Жорық жолы – шығыста


    Соғыс басталғаннан кейін Кеңес Одағының бүкіл экономикалық  күш-қуаты майданға, қызыл армияны қару-жарақпен, азық-түлікпен, киім-кешекпен жабдықтауға бағытталды. Қолына қару алуға жарамды адамдар жаппай әскер қатарына шақырылып, майданға аттанып жатқанда, елдегі қауырт істер, әйелдер мен қарттардың, жасөспірімдердің мойнына жүктелді. Олар уақытпен санаспай еңбек етті. Шағын ғана «Құмкөз» колхозы колхозшыларынң тыныс-тіршілігі де бірінен соң бірі жалғасып келетін науқанды жұмыстарды атқарумен өтіп жатты. Осындағы еңбеккер жасөспірімдердің арасында Озғанов Зейін де бар еді. Ол соғыс бастлғанда , он бес-ақ жаста болатын. 18 жасқа толғанға дейін Зейін колхоздың белді адамының бірі ретінде көктемде егін ексе, жазда шөп шапты, егін орды. Қыста шаруашылықтың малын бағып-күтуге ат салысты. Бір сөзбен айтқанда армияға шақырылғанға дейін колхоз жұмысынан қолы қалт еткен кезі болған жоқ.
    1944 жылдың қараша айы. Зейіннің де солдат шинелін киіп, қолына қару асынатын кезегі келді. Ол  алдымен Чкалов  қаласында (қазіргі Орынбор) бес айдай әскери дайындықтан өтеді. Бұның алдындағы жылдарда армияға шақырылғандарды машықтандыру мерзімі екі-үш айдан аспайтын.Зейін қызмет ететін әскери бөлімнің одан едәуір ұзақ дайындық жасауы фашист армиясының  ұдайы жеңіліске ұшырап, шегінумен кетіп бара жатқанына байланысты болса керек. Өйткені Германияның сөзсіз тізе бүгуіне  көп уақыт қалған жоқ еді. Жауды өз жерінде талқандап, Жеңіс туын желбіреткен мамыр айында  Зейін қызмет ететін  әвкери құрама Монғол халық республикасының территориясында  тұрған еді. Жауынгердің  сапары одан әрі  Кеңес Одағының Қиыр Шығысына қарай жол тартады. Бұл жақтағы шекарада милитаристік Жапонияның бір миллиондық армиясы төніп тұрды. Фашистік Германияның одақтасы болған елдің қарулы жасағын залалсыздандыру үшін елеулі  күш қажет еді.  Әскери құрамалардың Шығысқа қарай көптеп жөнелуінің басты себеі осы болатын. Кеңес өкімдігі 1945 жылдың  тамыз  айында Жапонияға қарсы соғыс жариялап, екі айдай уақыт  ішінде оның Манчжуриядағы армиясын талқандап, тізе  бүгуге  мәжбүр етті. Жауынгер Зейін осы  жеңімпаз құраманың  санында жапон самурайларына соққы берді және елдің  шығыс шекарасында 1950 жылға дейін абыройлы қызмет атқарды.  Оның жауынгерлік  ерлік  істері «Отан соғысы» орденімен , «Жапонияны жеңгені үшін» медалымен аталып өтілді. Сондай-ақ оның омырауына көптеген юбилейлік медальдар тағылды.
   Елге оралғаннан кейін теміржол транстпорты саласында ұзақ жылдар бойы  мезгілсіз еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шығады. Отбасында тәрбиелеген ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің ортасында Ұлы Жеңістің 60 жылдығын қуанышпен қарсы алғалы отыр..  

«Жем-Сағыз» газеті,
2005ж, сәуірдің 28-і