Қан майданда


     Неміс  фашистерінің Москва түбінде Совет Армиясының берік  қорғанысы мен жойқын   шабуылынан кейін астананы басып алуды көздеген жоспары тас-талқан болды. Біздің армия Ржев пен Москва маңында қиян-кескі ұрыс жүргізіп, жаудың  бетін қайтарды. Әрине, бұл жолда қаншама жауынгерлердің қаны төгілгендігі белгілі. Біздің ауданымыздан барған аяулы азаматтар Нәрембаев, Бәлибаев, Жұмағалиев, Қылышбаев, Төлеков, Қонарбаев, Әкмиев, Жаңбыров, тағы басқа қан майданда жүріп қазаға ұшырады.
     Мен өзім 62-ші-8-ші Ленин орденді гвардия армиясының сапында ұрысқа қатыстым. 1944 жылы октябрь айында туған ауылға бір айлық демалысқа барып қайттым. Ауылдың адамдары көп жиналып, соғыс жағдайын, соғыс жағдайын, ондағы ауыл азаматтарын сұрап, толассыз келіп  жолығып жатты. Әсіресе  Ақборық әже мен  Сұраған деген оның келінінің қайғы қасіреті есімнен кетпейді. Соғыстың алғашқы қаһарлы кезінде-ақ командованиеден келген «Сіздің ұлыңыз  Бәлибаев Хамит Ржев түбінде ерлікпен қаза тапты» деген хабарды естігенде жауынгердің анасы Ақборық пен жас жары Сұраған  сенерін де, сенбесінде білмей үміт жібін үзбеді. «Хамитім жеңіспен ораламын»  деп еді, келеді ғой деген үмітпен менен сұраумен болды...
    Ақыры біздің көптен күткен қуанышты күніміз жақындады. Фашистер қатты соққыдан кейін есеңгіреп, шығыстан батысқа қарай үдере  шегінуге мәжбүр болды. Москва , Сталинград бағытында, Орел-Курск иінінде, Днепрде және Ленинградта совет жауынгерлері өшпес ерліктің үлгісін көрсетіп, жеңістерге жетті. Совет елінің мемлекеттік шекарасынан жауды қуып шығып, Европа елдерін фашизмнен азат етуге қатысты. Осындай үлкен жорық жолдарында өзімнің де жүріп өткендігімді аудандық газет оқырмандарына айтып жеткізгім келеді.
   Әрине соғыс құрбансыз болмайды. Көптеген азаматтар қан майдан даласында мәңгіге қалса, бірқатарымыз ауыр жараланып елге оралдық. Немере інім Ізбасов Сарбас қазақстандық он мың комсомолдың бірі болып , Қабиев Ноғаймен бірге Сталинград көшесіндегі ұрысқа қатысып, қаза болды.  «Солдатское поле» деп аталатын далалыққа егілген көп ағаштың шетіндегі белгісіз солдаттың құрметіне жағылған мәңгілік алаудың маңына ескерткіш ретінде мен де бір тал шыбық отырғыздым.  Жарқамыс интернатында бірге болған жолдасым Бекенов Төлепберген отставкадағы генерал, қазірде Луганск қаласында тұрады. Бізді көп ұлтты байтақ Отанымыздың бостандығы жолында қиян-кескі шайқастарда ерлікпен қаза болған ауыл азаматтарының есімдерін, бейнелерін көз алдыма жиі елестетіп отырамын. Олардың ауылда қалған семьяларымен де хабарласып тұрамын. Бүкіл ауданымыздың көлемінде орыс ұлтынан саналатын Халитов Николай Харьков түбінде ерлікпен қаза тапқан екен. Қазақы ауылдан  өмірден өз орнын тапқан азаматтың майданнан оралмай қалуы да интернационалдық, достық  рухының мән-жайын ұқтырса керек.
   Сұрапыл соғыстың аяқталғанына  да 44 жылдай уақыт өтті. Әлі де көптеген азаматтардың дерегі анықталмай отырғандығы күмәнсіз. Ерлік пен еңбек шежіресін қалыптастыру, бейбіт өміріміздің көкжиегін кеңейту кейінгі ұрпақтардың үлесіне қалып отыр.  Мектептерде қызыл ізшілер отрядын құрып, майданнан оралмай қалған әкелері мен аталарының нақты дерегін іздестіруге ықпал жасалуы керек деп ойлаймын. Жастардың  интернационалдық патриоттық тәрбиесін жетілдіруге көбірек көңіл бөлгені жөн. 

Ш. Дәржанов.
соғыс және еңбек ардагері
Шұбарқұдық поселкесі.
    «Ленин туы»,  1989 жыл 21 февраль