Ленинград блокадасына қатысқан теңіз тарланы Елтоқ Сәрсенбаев.


Видеоны жақсы сапада көру үшін видео ойналып жатқан кезде "Настройки" менюін таңдап, сосын "Качество" қалыбында "720p HD" видео сапасын таңдаңыз.



Сәрсенбаев Елтоқ Сәрсенбайұлы  (21.01.1924-27.04.1999)

Қарабатыр ауылдық кеңесіне қарасты мекенде шаруа отбасында туған. Әке-шешеден жастай жетім қалып, балалар  үйінде тәрбиеленеді. Әуелгі кезде облысымыздағы Қонжар балалар үйінде болса, кейіннен Москва облысындағы Вологда губерниясының балалар үйіне ауыстырылады.
Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқылардың қатарында Кеңес армиясының Балтық теңіз флотының қатарына түседі. Ол бірден Ленинград майданы құрамаларының сапында болды. 260-дербес әскери-теңіз десанттық бригадасының жауынгерлері қоршауда қалған Ленинград қаласын қорғап,  1944 жылы сол қоршауды бұзған кескілескен шайқастарға қатысады. Одан әрі Сәрсенбаевтың майдандық жолы Балтық жағалауындағы республикаларды азат етуге жалғасып, соғысты Шығыс Пруссия жерінде аяқтайды. Бірақ оның әскер қызметі елуінші жылдардың бас кезіне дейін созылды. Матрос Сәрсенбаев «Ленинградты қорғағаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен наградталды.  1965 жылы  9 мамырда Ленинград қаласының «Құрметті азаматы» атағы беріледі. Оның суреті осы қаланың орталық әскери-теңіз мұражайында ілінеді. Көзі тірісінде оған Жеңіс күніне орай Ленинград қаласының басшылығынан, аталған мұражай ұжымынан құттықтау хаттар келіп тұрды. Елге оралғаннан соң әртүрлі салаларда еңбек етті. Кейіннен Алматы қаласында өрт сөндіруші мамандар даярлайтын арнайы курстан өтіп, 1967 жылдан зейнеткерлікке шыққан 1985 жылға дейін өрт сөндіру командасының аудандық бөлімшесінің бастығы болды. Елтоқ Сәрсенбайұлы халық арасынан шыққан емшілердің бірі, оған алыс-жақыннан сырқат адамдар келіп қаралатын еді. Шипасы тигендер оны әрдайым ілтипатпен еске алып отырады.





Теңіз тарланы

Март айының алғашқы күндерінен бастап-ақ ауа райы кенет жылынып, көктемнің самал желі есе бастады. Қыс бойы жауып бораған қалың қардың көбесі сөгіліп, дамылсыз еріген қар суы сай-салаға сарқырап құйып жатыр. Осыдан он бес жыл бұрын отырғызылған ағаштар бүршіктеп келеді. Жинақы киінген, толық денелі, от көзді, дөңгелек қара торы жігіт ағасын осы ағаш арасында кездестірдік. Ол қолына ұзын сапты күрек ұстап, еріген қар суын ағаш түптеріне бағыттап тұр екен. Оның  ширақ қимылына, бет-әлпетіне қарап, жасының елуді еңсеріп, алпысқа арқа тосқан егде адам екендігін байқау қиын. Біз жасы үлкен, өмірден түйгені мен көрегні мол абзал ағамен әңгімелесіп, қара ағаш пен көк тал көмкерген ұзын бөрене бойына отырдық.
     - Әке-шешеден ерте айырылдық. Сол кезде туған-туыстар алғашқы кезде өз қамқорлықтарына алып, кейіннен Қонжар балалар үйіне тапсырыпты. Олар «Жас теңізшілер» мектебіне ауыстырды. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын»дегендей туған елге жеңіспен оралған шақта отырғызылған тал еді-ау, - деп мәуелеп өскен ағаштарға көз тастады да, ел басына түскен соғыс жылдарындағы қиыншылықтарды еріксіз есіне оралтты.
      Ленинград даласын неміс фашист басқыншылары қоршап алды. Туған жердегі соғыс зардабы, басқыншылардың  мейірімсіздігі жауынгерлердің зығырданын қайнатып, өшпенділікті күшейте түсті. Біздің соғыс кемелерінен құрылған теңізшілер тобы Ладого көлінде еді бұл кезде. 1941 жылдың соңғы айлары болатын. Қардай борап, жаңбырша жауып тұрған оқ астында теңізшілер тобы ұзындығы тоғыз, неі бір километр көл үстінен темір жол тартып, қару жарақ, азық-түлік және жараланған жауынгерлерді ары-берлі толассыз тасымалдады. Ал көктем шығысымен мұз еріп, темір жол су астында қалды. Вагон есігінен судың ішке кіруіне қарамастан тасымал жұмыстары тоқталған жоқ. Ол тарихқа өмір жолы болып енді. Ленинград түбінде қансырай соққыға жығылған жау енді шегінсе де күш жинап, қорқау қасқырдай ызыланып, қайта ұрысқа аттанды.
   1943 жылдың октябрь айының 28-інде №260 теңіз десанттық соғыс кемелерінен құралған теңізшілер бригадасындағы үш барлаушыны взвод командирі аға лейтенант Василий Николаевия Гретцев шақырып алды. Олар аға теңізшілер Владимир Ивановия Котов, Александр Петрович Киреев және үшіншісі мен едім.
- Владимир Иванович Котов жолдас,  сіздің басшылығыңызбен Александр Петрович Киреев, Елтоқ Сәрсенбаев жауынгерлік тапсырма орындауға тура келеді. Демек, бүгін түнде барлауға барып «тіл» әкелесіздер деп нақты тапсырма берді де, сәт сапар тіледі...
...Түн. көзге түртсе көрінбейтін қараңғылық. Сонда да тасталған снярдтар мен атылған оқ легі толастар емес. Ол көпке бармады, біраздан кейін тыныштық құшағына енді. Жобалау  бойынша күндіз көрінген жау бекінісіне таянып қалдық. Түнгі екі жарымда жау шебіне келіп жеттік. Күні бойы толассыз оқ атқан пулеметтің тұрған жері де жақын қалды. Біздер өте сақтықпен қимыл жасауға дайындалып, пулемет жанында  жүрген күзетшіге тап беріп күзетші солдаттың басын плащпен жауып, дыбысын шығармай қолға түсірдік.
    Таңғы самал есіп тұр. Сағат алтыдан кете взводқа келіп жеттік. Басшымыз Котов кезекші капитан Сорокинге берілген жауынгерлік тапсырманың орындалуы жайлы рапорт берді. Сөйткенше болған жоқ, үш офицер келіп, әлгі неміс солдатынан жауап алды. Ол  1915 жылы туып,  1942 жылы әскер қатарына алынған Юганес Вилле деген неміс солдаты екен. Барлық соғыс құпияларын баяндап берді. Осындай ерлігіміз үшін үшеумізге де теңіз десанттық бригадасының командирі алғыс жариялап  «   » медалымен наградтады.
Ол үнсіз отырып қалды да Ерекең әлден уақыттан кейін: Міне жігіттер менің Ленинград түбінен басталған жауынгерлік жолым Штетин қаласынан аяқталды, - деді ол – манадан бергі сол ұзақ жолғы көп ұрыстың тек бір түнгі оқиғасы. Сонан бері отыз жыл болыпты...
Сонау балауса шағында өмір мен өлім белдескен отты шайқасқа қатысып, бепте-бет келген ажалды хауіптен аман қалған Елтоқ Сәрсенбаев армия қатарынан оралып, алғашқы кездерде Шымкент, Жамбыл облыстарында бейбіт еңбекке араласып, соғыстан зардап шеккен халық шаруашылық жұмыстарын қалпына келтіруге ат салысты.
-         Бұрын ауыл азаматтары ағаш отырғызуға көңіл бөлмейміз екен – деді.
Ерекең енді әңгімесін басқаға ойыстырып, үй іргесінде ағып жатқан бөгет суы сарқылмас қазына екендігін айтты.
         Аудандық өрт сөндіру командасының бастығы, отты жылдардағы теңіз тарланы Елтоқ Сәрсенбаевтың омырауындағы ордендер мен  медальдарға қазіргі балауса жас ұрпақтар сүйсіне қарайды. Мерекелі күндері мектеп оқушылары мен №163 Байғанин атындағы орта кәсіптік-техникалық білім беру училищесінің курсанттарымен кездесу өткізді. Жас ұландар ардагер ағаның еңбек жолы мен жауынгерлік даңқына еліктейді.
                            
                                                        Қ.Досқұлов
                                                                            Ақтөбе (Коммунизм жолы) газеті 





Сапарда түйген ой
         
     Соғыс  ардагерлеріне деген құрметті қай жерде де сезініп жүрміз ғой. Енді екі жылдан кейін ТМД елдерінің  азаматтары, бүкіл прогресшіл халық Ұлы Отан соғысының 50 жылдығын тарихтағы үлкен оқиға ретінде атап өтеді. Жастық  кезеңіміздің жалындап тұрған шағын жұтып жіберген сол бір сұрапыл соғыс жылдарын еске түсірсем, төбе шашымызды тік тұрғызғандай оқиғалар көз алдыма келеді. Әскери – теңіз флотында қызмет еттім. Еліміздің басына ауыр күн туғанда қолға қару алып жаумен шайқасқанымыз күні кешегідей есімде.
         Ленинград блокадасы. Бұл айтуға ғана жеңіл. Өлім мен өмір беттескен өте қиын кезеңдер тарих бетінде жазылып қалды. Аштық пен суықтың тұтқыны болған Ленинград қаласы қоршауда қалды. Сырттан келетін азық-түлік қатынасы үзілді. Сонда да болса, қаһарман қаланың тұрғындары Отан үшін өлімге де пейіл болып, фашист басқыншыларына қарсы тұрды. Қасық қаны қалғанша соғысып, нағыз ержүректіктің үлгісін көрсете білді. Ладога көлі арқылы атан қырылуға айналған халыққа аз да болса азық-түлік жеткізудің әрекеті жасалды. «Өмір жолы» саналған осы мұз боп қатқан көлдің үстімен жүрген көліктердің қозғалысын қамтамасыз етуімізге тура келді. Сөйтіп, көптеген адамдардың тағдырын шешу біздің үлесімізге тигенін мақтаныш сезіммен айта аламын.
Алдағы жылдың шілде айында Вологда қаласында әскери қызметте жүрген балам Рүстем Сәрсембаевқа барып келуді ұйғардым. Ресейдің осы қаласы Мәскеуге де, Ленинградқа да бірдей қашықтыққа орналасқан. Мен соңғы жолды таңдадым. Қолымда Ұлы Отан соғысы ардагері ретінде берілген қос құжатым бар. Ақтөбе аэропортына келіп, құжаттарымды көрсетіп, жеңілдікпен самолетке билет алуға бардым. Кассир қыз билетті дайындап берді де, онымен қоса берген ақшамның бәрін қайтарды. Менің таң қалғанымды сезді ме, кассир сол бойы түсінік берді:  - Ағай, сіз әлі білмей жүрген жоқсыз ба? Ленинград майданына қатысушы ретінде сіз жыл сайын кез-келген жерге тегін барып қайтуға құқыңыз бар, - деді. Бұл не деген құрмет?  Көңілімді  қуаныш кернеп, көп толқыдым.
Содан Ленинград қаласына келіп, поезбен Вологдаға қарай жол тарттым. Теміржол Ладога көлінің жағасымен біршама жүреді екен. Ойыма өткен жылдар оралды. Осы көл арқылы бірнеше миллион халқы бар қалаға тіршіліктің тынысы келіп, қырғыннан аман қалуына мүмкіндік туды. Ақыры қайсарлық пен қаһармандық үстемдік құрып, жау қоршауды тастап, шегінуге мәжбүр болды. Қаһарман қаланың ерлік істері дүниежүзіне тарады. Ой үстінде келе жатып, енді ондай жойқын соғыстың бетін әрмен етсін деп тіледім. Келесі күні аман-есен баламмен қауыштым. Әскери бөлімшенің командирлерімен кездесіп, өзімнің басымнан кешкен жорық жолдарымды әңгіме еттім. Бәрі де үлкен ынта қойып тыңдады. Үлгілі қызметі үшін балама сержант атағын беріпті.
Қайтар жолда Ленинградтан Астрахань қаласына ұшып шықтым. Тағы да тегін билет. Қия көкпен самғап келеміз. Қайда болсам да сый-құрметтен кенде болғаным жоқ. Осы үшін тағдырыма ризамын. Бар тілегім – елдің тыныштығы. Адамдардың аман-саулығы. Баянды бейбітшілік үшін қолдан келгеннің бәрін жасау – адамзат атаулының абыройлы борышы бола берсе екен.
                                              Елтоқ Сәрсенбаев 
                                       Ұлы Отан  соғысының  ардагері 
(«Жем-Сағыз» газеті)
  




ЕЛТОҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ.
Жел айдаған қаңбақтай өз ошағынан еріксіз ажыраған қаршадай қара баланың бастан кешкендері

  Әке-шешеден ерте жетім қалған Елтоқтың жақындары 8-9 жастағы тұлдыр жетімнің келешегін  ойлап, оны Темір ауданыңдағы Қонжар  балалар үйіне тапсырады. Арада бірер жыл өткенде ол Мәскеу облысы Вологда қаласындағы балалар үйіне ауыстырылып, осындағы «Жас теңізшілер» мектебінде оқиды. Бұл жерде жетім балаларға кәсіптік бағдар сабақтары берілетін. Тағдырлары ұқсас құрдастарының ішінде өкіметтің көжесін ішіп, алаңсыз оқып жүрген қара баланың аяқ астынан тағы бір өзгеріс болды. Бір күні  түн ортасында директор ұйықтап жатқан балаларды оятып сапқа тұрғызды. Оның жанында басында үлкен  далабайы бар, ұзын шекпенді бейтаныс адам бар. Қолындағы шамымен саптағы балалардың бетіне үңіліп қарап Елтоқтың жанына клгенде ұзын шекпенді «мына қара баланы» деп қолынан жетектей жөнелді. Алды-артына қарамай, жан-жағына бұрылмай асыға басып қақпадан шыққан бейтаныс баланы жетектеген күйі өз үйіне келіп бір-ақ тоқтады. Ол осы маңдағы шіркеудің иесі болатын. Осылайша айналасына өте сыйлы, мейірман, жұмсақ мінезді әкей Елтоқты өз қамқорлығына алды. Балаға «есіміңді, тегіңді өзгертпей-ақ қой, тек әкеңнің аты деген тұсқа – Разимович деп жазайық» деп, шіркеу попы оны «Разимович» деп атайды. Жағдайы жақсы, жүгіріп жүріп әкейдің бар жұмысына жәрдемдеседі. Шіркеуді ашып-жабуды үйреніп алды, ішін тазалайды. Мектебінен де қол үзбейді. Көп сөйлемейтін әкейдің «адам қай дінді ұстағысы келсе де өз еркі, бірақ Жаратушының жалғыз екенін ұмытпа» деп айтқаны баланың өмірбақи есінде сақталып қалған. Бірақ  шіркеу иесінің жанындағы жайлы өмір ұзаққа бармады. Арада екі-үш жыл өткенде әкей кенет қайтыс болған соң,  Елтоқты балалр үйіне қайта тапсырды. Бұл жолы жетімдер үйіне Ильток Разимович сарсенбаев болып кірді.
1941 жылы соғыс басталғанда 17 жастағы Елтоқ еріктілер қатарында майданға өзі сұранған. Сұңғақ бойлы, шымыр денелі, орысша жақсы сөйлетйтін бозбала бірден әскери теңізшілер қатарына алынып, майдан жолы Ленинград қоршауына түсті.
-         Жау құрсауындағы Ленинградтың сыртпен қатынасы үзіліп, тек қаланың шығысындағы ладога көлімен аштан қырылыуға айналған халыққа аз да болса азық-түлік жеткізудің амалы табылды.  Теңізшілер жаңбырша жауған оқтың астында жүріп, ұзындығы 9, ені 1 шақырым мұз үстінен теміржол тартып,  вагонмен қару-жарақ, азық-түлік жеткізді. Жаралы жауынгерлерді тасымалдады.ауыр салмақтан мұз жарылып, су вагон есігінен ішке кіре бастағанда да бір сәт кідірмедік. Кейін соғыс тарихына осы жол «Өмір жолы» атауымен енді. Әрі осы көлдің үстімен жүрген автокөліктердің қауіпсіздігін де қамтамасыз еттік, - дейді Елтоқ.
   18 жастағы Елтоқ 1942 жылдың 22 желтоқсанында «ленинградты қорғағаны үшін» медалін кеудесіне тағып, аға матрос қатарына ілікті. Аға матрос Елтоқ теңіз кемесінде, теңіз жаяу әскері қатарында су да, құрлық та да соғысуды үйреніп, нағыз ысылған жауынгерге айналды. Балтық елдерін фашистерден тазартуға қатысты, әсіресе Кенисбергті алуда үлкен ерлік көрсетті. Соғысты әскери теңіз кемесінде Шығыс пруссияда аяқтады.
    Соғыс аяқталса да  20 –дан енді асқан жігітті басшылық босатпай Ленинградта біраз дайындықтан өткізіп, Қиыр Шығысқа жіберді. Онда Сахалин, Курил аралдарындағы  әскери кемелердегі жас матростарға оқу-жаттығу сабақтарын жүргізді. 1950 жылы ған үйіне қайтуға рұқсат берілді. Елге табаны тиген Елтоқ әуелі Жамбыл, Шымкент  облыстарында құрылыста жұмыс істейді. Аштық жылдары тағдырдың айдауымен Ресейге кеткен жас бала Отанына оралғанына өте қуанышты еді. Бірақ туған түтінінің әйтеуір Ақтөбе облысының бір жері екенін еміс-еміс білетін ол осы жаққа баруға бел буады. Пойызда өзі сияқты бір майдангермен жолығып, жөн сұрасқанда оған ауылының нақ Ақтөбенің қай жері екенін ұмытқанын, оны күтетін әке-шешесінің жоқтығын, ет жақындарынан аштық жылдарында ешкім қалмады –ау деген уайымын айтады. Елтоқтың әңгімесін үзбей тыңдаған бейтаныс бетіне үңіле қарап, әкесінің атын сұрайды.  «Сәрсенбай» деген жауапты естіген ол :
-         Қарағым-ай,сен біздің ауылдың баласы екенсің ғой.бәсе көзіме ыстық болып көрініп едің. Туған жерің  - қазір Нұрпейіс Байғаниннің атындағы аудан. Айтпақшы ауылда сенің Ақмайжан деген апаң тұрады. Бағытың дұрыс. Торықпа  бәрі жақсы болады, әлі жассың,.-дейді ағалық кеңеспен.
   Ауылға келіп еңбекке араласады. Аудандық өрт сөндірушілер мекемесін басқарды. Әскери тәртіп пен ұқыптылығының арқасында Елтоқ осы жұмыста да абыройға бөленеді. Ауданның белгілі азаматы атанды. Бес баланың әкесі. Сөйтіп, аштық жылдары сөнген Сәрсенбай әулетінің ошағы қайта маздады. 1985 жылы  Жеңістің 40 жылдығында аға матрос Елтоқ Сарсенбаевқа «Отан соғысы» ордені тапсырылды. Сол жылы зекйнеткерлікке шыққан ол, 1999 жылы 75 жасында өмірден озды. Бүгінде Елтоқ шаңырағын кенже ұлы Бекарыс ұстап отыр.

                                                              Рысжан Ілиясқызы .Қазақстанның
                                                            еңбек сіңірген  мәдениет қызметкері
Ақтөбе қаласы

«Жас алаш» газеті, 2015жыл -5 наурыз