Майдангер жолы


     - Бала кезгі арман көп еді. Айтты-айтпады не, соғыс бәрін өзгертті ғой... Сонау сағымдай бұлдыраған алыс шақты естелік қып шерткен ақ шашты ардагер қария терең күрсінді.
    Сарқытбаев Жолжан – кешегі сұрапыл соғыстың барлық ауыртпалығын бастан кешіріп, елге жеңіспен оралған, қанды шайқастарда көрсеткен қаһармандығы үшін марапатқа ие болған., бүгінде арамызда жүрген санаулы майдангерлердің бірі.
  Иә... Ұлы Отан соғысының өрт-жалыны бейбіт елді шарпыған сонау бір сұсты кезеңде, өзінің құрбы-құрдастарындай, бұл да тез есейді. 1943 жылы қаңтар айында Сарқытбаев Жолжан Қызыл Армия қатарына алынады. Ол кезде соғыс жүріп жатқан еді.
    Ол Троицск қаласында жаяу әскер дайындайтын курсты оқып бітіргеннен кейін 1943 жылдың аяғында Украина жерінде  майданға  аттандырады.  Содан Киев, Житомир  қалаларын жаудан босату жолында ерлікпен шайқасты. Сол Украинада аяғынан жараланып, біраз госпитальда жатқан соң, қайтадан  майданға жіберілді.
    Ж.Сарқытбаев жаяу әскерлерінің құрамнда Югославия, Венгрия, Австрияны фашистік  құзғындардан азат етуге бастан-аяқ қатысты. Ұлы Жеңісті қаруластырымен бірге Австрияның астанасы Вена қаласында қарсы алды.
    Тіршілік атаулыға қауіп төндірген соғыс қасіретін  түгел сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес... Сын сағатта қолына қару алған ерлермен бірге Жолжан ақсақал да етігімен су кешіп, қар-мұз жастанып жүріп, майданның алғы шебінде әскериантқа адал болды.Жан-жақтан қардай  бораған оқ пен лапылдаған оттан дүниенің астан-кестен шыққанын, қанды көйлек жолдастарынан  алапат майданда қыршын кеткенін көзбен көрді.
    Соғыс жылдарында ерлік көрсеткені үшін Жолжан Сарқытбаев екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен және бірнеше медалдарымен марапатталды.
  Өзі туып-өскен өңірге  Жолжан тек 1949 жылы мамыр айында ғана қайтып оралды.  Содан 1950 жылдан Қарауылкелді –Темір стансасында отыз бес жыл еңбек етіп 1985 жылы зейнет демалысына шықты. Бейбіт еңбекте де  абыройлы болды, еңбегі бағаланды, бірнеше рет мақтау қағаздарымен марапатталды және «Құрметті теміржолшы» белгісіне ие болды.
    Қазіргі таңда Жолжан ата құрметті еңбек демалысында, 3 бала тәрбиелеп өсірген, 6 немере, 2 шөбере сүйіп отыр. Отанына  сіңірген еңбегінің жемісін көріп, ауылдың қадірменді ақсақалдарынының бірі болып атанып отыр. 

                                                                     К.Әбубәкіров.
                                                               «Жем-Сағыз» газеті, 2009-7 мамыр