Жерлестердің дерегін білетіндер бар ма?



Жерлестеріміздің дерегін білетін бар ма?

    Кешегі өткен Ұлы Отан  соғысында ауданымыздың бас көтерген азаматтары майданға аттанып, еліміздің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін басқыншы жауға қарсы шайқасты.  Жүздеген аяулы жерлестеріміз  болашақ ұрпақтың бақытты  өмірі үшін жанын қиып, ұрыс даласында мәңгіге қалды. Аман қалғандары туған елге Жеңіспен оралды, бейбіт еңбекке белсене араласты, ұрпақ өсірді. Қазір бастарын қырау шалған мұндай ардагерлер партия мен үкіметтің, қалың жұртшылықтың қадірменді адамдарына айналды.Бүгінгі таңда аудандағы селолық Советтердің барлығында да майдангерлер есебі алынуда. Әрине сау-саламат жүргендердің арасында ұмытылған ешкім  жоқ. Ал майданнан оралмағандардың деректерін жинауда біраз істер тындырылды.Алайда,бұл бағытта әлі де іздестіру шаралары жетіспей жатыр-ау деп ойлаймыз. Өйткені мерзімдік баспасөздерде дерексіз кеткен жауынгерлерді іздестірген материалдар аз жарияланып жүрген жоқ.
    Тағы бір айтарымыз: көбіне соғыс басталғаннан көбіне соғыс басталғаннан кейін армияға алынғандардың  есебі алынатын  сияқты. . Ойлап қарасақ ,Отан алдындағы міндеті борышын  өтеуге соғыстан  бұрын шақырылғандар да ба ғой. Олар армияда қызмет етіп жүріп,  бірден алғы шепке  аттанды ғой. Олай болса, майдангер-желестер туралы материал жинағанда . бұл жұмысты ең алдымен, ауданымыздан Қызыл Армияға алғашқы шақырылғандардың дерегін алудан бастаған жөн сияқты.
    «Ешкім де ұмытылмайды, еш нәрсе де  ұмытылмайды» деген игі дәстүрге сай аудан совхоз орталықтарында Ұлы Отан соғысынан оралмағандарға ескерткіш орнатылды.  Кей жерлерде олардң есімдрі тасқа ойылып жазылды. Осы мен іс бітті деуге бола ма? Әрине болмайды.
    Біріншіден арамыздан кеткен жерлестеріміз әлі де түгел  болмауы мүмкін. Екіншіден, аудан орталығында ескерткіш мемориал салу ойластырылуда. Сондықтан да селолық  советтер, аудандық ардагерлер Советі, мектептердегі «қызыл ізшілер» іздестіру жұмысын жан-жақты өрістетуі керек сияқты. Кезінде біздің ауданның  азаматтары Темір аудандық әскери комиссариаты арқылы алынды. Демек жерлестеріміздің толық  тізімін алу үшін әркімнің есінде  қалғандарды сұрағаннан гөрі осы комиссариаттың  архивін пайдаланған жөн. Сонда әрісі 1938,1939,1940 жылдарда шақырылыған да табылары сөзсіз.
    Біздің бұлай деуіміздің бір себеі: жақында аудандық комиссариатқа төрт адамның дерегін іздестірген қатынас қағаз келген. Оны СССР Қорғаныс министрлігінің Кадрлар Бас басқармасы жіберіпті.. Іздестірудің мақсаты –бұл жерлестеріміз ерлігімен көзге түсіп, Отан наградаларына ие болған. Бірақ әртүрлі себептермен бұл наградаларды алмаған Солардың бірі – аға сержант Байдавлетов Азамат Назарұлы 1920 жылы туған;  ВКП (б) мүшесі. Бұл кісі армия қатарына  біздің Табын ауданы болып тұрған кезде шақырылған.Іздестіру қағазында ауданның атауы осылай жазылған. Ал, бұл атау 1940 жылға дейін қолданылып келгені белгілі. Сондай-ақ, ол кезде  әскери комиссариаттар да басқа ұлттың өкілдері жұмыс жасаған сияқты. Соның салдарынан документтерді толтырғанда адамдардың аты-жөні басқаша жазылуы мүмкін. Жоғарыда Байдавлетоытің Байдаулетов екеніне ешкім  дау туғызбаса керек. Мұндай өзгешелік төмендегі адамдардың аты-жөнінде де кездеседі. Біз оларды қатынас қағаздағы күйінше келтіріп, қажеттісіне өзімізше түсінік береміз. Бір айта кететін жай: бұлар Байғанин ауданы кезінде шақырылғандар.
    Сонымен, қызыл армияшы Байжанов Әшімбай 1900 жылы туған, партияда жоқ, №3 ауыл  Советиі, «Қызылбұлақ» колхозы.
    Қызыл армияшы Сабуров Сахруба Кстаубай .1893 жылы туған. № 5 ауыл Советі. Бұл кісінің фамилиясы  -Сабыров болуы заңды, бірақ атына түсінбедік. Қыстаубай әкесінің аты болған жағдайда, орысша жазбада неге Кстаубаевич болып жазылмағаны түсініксіз.
   Қызыл армияшы Бакджанов Машарифа. 1913 жылы туған, ВЛКСМ мүшесі, №8 ауыл Совет. Фамилиясы Бақытжанов қой, ал, есіміндұрыс немесе бұрыс жазылғанына пікір айту қиын.
    Қалай болғанда да бұл жерлестеріміз. Ең қуаныштысы сол – бұлар бізге жарты ғасыр белгісіздіктен батыр болып оралып отыр.  Енді олардың ұрпақтары, тума-туыстары табылып жатса, қандай ғанибет болар еді! «Өлгені тірілді» деген осы емес пе!
    Сөз соңында газет оқырмандарына өтініш. Іздеу салынып отырған жауынгерлер туралы мақаланы  қарт адамдарға оқып беруді естен шығармаңыз. Аяулы азаматтарды біреу білмесе, біреу білер. Ал, нақты мәліметті табылып жатқан жағдайда оны Байғанин аудандық әскери комиссариатына мәлімдеуді ұмытпаңыз. Семьясының мүшелері, тума-туысы болса, әскери комиссариатқа тікелей жолығуға болады. 

Т.Құлынбаев.
    аудандық газеттің арнаулы тілшісі, «Ленин туы»
     1989 жыл 22 май