Бір ауданның соғыстан оралмаған боздақтары


Бір ауданның соғыстан оралмаған боздақтары

     Адамзат тарихында ХХ ғасырдың қанқұйлы жыртқышы атанған билікке келуімен Герман мемлекетін фашистік саясаттың қанішер қасапшы болуына бастаған Адольф Гитлер Европаның көптеген мемлекетін өзіне еріксіз бағынышты етіп, 1941 жылдың 22 маусым күні Совет одағына тұтқиылдан шабуыл жасады. Одан қорғану жолында елдің бүкіл тыныс-тіршілігі соғыс жағдайына бейімделіп,  жауға қарсы Ұлы Отан соғысы басталды.
     Дүниені тітіркендіріп дүрліктірген фашизмге қарсы алпыстан астам мемлекет, жер шары халықтарының басым бөлігі қарсылық танытқанымен, төрт жылдай уақытқа, 1418 күнге созылған кескілескен шайқастың негізгі ордасы, ауыр салмағы, бұрын соңды кездеспеген тегеуірінді әскери қимылдар, жау тынысын тарылтқан, бетін қайтарған, еріксіз шегінулеріне мәжбүрлеп, жойқын соққылар мен қорғану шабуылдарын  СССР,оның әскери күштері жүзеге асырды. Ақыры мұздай қаруланған фашистік Германияның жолы бөгеліп, тас-талқаны шығып күйреді, басын көтере алмастай жеңіліс тапты.Осыған байланысты 1945 жылдың 9 мамыры Жеңіс күні болып жарияланып,жылда аталып келеді.
     Басқыншылармен болған шайқаста мыңдаған елді мекендер мен қалалар қирады. Сан миллиондаған адамдар соғысқа аттанды.Тек Қазақ ССР-ның өзінен бір жарым миллион адам соғысқа қатынасты.
     Майдан даласында, жаумен айқаста «өлу,не жеңу» деген ұран алға тартылғанда ауыр, әрі қиын мақсатта іске асыруда, елін біржолата түпкілікті басқыншылардан тазарту, азат етуде талай мыңдаған жауынгерлер оққа ұшты. Соғыс аяқталған кездегі мәліметтерге қарағанда Совет елі құрамындағы қай республика болмасын соғыстың ауыр жарақатынан аман қалғаны жоқ.
     Ел басына күн туған, ер етікпен су кешкен, ат ауыздық пен су ішкен кезеңде бұл жеңістің оңайлықпен келмегені, бұл жолда  талай адамдардың ерлік көрсетіп, талайының мерт болғандары бүгінде еске түсірілуде.Бұлар жөнінде ұлттық рухымыз бен туған жерге деген сүйіспеншілігімізді оятатын, баяндайтын шежіре деректер жайлы сыр шерткен мақалалар, кітаптар шығып, баспасөз беттерінде (республикалық, облыстық) мақалалар жариялануда.  Бұған зейін аударуымыздың бір себебі ойран салған соғыс ызғарының әсерін жастай сезінуімізден болар.Алғаш «соғыс басталды!» деген жан түршігерлік сөзді естігенде сегіз жасқа аяқ басқан едік. Сол бір ел еңсесін түсірген мұнар күнде баласы майданға аттанғанда көздерінен жас саулаған әке-шеше, көз жасы тамшылап ұзын жолға қараумен ұзатып салған асыл жар, аңырап қалған баланың арқалаған қайғы-қасірет тәлкегін жеңген нәрсе жеңіске деген үмітке сенімі болатын.
     Осыдан 65 жыл бұрын 4 жыл бойы күткен аңсаған үміт сенімдері шындыққа айналғанда, халықтың қуанышында шек болмады. Басқалар сияқты біздің ауылымыздың  өзінде (№ 9 ауыл Қаражар) ес білетін баладан еңкейген қарттар да, жаралы болып елге оралған жауынгерлер де,бүкіл ауыл аймақтан ешкім қалмай, жеңіс күнін атап өткені,соңы тойға ұласқаны дәл бүгінгі күнгідей есімізде.
     Сонда 67 жастағы мал бақташы Қомыт ақсақал:
-Отан қорғауға аттанғандардың амандығын, жеңіспен оралуын тіледік. Өкініштісі  күні кеше арамызда жүрген Ақыбаев Жамал, Баймұратов Смадияр, Оңғаров Ысқақ ,Тұрышев Бақтыбай жеңісті көре алмады.Ұрпақ амандығы жолында жау оғынан ажал тапты. Оларды әрқашан есте сақтап, келер ұрпаққа  айтып отырайық,-деді.
     Күйеулері майданға аттанғанда ошағының отын өшірмей,колхоздарда ерекше еңбегімен көрінген, көпке үлгі Аман келіні  Зылиқаны (күйеуі Аманов Әділ), Бақымды (Жақаев  Ермек), Жанбибіні  (Ұзақбаев Әшім), Айымжанды (Көшербаев Танау), Мыңғойды (Қожықов Жалғасбай), Жанды (Үбашев  Байдулла),Оралды (Молдин Өмірғали),Арызгүлді (Мәмбетов Салқынбай), Ақанды (Мәтжанов Ахмет),Батпаны (Сүгіров Жалдай), сол жеңіс мерекесі күнінде мадақтап марапаттаған болатын. Олар ұзақ жылғы қоғамдық еңбектерінің еленгендігіне риза болып, «азаматтарымыз соғыстан аман оралса» деп мазасызданып, құлақтарын түріп жүргенде,жеңістен кейінгі жылдардан соң біреуінің де жұбайларының тірі қалмағанын азалы хабардың жаршысы болған «қара қағаз» жеткізді.
     Соғыстың зілі мен лаңын, әсерін көріп, біліп өсуіміз бен соғыстан оралмағандар туралы «ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмасын» деген жарнамадан болар, ауылымыздан әскерге алынып,сонда қаза болғандардың құжаттарын іздестіре бастадық. Тапқандарымыздың көшірмесін сол күйінде еш өзгеріссіз жазып алдық.Олардың отбасына қатысты мәліметті қоса жазып алуды ұмытпадық. Қолға алған жұмысымыз аудан бойынша біраз мәліметтерді жинақтауға жол ашты. Жиған, тергендерімізді бір жүйеге келтіріп  есептегендерімізде өзіміз өскен «Қаражардан» 43, аудан бойынша 1408 адамның туған жеріне келе алмай қалғанын анықтадық,әлі де белгісіздері болуы мүмкін. Мұндай іс бұған дейін аудан бойынша қолға алынбаған еді. Жинаған дерек көздеріне назар аударсақ, соғыстың қай жылдарын қарасақ та хабарсыз жоқ болғандар көбірек кездеседі. Бәрін тізу мақсатымыз емес. Дегенмен жеңіс күні қарсаңында олардың біразын еске алу,аз болса да өмір деректері жөнінде жазылғандарды ұсынуды жөн көрдік.
1. Беркалин Сырлыбай.Әскерге алынған жері Қарабатыр ауыл кеңесі.  Қараша  1941 жылдан хабарсыз.«Қара қағаз»№120, 30 мамыр  1950 жыл Хабарлаған аудандық соғыс комиссариаты. Жібек-шешесі,1891 жылы туған. 
2. Көшербаев Оразымбет,1913 жылы туған (Жарқамыс), ақпан 1942 жылы хабарсыз, №2-138, 28 қазан 1949.Қазына әйелі. Балалары: Иван-1931, Баян-1938,Сидеғали-1940.
3. Қоспаев Жәңгір (Жаңажол), наурыз 1943 ж. хабарсыз. №21 10.Х.1948.Айқын-әйелі,1908.Балалары:Бердіғали-1939,Базарбай-1942.
4. Аралов Мәшібай (Көлтабан), наурыз 1944 ж. Хабарсыз№307.19.VII.1947.Салтан-әйелі,1910.Балалары:Қуаныш-1937,Қуанғали-1940.
5. Таймағанбетов Қыдырсиық,1909 (Ақбұлақ) мамыр 1945 хабарсыз, №307 19.VII.1947.Қадиша-әйелі,1945.Қыдырсиықов Көшербай-баласы,1940.
       Хабарсыз кеткен боздақтардың қай жерден екені көрсетілмеген,ондай көрініс кейбір өлгені анық көрсетілген хабарламада (қара қағазда) кездеседі.
          Атасақ:
6. Артықов  Түйебай (Көлтабан),4 сәуір 1942 ж өлген. №4-325, 13 шілде  1948. Балалары:Орынбай-1935, Көздібай-1938,Бітан-1941.
7. Байменшин Қалнияз,1912 (Жарқамыс),20 мамыр 1944 ж өлді,    №2-166, наурыз  1948. Балби-әйелі.
8. Әжібаев Қонаш (Қарабатыр),18 қараша 1943 ж өлді.№150,4 ақпан 1960.
     Аудан бойынша әскерге шақырылғандардың оралмағандарының қай жерлерді қорғауға қатынасқандарына қарасақ Москва, Ленинград,Сталинград, Воронеж, Смоленск, Калинин, Кировоград, Тула, Орлов, Курск, Витебеск, Қырым, Краснодон, Ростов, Белодок, Харьков, Днепропетровск, Гомель, Полесск, Чернигов, Вольнск, Архангельск т.б облыстардағы ұрыс үстінде жазым болғанын көреміз. Олардың бірқатарынан дерек келтірсек.
9Есалив Молдабек (Сартоғай), желтоқсан 1941 ж  өлді. (Москва облысы,Лапас ауданы, Ильино, №2-1203, 12 наурыз 1942) Раушан-шешесі, 1883.Алма-әйелі,1909.
   10Шоңханов Хамит, 1920 (Қызылбұлақ), ақпан 1942 ж өлді.  (Москва облысы, Ваюхино) №20502, ақпан 1942.Сандыбай  Шоңхан-әкесі, 1887, Хамитова Қоян-қызы,1940.
11. Сақауов Нұрсұлтан,1917 (Жарқамыс), 19 ақпан 1944  ж өлді. (Ленинград облысы, Подор ауданы, санбат, 08896-далалық пошта, 6 наурыз 1944).Есжанов Сақау –әкесі,1886.Қаным-шешесі,1891.Мақпал –қызы,1939 ж.
12. Ибраев Нұрғали (Қызылбұлақ) желтоқсан 1942 ж. өлді. (Сталинград облысы, Актубе ауданы, Заплавное, аудандық аурухана №833) 23-2 желтоқсан 1942. Ұлмекен –әйелі, балалары Ақзия, Күнипа.
13. Төлегенов Кемежан (Қопа),14 шілде 1942 ж өлді. (Ворорнеж облысы, Рогинь селосы, аурухана №87) 708 тамыз 1942. Күрең-әйелі,Бибіхан-қызы 1937.
14. Орынбаев Қыдырша (Жарқамыс), 24 желтоқсан 1942 ж өлді. (Орлов облысы, Новосель ауданы, Хохлы, 771 атқыштар полкі, медсанбат-179) -№2-4, 24 желтоқсан 1942. Қағаз - әйелі, балалары: Әйләдір-1936,Рабиға 1939, Нағима -1935
15. Оразақов  Талай (Жаңатаң), 30 қараша 1943 ж өлді. (Витебск  облысы, Дубров ауданы, Ковжино, 30769-далалық  пошта) 12 желтоқсан 1943. Тастанбекова Ботай-шешесі,1886.Рузия –қызы,1938.
16. Әбішев Ыбырай,1917 (Жаңажол),3 маусым 1943 ж. өлді. (Харьков облысы, Савишев ауданы, Жукова), №161,Y-1943  Мұқанова Күнжан –шешесі,1875.
17. Құлтумин Қарасай, 1897 (№10 ауыл),25 шілде 1944 ж. өлді. (Смоленск облысы, Покоров зираты №103) 11 тамыз 1943. Қыздары:Несібелі-1938, Сабира-1940.
18. Қылышев Жұмағазы (Қапа), 27  ақпан 1943 ж өлді. (Тула  облысы,Белов ауданы,  Пандонки, әскери аурухана №21) 1 наурыз 1943. Семенбаева Дина-шешесі,1889.
    Бірқатары  одақтас республика жеріндегі шайқастарға қатынасқаны арнайы көрсетілген.
19. Бәйішев Әйләдір,1917 (Ақжар), 27 шілде 1944 ж өлді.(Украина, Киев облысы, Макаров аудан, Забуянке,№59228-далалық пошта) Қадиша-әйелі.
20. Басығарин  Сағынбай,1912 (Ақжар) 27 шілде 1944 ж өлді.(Латвия, Двина ауданы, Колпино, 510-атқыштар полкі, 24020-далалық пошта) №064-308, тамыз 1944. Нағима-әйелі,1917. Балалары: Қойшыбай-1936, Әпзипа -1938,Тілектес-1942.
21. Қайырғалиев Олжабай (Көктүбек),22 маусым 1944 ж. өлді (Молдова ССР-ы, Легушень, 365 артиллериялық рота бөлімі). Серке—шешесі, Дүсіпов Әйіп-інісі.
22. Жаманов Мекеш,1926 (Сартоғай), 26 маусым1944.өлді (Нарва ауданы, Калия.Эстония,382 атқыштар полкі). №787, шілде 1944. Шәукенбаева Шәудір-шешесі,1892.
23. Медетбаев Таңбай Теректі,25 маусым 1944 ж өлді. (Блохин ауданы, Лучк селосы,Литва ССР-ы).
Ауданнан (Байғанин ауданы) аттанғандар СССР аумағында  ғана емес, Европаның көптеген  елдерін фашизм шеңгелінен құтқаруға, азат ету жолында  да көз жұмғандары көптен кездеседі .
24. Белешов Қашқын (Жаңатаң), 5 мамыр  1945 ж өлді (Штеттин уезі, Гипц. Германия. 1 гвардиялық полк) № 0153 12 мамыр  1945 Торина Ибалы –шешесі.
25. Сейітова Лал, 1905 (Жарқамыс),7 қазан 1944 ж өлді. (Турдин уезі, Самоса деревнясы, бөлім  №1806, Румыния) № 307, 19 шілде 1947. Тілеуқұлова Қалила-шешесі, Зылиқа-қызы,1932.
26. Олжабаев Ораз, 1989(Қарабатыр), 05 қаңтар  1945 ж өлді (Юзерфив, Польша далалық пошта 0457)  10 қаңтар 1945 ж.  Балаш-әйелі, Оразов Төлен-баласы.
27. Шуақбаев Әбінет (Қарауылкелді),1945 ж өлді.(Бигельмслаген, Берлин).
28. Алакөзов  Тәжік, 1926 (Қарауылкелді),1945  ж. өлді. (Берлин 1170- атқыштар полкі.
    Жаңажол ауылдық кеңесінен әскерге шақырылған Есбосынов Теңізбай  (баласы Теңізбаев Қуаныш,1941) 15 сәуір 1945 ж хабарсыз деп көрсетілсе, оның туысы Есбосынов Кенжебай  (1913 жылы туған) 19 наурыз 1945 ж. соғыста қазаға ұшыраған (Розенгруд, Берлин).
     Мұндай  бір әке-шешеден тараған Асан, Кесікқұл Жұмсақовтар  («Мәдениет » ауылы), Әлпежан,  Құлиян  Талғатовтар (Қаражар), Лимон, Ізмұхан Теңізбаевтар (Жаңажол),Байдулла, Халидулла Тұрмағанбетовтар (Қызылбұлақ) т.б көптеген туыстардың біреуінің де тағдырдың жазуынан туған жерін көре алмай соғыс оғынан қайтыс болған.
     Сондай-ақ ауданның Баршақұм ауылында туып-өскен Жарлығасов Сидеғали (1914) Польша жеріндегі («Прошовище») жойқын соғыста 1945 жылы  өлсе, інісі  Жарлығасов  Шыңдағали да Польша  жеріндегі (Краков қаласы ) кескілескен ұрыс кезінде  17 ақпан  1945 жылы өмірден өткен.
   Соғыстың соңғы айларында жеңіске санаулы күндер қалғанда  Өтенов  Мәнібай (Жаңажол), Шамғұлов Қыдырқұл (Қарабұлақ), Тасболатов Қалша, 1918 (Қарауылкелді), Балқатов Саламат (Қопа) ажал оғына ілікті. Осылайша ерлік үстіндегі айқаста олардың бәрі де қаза тапты.
  Москва мен Берлин аралығындағы енінен де, ұзынынан да мыңдаған шақырымға созылған ұланғайыр соғыс даласындағы фашизммен шайқаста облысымыздың бір ауданының өзінен халқының азаттығы, күлкісі мен өмірінің тыныштығы, бұзылмауы жолында соншама адамның өмірлерін қиғанын, олардың ол жерлерде қандары тамып, мүрделері қалғанын бүгінгі ұрпақтары  ешқашан ұмытпайды, естерінде сақтайды.
    Міне, бір ауданнан соғысқа кетіп, оралмаған боздақтардың біз білгендері осылар.  Ал білмегеніміз қаншама! Мұның өзі аты өшкір сол бір қанды соғыстың қаншама отбасын ойрандап, қанша жүрекке салмақ түсіргенін көрсетеді. “Ешкім де, ештеңе де ұмытылмасын” дегендей,  бүгінгі ұрпақтың кешегі соғыстан оралмаған боздақтарды еске алуының өзі оларды патриоттық рухта тәрбиелеудің бір кепілі екені анық.

            Ақтөбе облысы,
            Байғанин ауданы.
                                   Қаражар ауылы.
«Атамекен» 2010-12 мамыр