Ешкім де ұмытылмайды

Ешкім де ұмытылмайды.

       Ұлы Отан соғысының отты жылдарында қан майданда шайқасқан ағаларымыз бен әкелеріміздің  өшпес ерліктерін кейінгі ұрпақтарға өнеге етіп қалдыру бәріміздің парызымыз. Отанымыздың бостандығы жолында қаза тапқан азаматтардың есімдерін есте қалдыру қасиетті борышымыздың бірі. Мұның өзі жастарды  өнегелі етіп тәрбиелеудің бір бөлшегі. Соғыстан қайтпай қалғандардың есімі тек олардың жақын-туыстарының ғана емес,бүкіл совет адамдарының жүрегінен жылы орын алуы керек. Ұлы Отан соғысының тарихы оның өте қатал болғандығы, майдандағы шайқастарда  нағыз ерлік, батырлықтың, жау-жүректіктің үлгісін көрсеткен жауынгерлеріміздің даңқы кейінгі жас ұрпақтарға үлгі-өнеге болып қалмақ.
   Ел басына ауыр күн туғанда қасиетті жерімізді, Отанымызды қорғауға аттанып, осы жолда ең қымбатты өмірін құрбан еткендердің бірі -  жерлесіміз  Тілеулин Етенбай. Оның денесі Орел облысы, Кромск ауданындағы Кутафино селосындағы бауырластар қабіріне жерленген. Бұл деректі біз аудандық комиссариат арқылы арнайы қатынас жолдап, Кутафинск селолық Советінің атқару комитетінен алдық. Іздестіру шараларының нәтижесінде Байғаниндік Тілеулин Етенбайдың соғысқа қатысқан жауынгерлік жолы  жайлы да  хабарға қанық болдық.
    Гурьев облысының Индер ауданынындағы мектеп оқытушысы , Қызылізші Каюпов Кенжеғалидың мәліметіне қарағанда жауынгер Е.Тілеулин Суворов орденді Бобруйск -137 атқыштар дивизиясының 771-ші  атқыштар полкінің бірінші минометшілер батальонының үшінші ротасында соғысқа  қатысқан. Ол өзінің жігерлілігімен әскери тапсырманы мінсіз орындаумен көзге түскен. Етенбай  1943 жылдың 7 август күні жаумен шайқаста қазаға ұшыраған. Жерлес жауынгердің есімі ел есінде қалары анық. Соғыста дерексіз кеткен, хабар-ошарсыз кеткен көптеген азаматтардың дерегін іздестіру ізгі  іс. Мекптепте құрылған Қызылізшілер отрядтары көзі тірі майдандастар, полктастар, қан майданнан қайтпай қалған азаматтардың ерлік істері жайлы деректерді жинақтап, аудандық әскери комиссаритқа хабарлап отырса құба-құп болар еді. Ұрыстарда қаза тапқан талай боздақтардың көбісінің есімі көмексіленіп, қалғандығы анық. Олардың ерлік істерін ұмытпас үшін кейінгі  ұрпақтарға мұра етіп,жеткізе білуіміз керек. Кейінгі ұрпақтар қасиетті Отанымызды жаудан қорғап қалу жолында қан төккен, майданда құрбан болған абзал азаматтардың елік жолдарын үлгі етуге тиіс. Бұл ретте жергілікті, партия ұйымдарының, қоғамдық орындардың ықпалы қажет-ақ.
                                                                           
 Ы.Дүсіпов.  аудандық әскери комиссар, майор.
«Ленин туы», 1989ж,23 февраль