Екінші әлемдік соғыс

   Екінші әлемдік соғыс – ХХ ғасырдың аса маңызды оқиғасы. Ғылымда оның тарихын, әсіресе, жалпы проблемаларын зерттеп баяндауда, сол  “ қауырт соғыс ” заманының саяси – идеологиялық коньюктурасы терең із қалдырған. Алайда дүниені дүр сілкіндірген бұл тарихи оқиғаны соңғы оң бес жыл шамасында ашылған жаңа деректер мен тұжырымдар тұрғысынан бағалайтын болсақ, жоғарыда аталған идеология бойынша жасалған бірнеше түйінге назар аударамыз. Осындай теориялық түйіндердің бірқатары соғыс өртінің тұтану себебі, сипаты мен жеңімпаз мемлекеттердің жеңіске қосқан үлес салмағына байланысты өрбімек. 
   Ең алдымен соғыс өртінің тұтануына кінәлі тек қана Германия, Италия және Жапония мемлекеттері деп ХХ ғасырдың екінші жартысында жеңімпаз елдер тарихнамасына сәйкестеліп жасалған тұжырымның бүгінгі таңда қаншалықты дұрыс екеніне көз жеткізіп көрелік. Егер бұл орайда кәсіби тарихшы, саясаткер, дипломат зерттеушілердің аталмыш кезеңде жариялаған ой-тұжырымдарын талдайтын болсақ, ондағы ХХ ғ. 50-70 жж. қалыптасқан ғылыми түйіндерді қайтадан бағалауға тура келеді. Соғыс алдындағы жылдарда болған саяси оқиғалардың түрлі мәніне тереңірек үңілсек, тарихи ақиқатқа жетудің аса күрделі екені анық байқалады.  Уақыт өткен сайын, жеңімпаз елдердің ұлттық тарихнамасы ол мемлекеттердің соғысқа саяси қысым немесе экономикалық күш арқылы тартылғаны және сол соғыстың құрбаны болғаны туралы тұжырымды баса айтады. Алайда бұл тұжырым соғысқа қатысқан шағын елдерге шындық сияқты көрінгенмен, ұлы мемлекеттер тұрғысынан біршама күдікті.
    Өйткені екінші әлемдік соғыс тарихына байланысты туындайтын әралуан проблемаларды зерттеушілер де жоғарыда айтылған мәселені зерттеуде аса күрделі  ахуалға тап болып отыр. Жеңімпаздар әділетті, ал жеңілгендер әділетсіз басқыншы соғыс жүргізді деген тұжырым – ХХ ғасырдағы тарих ғылымында терең орныққан түйін. Бірақ бүгін де тарих ғылымында осы түйінді кең ауқымда, объективті тұрғыдан тұжырымдаудың өлшемдері де анықталмаған. Бірінші әлемді соғыс сипаты туралы 1920-1930 жж. болған шиеленісті тарихнама мен саяси пікірталастар сайып келгенде ұлы мемлекеттердің адамзат тарихындағы бұдан бұрынғы өзара шайқасы сияқты отарланған халықтар мен аймақтардың азаттық күресі де толық империалистік сипатта болды деген тұжырымына кең тірелген. Біздің пайымдауымызша, екінші әлемдік соғыс сипаты жөнінде де осындай компромистік негіздегі бір шешімге келсе, ол ең объективті түйін болып табылуы әбден мүмкін.
     Жеңімпаз елдер тарихнамасында олардың жеңіске қосқан үлесі біршама саясаттандырылып дәл осындай дәрежеде көрсетілген. Соғысқа қатысқан әр ел (ірі, ұсақ) жауды тізе бүктіруге шешуші үлес қосқанын ерекше деп есептейді. Ал, ірі мемлекеттер өз үлесін әр уақытта ауыз толтырып айтады. Алайда бірнеше мемлекет одақтасқан (коалициялық) соғыста жеке дара қатысушы елдің нақтылы үлесі белгілі бір өлшемдік негізде әзірше анықталған жоқ. Өйткені ондай анықтамаға жетудің  өлшемі (критерий) әлі күнге дейін айқындалмаған. Егер тек қана соғыс қимылдары бойынша жалпылама есеп тұрғысынан талдасақ, Германияның құрғақтағы қарулы топтарын талқандауда КСРО мен оның Шығыс Еуропадағы одақтастары негізгі ауыртпалықты көтерген. Германияның соғыс теңіз флотын ағылшын американдықтар жеңсе, ауа әскерін (люфтваффе) Қызыл Армия мен оның батыс одақтастары бірлесіп талқандады. Ал Италияның қарулы күштерін негізінен Жерорта теңізінде ағылшын-американдықтар күйреткен. Қиыр Шығыстағы майданда Жапонияның әскери-теңіз флотын ағылшын-американдықтар тізе бүктірсе, бұл аймаққа қарасты құрғақтағы ұрыстарда Жапондықтардың үштен бірін талқандауда Қытай әскері біршама рөл атқарды. Ал Маньчжуриядағы  Жапон әскерлерін Қызыл Армия талқандады. Алайда нақтылы ұрыстармен қатар екінші әлемдік соғыс нәтижесінде саяси және идеологиялық қарсыластық өз әсерін тигізген. Соңдықтан аталмыш проблема әлі де болса өзінің жалпы шешімін күтіп тұрған сияқты.
    Екінші әлемдік соғыс тарихының жалпы теориялық проблемалары жөніндегі ғылыми пікірсайыстар әлі де жалғасуда. Жоғары оқу орындарындағы отандық тарихнамада, өкінішке орай, бұл проблема көп көрініс таппаған және оны баяндауда кеңестік ғылымда сіресіп қалған “саясаттандырылған тұжырымдар”  да мызғымаған. Дегенмен біз ХХ ғасырдың аса маңызды тарихи оқиғасы болған бұл соғыс пен ондағы КСРО-ның үлесінің қайта қаралатындығына ешбір күмәндәнғымыз келмейді.
  Екінші әлемдік соғыс тарихының маңызды теориялық проблемасы – оның кезеңдерін анықтау. Ең алдымен бұл оқиғаның бірінші кезеңін 1939-1945 жж. соғыс деп межелеген жөн сияқты. Таңғалатын жәйіт, отандық тарихнамада осы оқиғаның нақтылы кезені көрсетілмеген. Ал кеңестік тарихнама анықтамасы бойынша әлемдік соғыс жөнінде екі ұдай пікір бар. Бірінші пікір бойынша бұл соғыс – әлемнің бір топ мемлекеттері одақтаса отырып қарудың күшімен үлкен аймақты қамтыған ұрыс, ал екінші пікір бойынша әлемдік соғыс – Германия, Италия және Жапонияның әскери іс-қимылдарына жауап ретінде оларға қарсы өз күшін бағыттаған коалициялық мемлекеттерің құрылып, тойтарыс беру арқылы әлемдік соғыс нышандарын танытқан оқиға.
     Энциклопедиялық шығармаларда “әлемдік соғыс” глобальді және кең аймақтарды қамтитын халықаралық қайшылықтарды шешудің түрі деп сипатталады. Оның мазмұны әлемді саяси-құқықтық реттеу мен адамзат өркениеті дамуының жалпы бағытын құрайды деп түсіндіріледі. Соғыс, әдетте, мемлекеттердің одаққа бірлесуі арқылы жүргізіледі. Соңдықтан соғысты әлемдік деп анықтау үшін оған мынадай сипаттар тән болуы тиіс: біріншіден, соғысқа бірнеше ел қатысуы; екіншіден, экономикалық және саяси мақсаттың нақтылануы;  үшіншіден, соғыс қимылдарының кең көлемде бірнеше өңірде жүргізілуі; төртіншіден, соғыс қимылдарында қолданылған жаңа қарудың кең аймақтарды қамтуы.
   Әлемдік соғыс нәтижесінде дүние жүзінде мемлекеттер қарым-қатынасы өзгеріп, олардың әлемнің аймақтарындағы ықпалы жаңа сипат алуына байланыстыәлемдік соғыс саясаттану ғылымында халықаралық қатынастардың өзгеру кезіндегі заңды процесс деп тұжырымдалса, бұл анықтама алғаш рет 1939-1945 жж. оқиғаларды түбегейлі зерттеу барысында қол жеткен дәйектеме ретінде өмір сүріп келеді.
   Біздің пайымдауымызша екінші әлемдік соғыс екі сатыда талданғаны жөн. Біріншісі, “шектеулі” ой тұрғысынан талдасақ, бұл оқиға – сол заманғы ірі мемлекеттердің екі бірлестігі арасындағы соғыс. Уақыт қисыны бойынша бұл қарсылас бірлестіктердің қалыптасуы төмендегі ретпен өрбіді. 1939 жылдың 1 қыркүйегінде Германия Глейвиц қаласы тұсынан Польшаға шабуыл жасайды, ал осы жылдың 3 қыркүйегінде Польша одақтастары Англия мен Франция Германияға соғыс жариялайды. 1940 жылдың 10 маусымында Германияны жақтап соғысқа Италия араласады. Осы жылдың 22 маусымында Франция соғыстан шығады. 1941 жылдың 22 маусымында Германия, Италия және олардың шығыс Еуропалық одақтастары КСРО-ға шабуыл жасайды. Осы жылдың 7 желтоқсанында АҚШ пен Англияның Қиыр шығыстағы аймақтарына Жапония шабуыл жасайды. Сөйтіп, 1942 жылдың басында Германия, Италия және Жапонияға қарсы Англия, КСРО және АҚШ коалиция құруы нәтижесінде соңғылары соғыста жеңіске жетеді.
   Екіншісі, кең ой тұрғысынан талдасақ, екінші әлемдік соғыс халықаралық қатынастарды Версаль-Вашингтон жүйесінен Ялта-Потсдам жүйесіне көшудің заңды оқиғасы болды. Олай болса, 1939-1945 жж. соғыстың басты міндеті: 1) ұлы мемлекеттердің өзара қатынас орнатуы және басқа елдерден жаңа рыноктарды өздеріне тартуы; 2)1919-1922 жж. орнатылған шекараларды қайта анықтау арқылы өз саясатының үстемдігін бекіту еді. Соңдықтан КСРО-ның 1939-1940 жж. Польша, Финляндия, Балтық жағалауындағы республикалар мен Румыниядағы әскери іс-қимылдары, Англия мен Францияның 1939-1940 жж. КСРО-ға шабуыл дайындауы, АҚШ-тың Англияға байланысты әрекеттері, 1940-1941 жж. американдық  әскерилердің Гренландия мен Исландияға келіп орналасауы және Жапонияның 1940-1941 жж. француздық Үндіқытайдағы соғыс қимылдары Екінші әлемдік соғыстың құрамдас бөлігі екені аян. Алайда бірлестік (коалиция) мүшелері КСРО, АҚШ және Жапония бұл соғысқа ретінше тек қана 1941 жылдың 22 маусымы мен 7 желтоқсанында тікелей қатысады.
    Отандық тарихнамада КСРО-ның екінші әлемдік соғысқа тартылуы Ұлы Отан соғысы мен 1941-1945 жж. кеңестік-жапондық ұрыстарға қатысуымен бағалаудың “шектеулі” түрі үстем болып келеді. Соңдықтан бұл пікір отандық Ұлы Отан соғысы жөніндегі әдебиетте басым баяндалған, ал біздің зерттеуіміздің проблемасы – әлемдік соғыс кезеңдерін бүгінгі күн биігінен анықтау, сол арқылы әлемдік соғыстың кеңес-герман соғысымен тікелей байланысты екеніне көз жеткізу. Екінші әлемдік соғыс тарихының қазіргі кезендеу межесі – ХХ ғ. 50-60 жж. К.Е. Ворошилов мақаласында келтірілген Ұлы Отан соғысы тарихы кезеңдерінің өнделген тұрпаты. “Қауырт соғыс” заманындағы идеологиялық қарсыластық жағдайында аренаға келген кеңестік тарихнама, Ұлы Отан соғысы екінші әлемдік соғысы құрамдас бөлігі болғанын және оның кезендері де 1941-1945 жж. ретінде қалуы керек екендігін арнайы тұжырымдады. Алайда біртұтас оқиғаны оның бір бөлігі толық сипатталуы мүмкін емес. Соңдықтан қазіргі уақытта кезендерді қайта анықтау екінші әлемдік соғыс тарихын объективті, жан-жақты талдап зерттеу мақсатындағы игі істердің бір арналы бастауы болмақ.
   Біздің ойымызша, Екінші әлемдік соғыс тарихын белгілі бір кезендерге төмендегідей ретпен бөлген жөн сияқты.
   Германияның Польшаға шабуылымен соғыстың бірінші кезені басталып (1939ж. Қыркүйегі – 1941 ж. желтоқсаны), ол еуропалық сатыдан әлемдік сатыға ұласты. Германияның Польшаға қарсы соғысы басталуымен байланысты Франция мен Англия 3 қыркүйекте шапқыншыға соғыс жарияласа да шабуылға ұшыраған елге нақтылы қолғабыс бермеді. Соңғы екі мемлекет тарапынан Польшаға көмек болмайтынына көзі жеткен КСРО өз мүддесіне сай 17 қыркүйекте бұл ел территориясына әскер кіргізіп, Батыс Беллоруссия мен Батыс Украинаны өзіне қаратты. Осы жылдың 28 қыркүйегінде қабылданған шарт бойынша Польша КСРО мен Германия пайдасына бөлінді. 1939 ж. күзінде АҚШ Латын Америкасы мен Канада аймағындағы Англияны қысыммен ығыстырып, онда өз әскерлері мен позициясын нығайтты. Еуропа майданындағы соғыс қимылдарының бәсеңсуі, әсіресе кеңестік-финляндиялық соғыс кезінде (1939 ж. 30 қарашасы – 1940 ж. 12 наурызы) және Англия мен Франция ара-қатынасы шиеленісіп соғыс қаупімен шектелген жағдай, бітімге келу үмітін туғызумен қатар Финляндиядағы ұрысты тоқтатын бұл елдің егемендігін сақтауға себепкер болды.
    Германия 1940 жылдың 9 сәуірінде Дания мен Норвегияға басып кірді де, ал 10 мамырда Батыс майданында өз шабуылын бастады. 3 мамырда АҚШ  Гренландия үкіметімен келісім арқылы осы елде әскери базаларын орналастырды. Германияның Францияны талқандауы тез арадағы жеңіске әкеледі деп есептеген Италия 10 маусымда соғысқа кірді. 15-17 маусым аралығында, Францияда соғыс оты лаулап жатқан кезде, КСРО әскері Балтық жағалауындағы елдерге енді. Осы жылдың 22 маусымында Германия мен Франция Бітімге келді, ал 28 маусымда КСРО Румыния қарамағындағы Бессарабия мен Солтүстік Буковинаны өз территориясына қосып алды. Сөйтіп Еуропадағы стратегиялық ахуалды елеулі өзгеріске ұшыратты: Францияның жеңілуі Германияны континент билеушісі етті, алайда ол Англияны соғыстан шығара алмауы Берлин билеушілерінің ұзақ соғыс болашағына көз жеткізді.  Германияның Еуропадағы әскери-саяси жетістіктері 1940 ж. 27 қыркүйекте үш елдің пактіне әкеліп, Германия, Италия және Жапония одақ құрды. Осы кездегі Англияның аса күрделі жағдайы оның АҚШ-пен байланысын күшейтуге мәжбүр етті де, Құрама Штаттары ағылшындарға беретін әскери – экономикалық көмегін ұлғайту арқылы Американың Британ отарындағы базаларын жеңіл жолмен өзіне қарату мүмкіндігін туғызды. 1941 жылы 11 наурызында ленд-линз туралы заң қабылданды, оның шарттары бойынша АҚШ ешбір одаққа кірмейтін принципін (нейтралитет) сақтай отырса да, Англияға қару – жарақ т.б құрал – жабдықтар берді. Сол кезде американ-ағылшын соғыс стратегиясы құрыла бастап, АҚШ әскери-теңіз  қарулы күштері батыс Атлантика аймағын қарауылдауды күшейтті, ал бұл елдің құрғақтағы әскери базалары Исландияға орналастырылды.
     Бұл кезендерде КСРО-ға жаңа аймақтар күшпен тартылды және Германияның жанар-жағармай негізі Рмынияға Кеңес мемлекеті тарапынан қауіптің күшеюі герман-кеңес қатынастарын шиеленістірді. 1940 ж. қарашада Берлинде өткен екі елдің кездесуінде Германия КСРО-ны Англияға қарсы топқа тартуға ұмтылды, ал Мәскеу өкілдер сол заманғы күрделі саяси проблемаларды паш етті. Яғни, Германияның Кеңес одағына Финляндияны қосып алуға, КСРО-ның Балқан аймағында, Қара Теңіз бұғаздары мен Таяу Шығыстағы билік еркіндігін кеңейтуге келісім беруін ұсынды. Кездесу нәтижесіз болып осы кезден кеңес-герман қатынастары соғысқа дайындалу сатысына ұласты. 1940 ж. аяғынан негізгі әлемдік әскери-саяси оқиғалар итальян-грек соғысы тұтанған Балқан және Жерорта теңізі аймағына ауысты. Италия әскерлері Ливияда талқандалған соң бұл соғысқа Германия кірісіп ағылшын қарулы күштерін Египетке ығыстырды. Әлем ірі мемлекеттерінің Балқан үшін қырқысы 1941 жылғы 6 сәуірде Германияның Югославия мен Грекияны басып алуымен аяқталды.
    Мамырдың аяғында гитлершілердің Критті басып алуы Англияның Таяу Шығыстағ жағдайына қауіп туғызды. Алайда Германияның негізгі мақсаты КСРО-ны талқандау болды, бірақ сол кезде оның бұл мақсатты шешуге қуаты жетпеді. Кеңестік әскерлер бұл кезде тек соғысқа дайындық сатысында еді, соңдықтан 1941 жылдың 22 маусымында күтпеген ахуалға ұшырап, нақтыл қорғаныс ұйымдастыра алмады. Германияда 1941 жылдың жазы мен күзіндегі жетістіктеріне қарамастан өзінің алдына қойған жоспарын орындай алмады. Осы жылдың 5 – 6 желтоқсанындағы КСРО әскерінің Мәскеу түбіндегі қарсы шабуылы Вермахт билеушілерінің “блицкриг” жоспарын жоққа шығарды. Осыдан кейін Германия екі майданда соғысуға мәжбүр болды, мұндай жағдайда жеңіске жетуі мүмкін емес еді.
     Германия мен КСРО арасындағы соығыстың басталуы ағылшын-кеңестік одақтың құрылуына тікелей себепкер болып, онда ағылшын дипломатиясы өз дәстүрі бойынша өрбиді. Англия өз үлесіне болашақтағы ең ауыр соғыстарды алған континенттік одақтас тапты. Енді ағылшын әскерлері тек қана Солтүстік Африкада бір шабуылда (1941 ж. 18 қарашасы – 1942 ж. 9 қаңтары) қайтадан Киренаиканы басып алды.
    Осы жағдайда, Еуропадағы соғыс қимылдарына қатыспаған Жапония Қытай территориясындағы ұрыстарын жалғастырды. 1940 жылғы 22 қыркүйекте Францияның жеңілісінен соң Солтүстік Үндіқытайды жаулауға келісім алған  Жапонияның қарулы күштері Англия отарларына жақындап жапон-американ арақайшылығын терендетті. 1941 жылдың 13 сәуірінде КСРО-Жапония арасында нейтралитетті сақтау туралы келісімге қол қойылды, ал осы жылдың 23 шілдесіндегі Жапония-Франция келісімімен Солтүстік Үндіқытайды басып алуы оны Англия мен АҚШ тарапынан экономикалық санкцияға соқтырды.  Алайда Оңтүстік – Шығыс Азия аймағын және Тынық мұхит аралдарын басып алған соң, АҚШ келіссөзге барады деп болжаған Жапония соғысты жалғастыруға бекем бел байлады. 1941 жылдың 7 желтоқсанында Жапон әскерлері Перл-Харбор және Қиыр шығыстағы АҚШ пен Англияның басқа иеліктеріне соққылар жасады. 11 желтоқсанда Германия мен Италия АҚШ-қа соғыс жариялауымне соғыс әлемдік сипатқа ұласты. Сөйтіп, соғыстағы жақтас елдер (коалиция) қарулы күші, экономикалық қуаты Берлин – Рим – Токио одағынан арта түсті.
     Соғыстың екінші кезеңінде (1942 ж. қаңтары – 1943 ж. маусымы) коалиция мемлекеттері соғыс қарқынын өз қолына алып оның барысына түбегейлі өзгеріс жасады.
    Вермахт әскерінің Мәскеу түбіндегі күйреуі мен Қызыл Армияның 1942 жылдың қаңтар-сәуір аралығындағы сәтті шабуылдары Германияда дағдарыс туғызды, соған орай ел билеушілері қарулы күштер ұуатын сақтау мақсатында біршама шұғыл шаралар қабылдайды. Тек 1942 ж. сәуірінде кеңес-герман майданы бірқалыпқа келіп, екі жақ та шабуылды жалғастыруға деген үмітпен жазғы ұрыстарға дайындалды.
    Осы жағдайда Жапония Тыңық мұхиттағы әскерінің шабуылын ұлғайтты. 1941 ж. желтоқсаны мен 1942 ж. маусымы аралығында Жапония Филиппин, Малайзия, Бирма, Голландиялық Үнді, Жаңа Гвинеяның солтүстік жағалауын және мұхиттағы бір топ ұсақ аралдарды басып алды. Бірақ Жапония осындай кең аймақты жаулап алғанымен, АҚШ-қа өзінің Қиыр шығыстағы жетекшілік рөлін (гегемониясын) мойындата алмады. Тіпті 1942 жылдың 4-5 маусымында Мидуей аралы жанында жапондық флот талқандалған соң бұл өзінің стратегиялық шабуылын мүлдем тоқтатты.
    1942 жылдың маусымынан кеңес-герман майданында ірі әскеи операциялар жанданды.  Герман әскерінің Қырымдағы сәтті шабуылы, Қызыл Армияның Харьков және Любань түбіндегі жеңілістері нәтижесінде соғыс белсенділігі вермахт жағына ауысады. 28 маусымда Германияның Украиндағы шабуылы Сталинград және Кавказ стратегиялық бағыттарындағы соғысқа ұласып, вермахт өзі ашқан майдандарының барлығын бірқалыпты қамтуға күші жетпеді. 1942 ж. қарашасына таяп Германия КСРО-ның оңтүстігіндегі көлемді аймақтарды  басып алғаны мен компания мақсатына жете алмады. Сөйтіп, Герман билеушілерінің Кеңестер мемлекетін жаулап алу жоспары күйреді.
    1942 жылдың 21 қаңтар мен 7 ақпан аралығында герман-итальян әскерлері Киренаикидің жартысын қайтарды, ал 27 мамырда алғашқы кезде сәтті болған Египетке шабуылын бастады. Алайда Суэц каналына шыға алмай, 4 шілде де Эль-Аламейн жанында тұрақты орналасты. Бұл жағдайда Германияның қос майданда соғыс жүргізуге ішкі қуаты жетпеді. Атлантикадағы соғыс қимылдарында ағылшын-американ әскерлері үстемдік көрсетіп,  1943 жылдың ортасында Англия мен АҚШ ұрыс нәтижесін түбегейлі өзгертіп өз пайдасына шешеді.   
     1942 жылдың 23 қазанында ағылшын әскерлері Эл-Аламейн жанында бастаған шабуылында герман-италян армиясын талқандады. Осы жылдың 8-11 қарашасында ағылшын-американ әскерлері Марокко  мен Алжирге кірді, ал Германия Францияны толық жаулап алды. 1942 жылғы желтоқсанда  герман-италян әскерлері Солтүстік Африкада (Тунис) қоршауға түсіп жан қиярлық қарсы ұрыстар нәтижесінде 1943 жылдың 13 мамырында тізе бүкті.
     Сталинград түбіндегі 1942 жылдың 19 қарашасында Қызыл Армияның шабуылға  шығуы вермахт әскерінің Солтүстік Кавказда қоршауға түсу қаупін туғызды. Осы жағдайда герман билеушілері қарулы күші қорының тапшылығы себебінен әскерлерін толық талқандалуынан аман сақтау үшін кейін шегіндірді. 1943 ж. ақпанның ортасына дейін Қызыл Армия Сталинград түбінде қоршауға түскен герман топтарын толық талқандап шабуылды жалғастырды, елдің оңтүстігінде үлкен аймақ азат етілді. Ақпанның екінші жартысында ғана вермахт күштері Харьков түбінде қарсы шабуылға ұмтылды. Сөйтіп, 1943 ж. наурыз айы соңында кеңес – герман майданы бір қалыпқа түсті.
     1942 ж. 7 наурызынан 1943 ж. 9 ақпаны аралығында Тыңық мұхитта  Гуадалканал аралы үшін ұрыс жалғасты, ал әскери-теңіз күштері Кораллов теңізінде бірнеше шабуыл жүргізді. Осы оқиғалардың өзі Жапонияның бұдан былай шабуылға қуаты жетпей енді қорғанысқа көшкенін айқындады. 1943 ж. көктемінде американдықтар стратегиялық белсенділікті өз қолына алып жапон күштерін жаулап алған аймақтардан ығыстырды.
   Сөйтіп, Екінші әлемдік соғыс осы күрделі оқиғалардан соң өзінің үшінші кезеңіне ұласып (1943 ж. шілдесі – 1945 ж. қыркүйегі) Италия, Германия және Жапонияның тізе бүгуімен соғыс аяқталды.
    1943 ж. көктемінен бастап Германияның еуропалық одақтастары соғыстан шығу амалын іздеуін байқаған Берлин оларға бақылауды күшейтті. Ал жазға қарай  герман-итальян қарулы күштері стратегиялық маңызынан айырылып тек әр аймақта дербес шабуыл операцияларын жүргізді. Кеңес-герман  майданында Қызыл армия басшылығы дайындалған оңтүстік және оңтүстік-шығыс бағытындағы шабуылы, вермахтттың Курск түбіндегі болашақ операциясы туралы мәлімет анықталған соң әзірше жау күшін қорғаныс ұрыста әлсіретіп оны кейін өткізуге шешім қабылдады. Герман басшылығы Курск түбіндегі шабуылында (1943 ж. 5 шілде – 23 тамызда гитлершілер талқандалады) саяси мақсатты көздеген болатын, тіпті бұл операция сәтті болғанның өзінде оны жалғастыруға қуаты жетпейтін-ді. Соңдықтан, вермахт басшылығы Германия жеңілісінің уақытын ұзартуға ұмтылды.
     Осы ұрыспен қатар тамыз айының басында Қызыл Армия Смоленск және Донбасс бағытында шабулын бастады. Вермахт оған тойтарыс беруге күші келмегендіктен, Кеңес әскерлері 30 қыркүйекке Днепр өзеніне шықты. 1943 ж. қазан-желтоқсан аралығында Кеңестік әскерлер Таманьды, Солтүстік Кавказды, Киев қаласы және Белоруссияның шығыс аудандарын азат етті. Қырымның солтүстігінен Днепрдің төменгі ағысына шығып, Оңтүстік Украина жеріне жетті. Вермахт күштері майдандағы стратегиялық ахуалға әсер ете алмайтын ұсақ шабуыл операцияларымен шектеліп қорғанысын жалғастырды.
    10 шілде – 17 тамыз аралығында ағылшын-американ әскерлері Жерорта теңізінде Сицилия аралын басып алды. 25 шілдеде Италияда саяси төңкеріс болып Д.Муссолини тұтқындалды, жаңа үкімет 3 қыркүйекте капитуляцияға (тізе бүгу, жеңілгенін мойындау) сәтінен фашистік блоктың ыдырауы басталды. Қазан айының басында коалиция күштері Италияның оңтүстігін басып алды, ал вермахт бұл елдің солтүстігі мен орталығын отарлады. 1943 ж. екінші жартысында американ әскерлері Соломонов, Гилберт аралдарын, Жаңа Гвинеяның шығыс бөлігін басып алып, бұл жерлерде Тыңық мұхиттің орталығында соғыс қимылдарын жалғастыру үшін базалар ұйымдастырды.
     Соғыстың аяқталуы мүмкіндігі анықталғанда АҚШ, КСРО, Англия өз тарапынан реттеушілігін күшейтуді және соғыстан кейінгі Германия мен Еуропаның саяси-мемлекеттік құрылымы туралы мәселені ойластыруды бастады. Осы маңызды күрделі процестің бір сатысы 1943 ж. қазан айында өткен сыртқы істер министрлерінің Мәскеу конференциясы болды. Конференцияда батыс одақтастар әбден сүр болған “екінші майданды” 1944 ж. ашуға уәде берді, фашистік мемлекеттердің сөзсіз түзе бүгу принципі ұсынылды, тұңғыш рет соғыстан кейін халықаралық ұйым құру және КСРО-ның Жапонияға қарсы соғысқа қатысу мәселелері көтерілді, Орталық және Шығыс Еуропаның соғыстан кейінгі құрылымы жөніндегі проблема өткір талқыланды. Осы проблемаларды талқылау ең биік басшы буын жетекшілері қатысқан Тегеран конференциясында жалғасты. Конференцияда қызу талқыланған маңызды мәселе одақтас әскерлерін Францияға кіргізу болып, ұзақ пікірсайыс нәтижесінде оның мерзімі 1944 ж. мамырына тағайындалды. Германия тізе бүккен соң КСРО Жапонияға қарсы соғыс ашу міндетін алды. Конференцияда соғыстан кейінгі Польша территориясы және КСРО-ға Кенигсберг қаласының берілуі туралы оған қатысушылардың пікірі анықталды.
     1943 ж. желтоқсанның аяғынан 1944 ж. мамыр ортасына дейін Қызыл Армия кеңес-герман майданында шабуылын өрбітіп Днепрдің оң жағалауындағы Украина, Қырымды азат етіп, Ленинград қоршауын бұзып, жауды Балтық республикалары шекарасына дейін тықсырды. Осы жылдың жазғы-күзгі шабуылы нәтижесінде Қызыл Армия 19 қыркүйекте Финляндияны соғыстан шығарып Белоруссия, Балтық республикаларын, Батыс Украинаны, Польшаның шығыс аймақтары мен Заполярьені азат етті. Осы майданның оңтүстігінде Кеңес қарулы күштері Балқан аймағына кіріп Румынияны (12 қыркүйек), Болгарияны (28 қазан) соғыстан шығарып, Венгрияның шығыс аймағына кірді де Белград қаласын азат етуде югославтық жасақтарға көмек берді.
    1944 ж. қаңтарында Италияда басталған одақтастар шабуылы өте баяу қарқынмен жүрді.  Американ әскерлері 6 маусымнан бастап Францияға кіріп 1944 ж. аяғына дейін Франция, Бельгия, Орталық Италия және Нидерланды бөлігін азат етті. 16-25 желтоқсандағы Вермахттың Батыс майданды тұрақтандыру мақсатындағы Арденны түбіндегі қарсы шабуылы одақтас әскерлері үшін күтпеген жағдай болды.
     1944 ж. қаңтар-мамыр аралығында американ әскерлері Маршалл аралдары мен Солтүстік Гвинеяны басып алды. Осы жылдың маусым-қыркүйек айларында Марина және Каролинг аралдары басып алынды, ал 20 қазанда Филиппиннің орта аймағында  Жапондық флот қатты соққы алып мұнда әскерлер орналасты. Жапон әскерлері бұл жағдайда Қытай жеріндегі шабуылын жалғастырып құрғақ аймақта Үндіқытаймен байланыс орнатты. Бұл елдің 1944 ж. наурыз-мамыр аралығындағы Үндіні басып алу әрекетіне ағылшын әскерлері тойтарыс беріп, Жапондықтар ұмтылысы сәтсіз аяқталды.
     Англия мен КСРО 1944 ж. қазанында өздерінің Балқандағы саяси-әскери қимыл аймақтарын анықтаған соң Грекияны ағылщын армиясы басып алды. АҚШ, КСРО, Англия басшылары қатысумен өткен Ялта конференциясында соғыстан кейінгі әлемдік құрылым қалпы туралы мәселені талқылау жалғасып, Құрама штаттары мен Кеңес мемлекеті еуропаны бөлуде шешуші рөлді иеленді. Осы конференцияда Қызыл Армияның Жапонияға қарсы соғыс ашу шарты және пысықталды.
1945 ж. қаңтар-наурыз аралығында Венгрияда Қызыл Армия вермахттың бірнеще қарсы шабуылдарын қайтарды. 12 қаңтарда Польша және Шығыс Пруссиядағы басталған Кеңестік шабуыл сәуір басында Қызыл Армияның Одер және Нейсе өзендеріне шығуымен аяқталып, енді Берлинді басып алуға жағдай туды. 1945 жылдың осы уақытында Қызыл Армияның Венгрияны соғыстан шығарып 20 қаңтарда уақытша бітімге қол қойылуына қарамастан Венгрия әскерлері дербес шабуылдарын жалғастырып Австрияның шығыс бөлігін басып алды. Берлин операциясы нәтижесінде (16 сәуір – 8 мамыр) кеңес әскерлері Германия орталығына шығып Берлинді тізе бүктірді. Мамыр айының басында Чехословакияны азат ету аяқталды.
       Арденны жанындағы вермахт әскерінің қарсы шабуылына тойтарыс берген батыс одақтастар, ақпанда басталған Германияның батысындағы шабуылда 22 наурызда Рейнге жетіп, 25 сәуірде Қызыл Армиямен түйісті. Сәуірде Солтүстік Италия азат етіліп, ал 8 мамырда Германия жеңілгенін мойындады. Сөйтіп, Еуропадағы соғыс ақталды.
     Осы соңғы операциялармен қатар американ әскерлері Тыңық мұхиттағы шабуылын жалғастырды. 1945 ж. қаңтар – мамыр аралығында олар Филиппин, 19 ақпан – 16 наурызда – Иводзима, 1 сәуір – 21 маусымда – Окинава, мамыр-шілде аралығында Борнео аралдарын басып алды. Ағылшын әскерлері қаңтар – мамыр аралығында Бирманы басып алды,  Жапония соғыс нәтижесінде ешқандай әсер етпеген Қытайға бірнеше шабуылдар ұйымдастырды. 6 және 9 тамызда бүкіл әлемге, әсіресе, КСРО-ға күш көрсету саясатын ұстанған АҚШ билеушілері әмірімен Жапонияға қарсы (Нагасаки, Хиросима, Киото) ядролық қару қолданылды. КСРО әскерлері 1945 ж. 9 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Маньчжурияда шұғыл шебер шабуыл нәтижесінде жапон қарулы күштерінің ең ірі тобын талқандап, Қызыл Армияның қуатын әлемге паш етеді. 1945 жылдың 2 қыркүйегінде Жапонияның тізе бүгуімен екінші әлемдік соғыс аяқталды.

    Екінші әлемдік соғыс тарихының соңғы баяндалуындағы өзгерітерді есепке алсақ, оның кезеңдерін төмендегі ретпен бөлген дұрыс болар еді. Бірінші кезең 1939 ж. Қыркүйегі мен 1941 ж. желтоқсаны. Оның: бірінші сатысы 1939 ж. қыркүйегі мен 1940 ж. маусымы, екінші сатысы 1940 ж. шілдесі мен 1941 ж. маусымы, үшінші сатысы 1941 ж. маусым-желтоқсаны. Екінші кезең 1942 ж. қаңтары – 1943 ж. маусымы. Оның: бірінші сатысы 1942 ж. қаңтар- мамыр аралығы, екінші сатысы 1942 ж. маусым – қарашасы, үшінші сатысы 1942 ж. қарашасы мен 1943 ж. маусымы. Үшінші кезең 1943 ж. шілдесі – 1945 ж. қыркүйегі. Оның бірінші сатысы 1943 ж. шілдесі мен 1944 ж. маусымы мен 1945 ж. мамыры, үшінші сатысы 1945 ж. мамыр-қыркүйек аралығы.    



Нұртаза АБДОЛЛАЕВ,
                                                            тарих ғылымдарының докторы, профессор
("Ақтөбе" 6 мамыр 2004 жыл)