Батырдан алған өнеге


       Теміралы есімді жерлесіміз кешегі Ұлы Отан соғысына мына «Байғанин» совхозының  Қызыләскер фермасынан жүздеген ауылдастарымен бірге  аттанған еді. Жиырмадан асқан атпал азамат болатын. Сол азамат осы сапардан ұшқан ұясына оралмады. Отаны үшін 20 миллионнан астам боздақтар сияқты майдан даласында  мәңгіге көз жұмды.  Екі көздері төрт болып, зарыға күткен ата-аналары да өтті бұл дүниеден. Әрине, Теміралының басқыншы жаумен қалай соғысқаны  бізге белгісіз, бірақ азаматтық арына дақ түсірмеген болар деп ойлаймын. Ал, оның есімінің Теміралы қойылуының еркше мәні бар еді. Кезінде сөз жүйесін білетін бір қарттардан естіген бір әңгімем соның есіміне байланысты болатын. Артында ізі қалмаған боздақты еске алу ретінде сол әңгімені баяндап бергелі отырмын.
    ...Осы өңірдің белгілі балуаны болған Өтембеттің жасы тоқсанды қусырып, екі көзі бірдей зағип болған шағы екен. екі бірдей ұлынан сол кезге дейін ұрпақ болмапты. Шырылдаған нәрестенің дауысын естімей, бұл дүниеден өтемін бе, деп жүргенде екі үйлі жанды қуанышқа бөлеп, үлкен келіні ұл туыпты.
      Шалқыған дәулеті болмаса да, қал-қадірінше той жасалып, балаға азан шақырып, ат қоюға ауылдастыр, ағайын-туысы жиналады. Ауыл ағасы атанған Өтембет балаға ат қою билігін өзіне беруді өтінеді.
-         Болсын, болсын! Бұл Сіздің көптен күткен арманыңыз ғой – деп көпшілік
бірауыздан мақұлдайды.
       Сонда Өтекең сөз бастапты: -Құрдасым Бекболат  палуан екеуміздің жасымыз жиырмаларға келген шағымыз. Күреске, тартысқа түсеміз. Әлі ешкімнен тауымыз шағылып көрмеген. Біреу ас береді екен, той жасайды екен дегенді құлағымыз шалса, одан қалмауға тырысамыз. Ес білгенмен есерлеу шағымыз ғой, кейде әдеттен  де асып кететін кездеріміз болған сияқты. Соны байқаған болуы керек, бір күні ауылымыздың бір ақсақалы шақырып алып:
-         Күштерің бойларыңа сыймай жүрсе, мына Дарияның сағасына жақын жерде , таудың астында Теміралы батыр қыстап отыр. Бірінен-бірі өткен екі сұлу келіншегі бар. Мықты болсаңдар сол батырды жеңіп, екі келіншекті тартып алыңдар. Әйтпесе, осылай желөкпелікпен жүргенде екеуің дүниеден қатынсыз өтесіңдер, -демесі бар ма? Есерлікке не жорық, естігеннен кейін Теміралының ауылы қайдасың деп, тартып кеттік.
Кіші бесіннің шамасында су жағасындағы  қалыңдыққа тігілген бес қанат қоңыр үйдің сыртына келіп : - Хабарлас! –деп дыбыс бердік. Үй артында бір ат жусап тұр, бір атан түйе шөгіп жатыр. Басқа ешнәрсе көзге түспейді. Үйден әсем киінген ,бірінен-бір өткен екі сұлу жас келіншек шыға келді де аттарымызды қаңтарып, шылбырын белдеуге байлап, бізге үйге кіруімізге ишарат білдірді.  Қапелімде не істерімізді білмей қалдық, бір келіншек ашып тұрған есіктен «Ассалаумағалейкүм»! – деп кіріп келдік. Төр алдында шапан жамылып, қолына домбыра ұстап отырған, отыздар шамасындағы қызыл шырайлы, қияқ мұртты, иықты келген жігіт бізді күлімсірей қарсы алды. Орнынан тұрып, қолдасып амандасты, төрлетуімізді сұрады. Екі келіншекке шай қойып, тамақ асу жөнінде ишарат жасады. Олар сыпайы бас изеп, ас қамына кірісті. Бір келіншектің қазанға  ұсақ малдың семіз етін салып жатқанына көзіміз түсті. Осыны байқап қалған Теміралы біздерге
-         Жоқшылық жомарт ердің қолын байлайды дегендей, мал жоқ, кедейлік қолды байлап тұр, жігіттер осы, қара құйрықтың етіне риза боласыңдар ,- деді. Біздер болсақ, батырдың мұндай ықыласын біле тұра, қандай да бір әрекет жасауды жөн көремдік. Бір-бірімізді жайлап түртіп: -Аттардың айыл тартпасынбосатып клейік, -деп сыртқа шықтық.сырта өзара сыбырласып, әлі де аңысып аңдап көруге сөз абйласып, ішке кірдік. Батыр әңгімешіл, домбырашы әрі әнші адам екен., біздерді көптен аңсап күткен жақыныңдай құрметке  бөледі.
Шәй ішіліп болып, әңгіме –дүкен қызған шақта үйдің арт жағынан біршама жерден гүрс еткен дыбыс естілді. Батыр домбыраны сүйей салып, далаға жүгіріп шықты.
-         Ой, әттеген-ай! Көптен торып, ала алмай жүр едің, тарғыл күшік, бүгін менің қонақтармен отырғанымды пайдаланып кеттің-ау, Жара сенімен ісім ертең болсын! – деді де үйге кірді. Біз не болғанын сұрадық.
-         Өзің осы жердің қожайындай сезінетін бір жолбарыс бар еді.Сол менің осында қыстап қалғанымыды жаратпай, үнемі сырттан көз салыпжүретін. Міне, менің бейқам отырғанымды пайдаланып, жалғыз атты соғып түсті.. не де болса оны ертең көремінғ, қайда кетер дейсің – деп тмеіралы орнына отырды да домбырасын шертті.
Біздер іштей қуандық. –Мұның қанын жүктеп не қыламыз. Ертең ол жолбарыстан өледі, содан кейін екі келіншек сірә бізге қалады. Оған дейін сесбілдірмейік – деген шешімге келдік.
 Таң атып күн шықты. Ас та ішіліп болды. Теміралы асықпай киінді.Беліне балтасын қыстырды, кездігін қынына салды. Сыртқа шығып, шөгіп жатқан атанға мінді де, анадай жердегі нарқамысқа қарай жүре берді. Бізге ешқандай тілқатқан жоқ.
-         Қап,мынау бізден көмек сұрамағаны былай тұрсын, бірауыз сөз де айтпады –ау, ендеше аты арқалап кеткен жолбарыстан оның қалай өлгенін көрелік – деп Бекболат екеуіміз атымызға мініп, оның соңынан кейінерек еріп отырдық.
Қалың қамысқа кіре бергені сол еді, Теміралы түйеден домаланып түсті де, қолына балтасын алып:
-         Ей,тарғыл күшік таймай шап! –деп ақыра әрмен қарай жүгіре жөнелді. Сол-ақ екен, алып денелі тарғыл тағы оған қарс тұра ұмтылды. Теміралы жүгірген беті, көз ілеспес шапшаңдықпен жолбарыстың маңдайын ала балтаны сілтеп қалды. Өзі жіберді  ме, әлде қолының осалдығы ма, балтаның сабы қолынан шығып кетті.Теміралы опынғандай артына бір қарады да, жалма-жан кездігін суырып алып, қалыңға қарай сырт айнала берген жолбарыстың жонына ырғып мініп, қолтықтың астынан  кездікті сұғып жіберді.
     Қансырап сұлап түскен жолбарыстың қасына келіп қарасақ, балта қақ маңдайдың ұңғысына дейін сіңіп кеткен екен.Қолының осалдығы мынау болса, әйелдерін тартып аламыз деп жүрген біздің ойымыз құр әурешілік екен. Өзіміздің күнәмізді мойындап, тәубемізге келіп тұрмыз. Батыр ештеңеге алаңдамай, аңның терісін сыпыра бастады. Әп-сәтте оны жайғады. Сол кезде біз оған өз шешімімізді айттық.
-         Теміралы аға, бір күн үйіңізде қонақ болдық,ыстық-ықыласыңызға бөлендік. Мына жайды да көріп тұрмыз. Енді біздің інілік ризашылық сөзімізді қабыл алыңыз. Мына теріңізді алып, бізбен бірге жүріңіз. Көне Үргеніш базараны барайық Сол жерден өзіңіз таңдағн ат мінгізіп жіберсек деп тұрмыз –дедік. Батыр біздің өтінішімізбен келісті. Көне Үргеніштің базарынан ат таңдаттық. Басқаны жорға ақ боз атты алып беріп, батырмен қош айтыстық.
    Кейіннен ойласақ, ауылдың ақсақалы бізді Теміралы батырға тектен-тек жұмсамаған екен. Той-томалақ қол жеткен жеңісімізге дәуірлеп, кеудемізге нан пісіп жүргенде, бүкіл ел ардақтайтын батырдан өнеге алсын, өмірлік сабақ үйренсін деп жіберген екен ғой. Сол Теміралының ержүректігі, адамгершілігі мен өнерпаздығы  өмір бойы есімнен кетпейді. Менің мына немерем бір мысқал да болса, сол батырға ұқсар ма екен деп, атын Теміралы қойғым келіп отыр, -дейді.
   Қаумалаған әлеумет шежіре қарттың әңгімесін ұйып тыңдаған қалпынан дүрс сілкініп, «әумин» деседі...
      Сол Теміралы сүйріктей азамат болып, кісілік қам-қарекетке енді араласа бастағанда сұрапыл соғыстың дауылы соққанын, өз ауылдастырымен бірге оның да жорыққа аттанғанын жоғарыда  қысқаша айтып өттік.
        Қазақ халқының қалыптасқан игі дәстүрі бар. Ол өмірге жаңа келген нәрестеге ел құрметтейтін айтулы азаматтардың атын беру. Мұнда үлкен мағына жатыр. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз»,- ұлы Абай айтқандай, әрбір ата-ана өз ұрпағының адам деген атқа лайық болып өсуін қалаған ғой. Әлгіндей ат беру – жас ұрпақтан  үлкен үміт күткендіктің белгісі. Ғасырлар қойнауында ұмытылыа бастаған батырларды айтпағанның өзінде күні кешегі Ұлы Отан соғысында жаппай ерлік көрсеткен совет жауынгерлерінің қаһармандық істері бір төбе емес пе? Олардың ерлігі де ұрпақтан-ұрпаққа жете берері ақиқат. Олай болса жауынгер Теміралыны да батыр атасына ұқсаған ұлан деуге қақымыз бар. 

Селбай Құлжанов.
Байғанин поселкесі.
«Ленин туы» газеті,  1990, 18 қаңтар