Қаһарлы күндер жауынгері

                                         ҚАҺАРЛЫ КҮНДЕР  ЖАУЫНГЕРІ
         Оның қараторы өңінен   қарапайымдылықтың табы  айқын   сезіледі.   Сонау    қаҺарлы   күндердің   қалың  ортасында  болып,  ерлік істерге араласа тұрса да « майданға көпшілік болып ұрыс  жүргіздік, жеке   дара мені жазуларың ыңғайсыз  емес пе екен?»  деп, әділ  сезімділік танытқан  Әжім сол бір  сұрапыл кезеңді еске түсіріп әңгімелеп  берді. Фашист басқыншылары еліре ұмытылып  Сталинградқа қауіп төндірген ең сынаулы  сәтті совет адамдары ешқашан  ұмытпақ емес.  Албастыдай арпалысқан жауға деген ыза-кек көкіректе от болып жанып, еліміздің әрбір азаматтың намысын қозғайды. Аудандық комсомол комитетінің бірінші секретары болып қызымет атқарған  Ә.Әбдіров осындай ел басына ауыр  күн туғанда Ақтөбе  облыстық соғыс  комиссариатына өтініш жасап, Отан қорғауға аттанды. Бұл 1942 жылдың көктемі болатын.
       Сталинград  қаласының айналасы  сұрапыл  соғыстың сұрықсыз көрінісін  жамылып жатты.    161- атқыштар  полкінің  рота политругінің  орынбасары болып  соғысқа кірген  Әжім  Әбдіров  Октябрь ауданына қарасты трактор заводының екі қатарлы тұрғын үйін жаудан тазартуға қатысты.   Атқыштар полкінің командирі Моговедскиймен бірлесе отырып,  үйге орналасқан дұшпанның бір батальон әскерін жоюдың жоспарын сызды. Бұл өте  күрделі  операция еді. Оңаша үйге  жайғасқан  жау жан-жақтан оқ себелеп,  жақындауға  мүмкіндік берер емес. Алға басылған әрбір  қадамның өзі  үлкен атыспен алынды. Себелеп  тұрған  оқ астында  жатудың  қауіптілігін    сезінген  Әжім  жауға  қарсы оқ атып, үйге    жету керектігін  жауынгерлерге  мұқияттап түсіндірді. Сонан кейін-ақ «алға»  деген  полк командирінің бұйрығы  естіліп, жауынгерлер үйге  қарай лап берді.  Автоматтан түйдек-түйдек тұншыға атылған оқ фашистерді  үйдің екінші  қабатына шығуға мәжбүр етті.  Төменгі қабатқа  алғашқылардың бірі болып енген  Әжім дұшпанның көп өліктерін  тастап кеткендерін байқады.  Нағыз жауапты кезең басталды.  Жоғарғы  жайғасқан  жау батальон оңайлықпен қолға түскісі келмеді. Он жеті күнге созылған  ұрыстың нәтижесінде ғана жаудың әскерлері толық тұтқынға түсті. Елірген жаудың екпіні  қайтқан осындай қиын кезеңдерде Әжім дұшпанмен  әлденеше рет бетпе-бет кездесіп, тапқырлық пен әдіс  тактикасын меңгерудің нәтижесінде тойтарыс беріп отырды.
           Ұрыс барысында жігерлік пен тапқырлық қасиеттерді ұштастыра білген  Әжімнің  зеректігін байқаған батальон басшылары  оны 1943 жылдың  сентябрь айында  Жданов қаласындағы  4 - Украина  майданының офицерлер дайындайтын курсіне оқуға жіберді.   Бір  жылдық оқу-жаттығу программаны алты айдың ішінде –ақ  үздік бітірген  Әжім  3- Украина  майданының  138 гвардиялық атқыштар полкіне взвод командирі болып соғысқа қайта кірді.
         28 - Армияның құрамындағы Ә.Әбдіров  басқарған взвод  Кривой  Рог қаласын  жаудан босатуда үлкен батылдық көрсетіп дұшпанға қатты соққы берді. Осы ұрыстан кейін оған гвардия лейтенанты әскери  атағымен  қоса « Батылдығы үшін » медалі табыс етілді. Тікелей штрум жасайтын гвардия  атқыштар ротасының командирі  болып тағайындалған кез Әжімнің  әсте есінен шықпайды.  Могилев облысына  қарайтын  Мельки городок  деген қалаға  жау әскерлері әбден  орналасып  алған  болатын.  Жас командир  Ә.Әбдіровке осы қаланы жаудан  тазарту жұмысы  жүктеледі.  Құрамында  сапер, автомат, миномет взводтары мен екі-үш танкісі бар рота қалаға тұтқиылдан  шабуыл жасады. Совет жауынгерлері -нің   қарулы күштеріне қарсылық көрсете  алмаған  фашистер  қаланы тастап қашты. Осы ұрыста көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін  Ә.Әбдіров  « Қызыл жұлдыз » орденімен наградталды.    Ә.Әбдіров қазір пенсияда. Бірақ еңбекпен етене өскен абзал жан қоғамдық ортадан тыс  қалуды қаламай  қызмет атқарады. Ол  «Қарауылкелді» совхозында кадрлар бөлімінің инспекторы болып қызмет істейді. Сонау  отты жылдары Отан үшін жаумен  шайқасып  қиындыққа қаймықпай қарсы тұра білген  ардагер жауынгердің ерлікпен өткен жолдары кейінгі ұрпақтарға үлгі бола білді.

                                                                             Ж.Ұзақов Ленин туы 1975 жыл