Тыл тынысын кеңейткен


     Адам өмірінде қадап айтатын, тағдырын соған байланыстырып, өзгелерден даралайтын бір сәттер болады. Биылғы жыл туғанына бір ғасыр толғалы отырған Сәнше Есенбаеваның өмір жолы туралы әңгіме қозғағанда, оның сонау сұрапыл соғыс жылдарында тылда тыным таппай, қан майдандағы жеңістің әр күнін қайтсем жақындата түсуге септігім тиеді деп жанұшыра еңбек еткен аяулы ана бейнесі ойымызға оралады.
     Сәнше Әбиқызы 1915 жылдың 15 мамырында Байғанин ауданында дүниеге келген. Батыстан бет қаратпас дауыл кезде жиырма бестен енді ғана асқан жігерлі жан белін тарта буып, бірден майданға аттанған ерлердің орнын басады.        Ол ауылдың сан-салалы шаруасының басында жүріп , қажырлы еңбек етіп, майданға жүн, ет ,сүт өнімдерін, ақша қаражатын жөнелту жұмыстарына ұйтқы болып, ел жұртты басқарған жан.
     Жаңажол ауылдық кеңесіне қарасты шағын мекенде дүние есігін ашқан ол колхоздастыру жылдарында ауылдық мектептен бастауыш білім алып, сауатын ашқан. Жасынан алғыр, пысық, ұстамды, жаңалыққа ұмтылғыш, жан-жағындағы адамдармен тіл табыса алатын, үлкен-кішіге сыйлы болған. Осы қасиеттерінің арқасында қандай жұмыс болса да кірісіп кете беретін.
     Әсіресе, 1941 жылы елдің бас көтерер ер азаматтары түгелдей дерлік майданға аттанғанда, ауылдағы шаруашылықты жүргізуге қабілетті, қайраты мол әйелдер іске тартылған кезде, солардың ішінде шоқтығы биік тұрған осы Сәнше болатын деседі. Ол кезде күн мен түннің айырмасы белгісіз, қай жерде шаруа бітпей жатады, бәрі аттандап соған қарай ұмтылады. Кейбіреудің әлі жетпей жатады, енді бір қатарының денсаулығы кемшін. Ал Сәнше сынды алдыңғы қатарда жүретін белсенді жүретін әйелге бұл кезде шаршауға да, тынығуға да болмайтын еді. Өйткені оның сәл ғана әлсіздігі байқалса, өзгелердің де сыр бере қоюы қиын еместі. Сондықтан оның екі білегін сыбана кұні-түні шапқылап жүруі, тіпті ұйқыны ұмытып, тізе бүгіп отырған сәтін сездірмеуі жұрттың көзі үйренген жайт десе, бүгінгі ұрпақтың оған сене қоюы да қиын шығар.
     Оған 1942 жылы елдегі басшылық тізгінді ұстауға тура келеді. Онда да бір емес, бірнеше ауылдық кеңестері басқарады. Осылайша өз өмірінің отыз жылын шаруашылықты жүргізу, ел басқаруға арнаған Сәнше Есенбаева Көлтабан ауылдық кеңесінің төрайымы болып тұрған  кезде зейнеткерлікке шықты.
     «Басшылық қызмет барысында Сәнше ана әрқашанда халықтың қамын ойлады, үлкенге инабатты, кішіге қамқор болды. Тіпті әйел болып алтын –күміске қызықпаған еді. Қашан көрсеңде аққұба жүзі нұрланып, қарапайымдылықты қағида қылған жан болатын» - дейді сол кездің көне көз қариялары.
     Сәнше ананың естеліктеріне үңілсек « Мен 1938 жылдан бастап қызмет жасадым. 1942 жылдан партия мүшесімін. 1941 жылдың күз айына дейін аудандық оқу бөліміне қарасты балалар бақшасында меңгеруші, аудандық мәдениет бөліміне қарасты мәдениет үйінің меңгерушісі болып қызмет жасадым. 1941 жылдың 22 маусымында неміс басқыншылары Кеңес үкіметіне  тұтқиылдан шабуыл жасап, ел азаматтары Отан қорғауға майданға аттанды. Ол кезде Есенбаев Еспағанбетке тұрмысқа шығып, үш-төрт балаға ана атанып, отын түтеткен отбасы болатынбыз. Ер азаматтарымызды майданға шығарып салдық. Енді бала шағада асырак  оңай болмады. ОЛ ол ма, тек қана отбасң емес, ер азамат орнын жоқтатпау, олардың орнына еңбек етуқажеттілігі туындады. ВКП Орталық Комитетінің хатшысы И.Сталин соғыстың басталған күзінде, 7 қарашада « Жау мықты қаруланған. Бірақ біз Кеңес елі неміс басқыншыларын жеңеді. Олар бейбіт елге шабуыл жасап отыр. Жеңілмейтін армия болмайды. Тіпті Наполеонның армиясы да тойтарыс тауып, жеңілген» деп сөз сөйлеп, біздерді жігерлендірген» деген жазуларға көзіңіз түсер еді.
     Көз алдыңызға бір кездері бейбіт күннің шуағын сезініп, аяулы жарымен бірге күнделікті тіршілік тынысын бастан өткерген қазақ әйелінің күрт туындаған жағдайға орай бойын қатайтып ұстап, ерекше жігерленгені келетіндей.
     Аудандық партия комитеті мен атқару комитеті ауыл шаруашылығына барып қызмет жасауды тапсырады. Елде ер азамат жоқ. Бар ауырлық жас балалар мен әйелдердің мойнына түскен. Мал шаруашылығы мен  қатар егіншілікті қатар алып жүру, малға шөп шабу, қысқы азығын дайындау, егін орып, оны ору және жинау, мұның бәрі қол күшімен атқарылды. Сәнше дүйім халықты мемлекетке ет, жүн, сары май астық армияға жылы киім тапсыруға жұмылдырады. Асқан жанкештілікпен жұмыстар атқарылып, одан түскен қаржының бір бөлігі танк шығаруға бөлінді. Жеке қожалықтан айына 52 кг ет, әр сиырдан 8 кг сары май және әскердегілерге жылы киім дайындалды.
     Осы заттарды тапсырғанда өз азаматтарымыз төрде отырып ішіп жегендей немесе үйімізге туысымыз не сыйлы қонақ келгендей көтеріңкі көңілмен, қуанышты сезіммен жинап беруші едік. Оған барлық әйел-аналар атсалысты. Ауылымызда Сүлеева Шаржау, Елдесова Қатира, Баймағамбетова Бопи, Ешімқұлова Мақан, Аманова Әмей, Қосмағанбетова Ырысжан, Айтуарова Айдан, Шамқұлова Әсем, Спанова Маңдайлы, Қожамжарова Дәмеш сынды асыл жандар жанқиярлықпен еңбек етті. Ол кезде ешкім киім кимедім, тамақ ішпедім, ұйықтамадым демейтін. Тек қана бір тілек болатын «Ер-азаматтар тезірек жауды жеңіп, елге аман есен оралсын» деген бұл жолдар да аяулы ана естелігінен алынды.
     Ауылда мектеп жасындағы балаларды оқытып, оларға білім беру басты міндет болды. Ауылда оқымай қалған бірде –бір бала болмады. Олардың ішінде Ақын Сағи Жиенбаев, аудандық комитетінің хатшысы Қарлыға Баймағанбетова, кеңес атқару комитетінің төрағасы Өтеміс Тойжанов, редакция қызметкері Батан Отарбаева, ғылым докторы Әбдірхман Нұрлыбаев,  «Ақтөбе» газетінің қызметкері болған зейнеткер журналист Кадірбай Бекмағамбетов, Сағыз орта мектебінің мұғалімі Жарылғас Әбиев және басқалары түлеп ұшты. Бұлар аш-жалаңаш, жоқтық пен тапшылықтың дәмін татып жүріп білім алған балалар болатын.
     «Соғыс кезінде бірде-бір мәдениет ошақтары жұмыстары тоқтатқан жоқ. Пошта, медициналық пункт, дүкен, кітапхана жұмыс жасап тұрды. Мен жұмыс жасап жүрген кезімде аудандық кеңестің атқару комитетіне депутат болып сайландым. Бірнеше рет  облыстық кеңес сессиясына  және ауылшаруашылық көрмесіне бкрып келдім. Соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтру кезінде де бірқатар жұмстар жасалынды.»- деп жазады кейуана өзінің күнделігінде.
     «Сәнше ананың мына бір жазбасын тебіренбей оқи алмайсың . Ол өзінің сүйген жары, өмірлік қосағы, соғыста отан үшін жанын пида еткен Еспағанбет Есенбаев есімін құрметпен атайды.
     Мен 1933 жылы жазда Еспағанбетке тұрмысқа шықтым. Жолдасым үш ағайынды- Қасым, Есім және мені жолдасым Еспағанбет. Бұл кісілер өте жақсы адамдар екен.Үш баламыз дүниеге келгенше осы қайнғаларыммен бірге тұрдық.Үлкен қайнағам Қуаныш атты ұлын бізге беріп, өз балаларым Қадиша,Жаңыл ,Елеусін атты ұл-қыздарымызбен  бақытты ғұмыр кешіп жаттық.Содан жұт жеті ағайынды демекші сәбилерім бірінінен соң бірі шетінеп. Алдымен қайнаға берген ұлым бір жасында,жасы екіге келіп қалған үлкен қызым, содан соң кенже ұлым он айлығында қайтты.Балаларымды уайымдап жүрген шақта соғыс басталып. Жолдасым майданға аттанды. Мен екінші Жаңыл аттты қызыммен жиырма алты жасымда қала бердім. Жолдасымнан анда-санда жететін үшбу хат біраз көңілге алданыш болды.Ол төрт ай Хабаровскіде Ақтөбелік Тағыберген Асауов, Қамбар Талдықов деген азаматтармен бірге болған. Оқуларын қараша айында бітірген соң, Сталинград маданына кеткен болатын. Анда-санда келген үш-төрт хатты аз санап, іштей ренжіп, көз жасымды сығып алатынмын. Жастық-ай десеңші. Сөйтіп жүргенде жолдасымнан келген «қара қағаз» дүниені астан-кестен қылған. Жылаудың ,қайғырудың көкесі сонда болған. Үмітсіз адам-шайтан демекші өлдіге қимай, тірі оралатын шығар деген үмітпен өмір сүріп, кұдерімді үзбедім. Өзім ол кезде аудандық мәдениет үйінің меңгерушісі болып қызмет атқарып жүргем. Содан ер азаматтар болмаған соң аудан басшылығы жаңа міндеттер жүктеді. Алғашында жұмыс өте қиын болды. Енді шаруашылықтың әр саласының басында болып,үйрене бастадым. Сөйтіп, талай ауыр күндерді бастан өткеріп, Жеңіс күніне де жеттік» - деп жазыпты Сәнше ана күнделігінде.
     Өмір осылайша өз кезегімен ілгері жүріп жатты. Тас емшегін жібітіп,тар құрсаңын кеңіткен ұл-қызының соңы Жаңылдан да айырылу Сәнше анаға оңай тиген жоқ.  Дегенмен талай қиындықтан өткен Сәншедей жігері мықты жан бәрібір түңілген жоқ. Одан кейін аллах берген Болатыныңамандығын тілеп, оны Орал педогогикалық институтында оқытып, кейін үйлендірген. Оның тұңғышы Ләззатты бауырына басып, соны бағып қағып өсіріп соған жұбанған. Көкірегі қайғы мұңға толы мұңлық жан оны ешкімге де бідіртпеген. Бар сырын қағазға жазып, мұңын шаққан. Бұл оның санаулы адамдарға  тән қайсарлығын көрсетеді емес пе. саналы ғұмырын ел басқаруға арнап, зейнет жасына жеткен кезде де қоғамдық жұмыстардан бас тартпаған. Үкімет тарапынан үш медаль алыпты. Бүгінде оны бағып-қатқан немересі- Ләззат Шанова әділет подполковнигі. Көлік прокураторасының аға прокуроры. Төрт баланың анасы.Сәнше ана аруағы Ләззат қызын әрқашан желеп- жебеп жұргендей.
     Осы жолдарды қағазға түсіріп болып,өзімнен-өзім ойланып қалғанымда, Сәнше ананың мейірімді аппақ жүзі үнемі көз алдымда тұрғандай болды. Жаның жәннатта болғай. Асыл ана!Сіздің қайсарлығыңыз, қажырлы еңбегіңіз әрқашан да халық жадында, еңбегіңіз ешқашан ұмытылмайды.

Лаура Забихова
                                 Ақтөбе, 2015.-15қаңтар