Ерте есейген өмір


         27 миллион  адамның өмірін жалмап, мыңдаған қалалар мен он мыңдаған деревняларды күл-қоқыстың үйіндісіне айналдырған алапат соғыстың аяқталғанына да жарты ғасыр уақыт өтіпті.
    Тарих үшін көзді ашып жұмғандай уақыт болғанмен адам өмірі үшін 50 жыл аз уақыт емес. Солай бола тұрса да балалаық шағымыздың куәсі болған осы сұрапыл нәубеттің тылдағы көріністері күні кешегідей көз алдымда елестейді.
Ойлап отырсам, 1935-1933 жылдары дүниеге келген ұрпақтың өмірі одан ілгері немесе кейінірек туғандардан ерекше сияқты. Бұл ұрпақ туа сала 1933 жылдың қазақ халқын қырып салған ашаршылығына тап болды. Одан кейін ойынмен, қызықпен өтетін балалаық бал дәурені қанды соғыстың ауыртпалық жылдарымен тұстас келді. Бала болып, ойын қызығын көрген жоқ. Ал,ұзақ жылдар еңбек етіп енді еңбегінің зейнетін көретін шақта тағы да жоқшылық пен қымбатшылыққа душар болды. Бұл кезең өтер де, заман түзелер де, бірақ бозторғай қой үстіне жұмыртқалаған мамыражай заманды қазіргі 60-тың үсіне шығып кеткен адамдардың қаншасы көріп, қаншасы көрмейтінін бір Алла ғана білетін  шығар.
    Бірді айтып, бірге кетіппін. Айтайын дегенім, соғысқа қатысып, қабырғадан қан кешпесек те, елде жүріп етігімен су кешкен ұрпақпыз. Етік демекші, бізде ол кезде етік деген болған жоқ. Бозала таңда тұрып, жұмысқа кетіп бара жатқанда жазғы шақ пен күзгі қыраудағы жалаң аяқ ізің сәскеге дейін сайрап жататын.Аш құрсақ,жалаңаш-жалпы жүріп, 10-13 жастағы балалар сол кезде әйелдер мен қарт адамдарға қолқабысты, сүйеу болды. Соқаға шөп шабатын, машинаға жегілетін өгіздерді айдады. Сүйреткімен шөп тасыды, шөмеле салды. Қол орақпен егін орып,қырманда астық бастыруға қолқабыс жасады.  Түске дейін 2-3 сабақ оқып, қалған уақытында класымен масақ теруге баратын. Біздің жинаған әрбір дәніміз жауға ататын бір-бір оқ деп түсінген балалар аңызда бір де масақ қалдырмауға , неғұрлым көбірек жинауға тырысатын. Сол кездегі 12-13 жастағы балалардың ерен еңбегі мен түсінігі қазіргі 20-25 жастағы жігіттерден әлде қайда жоғары еді. Соғыс оларды ерте есейтіп, ересектер қатарына ерте қосты.
    Соғыс аяқталғаннан кейін де қол-аяғы балғадай әскердегі азаматтар елге сау ете түскен жоқ. Келгендері бірен-саран, ал бірқатары жараны тезірек жазу, бүлінген шаруашылықты қалпына келтіру үшінде балалардың еңбегі пайдаланылды. Бұл айтып отырған себебім – Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында соғыс кезінде тылдағы адамдардың еңбегі ескерілетін болса, балалардың еңбегі де (1932-1933ж.туғандар) атаусыз қалмас еді.

О.Ыхласұлы. Жарлы селосы
            «Ақтөбе» газеті,
1995ж-21 қаңтар