Өмір өткелдері


   Бала кезгі арман көп еді. Айтты-айтпады не, соғыс бәрін өзгертті. Сонау сағымдай бұлдыраған алыс шақты естелік шерткен ақ шашты  ардагер қария терең күрсінді.
   Иә, Ұлы отан соғысының  өрт-жалыны  бейбіт елді шарпыған сонау бір сұсты кезеңде, өзінің мыңдаған құрбы құрдастарындай , бұл да тез есейді. 1939 жылы  Тұрлыбаев Әбіләкім Қызыл армия қатарына алынды. Ол Батыс әскери округінің  Беларусь жерінде әскери міндетін өтеп жатқан кезде  1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Ұрысқа  тұңғыш рет  Гомель облысының  Бобрунск жерінде қатысты. Содан 1942 жылы  3 Украин майданының  333 дивизиясының  318 гвардиялық артиллерия полкінде Сталинградты азат ету ұрыстарына қатысып, сонда ерлік көрсеткені үшін «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен наградталды. Бір айтып өтетін жағдай  сол соғыс кезінде 3 Украин майданында  «Совет жауынгері» газетінің тілшісі  болған  Әбу Сәрсенбаевтың «Жауынгер монологы» деген кітабында  және «Қираған қамал» атты мақаласында Әбіләкімнің  жаудың «Тигр» танкісін қиратқан ерлігі туралы баяндалған. Осы Украина жеріндегі ерлігі үшін «Ерлігі үшін» медалімен және «Қызыл Жұлдыз», ал Дунайды азат ету кезінде ІІІ Дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды.
   Ә.Тұрлыбаев артиллерия бөлімінің құрамында  Украина, Молдавия, Румыния, Болгария, Югославия, Венгрия, Австрияны жаудан азат етуге бастан аяқ қатысты. ҰЛы Жеңісті қаруластарымен бірге  Австрияның  астанасы Вена қаласында қарсы алды. Тіршілік атаулыға қауіп төндірген  соғыс қасіретін түгел сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Дегенмен Әбіләкім атаның жеке мұрағатында  сақталып, сарғайған құжатарындағы  сараң деректерге үңілсек, сын сғатта қолына қару алған ерлер мен  бірге Әбіләкім Тұрлыбаев та етігімен су кешіп, қар-мұз жастанып жүріп, қан майданның алдыңғы шебінде әскери антқа адал болды. Жан жақтан қардай бораған оқ пен лапылдаған оттан дүниенің астан-кестен шыққанын, қанды көйлек жодастарының аларат майданда қыршын кеткенін көзбен көрді. Бейбіт елдің тыныш өмірін ойрандап, шаңырақтарды шайқалтып, талай тағдырға  танбасын салған сұм соғысты  басынан өткерген  жанға, сол зұлматты еске алудың өзі орасан ауыр сын. Соғыс жылдарында ерлік көрсеткені үшін Гвардия сержанты Әбіләкім Тұрлыбаев ІІ Дәрежелі Қды отан соғысы орденімен және бірнеше медалдармен марапатталды. Сондай-ақ Алғыс хаттары  мен мақтау қағаздары ондап саналады..Өзі туып өскен өңірге Әбіләкім тек 1946 жылы ғана ғана  қайтып оралды.1952 жылға дейін колхозда еңбек етті. Ал, 1952 жылдан 1977 жылға дейін пошта саласында  қызмет жасады. 1977 жылы зейнет демалысына шықты. Жеңіске жеткізген азаматтардың сын сағаттағы  елдік рухы  дейді ардгер. Отан үшін шейіт болған  ерлерін тірілер ұмытпауы тиіс. Сол соғыстың ащы сабақтарын кейінгі ұрпақ ұмытпай қымбатқа түскен  бейбітшілікті  көздің қарашығындай  қастерлей білуі керек. Тәуелсіздіктің  баянды болуы үшін әрбір ұрпақ алаңсыз оқып, еңбек етіп, өсіп өнуі тиіс. Тек тыныштық болсын.
     Өмір өткелдерінде  небір сыннан өтсем де, ризамын. Қазір сол көрген бейнетімнің  зейнетін татып отырмын дейді қарт зейнеткер. Қарт майдангер өзінің талай  жылдар сақтаған  суреттерін столға  жайып, әр суреттің тарихынан сыр шертеді. Ардагер естелігін  тыңдай отырып,, кешегі жауынгердің  жас ұрпақ үшін  сұм соғыстың тек  тарих болып қалуын қалайтынын ұқтым. Өткенге салуат, болашаққа  ғибрат» боларлық тағылымды тарих.

К.Әубәкіров.
     «Жем-Сағыз», 8 мамыр 2003 жыл