Майдангер апай


    Жеңістің 60 жылдығына орай жарияланып отырған  бүгінгі әңгіме  ана туралы Сексеннен асып, тоқсанға қадам басқан кейуананың кешегі сұрапыл соғыстың тікелей  куәгері болғанын көпшілік адам біле де бермейді.  1942 жылдың мамыр айында Темір аудандық әскери комиссариатқа шақырылып, әскер қатарына алынатыны жөнінде шешім жасалғанда Маржан Шабаққызы 18 жасқа жаңа толған бойжеткен еді.  Отан қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы. Кеңес мектебнің тәрбиесін  алып өскен маржан үшін осы борышын өтеудің кезеңі келді. Сөйтіп ол ұзақ мерзімге созылған жорыққа аттанып кете барды.
    Оның бұған дейінгі өмірбаяны қып-қысқа. 1924 жылы мамыр айында дүниеге келген. Ақтөбе облысы Ключевой, Алға стансасының (қазіргі Алға қаласының) маңыендағы Түркеш атты шағын колхоздың территориясы Маржанның туған жері. 1931 жылы мектеп табалдырығын аттап, өз құрбыластарымен бірге шәкірт атанады.1941 жылы Темір қаласындағы екі жылдық педагогикалық курсқа түсіп, оның бірінші жылын аяқтаған шақта әскери комиссариаттың шақыруы оқуды тоқтатуға мәжбүр етеді.
    Қатардағы жауынгер Қойшыбаева Маржан Шабаққызы 1942 жылғы маусым айының 30-ы күні № 15 запастағы авиация полкінің аэродромдық ротасының құрамында әскери қызметін өтеуге кіріседі. Авиаполк запастағы деп аталғанымен оның жауынгерлік құрамы ұдайы оқу-жаттығу жұмыстарымен шұғылданады. Қажет болған жағдайда полктің ұшқыштары тікелей ұрысқа қатысып жатқан авиаполктердің селдіреп қалған қатарын толықтырып отыратын.сондықтан да запастағы полк майдан шебіне жақын жерге орналасатын. Маржанның ротасы аэродромды қалыпты ұстап отыруға міндетті болатын. Сондай-ақ жауынгерлер ұшқыштардың прашюттерін ережеге сай жинап, келесі ұшуға дайындап қояды. Маржанмен бірге 40 қыз әскери қызмет атқарып жатты. Олар ер азаматтардың өзіне оңайлықпен көне қоймайтын жұмыстарды асқан төзімділікпен орындап, жауынгерлік тапсырмалардың талапқа сай және дер кезінде жүзеге асырылыуын қамтамасыз етіп отырды.  Жоғарыда айтылғандай, аэродромның майдан шебіне өте жақын орналасуына байланысты ол жиі-жиі жау самолеттерінің шабуылына  тап болып отырады. Бомбалардың жарылысынан Маржанның көптеген  құрбылары опат болды. 1944 жылдың маусым айында ол  №54943 әскери бөлімнің құрамында қатардағы атқыш болып қызметін жалғастырады.Осы бөлімнің сапында өлшемі белгісіз майдан жолдарын баспы өтеді.
    Маржан Шабаққызы әскер қатарынан соғыс басылған соң, 1945 жылдың маусым айында босайды.  Сол жылдың  9 мамырында оған КСРО Жоғары Кеңесінің жарлығымен «Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін» медалі   табыс етіледі. Елге аман-есен оралған Маржанның бейбіт өмірі 1945 жылдың бірінші қыркүйек күні аудандағы Көкбұлақ орталау мектебінің бастауыш сынып мұғалімі болуымен басталады. Ал,  1947 жылы ол арнайы жолдамамен Доңызтау орта мектебіне барып, бастауыш сынып мұғалімі болып орналасады. 1948 жылы майдангер Әбжанов Жаркеткен деген азаматпен көңіл жарасып, шаңырақ көтереді. Өмірлік жолдасының қызмет бабына байланысты Маржан әр жылдарда Сам, Қаражар орталау мектептерінде, Қызыл әскери бастауыш мектебінде шәкірттерге дәріс  береді.
    Өмірдің ыстығы мен суығын бір кісідей бастан кешірген Маржан апай отбасында тәрбиелеп  өсірген бес баласының қызығына бөленіп отырған ана. Үлкен ұлы Әбжанов мақсот Матайқұм орта мектебінің директоры, анасының жолын қуып ұстаздық мамандықты таңдап алған. Қыздары – Несібелі, Назым, Қанымай, бәрі де үйлі-баранды.
    Маржан апай кіші баласы Серіктің қолында Миялы селосында тұрады. Келіні осындағы орта  мектептің мұғалімі.
-       Жыл сайын Жеңіс күнін шат-шадыман жағдайда тойлап жүрміз ғой. Енді міне айтулы мерекенің алпыс жылдығын да көргелі отырмыз. Тек ел аман болсын, біз көрген тауқыметті ұрпағымыздың басына бермесін.Менің Алладан тілейтін тілегім осы, дейді ол.
Ананың ақ тілегі қабыл болғай! Балаларының, немере-шөберелерінің ортасында Жеңістің 70 жылдығын көруге жазсын. Ол кезде бар болғаны тоқсанға келеді екен. Майдангер ұрпаққа тоқсан да сөз болып па! 

Т.Әбілов.«Жем-Сағыз» газеті,
2005ж қаңтардың 20-ы