Өмір жолы өнегеге толы


   Ұлы Отан соғысының ардагері  Байғанин орта мектебінің  әскери патриоттық тәрбие  сабағының жетешісі Әділов Бозшаны  ауыл тұрғындары әсіресе жас ұрпақтар ерекше құрмет тұтады. Осы бір қарапайым адамның  өмір жолы  шын мәнінде  өнеге тұтарлықтай еді.  Ол алғаш қазіргі  Новаресей ауданына қарасты  Қосестек поселкесінде бастауыш класс мектебінде мұғалім болып орналасқан  кезде елімізге неміс-фашист басқыншылары тұтқиылдан  шабуыл жасаған еді. Өзінің жүрек қалауымен   аудандық әскери комиссариатқа жолығып, майданға алуды өтінген жас жігіт көп ұзамай Отан қорғауға аттанды.
   Сол бір сұрапыл жылдардың тар жол тайғақ кешу кезеңдері ардагер азаматтың күні кешегідей есінде. І Украин майданында  бақайшағына шейін қаруланған фашистердің шабуылына тойтарыс бере отырып,Отанды қорғау жолында  ерлік істер көрсеткен  Б.Әділов  соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ командирлердің жіті көзіне түсті. Батальон комсомол ұйымының секретары болды. Соғыстың нағыз қызған шағында  осындай абройлы дәрежеге ие болу  жас жігіттің жалынды жігерінің  айқын айғағы еді. Үш жарым жылғы соғыстың қиын қыстау кезеңінде Бозша талай қиыншылықтарды  бастан кешіріп,, жаумен табан тіресе  шайқаса білді. Ол Ұлы Отан соғысынан  Қызыл Жұлдыз орденінің  кавалері  атанып, «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.
   Өз қолымен орнатқан бейбітшілік күндерін Б.Әділов ұлағатты істерге жұмсауды ұйғарған болатын. Соғыс аяқталғаннан кейін туған ауылға оралып, өзінің ұстаздық қызметін қайта жалғастырды. ол алғашқы кездерде бастауыш, сегізжылдық мектептерінде оқытушы болып қызмет етсе, соңғы сегіз жылдан бері  Байғанин орта мектебінде жас жеткіншектерді әскери патриоттық тәрбиеге баулып  келеді. Мектепте арнайы жасақталған кабинет жинақы да таза. Мұнда шәкірттерді өз Отанын сүюге, қажет болған жағдайда қолға қару ұстап, ел намысын қорғауға арналған көрнекілік  құралдары жеткілікті қамтылған. Осы әскери патриоттық тәрбие беруге арналған кабинетті жасақтауға  әскери жетекші  Б.Әділов  ерекше еңбек сіңірді.
   Ұлы отан соғысының ардагері , мектептегі әскери патриоттық тәрбие беру ісінің  жетекшісі Б.Әділовтың іскерлігі жөнінде  аудандық әскери комиссардың көмекшісі Асан Әділдаев та ерекше сғзіммен әңгіме етеді.  Мектептің жоғарғы класс оқушылары «Қарлығаш», «Зарница» сияқты әкери ойындарына  қызыға қатысады. 
  Себебі жастарды жігерлілікке, батылдыққа, шапшаңдыққа үйрететін бұл ойындарға әскери өмірден мол хабары бар Б.Әділов жетешілік етеді. Ол өзінің отыз жылдан астам уақытын жас жеткіншектердің білім мен тәрбиесін жетілдіруге арнаған ардагер азаматтың  өмір жолы жас ұрпақтарға өнеге боларлықтай.
          
            Ж.Ұзақов.
                    Байғанин совхозы.
            «Ленин туы»,
25 сентябрь,1979 жыл