Жауынгер жолы

ЖАУЫНГЕР ЖОЛЫ

     Өткен жылғы жаз айының  жайма шуақ күндерінің бірі болатын. Совхоз орталығындағы шағын бақ ішін аралап келеміз.  Қазақстанның 50 жылдығы атымен аталған бұл бақтағы ағаштар қазір төңірегіне мол сая салып, тұлғалана түскен. Оның бұтақтары бірі-бірімен астасып, жапырақтары күлтелене төгіліп тұр. Біз сом денелі, отты көзді, дөңгелек қара торы   жүзіне  қою буырыл мұрты жарасқан жігіт  ағасын осында кездестірдік. Ол қарулы қолдарымен ұзын сапты  кетпенді мыти ұстап, жүлге-жүлгемен баяу аққан суды әр ағаштың түбіне бағыттап жүр. Оның қазіргі түр-тұлғасына, ширақ қимылына қарап жасының елуді еңсеріп, алпысқа таянғанына сену қиын. Жасы үлкен ағамен жүзбе-жүз кездесіп әңгімелесуге жетелеген сонау сұрапыл отты жылдарда өткен жауынгерлік ерлік жолдарына деген құштарлық еді. Біз «Ұлы Отан соғысының  қазақстандық батырлары» атты кітаптағы минометттің қарауылын нысанаға дәлдеп тұрған пилоткалы жас жауынгер мен осы сәтте алдымызда тұрған егде адамның іздерінен  ұқсастық іздейміз. Сурет те қолымызда,  оның астына «Н бөлімшесіндегі миномент расчетының көздеу шебері шебері кіші сержант Бөпелек Сәрсенбаев» деп жазылған.     Міне, біз бақ ішіндегі қара ағаш жапырақтары   көмкерген ұзынша орындық үстіне жайғастық. Бөкең кетпенін алдына сүйеп қойып, ойлы да жанарлы көздерін бір нүктеге қадай отыра, байсалды қоңыр дауысымен әңгіме желісін сабақтай бастады.
    ...Днепр. Орыстың  ұлы кәрі өзені төңбекши аунап, баяу ағады. Туған жердегі соғыс зардабы жанын сыздатқандай ауыр қозғалады. Біздің минмент батареямыз орналасқан қалың орман жиегіндегі ашық алаңқайға қарсы өзеннің арғы жағындағы жау шебі. Командованиенің бұйрығы бойынша көп ұзамай әскерлер Днепрдің арғы бетіне өтуі керек. Минометшілер алдына қойылатын  қойылатын міндет айқын. Ол –арғы жағаға таяу жердегі үлкен төбе басына бекінген жаудың негізгі күшін талқандап, қалың жаяу әскерге жол ашу.
     Осыдан бірер ай бұрын  Сталинград түбінде қансырай соққыға жығылып, енді шегініп келе жатса да жау жаралы қорқаудай ызалы еді. Совет әскерлерінің тұтқиылдан жасайтын шабуылдарынан запы болған фашистер аса сақ қимылдайды.Біз алдағы шабуылға, әдетте, күндізгі жүргізілген барлаудан кейін, түн қараңғылығымен дайындаламыз.Украин даласының мақпалдай қою қараңғы түнінде шебімізді алмастырып, миноменттерімізді дұшпанның талмау тұсына нысаналап қоямыз. Шабуыл сағатын тағатсыздана күткен осындай түндердің бірінде мені батарея командирі шұғыл шақыртып алып: «Сержант Сәрсенбаев, бүгін таң қараңғылығында алғы шепке шығатындардың ішінде сенің  де расчетың болады. Сақадай – сай әзір тұрып, белгі күтіңдер»,деді. Айтқандай-ақ таңғы сағат 5 кезінде Днепр үстіндегі қою тұманды ракеталардың ақ жолақ жолдары тіліп-тіліп өтті. Сол-ақ екен, таңғы тыныштықты зеңбіректер мен миноменттердің гүрсілі бұзды.
    Біздің расчеттардың дәлдеп атқан оғы жаудың жақыннан ататын зеңбіректері мен пулемет дзоттарының бірінен соң бірінің үнін өшіре бастады. Осы қолайлы шақты күтіп отырған біздің бірінші батальонның жаяу әскері Днерпге лап қойды. Жау ракеталарының жарығымен Днепр үсті күндізгідей жарқырап кетті кетті. Олар біздің жауынгерлерді арғы бетке өткізбеуге тырысып бақты.  Бірақ зеңбіректер мен миноменттерден түйдектеле үсті-үстіне атылған оқ оларды бас көтертпеді. Біздің әскерлердің тегеруірінді шабуылына шыдай алмаған  жау қарсыласудан еш нәтиже шықпасын сезіп, төбені тастап, атыспен қорғана қашуға мәжбүр болды. Сөйтіп түске жетпей –ақ төбе біздің қолымызға көшті. Осы ұрыста ерлік көрсеткен көптеген жауынгерлер үкіметіміздің жоғары наградаларына ұсынылды. Олардың ішінде  мен де бар едім. Көп ұзамай омырауыма бұрынғы екінші дәрежелі Отан соғысы мен Қызыл Жұлдыз ордендеріне қоса үшінші дәрежелі Даңқ ордені тағылды. Біз осылайша кідіріссіз алға басумен Житомирді жаудан азат еткеннен кейін Австрия шекарсынан өттік. Енді алда Вена қаласы тұрды. 1944 жылдың аяқ шенінде осы Вена түбінде болған ұрыста ауыр жараланып, госпиталға түстім...
      Әңгіменің  осы тұсына жетіп, үнсіз темекі тұтатқан Бөкең, қою түтінді будақтата шығарып:
           – Міне, балалар, менің қан майдандағы Сталинград түбінен басталған жауынгерлік жолым осы жерде аяқталды – деді ол. 
             – Жаңағы сендерге айтқаным бір ұрыстың ғана оқиғасы..
        Сонау жалындаған жас шағында өмір мен өлім белдескен отты щайқасқа қатысып, талай бетпе-бет келген ажалдан аман қалған Бөкең елге келісімен бейбіт еңбекке араласып, соғыс салдарынан жүдеген шаруашылықты қалпына келтіруге ат салысты. Ол алғашқыда бригадир, сонан соң «Қазақстан», Крупская атындағы колхоздардың басқарма председателі болды. Одан кейінгі жылдары осы «Алтай» совхозында жауапты жұмыстар атқарды.
    Соңғы бірнеше жылдан бері жасының ұлғайғандығынан емес, соғыс салған жараның салдарынан денсаулығы сыр бергендіктен, онда да  ауылдастары  мен үй ішінінң қолқалауымен ,осы бағбандық жұмысқа ауысқанды. Қыста да қарап отырмай құрылысқа қажетті қамыс шауып, жақын отарлардағы малшыларға көмекке барады.
-      Бұрын мән бермейді екенбіз, - дейді Бөкең, енді әңгімесін басқа арнаға бұрып, - іргемізде  сылаң қағып ағып жатқан Сағыз, мынау суы сарқылмас артезиан құдықтары тұрып, бүкіл аылымыз болып бір тал ағаш екпегенімізден артық салғырттық жоқ екен. Енді, міне , қараңдаршы, жанның рахаты, ауыл-үйдің сәні емес пе! Қазір ауылдың кәрі-жасы қалмай үйлерінің маңына ағаш егеді, бау-бақша өсіреді. Қарасаң көз қуанады.
    Біз абзал ағаның әңгімесін тыңдай отырып, осынау сәнді, рахат тіршілігімізді жоқ етіп, мәуелі бақ орнына ажал екпекші болған қанды балақ гитлрешілерді құртқан Бөкең сияқты ерлердің енді бейбіт өмірдің бағбаны болғанын мақтан етеміз.
    Оның өңіріндегі ордендер мен медалдарға өзінің бүгінгі бақытты ұрпағы сүйсіне қарайды. Олар аталарымен жиі кезджесіп, оның ерлік  шежіресін тыңдаудан жалықпайды. Біз  Бөкеңнің  қарапайым да, жігерлі, мейірімді жүзінен өшпес ерлік белгісін көргендей боламыз.
                                                                
Н.Айымбетов. 
 Байғанин ауданы
   «Коммунизм жолы» газеті,
1973 жыл, 2 март