Күркіреп күндей өтті ғой соғыс

Соғыста 96 638 қазақ ерлігі үшін ордендер мен медальдар алды.
Қазақстандық 497 Кеңес Одағы Батырларының 9-сі қазақ.
Демографтардың болжамы: майданнан 350 мың қазақ оралмады.
Майдан және қорғаныс өнеркәсібіне Қазақстанның әрбір төртінші тұрғыны алынды.
АҚШ жазушысы, майдангер тілші А.Верт Сталинград шайқасында Қызыл Армияның ең ер жүрек жауынгерлері қазақтар мен Орта Азия халықтарының өкілдері болғанын әділ жазады.
Жауынгерлерді шабуылға Абылай, Кенесары... рухы бастап еді...

     Саяси және әлеуметтік қайшылықтар мен дүрбелең үстінде өтіп жатқан ХХ ғасыр жойқын соғыстарымен де адамзат санасында мәңгі қалары сөзсіз. Өйткені, екінші дүниежүзілік соғыстың өзі – ақ қаншама ұрпақты қайғы – қасіретке душар етіп, өмірін өксітті. Бұған кешегі Ұлы Отан соғысының қиындықтарын бастан кешкен еліміздің тарихы куә. Сол соғысты қан майданда басынан өткергендер де, солардың тілеуін тілеп, тылдағы бар ауыртпалықты иығымен көтерген ардагерлер де, соғыста ата – анасынан айырылып, жетілгенше жетімдік тауқыметін тартып өскендер де бүгінде арамызда жүр.
     Соғыс жылдары Қазақстан кешегі Кеңестер Одағының құрамдас бөлігі ретінде өзінің экономикалық ресурстарымен де, адам күшімен де ортақ жауды жеңуге зор үлес қосқаны мәлім. Бұл туралы бұрынғы шыққан кітаптар мен зерттеулерде, оқулықтарда кеңінен жазылып келді. Бірақ соғыс туралы, сол кездегі саяси – әлеуметтік оқиғалар жөнінде шындық ақырына дейін айтылмай келгені рас. Оның себебі соғыс тарихының бір кезде «халықтар көсемінің» өзі ұсынған сталиндік үлгісімен, онан кейін тоталитарлық жүйенің әрқилы кезеңдерінде аздаған өзгерістерге ұшрағанымен, идеологиялық тұрғыда бәрібір сол қалыптың шектеуінде жазылып келгендігінде еді. Ал қатаң идеологиялық бақылау жағдайында зерттеушілер соғыс тарихының көлеңке жақтарын, сталиндік режимнің соғыс жағдайын пайдаланып жасаған зұлымдықтарын ашып көрсете алмады.  Өйткені бұған қатаң тиым салынған болатын.
     Соңдықтан болар, кейінгі жылдары демократиялық қозғалыстың әсерімен, соңдай – ақ бұрынғы КСРО көлеміндегі ұлттық – мемлекеттік өзгерістердің нәтижесінде өткен соғыс тарихына да жаңаша көзқарас қалыптаса бастады. Соғыстың «ақтаңдақ» беттері ашылып, ашық пікірлер айтылды. Мұндай сәттерде салиқалы пікірлермен қатар жаңсақ ойларда, тіптен белгілі бір мақсатты көздеген арандатушылық әрекеттер де көрініп қалады. Бұлда уақыт белгісі шығар. Мысалы, біреулер Ұлы Отан соғысының нәтижесі мен Жеңістің маңызын жоққа шығарғысы келеді. Ал мұндай нәрселер жас ұрпақтың санасын күдік салып, күнделікті тұрмыста олардың кейбірін соғыс ардагерлерінің намысына тиетін қылықтарға итермелейді. Бұл, әрине, маман зерттеушілерден, соңдай – ақ, соңғы кезде тарихи тақырыптарға орынды – орынсыз қалам тартып, мәселенің байыбына бармай, жекелеген фактілер төңірегінде асығыс тұжырым жасай алатын әуесқой тарихшылардан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі соңғы топтағы авторлардың тарихқа да, қоғамдық ой – пікірге де тигізер пайдасынан зияны мол екенін ескерген жөн.
     Соғыс тақырыбына байланысты жаңа көзқарасты қалыптастырудағы кешегі КСРО-ның орталық басылымдары көп жұмыс атқарғанын атап өткен жөн. Алайда олардың ішінде сұрапыл соғыста қаза тапқандар мен тірі оралып, сол бір жаралы жылдар бейнесін әлі күнге дейін жадында берік сақтап келе жатқан ардагерлердің намысына тиер, қала берді ақиқат пен имандылық, ерлік пен отанға адалдық сияқты ұғымдарға  кереғар материалдар да кездеседі. Егер гитлерлік Германияға өз еркімен беріліп,  отанына опасыздық жасаған еріктілерден орыстың азаттың армиясын (РОА) құрған, сөйтіп жау жағында өз еліне қарсы аянбай соғысқан бұрыңғы кеңес генералы А.Власовты дәріптейтін мақалалар милиондық тиражы бар «Огонек», «Известия» сияқты басылымдарда жарияланып, кеңінен таралса, оның қоғамға, ұрпақ санасына тигізер әсері қаңдай екенін топшылауға болады. Оның авторлары Власовты тоталитарлық режиммен күресуші ретінде танытқысы келеді. Әйтсе де, қай заманда, қай елде болмасын, опасыздықтың аты опасыздық, сатқындық болып қала береді. Оны тарихтың өзі-ақ қана орнына келтіреді.
     Өкінішке орай соғыс тарихына байланысты соны пікір айтамыз деп, жалпы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің маңызын жоққа шығаушылар қатарында зиялы қауымның өкілдері, оның ішінде орыс жазушылары да кездесіп қалады. Алысқа бармай-ақ, осы өзіміздің республикаға кеңінен танымал, көрнекті жазушыларымыздың бірі Морис Симашко осы жылғы 13 ақпанда «Казахстанская правда» газетіне жарияланған публицистикалық мақаласында қайғысы мен азасы басым болған жеңісті түкке тұрғысыз етіп, соғыстан кейін Еуропа елдерінде «Маршал жоспары» бойынша ұсынылған даму келешегін Ресейдің қабылдамай, «қызыл доңғалақты» бұру сәтін пайдаланғысы  келмегеніне өкінеді. Өзі де соғыс ардагері, білікті жазушы «қырғи-қабақ соғыс» саясатының темір қақпасын тарс жабуда екі жақтың да әсері барын ескергісі келмейді.
     Мұндай пайымдаулар соғыс жылдары ел қорғап, қан төккен көп ұрпақтың еңбегін жоққа шығарып, олардың санасында бүкіл ғұмыры, зая кетті деген ұғым тудыруы мүмкін. Олар кім үшін не үшін соғысты деген сұрақтар зердесіз қауым тарапынан аракідік естіліп қалатынын да жасыра алмаймыз.
     Шынында да олар не үшін соғысты деген мәселеге келетін болсақ, алдымен Қазақстанның кешегі Кеңестер Одағының құрамдас бөлігі болғанын ескерген жөн. Жалпы екінші дүние жүзілік соғыстың басталып, оқиғаның мұнан әрі қалай өрбігені, сол кездегі үкімет басшыларының ішкі және сыртқы саясаты өз алдына бір әңгіме. Ал кеңестңк империяның  сыртқы саясатта фашистік Германиямен жүргізілген келіссөздері, олардың сыртқы істер министрі Молотов пен Риббентроптың қол қойған жасырын келісім шарты, Балтық бойы елдерінің Кеңес еліне қайта қосылу сияқты мәселелер жөнінде аз жазылып жүрген жоқ. Әйтседе қарапайым халық үшін Кеңестер Одағы көп ұлтты мемлекетте ортақ отан болғанын ұмытуға болмайды. Ең бастысы Ұлы Отан соғысына қатынасушыларбүкіл өркениетті әлемнің қас жауы фашизмге қарсы күресті. Соңдықтан да соғыс жылдары өзінің әлеуметтік және саяси құрылыс жағынан ешбір ымыраға келмейтін елдер КСРО мен антигитлерлік одаққа бірігіп, ортақ жауға қарсы бірге соғысып, жеңіп шықты.
     Ал бүгінгі Қазақстан республикасының тұрғысынан қарасақ, Ұлы Отан соғыс тәуелсіз тәуелсіз мемлекеттер тарихының құрамдас бір бөлігі екенін мойындауымыз қажет. Бұл оның мемлекеттік идеологиясына да, өз халқын туысқандық пен достық аясында біріктіруіне де, жас ұрпақты, әсіресе ел қорғаушыларды патриоттық пен ерлік рухында тәрбиелеу мақсатына да сай. Өйткені Гитлерлік Германия Кеңестер Одағына қарсы соғыс жоспарын жасағанда, онда Қазақстанға да байланысты шаралар белгіленген болатын. Ол жоспар бойынша Атлантикадан Сібірге дейін «Германиялық біртұтас этникалық – территорияоық кеңістік құру» көзделген еді.
     Фашистер бүкіл кеңістікті славяндар мен түрік – моңғол тектес «адам санатына қосылмайтын» халықтардан «тазартуды» талап етті. 1941 жылдың аяғы мен 1942 жылдың бас кезінде «Еділ-Орал», «Үлкен Түркістан» сияқыт мемлекеттік құрылымдарды, соңдай-ақ Қарағанды, Новосібір және Кузнецк «индустриялдық облыстарын»  құруды жоспарлады.
     Ұлы Отан соғысына Қазақстан біртұтас елдің құрамдас бөлігі ретінде қатысты. Соғыс қарсанында оның адам күші де, стратегиялық маңызы бар табиғат байлығы да мол болатын. Аз уақыт ішінде республикада мәдени-әлеуметтік өзгерістер де іске асырылған еді. Сауатсыздықты жою, патриархалдық тұрмыс – тіршілігін өзгерту, бұрынғы отарлық жүйені жою, халықтар арасында ұлттық ымыра мен достық орнату, әйел теңдігі сияқты әлеуметтік мәселелер іске асырылып, қалыптасқан еді. Адамдарға соғыс қарсаңындағы жылдарда кеңінен жүргізілген антифашистік үгіт те зор әсер етті.
     Алайда сол өзгерістерді орнату жолында халқымыз ауыр қасіретті де бастан өткерді. Күшпен ұйымдастыру жылдарында жергілікті халықтан 2 миллион 200 мың адамды ашаршылыққа душар ету, қырып салу, шаруалардың кәсіпшілігін қуғын-сүргінге ұшырату, қазақтың бетке ұстар зиялы қауым өкілдерін құртып жіберу, қала берді 1937-38 жылдардағы жаппай репрессия – осының бәрі халықты рухани жүдетіп, тұрмысын әлсіретіп, олардың сана – сезіміне әсер етті. Сол жылдары қазақ даласы жер аударылған халықтарды орналастыратын полигонға айналды. Осының бәрі елдің қорғаныс қуатын өркендетуге, оған република потенциалын толық пайдалануға орасан зор зиянын тигізді.
     Соғыс қарсаңында Қазақстанның экономикасы негізінен аграрлық бағытта болды. Өнеркәсіп орындары тікелей шикі зат өндіруге байланысты дамыды. Соңдықтан Қазақстан экономикасы негізінен аграрлық бағытта болды. Өнеркәсіп орындары тікелей шикізат өндіруге байланысты дамыды. Соңдықтан Қазақстан экономикасының жүйесі бұрынғы отаршылдық кезеңнен көз өзгеріп үлгермеді. Білікті маман кадрлардың жетіспеуі  әсіресе ұлт өкілдерінен шыққан мамандардың көпшілігінің репрессия құрбанына ұшырауы шаруашылықты дұрыс жүргізуге мүмкіндік бермеді.
     Ұлы отан соғысының алғашқы күндерінен бастап Қазақстан еңбекшілері жауға қарсы жаппай қарсы тұруға бір адамдай жұмылды. Соғыстан бұрынғы жылдары сол кездегі ресми идеология халықты патриоттық рухта тәрбиелеуге зор күш салғанын айтпай кетуге болмайды.
     Қазақстанда соғыстың алдында 6,2 миллион халық тұратын ед. Соғыс жылдары республикадан 1 196 164 адам қару асынып, майданға аттанды. Оның үстіне сталиндік режим бұрынғы патша өкіметінің 1916 жылғы тәжірбиесін пайдаланып әскермен қоса арнайы соғыс батальондарын құрды. Оларға Қазақстан мен Орта Азияның жергілікті халықтарының және осында жер аударылып, репрессияға ұшыраған халықтардың өкілдері шақырылды. Сөйтіп, републикадан еңбек армиясына 700 мың адам жіберілді. Сонда Қазақстаннан соғыс жылдары әскери коммиссариаттар арқылы 1 миллион 900 мыңдай адам сапқа тұрған екен.
     Еңбек армиясы негізінен қорғаныс кәсіпорындарын, темір жолдарды, электр станцияларын салуға қатынасты. Ал арнайы құрылыс батальондарының көпшілігі майдан шебіндегі қираған темір жолдар мен басқа да әскери объектілерді салуға, жөндеп, қайта іске қосуға қатынасты. Олардың жұмысы көбінесе от пен оқтың астында өтті. Мысалы, соғыс өнеркәсібіне өте қажет болған Магнитогорскінің алтыншы домнасының негізін қалауға оң мын қазақ қатынасты. Соңдықтан тылдағы адамдардың еңбегі майдандағыдан жеңіл болды деп айту қиын. Өйткені соғыс жылдарындағы заңдарға сәйкес еңбекке жарамды әрбір адам қатаң тәртіп бойынша жұмыс істеді. Еңбек армиясына жіберілгендер негізінен ауыл адамдары болды. Оның 200 мыңы 55 пен 60-тың арасындағылар еді. Архив деректері бойынша тыл армиясына кеткендердің де көбі қиындықтарға душар болып, ауру – сырқаудан құрбан болғандары да аз емес. Соңдықтан еңбек армиясына кеткендерді тікелей майданға барып, шайқастарда болғандардан бөліп қарауға болмас дер едік.
     Соғыс кезінде Қазақстанға майдан төңірегіндегі аудандардан эвакуациямен және осында күштеп жер аударылғандары бар – барлығы 1,5 миллиондай адам келді. Соларды қосқанның өзінде (7,5 млн) әскерге және еңбек армиясына шақырылғандардың үлесі республикада басқа жерлерге қарағанда өте жоғары болды: майдан мен қорғаныс өнеркәсібіне Қазақстанның әрбір төртінші тұрғыны алынды. Бұл тіптен екі майданда соғыс жүргізіп жатқан Германияның адам күшін мобилизациялау дәрежесінен де асып түсті. Онда халқының 12 проценті кетсе, Қазақстанда бұл 24 проценттен асып кетті.
     Мұның бірнеше себептері болуы мүмкін. Оны әліде зерттеу қажет. Әйтседе біздің қазақ елі аграрлы ел болғандықтан шаруалар әскер қатарына көп шақырылды. Қорғасын, көмір, ауыр өнеркәсіп сияқты салаларда маман жұмысшылар жеңілдік беріліп, бронь арқылы соғыстан қалдырылса, ауыл – селоларда олай болған жоқ. Тек соғыстың ортасында тұсында ғана кейбір механизатор кадрларын қалдыруға рұқсат етілді.
     Соғыстың алғашқы ауыр шағында майданға республикадан көп адам жөнелтілді. Оларды соғыс өнеріне баулып,  үйретудің өзі қысқа мерзімде іске асырылды. Қызыл Армияның орасан зор шығындарға ұшырап, Еділ бойына дейін шегінуі, соғыс техникасының жетіспеуі немесе әлсіз болуы, олардың есесін адам күшімен толтыруға мәжбүр етті. Соңдықтан амалы таусылып, шегінер жол болмаған қиын сәттерде жауынгерлердің жанармай құйылған шөлмек алып танкіге қарсы ұмтылуы, немесе оның шынжыр табанына жарылғыш заттар мен қоса өздері жатып, құрбан болуы кездейсоқ нәрсе емес еді. Мұнда ерлік пен батырлықтың үлгісімен қоса ел қорғанысын ұйымдастырудағы қателіктер мен қатыгездіктерде көрініп тұрса керек.
     Әсіресе соғыстың алғашқы екі жылында майданға көп адам алынып, олардың дені қаза болды. Соғыстың алғашқы жарты жылында майданға 200 мыңдай адам шақырылса, 1942 жылы 632 134 адам кетті. Олардың көпшілігі 1942 жылдың көктемі мен жазында Харьков түбіндегі шегіністен Еділге дейінгі аралықта және Сталинград шайқасында ерлік көрсетіп, қаза тапты. Белгілі ағылшын жазуышысы әрі публицист, соғыс жылдары «Санди таймс» газетінің КСРО – ның соғыс кезіндегі тарихына байыпты баға берген Александр Верт «Ресей 1939 – 1945 жылдардағы соғыста» деген көлемді кітабында Сталинград шайқасы кезінде Қызыл Армияның ең ержүрек жауынгерлері Қазақстан мен Орта Азия республикалары халықтарының өкілдерінен шыққанын, оның ішінде қазақтарды ерекше атап өтеді.
     Әскерге жарамды халықты соғыстың алғашқы жылдарында жаппай сыпыра майданға жіберу кейіннен резервтердің тым азайып кетуіне әкеліп соқты. Бұл да сталиндік режимнің бір қатыгез көрінісі еді. Өз кемшілігінің орнын осылай толтыру соғыс кезінде үйреншікті әдетке айналды. Осының салдарынан 1943 жылдың аяғына қарай әскерге шақыратын адам саны жетпей қалды. Қазақстан республикалық әскери коммиссариаты мен Орта Азия әскери округінің соғыс жылдарындағы жыл сайынғы есебі мен әскерге адам жіберу жоспарының орындалысын қарайтын болсақ, 1943 жылдан бастап әскерге шақыру жоспары орындалмай отырған. Оның басты себебі майданға әскер бөлімдерін алғыс жіберуден, соғыс оқиғаларының тез өрбіп, кеңес әскерлері үшін сәтсіз болғандығынан еді.
     1944 жылдан бастап майданға әскер резервтерін табу үлкен науқанға айналды. Бұған құпия түрде жергілікті партия, совет органдары да жәрдемдесуі жөнінде нұсқау берілді. Аудандық әскери коммиссариаттардың хабарлауынша, қазақ аудандарында бұл жоспар 30-60 процентке ғана орындалып отырады. Өйткені соғыстың алағшқы бір жарым жылы ішінде жергілікті қазақ халқының әскерге жарамды өкілдері майданға түгел келіп үлгерген болатын. Архив құжаттары кейбір обылыстарда олардың жалпы майданға аттанғандар арасындағы үлес салмағы 50 – 60 процентке дейін жеткенін, кейде онан да көп болғанын көрсетеді.
     Майданға жіберетін адам іздестіруде әскери орындардың сұрауы бойынша жер – жерге Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің секретарының қолы қойылған арнайы нұсқау жіберілді. Онда елді пункттерде жаппай тосқауыл ұйымдастырып, соғыстан жылыстап жүргендерді ұстауға, жараланып, госпитальдардан емделіп шыққандарды қайтадан әскери – медициналық комиссияларға салып, жарамды дегендерін майданға аттандыруға нұсқау берілді. Міне, соғыстың көлеңке сәттерінің бірі осындай.
     Соғыс жылдарында майданға әскер күші жетпей жатқан шақта сталиндік режим көптеген халықтарды әртүрлі жасанды айыппен ата – мекеннен күштеп қуып, жер аударды. Олардың негізгі қоңысы енді Орал мен Сібір, Қазақстан мен Орта Азияның кейбір республикалары болды. 1941 жылы республикаға 300 мыңнан астам неміс жер аударылса, 1943 жылғы күзден бастап 1944 жылға дейін Қазақстанға 507 480 адам зорлықпен көшірілді. Олардың ішінде 45,5 мың қарашай, 406 мың чечен және ингуш, 21 150 балкар, 2,2 мың қалмақ, 4,5 қырым татарлары, 27,6 месхет түріктері және басқалары бар еді. Бұларды күшпен көшіруге, жаңа жерлерге апаруға қаншама көлік шығыны, соңдай – ақ мардымсыз болса да мал мен қаражат жұмсалды!
     Тек бір ғана чечен және ингуш халықтарын көшіру үшін, басқа шығынды былай қойғанда, Сталин мен Берия 100 мыңға дейін солдаттар мен НКВД қызметкерлерін пайдаланды. Дәл осы кезде майдандағы жағдай да мәз емес еді. Ауыр шығындармен шабуыл жасап бара жатқан әскер үшін жоғарыда айтылған күш пен қаражат қаншама септігін тигізіп, қаншама жауынгер тірі қалған болар еді...
     Сталиндік режим жер аударылыған халықтардың өкілдерін майданға алмады. Соғыста жүргендері кері қайтарылып, қара жұмыстарға жіберілді. Сөйтіп өз халқына өзі сенімсіздікпен қараған Сталин және оның төңірегіндегілер соғысты басқа халықтардың есебінен жүргізу әдістерін қолданады. Бұл, әрине қуғын сүргінге ұшыраған халықтарға тағылып отырған кінә емес. Олардың жаңа жерлерде аш-жаланаш қалып, ауруға шалдығып, қаншама адам қырылғаны жөнінде де архив құжаттарында деректер бар. Олар да мұндай өмір кешкенше басқалармен бірдей өз Отанын қорғағанды бақыт көрді. Бірақ олардың тағдырын сұрапыл соғыс осылай шешкен еді.
     Бүгінде соғыстағы адам шығыны туралы әртүрлі деректер айтылып жүр. Майданнан 350 000 қазақ оралмады деген демографтардың болжамы да бар. Бірақ бұл әлі де болса анықтауды, қажетті деректерді жинастырып, бір жүйеге келтіруді талап етеді. Қазіргі кезде әзірленіп жатқан «Зерде» кітабы бұған жауап берері сөзсіз. Әзірше анықталған мәлімет бойынша соғыстан 410 мың қазақстандық жауынгер оралған жоқ. Бұған республикалардан тыс жерлерде жүріп соғысқа кеткендер, еңбек армиясынан оралмағандар, соғыс жарақатынан кейінрек қайтыс болғандар еңбеген. Соңдықтан зерттеушілер үшін ізденіс әлі де алда тұрғаны сөзсіз.
     Әйтсе де бүгін мына бір ақиқат даусыз: 1930-37 жылдары құрбан болған қазақтың зиялы қауымының қалғанын майданға жіберген еліміз көптеген талантты ұлдарынан айырылып қалды. Көзі ашық, оқыған азаматтарды, тіптен мектепті жаңа бітірген жасөспірімдерді майданға жіберіп, халқымыз өзінің ұлттық санасын ортайтып алды. Жалындап тұрған шағында мерт болған Баубек Бұлқышев, Абдолла Жұмағалиев, Рамазан Елебаев, Әли Есманбетов сынды жүздеген таланттардың болашағы осылай қиылды. Бұл да өткен соғыстың біздер үшін ащы шындығы.
     Соғыс жылдары Қазақстан майданға адам күшін беріп қана қоймай, Қызыл Армияның таңдаулы құрамалары жасақталған әскери лагеріне де айналды. Майданға аттанғандардың үштен бірі осында құрылған дивизиялар мен бригадалардың құрамына кірді. Жалпы соғыс жылдары Қазақстан территориясында 12 атқыштар дивизиясы мен 4 ұлттық атты әскери дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы (оның ішінде қазақтың екі ұлттық атқыштар бригадасы бар), әрқилы әскер түрлерінің 50-ге жуық полк түрлері мен батальондары құрылып, майданға аттанды. Ұлттық атты әскер дивизиялары мен бригадалары республика бюджетінің есебінен және халық қаражатын пайдалану арқылы жасақталады.
     Қазақстандық құрамалардың жауынгерлік сапары қаһарлы 1941 жылдың күзінде Мәскеу түбіндегі шайқастан басталып, 1945 жылдың көктемінде Берлинде Жеңіс туын желбіретумен аяқталды. Олар Ленинградтағы қорғасты, Сталинград пен Курск шайқастарына қатысты. Днепрден өтіп, Украина мен Белоруссияны, Молдавия мен Балтық бойы елдерін жаудан тазартысты. Еуропа халықтарын фашистік құлдықтан азат етуге қатысты. Фашизмді өз ордасында талқандап, Рейхстакка ту тіккен батырлардың ішінде Рақымжан Қошқарбаев, Илья Сьянов сияқты қазақстандық жауынгерлердің де болғанын  республика жұртшылығы мақтан етеді.
     Соғыс жылдары Қазақстандық бес әскери құрамаға гвардиялық деген құрметті атақ беріліп, олардың туларына әлденеше ордендер қадалды. Олардың жауынгерлерінің ерлігі аңызға айналды. Соның ішінде атақты 8 – гвардиялық Панфилов дивизиясы да бар. Оның құрамынан шыққан 28 батырдың, батальон, кейіннен дивизия командирі болған Бауыржан Момышұлының, Мәлік Ғабдулиннің есімдері соғыс тарихынан мәңгілік орын алды.
     Қазақстаннан тыс жерлерде құрылған, немесе тікелей майдандағы бөлімдерге қосылған жерлес жауынгерлер де ерлікпен соғысты. Көптеген Қазақстандық жауынгерлер жау тылында қоршауда қалып, партизандық күреске араласты. Соғыс жылдары әзірге белгілі болған деректер бойынша 3,5 мың қазақстандықтар партизан отрядтарында болды. Олардың ішінде бүгінде есімдері барша жұртшылыққа мәлім Қасым Қайсенов, Тоқтағали Жангелдин, Әди Шәріпов, Сәтімбек Төлешев, Нұрым Сыдықов, Ғалым Омаров, Ғалым Ахмедияров секілді батыр партизандармен қатар Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ақәділова сияқты қыз – келіншектер де ерлік көрсетті.
     Соғыс жылдары ерлігі үшін орден және медальдармен наградталғандардың қатарында 96 638 қазақ жауынгері бар. 497 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Олардың 97-сі қазақ. 142 жауынгер «Даңқ» орденінің толық иегері болды.
     Әйтсе де соғыс жылдары  ерлігі ескерілмей елеусіз қалған, немесе наградалары әлі күнге дейін иесін таба алмай жүрген жауынгерлер де жоқ емес. Бұл да сұрапыл соғыс қайшылықтарының бірі.
     Соғыс туралы ащы шыңдықты айтар болсақ, қоршауда қалып немесе жаралы күйінде тұтқынға түсіп, азап шеккендерді елемей кетуге болмайды. Соғыстың алғашқы кезенінде мыңдап қырылып, тірі қалғандары тұтқынға түсті. Одан сәтін тауып құтылғандар партизандарға қосылды. Мұндай бақытқа қолы жетпегендер концлагерьлерде азап шекті. Ал славян халқының басқа халықтар өкілдерінен фашистік командование әр түрлі легиондар құрып, өз еліне қарсы айдап салмақшы болды. Олардың кейбірін өздері басып алған жерлерде партизандарға қарсы жұмсауға әрекеттенді. Мысалы, қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен және басқа да Орта Азия халықтары өкілдерінен құрыған «Түркістан легионы» осындай жолдардан өтті. Бірақ, кейбір мәліметтерге қарағанда, әсіресе сол легионда болғандардың айтуынша, олар бұған өз еріктерімен енген жоқ, тұтқындарды ұлты мен дініне қарай бөліп, легион болып құрылғанын ғана жариялайды дейді. Әрине, мұның анық-қанығын зерттеп, әділ бағасын айтар уақыт жетті. Сонда да осы легионның бөлімдерінен қашып шығып, Болгария, Югославия, Италия, Франция партизандарына қосылған азаматтар аз емес. Олардың ішінде ерлік көрсеткен, бүгінде аты кеңінен мәлім Кеңес Одағының Батыры Зиямат Құсанов, партизандар Бошай Қанапиянов, Юсупов және басқалары бар. Бұлар соғыстан кейін легионда болғаны үшін бәрібір жазаланған еді.
     Соғыстан кейін тұтқында болғандардың көпшілігі қайтадан лагерьлерге қамалды. Олардың ішінде опасыздық жасап, қылмысқа барғандары болуы мүмкін. Дегенмен ары таза, Отан алдында қылмысы жоқ азаматтардың соғысқа қатынасқан, деген құқық қайтарып беріп, әділетті қалпына келтіретін уақыт жетті. Бұл да соғыстың әлі күнге дейін ашылмай келе жатқан көлеңке тұсы.
    Қазақстан соғыс жолдарында шын мәнінде майдан арсеналына айналды. Республика еңбекшілері майдан талабына сай еңбек ете жүріп, соғыста аса маңызды стратегиялық мәні бар түсті металдар өңдіруде өзінің одақтағы жетекші рөлін нығайта түсті. Соғыс жылдары Қазақстан майданға және қорғаныс өндірісіне қажет мыстың үштен бірін өндіріп отырды. Майданда атылған оң оқтың тоғызын Қазақстанда құйылған қорғасыннан жасадық дейміз. Бұл ақиқат. Республикада сонымен бірге Қоңырат молибден кен орны, Жездідегі марганец өндіру кен орны, Ақтөбедегі Хромтау, Ақшатау молибден – вольфрам, Текелі полиметалл комбинаттары жедел салынып, іске қосылды. Осының арқасында одақтық өндірісте молибденнің 60, металл висмуттың 65, полиметалл кендерінің 79 проценті Қазақстанда шығарылды.
     Марганец, молибден тәрізді сирек металдар тапшы болған кезде Жезқазғанның түбіндегі Жезді кеніші 37 күнде іске қосылды. Майданда Қазақстанның металынан жасалмаған техника болған емес. Жеңіс туралы сөз етсек, тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегінің нәтижесінде Қарағандының көмірін, Ембінің мұнайын, Шығыс пен Орталық Қазақстанның түсті металын, Шымкенттің қорғасынын айтамыз.
     Жалпы соғыс жылдары халықтың ерлік  еңбегі мен жаңқиярлығы нәтижесінде Қазақстанда 460 зауыт пен фабрика, кен орындары мен шахталар іске қосылды. Бұлардың ішінде батыс аудандардан эвакуациямен көшіріліп әкелінген кәсіпорындар да бар. Қазақстанға көшіп келген 220 фабрика мен зауыт, әртүрлі шеберханалар мен өндіріс комбинаттары қысқа мерзім ішінде қосылды. Олар республика өнеркәсібінің жүйесін кеңейтіп, соғысқа қажетті қару-жарақ пен бұйымдар шығарып тұрды. Соғыс жылдары Қарағанды кеншілері отанға 34 миллион тонна көмір берді. Бұл осыған дейінгі 86 жыл ішінде өндірілген көмірден 3 миллион тонна артық еді. Орал – Ембі кәсіпорындары жанармай өндіруді арттырды. Соғыс жылдарында өнеркәсіптің жалпы өнімі 37 процентке өсті.
     Соғыс жылдарындағы құлдырау мен күйзеліске қарамай, ауыл шаруашылығы еңбеккерлері де жеңіске лайықты үлес қосты. Ақиқатын айту керек, соғыс кезінде Қазақстан колхозшылары аса қиын жағдайда болды. Ер – азамат майданға аттанып, ауылдағы шаруашылыққа қажет көлік күші мен техника соғыс мұқтаждығына алынғандықтан, бар ауыртпалық егде адамдарға, әйелдер мен балаларға түсті. 1941 жылдың күзі мен 1942 жылдың көктемінде егіс көлемі күрт ұлғайтылып, 6979,9 мың гектардан 8285,1 мың гектарға дейін жетті. Мұның көпшілігі қол соқамен жыртылды. Соғыс жылдарындағы ауыл еңбеккерлері Шығанақ Берсиевтің, Ыбырай Жақаевтың еңбектегі нәтижелері бәрімізге мәлім. Майдан мен тылды азық-түлікпен қамтамасыз етуге Қазақстан малшылары да зор еңбек сіңірді. Олар жау қолында қалған Украина мен Ресейдің көптеген обылыстарынан келген жүздеген мың бас малды қабылдап, шығынсыз бағып күтті. Кейіннен олардың басын түгендеп иелеріне қайта апарып тапсырды.
     Респкбликаның колхоздары мен совхоздары соғыс жылдары оның алдындағы бес жылға қарағанда мемлекетке 30,8 миллион пұт астықты, 14,4 миллион пұт көкөністі артық тапсырды. Сөйтіп, соғыстың төрт жылы ішінде Қазақстан мемлекетке 482,9 мың тонна тауарлы астық, 217,6 мың тонна картоп, 143,2 мың тонна көкөніс, 1193,2 мың тонна қант қызылшасын, 155,3 тонна шитті мақта және басқа да өнімдер тапсырды.
    Атап айтқан жөн, соғыс жылдары бұрыннан қыспаққа алынған сталиндік режим тәртіпті бұрынғыдан да қатайтқан еді. Еңбекті ұйымдастыру жолында материалдық ынтадан гөрі төтенше әдіспен жұмыс істеу қалыпты әдетке айналды. Әрбір шаруашылық науқанын өткізу үшін төтенше коммииссиялар құрылатын болды. Бұлардың бәрі халқтың күш – жігерін майданға жұмылдырамыз деп есептеді. Шын мәнінде бұл еңбекті ұйымдастырудағы өктемдікті күшейтіп, бюрократтық басқару жүйесін күшейтті.
     Халықтың әл-ауқаты өте төмендеп кетті. Көпшілік тұтынатын тауарлардың саудаға түсуі  7 – 15 есе кеміп, бағасы 10 – 15 есе артты. Елде азық – түлікпен қамтамасыз етудің карточкалық жүйесі енгізілді. Осыған қарамастан қарапайым еңбекші халық жеңісті жақындату мақсатында майданнан бар көмегін аяған жоқ. Соғыс жылдары Қазақстан еңбекшілері майданға 2,5 миллион дана жылы киім, отан қорғау қорына 4 миллиард сомнан астам қаражат берді. Елдің қаржысында «Қазақстан колхозшысы», «Қазақстан комсомолы» сияқты танк колонналары, «Советтік Қазақстан» атты әуе эскадриясы жасалып, майданға жіберілді. Жалпы соғыс кезінде республика тұрғындарының өз еркімен жинаған қаржысына зеңбірек пен миномет сияқты ірі атыс қаруларын қоспағанның өзінде, шамамен сол кездегі құны бойынша 1890 танк, немесе 3790 самолет жасап шығаруға болар еді. Халықтың жеңіс жолындағы патриоттық қозғалысы осылай болды.
     Соғыс кезінде Қазақстанның интеллигенция өкілдері де көп жұмыс атқарды. Ақын – жазушылар өз шығармаларымен халықтың жеңіс жолындағы патриоттық рухын көтере білді. Әрине, өз заманының идеологиялық үлгісімен жазылса да, ол шығармалар соғыс жылдарында лайықты қызмет атқарғаны сөзсіз.
     Қазақстан ғалымдары елдің басқа жерлерінен келген белгілі ғылым қайраткерлерімен бірлесе отырып, республиканың экономикалық потенциялын майданға жұмылдыруда көп күш – қайрат жұмсады. Сол кездегі қазақтың біртуар ұлы Қаныш Сәтбаевтың еңбегінің орасан зор екендігін ерекше айту керек. Соғыс жылдары ғалымдар әсіресе КСРО Ғылым академиясының В.Коморов басқарған коммиссиясы атқарған жұмыстың нәтижесінде 1946 жылы Қазақстан Ғылым академиясы шаңырақ көтерді.
     Зиялы қауым үшін, жалпы республика тұрғындары үшін сол кездегі большевиктік идеологиясының соғыс жылдарында да ұлттық мәдениет пен ғылымға тигізген зияны тарихтан белгілі. Ел басына қауіп төнгенде И.Сталин Ресей тарихынан Суворов, Кутузов және басқа да осы сияқты тұлғаларды көтеріп, халыққа патриоттық рух беруге тырысқаны мәлім. Осыған сәйкес Қазақстанда да халықтың ерлік дәстүрін қайта көтеру ісі қолға алынды.  Кенесарыны да, Наурызбайды да, Абылайды да еске алып, ұлттық тарихымыздың тереңіне үңілдік. Қазақ халқының елін қорғаған, жерін қорғаған кезендерін еске түсірдік. Сөйтіп, қазақ халқының санасын қалыптастыру ісі басталды. 1943 жылы «Қазақ ССР тарихының» бірінші басылымды осындай рухпен жарық көрді. Бірақ бұл ұзаққа бармады. Соғыс аяқталмай жатып сынға ілінген бұл жұмыстың аяғы қырқыншы жылдардың соңында қайтадан қуғын – сүргінге ұласты. Бұл да соғыс тарихының бір беті.
     Сөйтіп, Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстан ортақ жауға қарсы күреске зор үлес қосты. Соғыс жылдарында орын алған оқиғалар, оның ішінде жер аударыған халықтар мен эвакуацияланып келгендерді орналастыру республиканың ұлттық құрамын өзгертті. Соғыста кеткен шығын онсыз да бұрынғы нәубеттен оңала алмаған қазақ халқы үшін орасан зор сын болды. Бірақ көп ұлтты Қазақстанда шынайы халықтар достығының нәтижесінде қазақ жері қиын – қыстау заманда солардың бәріне пана болып, Отанына айналды.

     Ұлы жеңістің қуанышы мен салтанатынан кешегі қайғысы мен азасы анағұрлым ауыр. Соңдықтан да күші аса басым жауға қарсы соғыста жеңіп шыққан ұрпақ өкілдерінің еңбегі тарихтан өзінің лайықты орнын алады. 

Манаш Қозыбаев,
Тарих ғылымдарының докторы, академик.
Қайдар Алдажұманов,
Тарих ғылымының кандидаты.

Егемен Қазақстан,
1993 жыл 8 мамыр