатысты. 1946 жылдан 1979 жылға дейін Байғанин ауданы мектептерінде, оның ішінде 1951-1979 жылдары 28 жыл бойы Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектебінде ұстаздық етті, ұзақ уақыт осы мектепте оқу ісінің меңгерушісі жұмысын қоса атқарды. Педагогика саласындағы жемісті еңбегі үшін Нұрғазин К. «СССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» және «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озаты» белгілерімен марапатталды. Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін Нұрғазин К. екінші дәрежелі Отан соғысы орденіне және бірқатар жауынгерлік медальдарға ие болды. Ол мектептегі оқу-тәрбие ісін ұйымдастыру, сабақтарды жүргізу әдістері жөнінде бай тәжірибе жинақтап, оны өз  әріптестеріне үйретті, оқыту ісін жақсартуға үлес қосты.                                                                                                           

     НҰРҒАЛИЕВ Аманғос (1919 - 1966 ) – мұғалім, Ұлы Отан соғысының ардагері. Доңызтау  жерінде дүниеге келген. Қостанай педагогика институтында білім алады. Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы Бескөл орталау мектебінде физика мен математикадан сабақ беріп жүргенде әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Оңтүстік-Батыс, майданында неміс-фашист басқыншыларына қарсы ұрыстарда жарақаттанып, аз уақыт елде болған соң соғысқа қайта араласады, бұл жолы, Ленинградты жау қыспағынан құтқаруға қатысады. Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталады. 1944 жылдан Ақтөбе облысы Байғанин ауданында қызмет істеп, кейін Жаңажол орта мектебінде мұғалім болды.    


    
НҰРҚАСЫМОВ Жалғасбай (1923-07.04.2001) Ақтөбе облысы Темір ауданы Бәшенкөл деген жерде туған. Мектептен орталау білім алып, 1939 жылы қазіргі Қандыағаш қаласындағы фабрика –зауыт мектебінде оқиды, ағаш шебер мамандығын меңгереді. 1940 жылдан 1942 жылдың қаңтар айына дейін Қандыағаш-Гурьев темір жол бойында теміржолшылар үшін тұрғын үйлер мен басқа да объектілер салу жұмысына қатысады. 1942 жылдың қаңтарынан майданға аттанады. Сталинград қаласы үшін болған шайқастың бірінде 1942 жылғы 22 қараша күні ауыр жарақат алады. Өзі басқарған бөлімшенің барлық жауынгерлері қаза болады. Ерсілі-қарсылы шабуыл кезінде қолдан қолға өткен шағын төбешіктің бауырында, қалың қардың үстінде, жайраған өліктердің  арасында үш тәулік бойы ессіз жатады. Жау шегінгеннен кейін алғы шепке байланыс сымын тартып жүрген солдаттар оның үстінен шығып, санитарларға хабар береді. Медсанбатта алғашқы көмек көрсетіледі. Денесінің бес жерінен жарақат алған Нұрқасымов Пенза облысының аудан орталығы – Земечино селосында орналасқан №4402 госпитальіне жеткізіліп, осында 1943 жылғы 14 наурызға дейін емделеді. Сауығып шыққан соң үшінші Украина, екінші Беларусь майдандары құрамаларының сапында жорық жолдарынан өтеді. 1944 жылдың бас кезінде Гомел қаласы маңында тұрғанда Москвадан дәрігерлік сараптау комиссиясы келіп, жарақаты барларды тексергенде, оны армия қызметіне жарақсыз деп табады және елге қайтуына рұқсат етіледі. Сөйтіп ол 1944 жылы наурыз айында туған ауылына келеді. Дегенмен 1945 жылдың басында оны армия қатарына қайтадан шақырады. Бірақ бұл жолы майданға емес, күзет әскерінің құрамына алынады. Содан елге 1947 жылы оралады. 1948 жылдан бастап  оның өмір жолы Байғанин ауданында өтеді. Аудандық кеңес атқару комитетінде әскери есеп столының бастығы, сауда бөлімінде инспектор, құрылыс бөлімінде инженер, Мойынты-Шу темір жолы құрылысында аудандық  штабтың  бастығы, Қарауылкелді МТС-інде құрылыс технигі, колхозаралық құрылыс мекемесінде инженер, «Қарауылкелді» совхозында прораб болып, әртүрлі қызметтер атқарады. 1965 жылы аудан қайтадан шаңырақ көтерген кезінде аудандық ауыл шаруашылық басқармасының  құрылыс жөніндегі бас инженері болып, 1983 жылдың тамыз айында зейнет демалысына шыққанға дейін жұмыс жасайды. Ол ұрыс даласында көрсеткен ерлік істеріне сай екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Сталинградты қорғаған үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, сондай-ақ Жеңістің және Кеңес Қарулы күштері құрылуының барлық юбилейлік медальдарымен, белгілі қолбасшы Г.К.Жуков медалімен наградталады. Оның еңбек майданындағы қызметтері де бірнеше медальдармен, марапат белгілерімен аталып өтілген. Нұрқасымов – ауданда құрылыс ісін жетік білетін маман дәрежесінде көтерілген кісі. Ісмерлік шеберлігімен де көпшілікке танымал болды. «Әке көрген оқ жонар» дегендей екі ұлының да сурет өнерінің  маманы болуына  оның  тікелей әсері болған сияқты.         

     НҰРМАҒАНБЕТОВ Қалыбек  (1922 – 1980) – Байғанин ауданының Жарқамыс ауылында туған. Темір орталау мектеп бітіріп, 1941 жылы армияға алынады. Соғысқа Сталнинград шайқасынан бастап кіріседі. Оның майдандағы  қызметі  екінші дәрежелі «Отан соғысы» ардагерімен, «Ерлігі үшін», «Сталинград шайқасына қатысқаны үшін» медальдармен және Ұлы Жеңістің 20,25,30 жылдық, сондай-ақ, «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл» юбилейілік медальдармен марапатталған. 1945 – 1955 жылдары Магадан облысында алтын өндіру кенішінде есепші болады. Елге оралғаннан кейін де осы қызметін жалғастырып, «Жем» қолхозында, Абай атындағы    совхозда ұзақ жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шығады.

     ОРАЗАЛИН Икаят  1927 жылы Байғанин ауданында Сағыз өресінде туған. Абай атындағы орталау мектепте білім  алған. Ұлы Отан соғысы басталғаннан 1947 жылға дейін колхозда белсене еңбек еткен. 1947 – 51 жылдары армия қатарында қызмет атқарады. 1951 – 55 жылдары Ақтөбе қаласындағы ферросплав  зауытында металл балқытушы болады. Кейіннен ауыл  шаруашылығы мамандығын алып «Қазақстан» колхозында ферма меңгерушісі, ал «Қарауылкелді»  совхозы құрылғаннан кейін ферма зоотехнигі болып  мал  шаруашылығын дамыту ісіне өзінің елеулі үлесін қосады, көптеген марапаттарға ие болды.

     ОТЫНШИН  САҒЫЗБАЙ (1922, Сарытоғай селолық округі, Байғанин ауданы – 1965, Ноғайты селосы) – кеңес, шаруашылық қызметкері, Темір зоотехникалық – мәлдәрігерлік техникумын бітірген. Ұлы Отан соғысына (1941 – 1945) қатысты, Сталинград шайқасында неміс – фашист басқыншыларына қарсы ұрыстардағы ерлік істері үшін "Қызыл жұлдыз" орденімен, "Ерлігі үшін", "Жауынгерлік еңбегі үшін" медальдарымен марапатталды. Майданнан оралған соң Байғанин ауданында колхоз басқармасының төрағасы, ферма басқарушысы, ауылдық кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Отыншин.С ауылшаруашылығы саласында жемісті еңбек етті, "Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін" медалімен, басқа да мақтау грамоталарымен марапатталды.

     ӨЗБЕКБАЕВ  ӘБШЕКЕН  (1914 – 1998) қазіргі Қызылбұлақ ауылдық округінің Жаңатаң ауылында шаруа отбасында туған. Колхоз құрылысында еңбек етіп жүргенде армияға алынады. Ұлы Отан соғысына қатысады. Жараланып елге қайтады. "Жаңатаң" колхозында шопан болады. Бұл кәсібін Абай атындағы совхоз құрылған кезде одан әрі жалғастырады. Мал басын аман сақтап, өнімділігін молайтуға көп еңбек сіңіреді. Оның жауынгерлік ерлік істері мен еңбек жетістіктері бірінші дәрежелі "Отан соғысы" орденімен, екі мәрте "Құрмет белгісі" орденімен және бірнеше жауынгерлік медальдармен аталып өтілген.

     ӨЗБЕКБАЕВ Шымбай  1922 жылы  Жем бойында, Қызылбұлақ ауылдық округіне қарасты мекенде дүниеге келген.  Соғысқа дейін колхоз өндірісінде еңбек еткен. Ұлы Отан соғысына қатысып, Ресейдің Воронеж қаласынан Германия жеріне  дейінгі майдан жолын басып өткен. Елге оралғаннан кейін Байғанин ауданының байланыс торабында қырық жылдан астам жемісті еңбек еткен, мекеменің қоғамдық өміріне белсене араласып, ұзақ жылдар бойы кәсіподақ ұйымына төраға болған. Майдангерлік қызметінде екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Маршал Г.К.Жуков» медальдарымен, сондай-ақ, Жеңістің 30,40,50,60 жылдық юбилейлік медальдарымен, Украйнаның жаудан азат етілуіне 60 жылдық медалімен марапатталған. Ал  еңбек майданындағы жетістіктері үшін «Тың игерудің 50 жылдық» медалін, КСРО  Байланыс  Министірлігінің «Құрмет»  грамотасын, облыстық, аудандық байланыс мекемелерінің көптеген мақтау грамоталарын алған. Ақтөбе қаласында тұрады.

     ӨРБІСІНОВ Тәуір (05.05.1924 – 1985) – Байғанин ауданындағы Қарақоға елді мекенінде дүниеге келген. Жетіжылдық білім алғаннан кейін Ақтөбе педагогикалық училишесіне түсіп, бастауыш кластардың мұғалімі мамандығын алады. Ұлы Отан соғысына қатысып, ауыр жарақатпен елге оралады. Өзінің мұғалімдік қызметін одан әрі жалғастырып, өмірінің көп  жылын Қарабұлақ бастауыш мектебінде  мұғалім болумен өткізген. Соғыстағы ерлігіне сай «Отан соғысы» орденімен, бірнеше жауынгерлік медальдармен наградталады. 1974 жылы «Қазақ КСР» оқу ісінің үздігі атанып, әртүрлі 9 грамотамен марапатталған.

     ӨТЕГЕНОВ Мәнібай (1922 – 1959) Аққолқа болысы Доңызтау елді мекеніде туған. 1941 жылдан 1946 жылға дейін Ұлы Отан соғысына қатысып, Жапония соғысымен аяқтаған «Ерлігі үшін» медальмен марапатталған. Кейін МТС – та алғашқы трактор жүргізушілердің бірі болған.

     ӨТЕПБАЕВ  ОҢБЕРГЕН  (1914 жылы туған, Жарқамыс – 1989 жыл. Шымкент) - әскери қызметкер. Ауыл молдасынан ескіше оқып, хат таныған. Ұлы Отан соғысына қатысып, сонда жүргенде жаңа құрамалар дайындаушылар қатарында елге жіберіледі, 1943 жылы әскери училищені бітіріп шығып, офицерлік шенге ие болады. Соғыстан кейін Оңтүстік Қазақстан облысының аудандарында әскери комиссар болып істеді. Демалысқа шыққан соң Байғанин ауданының Крупская атындағы совхозы директорының орынбасары қызметін атқарды. Бірқатар жауынгерлік орден, медальдармен марапатталды.

    
ӨТЕПБЕРГЕНОВ  ӨМІРЗАҚ  (1924 жыл, Қызылбұлақ селолық округі, Байғанин ауданы) – мұғалім, географ, соғыс және еңбек ардагері. Темір қазақ орта мектебін (1941), Ақтөбе педагогика училищесін (1948), Қазақтың Абай атындағы педагогика институтын (1961) бітірген. 1941 – 1943 Байғанин ауданындағы Мәдениет бастауыш мектебінде мұғалім болды. 1943 – 1945 жылдары Кеңес Армиясы жауынгері ретінде Ұлы Отан соғысына қатысты, Минск, Витебск қалаларын азат етушілер қатарында болып, ерлік көрсетті. Соғыстан кейін әскери мектепте оқып, офицер шенін алды. Запастағы подполковник. 1954 – 1962 жылдары Көкбұлақ, Жем орталау мектептерінде директор, 1962 – 1985 жылы Жем (қазіргі Қ.Жазықов атындағы) орта мектебінде оқытушы. Өтепбергенов Өмірзақ оқушыларға жаратылыстану пәндері бойынша сапалы білім берді, бұл пәндерді оқыту әдістемесін жетілдіруге атсалысты, сонымен қатар, ол жастарға әскери патриоттық тәрбие беру ісіне зор үлес қосты, алғашқы әскери дайындық пәнін оқыту жөнінде мол тәжірибе жинақтап, оны аудан көлемінде таратты, 1 – дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, 13  медальмен марапатталды.

     САРҚҰЛОВ Бақтыбай Мырзабекұлы ( 1925 ж.,№ 12 ауыл, Красномадьяр селолық советі, Жұрын ауданы, Ақтөбе облысы – 1991 ж.Ақтөбе) – ішкі істер қызметінде  болды. Ұлы Отан соғысына қатысты. Ақтөбе облысының Новоресей, Алға аудандарында милиция қызметінде болды. 1966 жылы Байғанин аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, кейін бастығы болды. Ауданда қоғамдық тәртіптің жақсаруына, жастардың  құқықтық тәрбиесінің жетілуіне үлес қосты, қоғамдық істерге белсене араласты. Зейнетке шыққан соң халық шаруашылығында заң кеңесшісі болып жұмыс істеді. Екі мәрте  «Ерлігі үшін» медалімен, «2-ші дәрежелі Отан соғысы» орденімен, басқа да медальдармен марапатталган.  

     САРМЕСОВ Таубай (1911 - 1986) – Аққолқа болысы Доңызтау елді мекенінде туған. Доңызтауда алғашқы құрылған 5 колхоздың біреуінде колхоз басқармасы болған. Ұлы отан соғысына қатысқан. Соғыстан кейін де көп жыл бойы колхоздарға басқарма төрағасы, басқарма төрағасының орынбасары болған. Одан әрі Еңбек Қызыл Ту ордені «Оймауыт» совхозында ферма басқарушы болып қызмет атқарған. Бірнеше жауынгерлік наградалармен марапатталған. 

     СӘДУОВ Орынбасар 1923 жылы Сарытоғай ауылдық кеңесінде туған. Орта білім алып, еңбек жолын колхозшы болып бастаған. 1941 жылдан 1946 жылға дейін Отан соғысына, Жапонияны талқандауға қатысқан. Соғыстан кейінгі жылдары бригадир, ферма меңгерушісі, жұмысшылар комитеті төрағасы болған. 1971 жылдан еңбек демалысына шыққанға дейін «Алтай» совхозында ферма меңгерушісі, осы совхоздың кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. «Қызыл жұлдыз» орденімен, медальдармен марапатталған. 2008  жылы  23 наурызда қайтыс болған.             

     СӘКЕБАЕВ Қалданғали (05.02.1921 – 04.11.2001) Байғанин аданының Тасқабақ  деген жерінде шаруа отбасында дүниеге келген. Жеті кластық білім алған. Армия қатарына 1940 жылы алынды. Әскери қызметін өтеп жүргенде, неміс фашистерімен соғыс басталады да, Сәкебаев осы соғыстың   басынан аяғына дейін қатысады. Әскери шені – аға сержант. Жауынгерлік қызметі үшін екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі ұшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін»,  «Будапешт, Прага қалаларын азат еткені үшін, Жуков» медальдарымен наградталған. Бейбіт еңбек жылдарында сауда саласында жұмыс жасайды. Шалқар ауданында, ауданымыздың Доңызтау, Жарқамыс, Көкбұлақ елді мекендерінде дүкен сатушысы, аудандық  тұтынушылар қоғамы басқармасының   қойма  меңгерушісі, № 163 кәсіптік-техникалық училищесі директорының шаруашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. 1973 жылдан 1984 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Кеңқияқтағы, Қарауылкелдідегі жұмысшыларды жабдықтау бөлімінің дүкен сатушысы болады.  Қазақ КСР кооперациясының Құрмет грамотасымен, «КССР кооперация үздігі» белгісімен, бірнеше медальдармен марапатталады

    
СӘРСЕНБАЕВ Бөпелек 1913 жылы «Құмкез» колхозының территориясында туған. Алғашқы серіктестіктер мен артельдерді құруға ат салысады. 1936-39 жылдары Орск-Гурьев мұнай құбырын салуға қатысады. Одан кейін «Құмкез» колхозында есепші болады. Ұлы Отан соғысы басталысымен майданға аттанады. Жаумен шайқаста ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетеді. «Үздік минометші» атанады. Соғыстың басынан аяғына дейін жорық  жолдарынан өткен Сәрсенбаев екінші және үшінші дәрежелі  «Даңқ», бірінші және екінші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және көптеген жауынгерлік медальдармен наградталған. 1946 жылы елге оралғаннан кейін Крупская атындағы колхозда ферма меңгерушісі, 1950-64 жылдарда «Баршақұм» колхозы басқармасының төрағасы, 1964 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін «Алтай» совхозының әртүрлі қызметтерін атқарады. Қарт жауынгер сексенінші жылдардың бас кезінде ауыр науқастан қайтыс болады.                

     СУҚАШЕВ Ідіріс (1921, Жетікөл, Ойыл ауданы – 30.01.1988) – ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастырушы, Ұлы Отан соғысының ардагері. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын (1969) бітірген. 1931-41 жылдары сауатсыздықты жою мектебінің мұғалімі, колхоз хатшысы, Жетікөл ауылдық кеңесі оқу үйінің меңгерушісі болды. 1941-1943 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, 39-шы Армияның 101-атқыштар бригадасы құрамында неміс-фашист басқыншыларына қарсы шайқасты.  Соғыстан кейін Ойыл ауданында кеңес, шаруашылық қызметтерінде болды, колхоз басқарды, 1963-1969 жылдары Байғанин ауданы «Байғанин» совхозының директоры қызметін атқарды. 1969-73 жылдары Ойыл  аудандық ауыл шаруашылық басқармасында жұмыс істеді. Суқашев І. – «Байғанин» совхозын алғаш ұйымдастырып, оның экономикасы мен мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосушылардың бірі, совхоз басшылығы қызметінде  өзін шебер ұйымдастырушы ретінде көрсетті. Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.

     ТАҒЫБЕРГЕНОВ  ӨМІРЗАҚ  (1917, Темір ауданы Бәшенкөл ауылы) – ауылшаруашылығы өндірісін ұйымдастырушы, партия, кеңес қызметкері. Темір қазақ орта мектебін (1939), Хабаровск әскери училищесін (1944), Алматы жоғары партия мектебін (1951) бітірген. Еңбек жолын 1939 жылы Байғанин ауданындағы Көкбұлақ орталау мектебінде мұғалімдікпен бастады. 1940 – 1946 жылдары КСРО Қарулы Күштері қатарында қызмет етті, Ұлы Отан соғысы майдандарында Батыс Украина, Венгрия, Австрия елдерін азат етуге қатысты. 1946 – 53 жылдары Байғанин ауданында партия, кеңес қызметтерінде болды, 1954 – 1958 Байғанин аудандық партия комитетінің Қарауылкелді МТС аймағы бойынша хатшысы, 1958 – 59 ҚКП Байғанин аудандық комитетінің хатшысы, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерінде болды. 1960 – 1980 жылдары "Жем" колхозы басқармасының төрағасы, "Сағыз" совхозының директоры, 1980 жылдан республикалық дәрежедегі зейнеткер. Ауданда тұңғыш рет қой өсіруші комсомол – жастар бригадасын ұйымдастырды. "Құрмет белгісі", "Еңбектегі ерлігі үшін", "Еңбекте үздік шыққаны үшін" медальдарымен марапатталған.  2005 жылы 14 наурызда қайтыс боған.

     ТАУШАНБАЕВ Бүркіт Қиқымбайұлы   (1923 – 16.10.1999) – Байғанин ауданының  Доңызтау елді мекенінде дүниеге келген. 1930 жылдан кейінгі ашаршылық жылдарында бір жанұядан апасы Үйрек екеуі аман қалған. Жеті жылдық мектепті бітірген соң, Ақтөбедері  ФЗО-ға түскен.  1942 жылдың қаңтарында соғысқа кеткен.  Ұлы Отан соғысында Россияны, Украйнаны, Венгрияны, Польшаны азат етуге қатысқан. Соғыста  бірнеше рет жарақат алып, госпиталда емделіп қайта соғысқа кіріскен.  Елге  1945 жылдың қыркүйек айында оралған.   Соғыстан кейін өзінің туған жері Байғанин ауданына келіп, ауыл шаруашылық  саласында жұмыс істеді. Қызылорда қаласының  ауылшаруашылық техникумын бітірген. 1961 жылы «Сельхозтехника» бірлестігін, 1964 жылдан аудандық «Казсельхозтехника» мекемесін басқарған.  1980 жылы сол мекеменің  экономисі  болып, 1986 жылы  зейнеткерлікке  шыққанша  жұмыс жасаған.  Ұлы Отан соғысы жылдарында екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Маршал Г.К. Жуков» медальдарымен , сондай-ақ  Ұлы жеңістің 30,40,50 жылдық мерекелік медальдарымен , «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен наградталған.

ТӘЖІҒҰЛОВ Ақжігіт 1919 жылы 5 мамыр күні дүниеге келген.  1938 жылы Темір ауданың педагогикалық училищесінің 1 жылдық курсын бітіріп, 1939 жылдан 1941 жылға дейін Жаңажол орта мектебінде оқытушы болып қызмет жасаған. 1941 жылы әсер қатарына алынып, Ақтөбе қаласында кіші командирлік курсын бітіргеннен кейін, сержант атағын алып қазақтын 101 дивизиясы құрамында Совет Одағы маршалы Роковский басшылық ететін Белоруссия майданында болып, 1942 жылдың қараша айынан бастап,  Ұлы Отан соғысына қатысты. Алғашқыда пулеметші болған. Ол бөлімше командир лауазымын атқарған, ұрыста ержүректігі үшін медальдармен мараматталды. 1942 жылы бірнеше немістерді қырып, желтоқсанда бір қолы жараланып, 1943 жылы  тағы ұрысқа қатысып немістерді барынша қырып, бір аяғынан ауыр жарақат алып 20 күн госпитальда жатып шығады. «Бұл жеңіс - Коммунистік партияның басшылығы арқасында халқымыздың қаһармандық ерлігінің, барлық ұлттардың тығыз топтасқандығының жеңісі» -  дейді ол. 1943 жылы соғысқа өз ниетімен барам деп, оны ауыр жарақатына байланысты армия қатарынан босатып ауылға келіп, оқытушылық қызметін әрі қарай жалғастырады. 1948-1950 жылдары  Ақтөбе педагогикалық  училищесін, 1951-1953 жылдары Шымкент облысы Сарыағаш ауданы Красин мектебінде директор оқытушы, ол жерден Жарқамыс ауылына көшіп келуіне байланысты Жарқамыс орта мектебінде  оқытушылық қызмет атқарады. Жарқамыстан қоныс аударуына байланысты  1954-1955 жылдан бастап, Жаңажол орта мектебінде оқытушылық қызметін атқарып  келді. 1961-1966 жылдары  Атырау (Гурьев)  педагогикалық  институтының  тарих факультетін сырттай оқып бітіріп, 1974 жылға дейін Жаңажол орта мектебінде  оқытушылық  қызметін атқарды. толығырақ...

     ТӘЖІҒҰЛОВ  ТОҚЖАН  1909 жылдың басында қазіргі Жаңажол ауылдық округіне қарасты елді мекенде кедей шаруаның отбасында туған. Сауатсыздықты жоюға арналып ашылған мектепте оқыған. Соғысқа дейін Буденный атындағы колхозда еңбек етіп жүріп, 1940 жылы СОКП мүшелігіне өтеді. 1942 жылы армия қатарына алынып, қысқа мерзімді әскери училищеге оқуға жіберіледі. Оны біргеннен кейін Уфа қаласындағы жаяу әскердің кіші командирлерін дайындайтын училищеде оқуын жалғастырады. Соғысқа І – Прибалтика майданы әскерлерінің құрамындағы 271 – гвардиялық атқыштар полкінің взвод командирі дәрежесінде кіреді. Соғыста екі рет жарақат алып, госпитальдарда емделеді. Елге гвардия кіші лейтенант дәрежесінде оралады да, бастауыш кластардың және дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып, Қаражар бастауыш мектебінде, Жарқамыс орта мектебінде жұмыс жасаса, 1963 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Қарауылкелді орта мектебінде мұғалім болады. Соғыста "Ерлігі үшін", "Германияны жеңгені үшін" медальдарын алады. Кейіннен екінші дәрежелі "Отан соғысы" орденімен, "Еңбектегі ерлігі үшін" медальдарымен наградталады. 1991 жылы ақпан айында қайтыс болады.

     ТӘЖІҒАЛИЕВ Көпбай 1926 жылы 10 қаңтарда Байғанин ауданының Жем өресінде дүниеге келген. Жарқамысқа 7 кластық білім алғаннан кейін №6 Көлтабан ауылдық кеңесіне қарасты «Қызыл ту» колхозында колхозшы болып еңбек етеді. Бұл Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан жылдар еді. 1944 жылдың қараша айында армия қатарына алынып, 1950 жылдың наурыз айына дейін қызмет етеді. «1941 – 1945 жылдардағы» Ұлы Отан соғысындағы «Ерлік еңбегі үшін», Кеңес Армиясының 30 жылдығы, Ұлы Жеңістің 50,60 жылдық мерекелік медальдарымен, «Соғыс ардагері» белгісімен марапатталады. Соғыстан кейінгі бейбіт жылдарда Байғанин аудандық тұтынушылар қоғамында ауыл шаруашылық өнімдерін дайындау конторында есепші, 1956 жылдан осы мекеменің бас есепшісі болып мінсіз қызмет атқарған. 1966 жылы «Сауда жүйесінің үздігі» белгісімен, сондай-ақ, 1990 жылы  «Еңбек ардагері» медалымен наградталады.

    
ТӘШЕНОВ  ЖҰМАБАЙ  (20.09.1925, Құтанкөл ауылдық кеңесі, Нөкіс қ. ҚҚАССР) – көрнекті қазақ жазушысы, драматург, киносценарист. Ата – бабасы, әке – шешелері Оймауыт, Доңызтауды жайлап өскен. Ташкент педагогика институтының тарих факультетін, осы институттың аспирантурасын, Өзбекстан КП Орталық Комитеті жанындағы Ташкент партия  мектебінің журналистика бөлімін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысты. Қарақалпақ АССР Жазушылар Одағы драматургия секциясының меңгерушісі, "Қызыл Қарақалпақстан" газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, редактордың орынбасары, "Амудария" журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағының консультанты, "Қазақфильм" киностудиясы сценарлық алқа мүшесі, "Жазушы" баспасында редактор, редакция меңгерушісі қызметтерін атқарды. Алғашқы өлеңдер жинағы 1944 жылы шықты, кейін проза және драма жанрларында көптеген әңгімелер мен повестер жазды. Қазақ оқырмандары оның "Жауынгер жолы", "Алғашқы айқас", "Қаратас", "Өтелген парыз" атты шығармалырын жылы қабылдады. Туындыларына адам тағдырын, жеке тұлға тәрбиесінің көкейтесті мәселелерін арқау етті. Ж.Тәшенов "Қазақфильм" студиясы түсірген "Ана туралы аңыз" көркем фильмі сценариінің авторы, бұл фильм көптеген шет елдерде көрсетілді, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Ж.Тәшенов "Тәжікфильм" студиясы түсірген "Қашқын" атты телевизиялық фильмінің де сценариін жазды, бұл туынды кезінде одақтық байқауда жүлде алды. Ол белгілі киносценарист И.Саввинмен бірге оннан астам пьесалар жазды, олар республикалық, облыстық театрлар сахналарында қойылды. Тәшенов Жұмабай А.Пушкин, М.Лермонтов өлеңдерін, Н.Некрасовтың "Орыста кім жақсы тұрады" поэмасын, В.Катаевтың, А.Фадеевтің шығармаларын қарақалпақ тіліне аударды. Қазақ тіліне өзбек жазушысы К.Рахмановтың "Келін" романын тәржімалады.

      Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлік ерлігі үшін Ташенов.Ж Қызыл Ту, І- дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапатталды, сондай – ақ Өзбек КСР және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің Құрмет грамоталарына ие болды.

     ТОҚБАНБЕТОВ  НҰҒМЕТ   (Нұғметулла)  (1914 жыл – Доңызтау, - 1980 жыл.) – Байғанин ауданындағы алғашқы мектеп мұғалімдерінің бірі. Ақтөбе педагогика училищесін, Ақтөбе мұғалімдер институтын тарих мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1932 жылы сауат ашу мектебінің оқытушысы болып бастады. Байғанин ауданының А.С.Пушкин атындағы, Жем, Қаражар, Жаңажол, Жарқамыс мектептерінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі болды. Сонымен қатар, Тоқбанбетов Нұғмет бірқатар колхоздарда партия ұйымының хатшысы қызметін атқарды. Ол 1942 – 1945 жылдары әскер қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Тоқбанбетов.Н "1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін", "Еңбектегі ерлігі үшін", "Еңбекте үздік шыққаны үшін" медальдарымен марапатталған.

     ТӨКЕШОВ  ЕСҚУАТ  1919 жылы қазіргі Қопа ауылдық округіне қарасты Ебейті мекенінде туған. Әке – шешесі "Құмкез" колхозының колхозшысы болған. 1937 жылы әкесі Төкешті НКВД – нің адамдары келіп "Халық жауы" деп ұстап кетеді. Ал Төкешов "халық жауының баласы мектепте болумен сиыспайды" деген желеумен мектептен қуылады. Қуғын көрген бозбала 1938 жылы Қарауылкелді МТС – інде трактористік мамандық алады да, еңбекке араласады. 1942 жылдың басында армия қатарына алынып, Ресейдің Тула қаласының түбінде соғысқа кіреді. Сөйтіп оның ұзақ та қатерге толы майдандық өмірі басталады. Кешегі "Халық жауының" баласы Кеңес Одағы деп аталатын ортақ Отанды қорғауда асқан ерліктің үлгісін көрсетеді. Майдандағы жауынгерлік істері "Қызыл Жұлдыз", екінші және үшінші дәрежелі "Даңқ" ордендерімен, "Ерлігі үшін" медалімен дәлелденеді. Фашистік Германия тізе бүкеннен кейін Кеңес Одағы Москвада Жеңіс парадын өткізуге дайындалады. Ленинград әскери округінің құрама полкінің сапында Төкешов те қадамдарын нық басып, Қызыл алаңнан өтеді. Бұл кезде оның қызмет еткен әскери бөлімі Қиыр Шығысқа қарай жол тартып кеткен еді. Өзімен бірге Жеңіс парадына қатысқан қарулас достарымен бірге ол өз бөлімін қуып жетуге аттанады да, онымен Байкал көлінің маңында табысады. Одан әрі милитаристік Жапонияның Квантун армиясымен шайқасқа қатысып, Қытайдың бірнеше қалаларын азат етуге үлес қосады. Оның  жоғарыдағы наградаларына Германияны жеңгені үшін, Жапонияны жеңгені үшін және басқа медальдар қосылады. Кейіннен екінші дәрежелі "Отан соғысы" ордені беріледі. Елге 1946 жылы оралып, бейбіт еңбекке кіріседі. Кезінде "Құмкез" колхозы мен сондағы бастауыш мектепке оның есімі беріледі. Бірақ ол партия көсемдерінің бірі Жданов атауымен алмастырылады.Төкешов Е.   жылдан бастап Сартоғай, Ащы ауылдық кеңестерінің төрағасы, Крупская атындағы, "Қазақстан", "Қопа" колхоздары партия ұйымының хатшысы, 1958 жылы соңғы колхозда басқарма төрағасының орынбасары болады. Крупская атындағы совхоз құрылған кезде (1965) осында бөлімше басқарушысы, кейіннен су шаруашылығының технигі болып құрметті еңбек демалысына шығады. Даңқты жерлесіміз Ақтөбе қаласында  2007 жылы маусым айында қайтыс болған.

     
ТӨЛЕГЕНОВ  НҰРДӘУЛЕТ  (1916 – 1987 Байғанин ауданы) – кеңес, шаруашылық қызметкері. Доңызтау өңірінде туған, бастауыш мектеп бітірген.  1937 – 1942 жылдары Жаңажол ауылдық Кеңесіндегі Осипенко атындағы колхозда есепші болып істеді. 1942 жылы әскерге шақырылады, Ұлы Отан соғысына қатысады. Соғыстан оралған соң КСРО Дайындау министрлігінің Байғанин аудандық өкілдігінде қызмет істейді. 1949 – 1951 жылдары "Ақжар" колхозы басқармасының төрағасы болып сайланады, кейін аудандық атқару комитетінде, қаржы бөлімінде қызмет істейді. 1959 – 1973 жылдары Жарқамыс тұтынушылар қоғамы басқармасының төрағасы, Жарқамыс селолық кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады. "Еңбектегі ерлігі үшін", "Еңбекте үздік шыққаны үшін" медальдарымен марапатталған.     

     
ТӨЛЕБАЕВ  ҚАЛДЫБАЙ  (1924 – 30.01.1999) Қаражар ауылында туған. Жастайынан еңбекке араласады. 1942 жылы Жем жетіжылдық мектебінде мұғалім. Сол жылы армия қатарына шақырылып, 235 – атқыштар дивизиясының құрамында взвод командирінің көмекшісі қызметін атқарады. Шайқастарда ауыр жарақатты болады. 1945 жылы елге оралғаннан кейін аудандық тұрмыстық қамту мекемесінің бастығы, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болады. 1957 жылы аудандық "Социалистік ауыл" газетінің жауапты хатшысы, кейіннен оның редакторы, 1953 жылы аудандық қаржы бөлімінің аға инспекторы, 1954 ж. аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, 1955 – 57 жылдары осы мекеменің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі  қызметтерінде болады. 1957 – 1959 жылдары аудандық "Жаңа өмір" газетінің редакторы, ал 1959 – 1963 жылдары Калинин атындағы колхоз басқармасының төрағасы болып сайланады. 1963 – 1965 жылдары Темір аудандық каржы бөлімінің аға экономисі, аудандағы "Сағыз" совхозының бас экономисі, 1965 – 1968 жылдары аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, 1968 – 1980 жылдары "Байғанин" совхозы партия комитетінің хатшысы, 1980 – 1986 жылдары аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі болып жауапты жұмыстар атқарды. 1986 жылы ұзақ еңбек демалысына шыққаннан кейін де ол ауданның қоғамдық өмірінен қол үзбейді. Аудандық ардагерлер ұйымының, аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы болып жұмыс жасайды. Қызмет жасаған жылдарында аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық кеңестің депутаты болып бірнеше рет сайланады. Төлебаевтың соғыс кезіндегі ерлік істері мен бейбітшілік жылдарындағы ерен еңбегі лайықты бағаланады. "Қызыл Жұлдыз", екінші дәрежелі "Отан соғысы" ордендерімен, "Ерлігі үшін" медалімен, көптеген юбилейлік медальдармен наградталады. 1973 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен, 1976 жылы "Ерлік еңбегі үшін", 1995 жылы тәуелсіз еліміздің жоғары наградаларын алғашқы алғандардың қатарында "Ерен еңбегі үшін" медальдарына ие болады. Қазақстан Журналистер одағының ауданымыздағы алғашқы мүшелерінің бірі Төлебаев.

     ТӨЛЕГЕНОВ Шамшадин  (1916 – 14.02.1966) – Байғанин ауданы Қарақоға ауылдық кеңесіне қарасты елді мекенде туған. 1937 жылы Жарқамыс мектебінен жеті кластық білім алады да еңбекке араласады. 1938 жылдан оқу үйінің меңгерушісі, ауылдық кеңестің хатшысы болады. 1942 жылы аудандық қаржы бөлімінің инспекторы болып жүргенде, армияға шақырылып, ІІІ Украин майданы құрамаларының сапында Ұлы Отан соғысына қатысады. Елге 1944 жылдың қараша айында оралып, ауданда бұрынғы қызметін жалғастырады. Одан әрі аудандық қаржы бөлімінің аға инспекторы, ал 1954 – 63 жылдары аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі болды. 1963 жылдың ақпан айынан өмірінің соңына дейін Темір аудандық қаржы бөлімінің учаскелік инспекторы қызметін атқарады. 1945 – 47 жылдары Жарқамыс кешкі партия мектебін бітіреді. Екі рет Ленинград қаласындағы қаржыгерлердің білімін жетілдіру курсына қатысады. «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», 1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы «Ерлік еңбегі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» медалдарымен наградталады. Аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық кеңестің депутаты болып сайланған.

     
ТӨЛЕНОВ  ӘШІМ  (1886 – 1975) Сағыз өзенінің бойындағы Жанбике деген жерде туған. Осы жерде отызыншы жылдардың бас кезінде серіктестік құрылып, кейін ол "Жанбике" колхозы атанады. Төленов осында серіктестік құрылған кезден еңбек етеді. Ұжымдық шаруашылықтың экономикалық жағынан нығаюына өзіндік мол үлесін қосады. "1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін" медалімен, 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағымен, екі рет Ленин орденімен наградталуы оның шын мәнінде еңбек майталманы болғанын дәлелдейді. Айталық, 1947 жылы ол 578 қазақы тұқымды саулықтан 776 қозы  алған. Мұның өзі аудан ғана емес, облыс көлеміндегі некенсаяқ көрсеткіштердің бірі болатын. Іріленген "Қазақстан" колхозының миллионер атануына осындай атпал азаматтардың елеулі ықпалы болғаны сөзсіз.

     
     ТӨРИН Құлдан (1914 – 21.02.2008) – Қопа селолық округіне  қарасты елді мекенде туған. Еңбек жолын  колхозшы болудан бастаған. 1936  жылдан майданға аттанғанға дейін сиыр фермасын басқарған. 1942 жылдан 1944 жылдың ақпан айына дейін Ұлы Отан соғысына қатысады. Ауыр жарақаталып елге екінші топтағы мүгедек болып оралады. Елге келген соң біраз жыл есеп қызметкері, одан әрі ұжымдық партия ұйымының хатшысы, кеңес қызметкері болады. Құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін Крупская атындағы совхозда сиыр фермасының меңгерушісі болып жұмыс жасаған. Көптеген жауынгерлік наградалармен, Еңбек  Қызыл  Ту орденімен марапатталған.

     
     ТУМЫШЕВ  МӘЖИТ  ТУМЫШҰЛЫ  (1915 – 1984) – білім беру ісін ұйымдастырушы педагог, ұстаз. Қазіргі Жаңажол селолық округі жерінде дүниеге келген. Ата – анасынан ерте айырылған. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының физика – математика факультетін бітірген (1950). Тумышев М 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап Қызыл Армия қатарында қызмет етті, 1942 жылдан Ұлы Отан соғысына қатысты, онда ол өзін ержүрек жауынгер, табанды командир ретінде көрсете білді, бірнеше рет жауапты тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, жаудан тұтқын түсіріп, құнды деректер жеткізді. Осындай ерліктері үшін Тумышев М Қызыл Ту, үшінші дәрежелі "Даңқ" ордендері және "Ерлігі үшін", "Будапешті алғаны үшін", "Праганы азат еткені үшін", "Германияны жеңгені үшін" медальдарына ие болды. Ол Ұлы Отан соғысы аяқталған соң Қиыр Шығыста, Монғол даласында, Үлкен Хинган асуында Жапон милитаристерін талқандауға қатысып, бұл жолы "Жапонияны жеңгені үшін" медалін алды, оған Жоғарғы Бас Қолбасшының алғысы жарияланды. Соғыстан орлаған соң Тумышев.М жоғарғы оқу орнын бітіріп, Ақтөбе педагогикалық институтында ұстаздық етті, физика – математика факультетінің деканы қызметін атқарды.

     ТҰҚЫБАЕВ  ЗӘЙТЖАН  (26.05.1925, Қызылбұлақ селолық округі) – есеп қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері. Жем, Қандыағаш мектептерінде оқыды, 9 класты бітірген кезде әскер қатарына шақырылып, 1941 – 1945 жылғы Ұлы Отан соғысына қатысты. Украинаны жаудан тазартып, Европаның бірқатар елдерін фашистік құрсаудан азат етушілер қатарында шайқасты. Елге оралған соң 1946 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін аудандық тұтынушылар одағында, банкте, оқу бөлімінде, коммунальдық кәспорындар және тұрмыстық қамту комбинаттарында, Қарауылкелді селолық кеңесінде есепшілік қызмет атқарды, сырттай оқып Ақтөбе кооператив техникумын бітірді (1967). Екінші дәрежелі "Отан соғысы" орденімен, "Ерлігі үшін", "Будапешті алғаны үшін", "Германияны жеңгені үшін" т.б. медальдарымен марапатталды. Тұқыбаев Зейтжанның Ұлы Отан соғысындағы ерлік істері жайында республикалық "Социалистік Қазақстан" газетінде "Еңіреген ер еді" тақырыбымен мақала жарияланды (26.01.1979. авт. Ақдосов.М).

     ТҰМАНШИН  ӘМИДАН  1920 жылы шаруа отбасында туған. Әке – шешесі серкітестіктің мүшесі болған соң ол да Ұлы Отан соғысына дейін әртүрлі жұмыстар атқарды. 1942 жылы майданға атанады. Елге оралғаннан кейін де "Құмкез" колхозында еңбек етеді. Ауданда колхоздар ірілендірілген жылдарда шопандық кәсіпті қолға алады. Бұл ісін ол "Байғанин" совхозы құрылған кезде одан әрі жалғастырып, осы сала бойынша Тұманшин қой шаруашылығын дамытудағы қомақты көрсеткіштері мен белсенді еңбегі үшін әлденеше рет марапатқа ие болады. Облыстың таңдаулы шопаны атанады. Ауылдастары оны облыстық кеңестің депутаты етіп сайлайды. 1966 жылы ол "Еңбекте үздік шыққаны үшін" медалімен наградталады.

     ТҰРЖАНОВ  ӘНЕС  (1909 – 1983) Жем бойындағы Тоғалай – Ащы деген жерде туған. Колхоз жұмысына ерте араласады. Ұлы Отан соғысына қатысып, елге мүгедек болып оралады. Өз өмірінің 42 жылын қой шаруашылығын өркендетуге арнап, "Қарауылкелді" совхозынан зейнеткерлікке шығады. Еңбек майданындағы жетістіктеріне орай "Құрмет белгісі" орденімен, аудандық, облыстық, республикалық грамоталармен марапатталады. "Мал шаруашылығының бірінші класс шебері" атағына ие болады.

     ТҰРЛИН  ИШАН  (1924 – 1988) қазіргі Қызылбұлақ ауылдық окрігінің аумағында Қаратас деген жерде кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Жем орталау мектебінен жеті кластық білім алған. 1942 жылы армияға алынып, Сталинград шайқасына қатысады. 1943 жылдың аяқ кезінде елге соғыс мүгедегі болып оралады. Елге келген соң Молотов атындағы колхозда есеп қызметкері болып жұмыс жасайды. 1950 жылы Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын техникумға түсіп, агрономдық мамандық алады. 1953 жылдан 1963 жылға дейін Жданов атындағы колхоз басқармасының төрағасы болады. 1963 жылы құрылған "Байғанин" совхозының № 2 бөлімшесінің меңгерушісі, ал 1975 жылдан осы совхозда агроном болып зейнеткерлікке шығады. Оның жауынгерлік наградаларына "Еңбекте үздік шыққаны үшін", "Тың жерлерді игергені үшін" және басқа да юбилейлік медальдар қосылады.

     
ТҰРЛЫБАЕВ  ӘБІЛӘКІМ  (17.10.1917 – 15.10.2004) -  Оймауыт өңірінде туған. Колхозшы болып жұмыс жасап жүргенінде, 1940 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылады. Одан әрі Ұлы Отан соғысы басталады да, ол осы соғыстың басынан аяғына дейін майданда болады. Үшінші Украина майданы құрамаларының сапында басқыншы жаумен шайқасқа түседі. Сталиград түбінен Европаның Вена қаласына дейінгі жорық жолдарынан өтеді. Майданда көрсеткен ерлік істері үшін гвардия сержант Тұрлыбаев "Қызыл Жұлдыз", екінші дәрежелі "Отан соғысы", үшінші дәрежелі "Даңқ"ордендерімен, «Ерлі үшін», "Сталинградты қорғағаны үшін", Будапешт, Вена қалаларын азат еткені үшін, Германияны жеңгені үшін медальдарымен наградталды. КСРО Қарулы Күштері Бас Қолбасшының әлденеше рет алғысына ие болады. Оның есімі соғыс кезінде майдандық "Совет жауынгері" газетінің арнаулы тілшісі болған, қазақтың белгілі ақын – жазушысы Әбу Сәрсенбаевтың "Жауынгер монологы" атты кітабындағы "Қираған қамал" деген әңгімесінде айрықша аталады. Артиллерист Тұрлыбаевтың немістің "Тигр" танкін дәл көздеп атып қиратқаны сөз болады.  Ол елге 1945 жылы күзде оралады да, бейбіт еңбекке араласады.  Бейбіт еңбекте «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен наградталады.

     ТҰРМАҒАМБЕТОВ  ӨТЕГЕН  (1918 – 1998) – шаруашылық қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Байғанин ауданының № 4 ауылдық кеңесі территориясында туған. 1941 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Орал қаласында жаяу әскер училищесін бітіреді. Сталинград майданында ұрыстарға қатысып ерлік көрсетеді. Тұрмағамбетов Ө "Александр Невский" орденімен, 2 – ші дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі рет "Қызыл Жұлдыз" орденімен марапатталды. Елге оралған соң Мұғалжар ауданындағы "Иличьев" совхозында ферма басқарушысы, Жұрын аудандық партия комитетінде қызмет істеді.

     ТІЛЕГЕНОВ  ҚАСЫМ  ӘБДІРҰЛЫ  (1919 – 1978 Байғанин ауданы) – ұстаз, Ұлы Отан соғысының ардагері, 1940 жылы Орал қаласындағы мұғалімдер институтын бітірді. 1940 – 1945 жылдары Жұмысшы шаруа Қызыл Армиясы (кейін кеңес Армиясы) қатарында қызмет етті, Ұлы Отан соғысына қатысып, бірқатар Европа елдерін неміс – фашист басқыншылары құрсауынан азат етушілер қатарында майдан жолдарынан өтті. Соғыстан оралған соң Байғанин ауданындағы мектептерде мұғалім болды, жиырма жылдан астам Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектебінде математика пәнінен дәріс берді. Бірнеше жауынгерлік наградалардың иесі.

     ҮРГЕШБАЕВ Омар (1906 – 1983) Қарабатыр ауылдық кеңесінің Қарасулы мекенінде туған. Соғысқа дейін колхозшы болған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Елге оралғаннан кейін «Қазақстан» колхозында, кейіннен «Қарауылкелді» совхозында қой бағып, бұл салада жоғары табыстарға ие болған. 1958 жылы Ленин орденімен наградталған. Одан әрі «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медальдарын алған.

     ҮРКІМБАЕВ Қазанбай (1888 - 1975) - әңгімеші, ауызша сатира жанрының шебері, айтқыш, соғыс және еңбек ардагері. Қазіргі Қарауылкелді селолық округі территориясында туып, өсті, бүкіл ғұмыры сонда өтті. Колхозшы болды, 1941 – 1945 жылғы Ұлы Отан соғысына қатысып, неміс – фашист басқыншыларына қарсы шайқасты. Елге оралған соң туған ауылында еңбек етті.            Үркімбаев Қазанбай – ел арасында айтқыштығымен, тапқырлығымен аты шыққан адам. Ол қоғам өміріндегі түрлі құбылыстарды зерделеп, оған өзінше баға бере алатын көкірегі ояу азаматтардың бірі болды. Өмірде кездесетін келеңсіз жәйттарды, адамдардың надандық, менмендік, дөрекілік, қытымырлық, даңғойлық сияқты ерсі мінездерін өзі шығарған қысқа да нұсқа әңгімелерінде мінеп, шенеп отырған. Әңгімелерінің көбінде өзі негізгі кейіпкер ретінде болып, лауазымды үлкен адамдармен түрлі жағдайларда кездесіп, оларға ұтымды уәж айтып отырады. Қазанбай әңгімелерінің юморы мол, тыңдауға жеңіл әрі қызық. Оның сөздері ел аузында жүр, ұмытылмаған.        Үркімбаев Қазанбай тапқыр, кез келген сұрақтарға ұтымды жауап тауып, мұқатқысы келгендердің өздерін оңдырмай сүріндіре алатын шешен де болған кісі.

     ҰЗАҚБАЕВ Құрман (1894 – 1962) Табын ауданының № 2 ауылдық кеңесіне қарасты елді мекенде туған. Жас кезінде байдың қойын баққан. Алғашқы ұйымдастырылған серіктестіктің, артельдің, кейіннен колхоздың мүшесі болып, еңбек етеді. Соғыс басталғанда еңбек армиясының қатарына алынып, елге соғыс аяқталған кезде оралады. Аудандағы мал дайындау конторында қой бағып, жоғары еңбек көрсеткіштері үшін 1948 жылы қазан айында Ленин орденімен наградталады. 1957 жылы «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалін алады.

    
ХАРИСОВ Зариф (1905 – Сахлаубаш деревнясы, Сарман ауданы, Татарстан. – 2.05.1992ж, Байғанин поселкесі.) – бағбан, шебер, фотограф, Ұлы Отан соғысы ардагері.         Қазақстанға 1940 жылы келіп, Гурьев – Қандыағаш – Орск теміржолының құрылысында жұмыс істеді, жол бойындағы станциялар мен разъездер құрылысында ағаш шебері болып, Қарауылкелді, Шұбарқұдық, Қалмаққырғандағы вокзалдарды, басқа да темір жол объектілерін салуға қатысты. 1942 – 1945 жылдары әскер қатарында алынып, Ұлы Отан соғысында неміс – фашист басқыншыларына қарсы шайқастардың бірінде жарақаттанып, 2 – ші топтағы мүгедек ретінде елге оралды да Қарауылкелдіні мекендеп қалды. 1945 – 1950 жылдары Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектепте еңбек пәнінің оқытушысы болды. Харисов Зариф – он саусағынан өнері тамған бесаспап, шебер болды, ол Қарауылкелді поселкесіндегі кезінде ауылға көрік берген ғимараттарды салуға қатысты, ауылдағы алғашқы фотограф болып, жастарды осы өнерге баулыды. Оның ауылды көгалдандыру ісіне қосқан үлесі зор. Өз үйінің айналасына декоративтік және жеміс ағаштарын, жидек бұталарын отырғызып, бақша екті, ауыл тұрғындарын үй маңына көкөніс егіп, тал отырғызуға үгіттеді, бұл шаруаны қалай жүргізу керектігін үйретті. Хрисов З. ауыл орталығындағы парктер мен саябақтарды орнатуға белсене қатысып, оны баптап, күту жөнінде пайдалы кеңестер беріп отырды, оның бұл еңбегін кезінде ҚКП Ақтөбе облыстық комитеті бірінші хатшысы Н.И.Журин жоғары бағалап, халыққа үлгі ретінде айтты. Харисов З. бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталды.

    
ХАРИСОВА Сағира (1924 – 1999) Татар АССР – ы Ворошилов ауданы Сахсовка деревнясында туған. Білімі тоғыз класс. Ұлы Отан соғысына дейін Харисовтар отбасы Қазақстанға, соның ішінде біздің ауданымызға қоныс аударған. Харисова 1943 – 46 жылдар аралығында қызыл армия қатарында болып, Батыс және Оңтүстік – Батыс майдандарында жауынгерлік жолдан өтеді. Әскери - әуе күштері бөлімінің құрамында зенитші, сондай – ақ, әскери фельдшер болып қызмет етеді. Жауынгерлік қызметі үшін ол көптеген медальдармен наградталған. Жолдасы Байғозин Көпжан да Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер, 2000 жылы ауыр науқастан қайтыс болған

    


ШАЛҚАРБАЕВ Қапиз (07.02.1921 – 10.10.1985) қазіргі Атырау облысы Сағыз елді мекенінде туған. Мектеп қабырғасынан 7 жылдық білім алған. 1942 жылы қаңтар айында армияға алынып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Сол жылы мамыр айында ауыр жарақатпен госпитальға түседі. Ұзақ емделіп, госпитальдан шыққан соң 1944 жылы қазан айында Севастополь қаласындағы әскери зауытта жұмыс жасайды. Елге 1949 жылы оралады да, қаракөл қой өсіретін совхозда әуелі есепші, кейіннен жәрдемші шопан болады. 1955 жылдан өз алдына отар алып бағып, «Сағыз» совхозының маңдай алды еңбеккері атанады. Қоғамдық мал шаруашылығы өркендетіп, өнімділігін арттыру жолындағы қажырлы еңбегі үшін ол 1964 жылы ақпан айында «Құрмет белгісі» орденімен наградталады. Сол жылы оның есімі Республикалық «Алтын құрмет кітабына» жазылады. 1965 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасын алады. 1966 жылы Ленин орденін омырауына қадайды және сол жылы март айында өткен Қазақстан Компартиясы ХІ съезіне делегат болып қатысады. 1985 жылы екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені тапсырылады. Шалқарбаевтың бұлардан басқа да мадақтаулары – юбилейлік медальдары, құрмет грамоталары, облыстан, ауданнан алған атақтары жеткілікті.

     ШАНОВ Бақи Ысмағұлұлы (1908 ж. Шалқар ауданы, №7 а. – 21.09.1981ж. Ақтөбе) – кеңес қызметкері. 1930 – 1941 жыдары білім беру саласында жұмыс істеді, 1941 – 1946 жылдары КСРО Қарулы күштері қатарында қызмет етіп, кейін партия – кеңес жұмыстарында болды. 1965 – 1969 жылдары Б.Шанов еңбекшілер депутаттары Байғанин аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Ол Байғанин ауданының қайта құрылған кезеңіндегі көптеген ұйымдастыру жұмыстарын басқарды, осы қызметте жүргенде 1967 жылы жетінші шақырылған Қазақ КСР Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланды. Кейін Б.Шанов Ақтөбе аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы қызметінен зейнеткерлікке шықты.

     ШАНОВ Орынбасар (9.02.1925, Қарауылкелді селолық округі, Байғанин ауданы) – сауда, кооперация саласының қызметкері, бухгалтер. Ақтөбе кооператив техникумын бітірген. Еңбек жолын Байғанин ауданы «Қарабатыр» колхозының есепшілігінен бастады (1941). 1943 – 1946 жылдары Кеңес Армиясының жауынгері. Ұлы Отан соғысында Ленинградты қорғады, Берлинді алу шайқастарына қатысып, рейхстагта өз қолтаңбасын қалдырды. Соғыстан келген соң Байғанин ауданының Теректі бастауыш мектебінің мұғалімі (1946 – 1947), Чкалов атындағы колхоздың есепшісі (1947 – 1951), Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектебі бухгалтері (1951 – 1954) қызметтерін атқарды. 1954 жылдан сауда саласында: Байғанин аудандық тұтынушылар одағы сауда базасының директоры, АТО басқармасы төрағасының орынбасары, Қарауылкелді совхоз жұмысшылар кооперациясы басқармасының төрағасы болды. Шанов О. аудан тұрғындарын сауда қызметімен қамту ісін жақсартуға қомақты үлес қосты. Ұлы Отан соғысындағы ерлік істері үшін ол «Жауынгерлік қызметі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталды, «Советтік тұтынушылар кооперациясының үздігі» белгісін иемденді.

     ШЕРНИЯЗОВ Мыңжасар (1923 ж.т. – Жарлы с. Темір ауданы) – ерекше маңызды бұрғылау шебері, геолог. Саратов мұнай – геологиялық барлау техникумын бітірген (1952). 1942 – 1945 жылдары әскер қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Неміс-фашист басқыншыларымен ұрыстарда үш рет жарақаттанды. Елге оралған соң «Ақтөбемұнайгаз-барлау» тресінде жұмыс істеді, 1954 – 1979 жылдары мұнай барлау  партиясын басқарған.     Шерниязов М. – мұнай-кен орындарын іздестіруде  табыстарға жеткен барлаушы-геолог. Ол 1959 жылы Кеңкияқтағы алғашқы мұнай  фонтанын атқызушылардың бірі болды, ал 1972 жылы  Байғанин паселкесінен  15 км жерден 980 м тереңдіктен мұнай-кен орнын  ашты. Шерниязов М. – 1952 жылы Байғанин ауданының Жамбыл атындағы колхозының  жеріне бұрғы салып, 650 және 675 метр тереңдіктен тұщы суы мол екі құдыққазып, тұрғындардың алғысына бөленді.  Оның жауынгерлік ерлігі 2-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Варшаваны азат еткен үшін» , «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен атап өтілді, ал бейбіт кезеңдегі табыстары үшін  «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «КСРО барлау ісінің үздігі» белгісімен, Қазақ КСРО Жоғарғы Кеңес Құрмет  грамоталарымен марапатталған.  Оның есімі ҚКСР Геология  министірлігінің Құрмет кітабына жазылған.

    
ШОНАЕВ Қопай (17.11.1926 – 14.07.1996) №9 ауылдық кеңесіне қарасты Қаражар селосында дүниеге келген. Қаражар орталау мектебін бітірген. 1943 жылы ақпан айында армия қатарына шақырылып, 1944 жылы мамыр айының соңында тікелей ұрысқа қатысады. Екінші Балтық, үшінші Беларусь майдандарының құрамында болған 417 – атқыштар дивизиясының 78 – атқыштар полкінің құрамында мерген болып қызмет атқарады. 9 ай бойы алдыңғы шепте жүріп, екі рет жеңіл жарақат алады, ал үшіншісінде ауыр жараланып госпитальға түседі. Осы жарақаты бойынша екінші топтағы соғыс мүгедегі атанып 1945 жылғы мамырда елге қайтады. Майдандағы қызметі үшін екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, Германияны жеңгені үшін медалімен наградталады. 1945 жылдан бері қарай «Қызылбұлақ» колхозында есепші, Ақши ауылдық кеңесінің хатшысы, кейіннен осы кеңестің төрағасы, аудандық су шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Жамбыл атындағы колхозда партия ұйымының хатшысы болады. 1957 – 60 жылдары Шымкент қаласындағы облыс аралық партия – кеңес қызметкерлерін даярлайтын мектепте оқып, агроном мамандығын алып шығады. Ал 1960 – 65 жылдары СОКП Орталық Комитеті жанындағы сырттай оқитын жоғары партия мектебін бітіреді. 1960 жылдан бастап «Қопа» колхозында партия ұйымының хатшысы, одан әрі осы колхоз басқармасының төрағасы, ал 1966 жылғы ақпан айынан 1987 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болады. Еңбек еткен жылдарында ол үш мәрте «Еңбектегі ерлігі үшін», екі мәрте «Еңбекте үздік шыққаны үшін» және «Тың игергені үшін» медальдарына ие болады.

     ШЫҢДАУЫЛОВ Байман Сасырауұлы 1925 жылы Байғанин ауданының Қаражар ауылында туған. Абай атындағы орталау мектепті бітіріп, «Ақши» колхозында есепші болады. 1943 жылы март айында армияға алынып, Ұлы Отан соғысына қатысады. 1944 жылы ауыр жарақат алып госпитальда  емделеді. Елге оралады. «Ақжар» колхозының есепшісі болып бейбіт еңбекке араласады. 1945 жылдан Жарқамыс ауылдық кеңесінің хатшысы, «Мәдениет» колхозының есепшісі, аудандық мемелекеттік банктің қызметкері, кейіннен осы мекеменің бас есепшісі, ауыл шаруашылығын жабдықтау мекемесінің бас есепшісі «Жем» колхозының есепшісі қызметтерін атқарады. 1965 жылы Темір қаласындағы ауыл шаруашылық техникумының бухалтерлік бөлімін бітіреді. 1967 жылдан «Алтай», «Байғанин» совхоздарында ферма есепшісі болады. Ұлы Отан соғысындағы  жауынгерлік қызметі үшін орденмен, бірнеше жауынгерлік медальдармен наградталған.

     ІЗБАСОВ Жабас (1902 – 1984 ж.ж.) – Ұлы Отан соғысының ардагері. Ақтөбе облысының Байғанин ауданында туған. 1941 – 1945 жылғы Ұлы Отан соғысында Воронеж түбіндегі, Сталинградтағы, Курск доғасындағы неміс – фашист басқыншыларына қарсы шайқастарға қатысты. Украинаны, Белоруссияны, Польшаны азат етушілер қатарында болды. Соғысты немістің Штральзунд қаласында аяқтаған. Соғыстан кейін Ақтөбе облысының Алға ауданында, «Ақтөбеқұрылыс» тресінде әр түрлі қызметтер атқарды. Ұлы Отан соғысындағы ерлік істері үшін 3 – дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және АҚШ – тың Күміс Жұлдызымен марапатталған   

                               МӘЛІМЕТТЕР «Байғанин ауданы» энциклопедиясының электронды  жазбасынан алынды.
(2003, 2008жылдары )