«Даңқ» ІІ-ІІІ дәрежелі орденінің иегерлері Нұржігіт Әбішев, Құрмаш Наурызбаев, Ұлқабай Бердібаев


                                                                                                 ӘБІШЕВ НҰРЖІГІТ  

     ӘБІШЕВ Нұржігіт (12.03.1915, Жарқамыс ауылы, Байғанин ауданы) – соғыс және еңбек ардагері, Ұлы Отан соғысына қатысушы. Колхозда, №5 мұнай айдау кәсіпшілігінде жұмыс істеген, 1942 – 1945 жылдары әскер қатарында болып, елге оралған соң ауыл шаруашылығы саласында әртүрлі қызметтер атқарған. 1975 жылдан құрметті демалыста. Әбішев Нұржігіт Ұлы Отан соғысында ерлік үлгісін жасаған жауынгерлердің бірі болды. Ол Сталинград Курск, Орел, Харьков, Киев, Белая Церковь, Житомир, Тернополь, Львов қалаларын, Польшаны, Чехословакияны неміс басқыншыларынан тазартуға қатысып, қиян – кескі ұрыстарды басынан кешірді, майдандағы шайқастарда табандылық, шыдамдылық пен қайсарлық көрсетті. Ұлы Отан соғысындағы ерлік істері үшін ол 2 - және 3 дәрежелі «Даңқ», 2 – ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Праганы азат еткені үшін» т.б. медальдармен марапатталды. 2004 жылы 9 қыркүйекте қайтыс болған.                         
                             («Байғанин ауданы -75 жыл»  энциклопедиясы Ақтөбе, 2003- 115б)
                                                   


                             МАЗАСЫЗ КҮНДЕР; ҰЙҚЫСЫЗ ТҮНДЕР

     1943 жылдың март айында Ростов облысының солтүстігіндегі Матвеевка Курган деген  қалаға қарай  ауыр да қиын сапар шектік. Қардың еріп, жер бетінің лайсаңданып жатқан кезі. Машинаның жеткіліксіздігінен зеңбіректі атқа сүйретіп, жолға шықтық. Ат өте күйсіз. Зеңбіректі зорға тартып келеді. Өрге қарай жүргенде  сайға түсіп немесе батпаққа  батқан кезде өздеріміз итеріп,шығаруға жәрдем береміз. Бұл кезде Матвеевка  Курганда үлкен шайқас жүріп жатқан болатын. Біздің 302 дивизияның мақсаты совет жауынгерлеріне жәрдем беріп, фашистерге қарсы  қарулы күш көрсету еді.
     Арада үш-төрт күн өтті. Жүрісіміз өнетін емес. Ешқандай ұйқы жоқ. Әбден қалжырауға айналдық. Қайта –қайта қалғи бергесін зорға сүйретіліп зеңбіректен ұстап келе жатқан едім. Бір кезде колонна кілт тоқтай қалыпты. Оны стволға  бетімді соғып алғанда  бір-ақ білдім. Сол түні бір селоға  келіп орналастық.  Жер қазып, зеңбіректі жаумен шайқасуға әзірледік. Батареяның командирі дивизия командирінен барып хабар әкелу үшін жұмсады. Толассыз жаңбыр жауып тұрды. Түнгі сағат онда қараңғы түнде жүріп, бағытты ажырата алмай дивизияның командирін таба алмай  қайтып келдім. Өте қиын жағдайда едім. Бірнеше күннен бері ұйқы көрмегендіктен әбден қалжырадым. Келгеннен кейін қолыма карта сызып беріп, қайта жұмсады. Түнгі сағат екінің кезі. Орман шетіне келіп, жан-жағымды шолып, біраз қарап отырсам, маған қарсы келе жатқан екі адамның сүлбесін көрдім. Өзара жайлап сөйлесіп келеді. Сөздері құлаққа жат, тұсініксіз. Жаныма таялып келе бергенде «Халт, хенде хох» деп автоматымды кезеніп ұшып түргелдім. Сол сәтте біреуі  жанұшыра қашып, сайға түсіп кетті. Екіншісі қолын көтеріп тұра қалды. Қасына тастаған мылтығын алып, алдыма салдым да кейін қарай батареяға алып келдім. Бір кезде төқта деген қатқыл дауыс шықты. Өздеріміздің адамдарымыз екен. Өздеріміз болғанда іздеп келе жатырған дивизияның командирі болып шықты. Барлық хабарымды айтып, командирдің тапсырмасын алып штабқа оралдым. Тұтқын немісті де бірге ала келдім. Тексере келгенде ол жаудың барлаушысы болып шықты. Бізге пайдалы көптеген мәліметтер берді.
     Ол кезде зеңбіректе наводчик едім. Бір-екі сағат ұйықтап, тынығып, ертеңіне ұрысқа шықтық. Зеңбірекпен дәл көздеп дұшпанның екі дзотын және екі машинасын жойдым. Бір атыс пуктін қиратып, мергендік көрсеттім. Сол ерлігіме орай «Батылдығы үшін»медалімен наградталдым. Бұл тек қана сонау төртжылға созылған сұрапыл соғыстың үш-төрт күн ішінде болған оқиғаның ірі еді.
                
            Н.Әбішев.
                                Ұлы Отан соғысының ардагері.
                              «Ленин туы» ,1975 жыл





     Нұржігіт Әбішұлы –кешегі сұрапыл соғыстың барлық ауыртпалығын бастан кешіріп, елге жеңіспен оралған, қанды шайқастарда көрсеткен қаһармандығы үшін ерекше марапатқа ие болған майдангер.
     1915 жылы Жем бойында, қазіргі Жарқамыс ауылында дүниеге келген. Соғыс басталғанға дейін колхозда әртүрлі жұмыс жасады. Кейіннен № 5 мұнай айдау кәсіпшілінде  қойма меңгерушісі болды. 1942 жылы 1 қаңтарда прмия қатарына алынып, Орынбор облысының Сарочинск қаласында № 193  дивизияның құрамында артиллерия батареясында қызмет етті. Осы жылғы май айында  Брянск бағытындағы ұрысқа кірді. 1942 жылы желтоқсан айының соңына дейін Сталинград шайқасында болып, одан әрі Қалмақ даласын көктей өтіп, Котельниковск қаласын жаудан босатты. Осы ұрыс сәттерінің  бірінде немістің бір барлаушысын ұстап әкелгені үшін, «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. 1943 жылы 6 иньде  әйгілі Курск иініндегі шайқасқа қатысады. Харьков, Киев, Житомир қалаларын жаудан тазартты. Тернополь қаласын алған кезде Біздің дивизияға Тернополь атағын берді. Одан әрі Львовты алып, Польша жеріне қадам басып, бұл елдің Краков қаласын жаудан азат етті. Шабуыл бағыты Карпат тауларына қарай бұрылды. Осы ұрыстарда жасаған қызметі үшін «Даңқ» орденін алды. Ал Чехословакияны неміс басқыншыларынан азат еткені үшін Екінші Дәрежелі «Даңқ» орденімен және «Праганы азат еткені үшін» медалімен марапатталды. «Үздік артиллерист» атағына ие болды.1945 жылы желтоқсан айының аяғында елге оралады.  


                          
АЙБЫНДЫ  АРДАГЕР

     Нұржігіт Әбішев Ұлы Отан соғысына 1941 жылдың 28 қарашасында Темір ауданынан аттанған болатын. Содан Орынбор облысы, Сорочин ауданында 93 атқыштар дивизиясының 384-ші арт полкында болып, 1942 жылы қаңтар айында Брянск бағытындағы майданға қатысады.
     Ал, 1943 жылы наурызда Ростов және Ворошилов облыстарының арасындағы  Матеевка қорғаны деген жерде үлкен шайқас болады. Осы шайқаста Нұржігіт ақсақал ерекше көзге түседі. Зеңбіректен көздеп атып, немістерлің екі Дот-Дзот-ын бұзып және  бір автоматшысын, көздеуші пунктін жойып жібереді. Сөйтіп «Ерлігі үшін» медалімен наградталады.
     Сонымен қатар Орск-Курск доғасындағы кескіленеген шайқастың бел ортасында жүріп Киевті , Харьковты, Житомирді, Львовты жаудан тазартуға қатысады.  Тернопольде көше соғысына қатысып бұл қалада Немістің Власовшы бір дивизиясын қолға түсіреді. Осы жасаған ерліктері үшін 302 екінші дивизияға Тернополь қаласының атағы беріліп, Нұржігіт Әбішев ақсақалды ІІІ –ші дәрежелі «Даңқ» орденімен  марапаттады. Марапаттау себебіне тоқталатын болсақ «Осы уақытта бөлім командирі едім» дейді ардагар аға. Екі қатарлы үйде  немістің бір батальонының штаб үйі жойылып, сол жерде штаб бастығын құжатымен қолға түсірдік, 45 солдат, 4 офицерді жойып, 8 офицерді тұтқындадық. 1945 жылдың сәуір айында 4-ші Украин майданында генерал-майор Еременконың қарауына жіберіледі. Бұл жерде соғыс Карпат тауларында болған. Осы Карпат тауында немістің екі масоход зеңбірегін және 8ДОТ-ДЗОТ-ын, бірнеше офицерін жойғаны үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады. Ардагар ағамыз жеңісті 1945 жылы 9 мамыр күні сағат 6.оо де Прага қаласында қарсы алған. Сөйтіп, Н.Әбішев 1945 жылығы 15 қазанда елге оралады.
     Осы ардагер ағамыздың естелік дәптерлерін  оқи отырып, бірі немістің кемесіне мініп, бірі жағада тұрған» әкелеріміздің қандай қиыншылық болса да мойымайтын рухы мықты жандар екенін еріксіз мойындаймын. Ұрпағына ұран болған ағамыздың соғыста тұтынған заттары, күнделік дәптерлері ескерткіш сыйлықтары, орден медальдары аудандық мұражай үйінде сақтаулы тұр. Бұл жәдігерлерді тапсырған ардагер ағамыздың қызы Гүлсім Әбішева. Гүлсімге мұражай қызметкерлері атынан тапсырылған жәдігерлер үшін шексіз алғысымызды айта отырып, тек өз елі емес Еуропаны азат еткен қан төккен ардагер ағамыздың істері келер ұрпаққа өнеге болатынына кәміл сенеміз.
                     Құрал Беркалин
       Аудандық мұражай үйінің қызметкері.
Жем-Сағыз, 24 ақпан, № 9

                     

МАЙДАНГЕР ЖОЛЫ

     1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 55 жылдығы қарсаңында қарт майдангер ретінде  жүріп өткен жорық жыдарымды қысқаша баяндап бергенімді жөн көрдім. Мен 1942 жылдың бірінші қаңтары күні Қызыл Армия қатарына шақырылдым. Жаңадан жасақталған 193 атқыштар дивизиясының құрамында  Орынбор облысында қысқа мерзімді дайындықтан өттік. Бұл дивизияда облысымыздың Ойыл, Темір, Шалқар, Хромтау, Орал облысының Жымпиты Камен аудандарының азаматтары көп болды.
     1942 жылғы  мамыр айының бас кезінде дивизия Рязань облысының бір станциясына түсіп, Брянск бағытында  соғысқа кірді. Герман армиясы Москва қаласының түбінде  қатты соққы алып, бір табан кейін шегінгенмен, әлі де басымдық көрсетіп тұрған кез еді. Сол жылы 28 маусымда Жоғарғы Бас қолбасшының бір адым шегінуге болмайды деген бұйрығы шыққан болатын. Сұрапыл шайқастарда қатары селдіреп қалған біздің дивизияны екінші эшалонға шығарды. Қатары толыққаннан кейін дивизия сол жылғы  1 тамызда Сталинград майданының құрамында соғысқа қайта кірді. Бұл майданда мен 25 желтоқсанға дейін болдым. Бұл кезде немістердің  6 армиясы  24 дивизиямен толық қоршауға алынған еді.
     Мен қызмет ететін гаубица батареясы 25 желтоқсанда  302 дивизияның қарамағына  берілген болатын. Сталинградтағы  жаудың қоршап алғандардың  үлесіне қалдырып., біздер батысқа қарай шабуылдап кете бардық. Осы шабуыл барысында Кательниковск қаласын жаудан босаттық. Жауды Ростов облысының территориясынан түре қуып, Ворошиловград маңында демалыста тұрдық.
     1943 жылы 6 маусымда Курск иінінде басталған шайқасқа қатыстым. Осы ұрыстағы еңбегім ұшін  мені « Ерлігі үшін» медалімен наградтады. Одан әрі біздің дивизия Харьковь, Киев, Житемир қалаларын азат етуге үлес қосты. Тернополь қаласы үшін шайқас өте –мөте қиын болды. Дегенмен жауды бұл қаладан да қуып шықтық. Соның құрметіне біздің дивизияға Тернополь атағы берілді. Осы шайқастан кейін маған ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені берілді. Жорық жолы батысқа қарай жалғаса берді. Львов қаласын жаудан тазартып, Германия жеріне  қадам бастық. Бұған дейін біздің дивизия І Украина майданының құрамында болып келген еді. Енді оны ІҮ Украина майданының қарамағына аударып жіберді. Сонымен Карпат тауларындағы жорықтар кезінде мені ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен наградтады. Соғыстың соңғы сағатын 1945 жылығы 9 мамырда Чехословакияның астанасы Прага қаласында қарсы алдық. Міне, шағын естелігін айтып отырған қарт жауынгердің туған жерінен Жеңісті қарсы алған жеріне дейінгі жүріп өткен жолы осындай. Оның қаншалықты қашықтықта екенін қазіргі сауатты ұрпақ өздері ақ есептеп алады ғой. Ал мен барлық жердегі соғыс өрті басылған соң 25 желтоқсанда елге аман-есен оралдым.

Нұржігіт Әбішев. «Жем-Сағыз»газеті
2000ж 29 сәуір, №17
            





НАУРЫЗБАЕВ ҚҰРМАШ

     Наурызбаев Құрмаш (1914-1993) қазіргі Қызылбұлақ округінің территориясында Мәдениет ауылында туған. Ұлы Отан соғысына дейін «Мәдениет» колхозында құрылған комсомол ұйымының хатшысы болады. 1941 жылы осы қызметінен майданға аттанады. Сол жылы Ресейдің Тула қаласында артиллеристер дайындайтын қысқа мерзімді курстан өтеді де, кіші сержант дәрежесінде зеңбірек расчетының командирі болып соғысқа кіреді. Содан бастап соғыстың аяғына дейін жорық жолдарын басып өтеді.  Соғысты сержант шенінде аяқтайды. Ұрыс даласында көрсеткен ерлігі үшін көптеген жоғары наградаларға ие болады. Алғашқы рет жауынгерлік «Қызыл Ту» орденін алады. Содан соң «Жауынгерлік қызметі үшін» медалін, «Даңқ» орденінің екінші және үшінші дәрежесін, екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденін омырауына тағады. «Германияны жеңгені үшін», Жеңістің 20,25,30,40 жылдық юбилейлік, ССРО Қарулы Күштерінің құрылғанына байланысты шығарылған медальдар оның ерлік істерінің куәсі, майдангерлік қызметінің лайықты бағасы болып табылады. Елге 1946 жылдың сәуір айында оралған ол Ворошилов атындағы колхозда партия ұйымының хатшысы болып бейбіт еңбек жолын бастайды. 1950 жылдан Дайындау министрлігінің аудандық мекемесінің салық агенті, мал дайындау конторында дайындаушы, аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігінде, аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінде қойма меңгеруші қызметтерін атқарып, зейнеткерлікке шығады. Наурызбаев ерлігімен елге мақтан, ұрпаққа үлгі болған жерлестеріміздің бірі.  
                                                    «Байғанин ауданы» энциклопедиясы. 2008ж 

     Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен –ақ дұшпанға  қарсы ұрысқа қатысқан қатысқан Құлмаш Наурызбаевтың ерлік  жолдары ұрапққа  үлгі болып қаларлықтай . Совет Армиясының ержүрек жауынгерлеріне тән жаулармен шайқаста талай ерлік  істердің куәсі болды . Оның омыраунда «Қызыл Жұлдыз» екінші және үшінші  дәрежелі «Даңқ» ордендері мен бірнеше жауынгерлік медальдары жарқырайды. Қазір ол пенсияда. Жас ұрпақтармен кездесу кештерінде ол өзінің ерлік жолдарын әсерлі түрде баяндап беруге асығады. Ал ,жас жеткіншектер болса аға өнегесін үлгі тұтып, оның әсерлі әңгімелерін қызыға тыңдайды. ( Суретімен жарияланған)
                                                                               «Ленин туы»,1978-9 май    







БЕРДІБАЕВ ҰЛҚАБАЙ

     Бердібаев Ұлқабай 1901 жылы Сағыз өзенінің бойында дүниеге келген. Баршақұм жерінде құрылған серіктестіктің, колхоздың мүшесі, аталған ұжымдардың қойын баққан. 1940 жылы армияға алынып, одан әрі Ұлы Отан соғысына қатысады. Майданда көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін екінші және үшінші дәрежелі «Даңқ», «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік қызметі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталады. Осындай ерлік ісін ол еңбек майданында да жалғастырады. 1946 жылы елге жеңіспен оралғаннан кейін «Баршақұм» колхозында аға шопан болып еңбек етеді. Қоғамдық мал шаруашылығын дамытудағы қажырлы күресі арқылы өз колхозының даңқын шығарған ардагердің бірі.
     Үздік жетістіктері үшін ол 1955 жылы үкіметтің ең жоғары наградасы Ленин орденімен марапатталады. Одан кейін «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарымен, сондай – ақ Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Алтын медалімен наградталады. Оның мал бағудағы мол тәжірибесін «Баршақұм» колхозы мен «Алтай» совхозының жас шопандары өз жұмысында пайдалана білуінің арқасында жоғары жетістіктерге ие болады. Сейітов Әзберген, Сәмиев Табын, Қырдабаев Жанболат, Әзиев Амангелді, Бекенов Асқан сынды шопандар осы Бердібаев Ұлқабайдың шәкірттері іспеттес.

     «Әке көрген – оқ жонар» дегендей Ұлқабайдың ісін оның туған қызы Жұмақұлова Мәруся жалғастырады. Ол әкесінің құтты құрығын қабылдап алып, ақтылы қой өсіруге белсене араласады. Оның табысқа жетуіне әкенің тәжірибесі мен ақыл – кеңесі елеулі ықпал еткені сөзсіз. 1971 жылы оның Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталуы осының айғағы деуге әбден болады. Соғыс және еңбектің шын мәніндегі ардагері Бердібаев тоқсаннан асқан шағында қайтыс болды.