Сұрапыл кезеңдер

СҰРАПЫЛ  КЕЗЕҢДЕР
         Биыл совет халқы Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталуына 30 жыл толуын тойлайды. Сонау сұрапыл кезеңнен бері отыз жыл өтсе де, оның адам жанын азапқа салған ауыр елесі естен шықпайды. Мен өзім соғыста  ерлік істер көрсетіп батыр атанғаным жоқ.Әйтсе де сол бір дүниені жалын шарпыған қиын-қыстау кзеңдерде ерлік істерімен көзге түскен қанды көйлек серіктерді, қарулас бауырларды, жайсаң ерлерді көп кездестірдім. Әрине олардың ішінде біздің ауданның жігіттері көп еді. Олардың көпшілігі қайтып оралмаса да, есімдері жүрегімізде мәңгі сақталады.
      1942 жылдың январь айында байғаниндік 122 жігіт Тұзтөбе ауданында кіші командирлер дайындайтын үш айлық курстен өттік. Онан кейін 196 дивизияның 83  полкіне  бөлімше командирі етіп жіберді. Сталинград маңындағы Мамаев курган сайы мен қырларын жаудан тазартуға қатыстық. Тарихта өшпестей аты қалған осы ұрыстардың адам жанын түршіктіретін сұмдық көрінісін естен шығару мүмкін емес. Айналадағы адам өліктері, жаралы жандар, лаулап жанған мұнай, өртенген үйлер, көз көрсетпес қою қара түтін, бомба, снаряд, автомат үндері аспан мен жердің аралығын аласапыран дүлейге айналдырып жіберді. Осындай кездерде жаумен шайқасып, талай-талай ерлік істердің куәсі болдық.
      Дон мен Волга өзендері үшін болған ұрыстар естен шықпайды. Кең жазық даланың ортасындағы төбеге жау күші топтасып алып жақындатар емес. Қырдың етегіндегі қар суы жыраларды тасалап, окоптар қазып бекіндік. Күн ұясынан қызара шығып, айналаға шұғыласын төкті. Алдымыздағы төбедегі  жаудың үш дзоты бас  көтертер емес. Қайткенмен дұшпаннан сол бекіністі  тартып алу міндеті тұрды. Төбенің басына шығып, жаумен бетпе-бет шайқасу сағатын күттік. Күн и ұясына батар-батпастан біз жақтан «Алға, Отан үшін алға! Деген команда болды. Ерлікпен жаппай  шабуылға көтеріліп, ажал оғн сеуіп тұрған жаудың үш ДЗОТ-ын жойып жібердік. Жекпе-жек атакаға шықтық. Фашистер шегініп, артқы негізгі бекіністеріне қашты. Бірақ негізгі күшін жау кейінге сақтапты. Ара қашықтықтарын 50 метрден қойып 24 жау танкісі қайта шабуылға шығып кле жатты. Танк фарфарларының жарығымен аспанға қайта-қайта атылып жатқан ракеталардың жарығы біздің жауынгерлер аса қиындық туғызды. Табан тірей ұрыс салдық. Максим пулеметінің атқыштары Аяған Ұзақбаев, таубай Құлшықов, Төремұрат сәбитовтер осы шайқаста жарақат алды. Таң алдында шегіну жөнінде бұйрық алдық. Екі жақта да көп адам шығыны болды.
      1942 жылдың июнь  айының соңғы күндерінде Суровникина станциясының маңында  қиян-кескі ұрыс болды. Осы станцияны бірде біздің жауынгерлер басып алып, бірде фашистер алып екі жақтың ұрыс қимылдары алмасып отырды. Жау жағы соғыс күшін әлсін-әлсін осы маңға топтастырып жатты. Төбемізде дұшпанның бомбалаушы самолеттері шүйлігіп, қаһарын төге түсті. Жаудың жаңа атакаға шыққан «Тигр» танкісін дәл нысанаға алып, быт-шыт еткен  ПТР атқышы Жұмабек Оразбаевтың  ерлігіне сүйсінген едік. Бірақ амал не, ол жау танкісінің  оғына душар келіп, өзі де мерт болды. Сондай-ақ жерлес жауынгер (№3 ауыл Советінен) Қазыбаев та батылдық пен табандылық көрсетіп қаза тапты.  Талай кездескен коян қолтық айқастарда совет жауынгерлері ерлік істер көрсетіп, жауға тойтарыс беріп отырды.
   Сол бір ауыр күндерде жаумен бетпе-бет кездесіп, әрдайым жеңіс жалауын алғы сапта ұстап жүретін майдандас достарымды ешқашан есімнен шығармақ емеспін.                            

                                 Шаймырза Дәржанов.                         «Ленин туы»  1975 жыл