Жауынгер мұғалім

Жауынгер мұғалім

     Бейбіт өмірдің құшағында жатқан ауыл көрінісі жас ұстаз Көпбайдың көңіліне ерекше  әсер беріп, оның ой арманын әлдеқайда жетелей түсті. Осындай жаздың жарқын күндерінде мектеп үйінен шыққан жас шәкірттердің қуанышқа толы әсем күлкісі естіледі. Ұстаздық өмірдің қызығы менқиындығы мол алғашқы  сәттеріне енді-енді аралас бастаған жас ұстаздың арманы жас ұрпақтарды тәрбиелеп, оларға сапалы білім беру болатын. Өмірден көрген-білген жақсылық атаулыны  оқушы санасына  құйып, әсерлі етіп айтып беруші еді. Осының бәрін 1941 жылдың 22 июні күні елімізге фашистік Германияның опасыздықпен жасаған шабуылы бұзды да кетті. Кәмелетке жаңадан ілігіп, ұстаздық жолды енді бастай бергенде Көпбай Нұрғазин аудандық соғыс комиссариатына өтініш жасап, майданға жіберуді сұрады. Бұл 1942 жылдың аяқ кезі болатын. Қолға қару алып, туған елді қорғауға аттанған аласа бойлы балаң жігіт әскери өмірге тез араласып кетті. Дұшпаннан кек алу жолында Сталинград, Украина майдандарына кіріп, жаумен бетпе-бет кездескен кездері Көпбайдың есінде мәңгі сақталады.
     Бірде оны взвод командирі, майор Челиков шақырып алып, жау шебінен «тіл» әкелуді тапсырды. Бұл өте жауапты сын еді. Қасына орыс жігітін ерткен Көпбай тапсырманы  орындау үшін сай-жыраны тасалап жөнеле берді. Міне, олар жау жақ бетке де өтті. Енді өте сақтық керек. Сәл дыбыс беріп қимылдасаң, аңдыған жаудың оғы кеудеге қадалары қақ. Кенет екеуі үш фашистпен бетпе бет кездесіп қалды. Өмір үшін жанталас басталып кетті.Бірақ қоян қолтық айқас ұзаққа созылған жоқ. Әдіс пен айланы батыл қолданған екі барлаушы үш фашисті байлап алды да бөлімшеге әкелді. Оның осы сапардағы көрсеткен батылдығы мен ерлігін бағалап «Ерлігі үшін» медалімен наградтады. Көпбай мұнан кейінгі шайқастарда да сыннан сүрінбей өтіп, әлденеше жауынгерлік тапсырмаларды мүлтіксіз орындады.
     Еловайск станциясы үшін болған шайқаста Көпбай Нұрғазин окоп ішінде фашистермен бетпе-бет келді. Ол тапқырлықпен шапшаң қимылдап үш жау солдатын келмес сапарға жөнелтті. Бөлімше станцияны жаудан лезде тазартты. Осы қолма-қол шайқастан кейін армия генералы Толбухин жауынгерлермен кездесіп, оларға алғыс жариялады. Оның ішінде Көпбайдың да есімі бар еді. Соғыстың қаһарлы күндерін бастан кешкен Көпбай жаумен айқастарда шынығып, есейді. Әсіресе соғыстың соңғы кездерінде жанталаса қорғанған фашистерді өз ұясында талқандау оңайға соқпады. Осындай сынаулы, жауапты кезеңдерде жауынгер К.Нұрғазин алдыңғы сапта  болып, талай ерлік істер көрсетті.  Соғыс аяқталғаннан кейін елге оралған Көпбай өзінің бұрынғы мамандығы мұғалімдік қызметін қайта жалғастырды. Қазір ол ауданымыздағы ең тәжірибелі ұстаздардың бірі. Жас ұрпақтарды тәрбиелеп, білім беруде Көпекеңнің үлгілі істері көпшілікке аян. Көпбай бақытты семьяның басшысы, қадірлі әке.                                  

                                                                                           А.Айтбаев.
                   Комсомолдың ХХХ жылдығы атындағы орта мектеп.
« Ленин туы» 1975 жыл